Сурет: ru.freepik.com
Банктерде қаржы көп
«DataHub – Data market – Data Economy» сессиясында Бірінші несие бюросының бас директоры Руслан Омаров «International Data Corporation» халықаралық зерттеу компаниясының басшыларымен әңгімелесті. Талқылау барысында қазіргі деректер экономикасы мен деректер нарығы қалай жұмыс істейтіні белгілі болды. «Бизнестегі деректер: тұтынушылар мен генераторлар» сессиясында коммерциялық сектордағы үлкен деректер де талқыланды.
«Деректер базасы көмегімен үнемдеу немесе көбірек табыс табу, ұйымдар арасындағы деректер алмасу арқылы бизнестің жаңа үлгілерін қалыптастыру, ел деңгейінде деректер жинау және мемлекеттер арасында алмасу мүмкіндігі туындайды. Бұл бастаманы жүзеге асыратын кез келді. Себебі компанияларымыздың көбі белгілі бір дәрежеде өз бизнес-моделін деректерге негіздейді: Олар – жеке, мерчандайзинг, логистика болып жалғасып кете береді», дейді Руслан Омаров.
Айтуынша, елде бизнесті қаржыландыру мәселесін шешіп алмай, деректер хабын құру нәтижелі болмайды. Мемлекет басшысы Жолдауда бизнесті қаржыландыру өз деңгейінде емес екенін ашып айтып, банктерді корпоративтік несие көлемін арттыруға шақырды. Бұл мәселе тек осы жолы емес, бұған дейінгі бірнеше Жолдауда айтылған болатын. Бірақ бизнестің күйі көл жағасында отырып, шөл қысқан балықшымен бірдей. Екінші деңгейлі банктерде (ЕДБ) қаржы жетеді, бірақ бизнес несие алуға ықыласты емес. Себебі несие пайызы қымбат. Дәл қазір бизнес сегменті 12,6 трлн теңгеге жеткіліксіз қаржыландырылған. Бұл сома кәсіпкерлерге өз ісін дамыту үшін қажет.
NPL өсіп келеді
«Бизнеске арналған Үкімет» бірінші талқылауы аясында мемлекеттік сектор өкілдері мен қаржы ұйымдарының басшылары реттеудің бизнес-ортаны дамытуға әсерін сөз етті. «Борышкерлер клубының» отырысында дебиторлық берешекті басқарудың бизнеске қатысты мәселелері көтерілді. Инкассация мәселелеріне Ұлттық коллекционерлер палатасы, «Beeline» және «Bereke Bank» мамандары назар аударды. «Бизнес үшін бизнес» талқылауы барысында «Halyk Bank», «Home Credit Bank», «Freedom» топ-менеджерлері және бизнес саласы өкілдері бизнеске қандай мүмкіндіктер бар екенін айтты.
Қазір бизнес пен ЕДБ арасындағы қаржыландыру үдерістері форс-мажорлық сипат алып отыр. Үкімет міндеттейді, банктер болса бұл қадамға мәжбүрлі баратындай кейіп танытады. Елде тіркелген бизнес субьектілерінің азғантай бөлігінің ғана несиені жүрексінбей алуға мүмкіндігі бар. Шағын бизнесте 400 мың бизнес субьектісінің 31 мыңы, орта бизнестегі 6 мың нысанның 1 мыңы, ірі бизнестегі 573 мың компанияның 2 мыңының ғана несиесі бар.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторында мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL90+) 3,1 пайызды құрады.
«NPL өсіп келеді және бұл түйінді шешу керек. Мүмкін, ескі несиелер бойынша қандай да бір қайта құрылымдау туралы ойлану керек шығар. Берешектің көбі жабылған компаниялардан келеді. Бірақ бұл несиелер банктердің портфелінде ілулі тұр. 2018 жылға дейін берілген несие портфелі 7,6 трлн теңге болды. Проблемалы несиелердің біразы осы уақыт ішінде берілген. Бұл жағдай банк пен бизнес арасын алшақтатып жіберді», деді Руслан Омаров.
«Еуразиялық банк» төрағасы Ләззат Сатиеваның айтуынша, бизнесті несиелендірудің өсуіне ең алдымен жоғары базалық мөлшерлеме кедергі келтіріп отыр.
«Ол қарыз қаражатын қымбаттатып жіберуі мүмкін. Несие алу тәжірибесі бар клиенттер де мұндай жағдайда жаңасын рәсімдеуден бас тартады екен. Бұл жерде мәселе бизнес жұмысының айқындылығына да байланысты. Себебі ішкі нарықта компания көп, бірақ қаржылық есептері ашық компаниялар аз. Бұл жағдай банктерге несие қаражатын қайтару мүмкіндігін бағалауды қиындатып жібереді. Біз бірінші кезекте салымшыларымыздың алдында жауаптымыз, сондықтан сапалы, қайтарымды несие беруіміз керек. Бизнестің қаржылық сауаттылық деңгейін көтермейінше бұл жағдай жалғаса береді» дейді.
Кепілдік қоры кәсіпкер мүддесін қорғай ма?
ҚНРДА және KASE өкілдерінің қатысуымен өткен «Бизнестің өсуін балама қаржыландыру» тақырыптық сессиясында кәсіпкерлердің классикалық несиелеуге қосымша қаражатты қалай және қайдан тарта алатыны талқыланды. ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымова бизнесті несиелендіру үдерісінің өз деңгейінде жүруіне кедергі болатын факторлар туралы айтып берді.
«ЕДБ үшін қаржыландыру базасы – халық пен бизнестің депозиттері. Шағын және орта бизнесте ашықтықтың болмауы бизнес рейтингісіне, сол арқылы оның төлем қабілетіне әсер етті. ҚНРДА Ұлттық рейтингтік агенттік құру арқылы осы кемшілікті жоюға көтеруге ниеттеніп отыр. Бизнесті қаржыландырудағы алшақтықты тек несие ресурстарының көмегімен жабу қажет емес. Біз бұл мәселені акционерлердің капиталы немесе қор нарығы арқылы шеше аламыз. Бірақ қазіргі жағдай бұған мүмкіндік берер емес. Нарықтағы компаниялардың көбінде артық несие бар, жарғылық капиталы жеткіліксіз. Сондықтан тікелей инвестицияны дамыту өте маңызды» дейді М. Әбілқасымова.
Конференция барысында мемлекеттік қолдау шаралары туралы да айтылды. «Даму» қорының басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаеваның айтуынша, 2010 жылдан бері қор жалпы сомасы 13 трлн теңгені құрайтын 215 мың жобаға қолдау көрсетті. 14 жыл ішінде әртүрлі құралды пайдаланған компаниялар 7 трлн теңге салық төледі. Демек, мемлекет салған әрбір теңгенің кірісі жеті есеге дейін өскен.
«Қазір қор бизнестің ЕДБ алдындағы кепілдік құралына маңыз беріп отыр. 2025 жылы «Даму» қорының жанынан кепілдік қоры ашылмақ. Бұл қор кепіл құралының сапасына назар аударады. Яғни осы қор арқылы бизнестің кепіл құралының сапасын арттыруға көңіл бөлінеді. Мұндай тәжірибе дамыған елдердің бәрінде сыннан өткен. Түркия мен Оңтүстік Кореяда «best practice» – үздік тәжірибе деп аталады. Дамыған елдерде бұл кепілдік мемлекеттік қолдаудың басым құралына айналып отыр», деді «Даму» басшысы.
АЛМАТЫ