Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Тұмса табиғатымен таңдай қақтырар отандық тау курорттары туризм саласының бір тірегі ретінде тез дамып, шалғайдағы шекаралы аймақтардың заманауи өркендеуіне септігін тигізіп жатыр. Жаз шыға қаланың қапырығынан қашып, саф ауа, салқын самал ескен тауға барып демалатындар мен ем алатындардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Мұны ресми дереккөздері де дәйектеп отыр. Тек жазда ғана емес, қыс мезгіліндегі саяхаттың сәні деп Алтай таулары мен Алатау шыңдарын атауға болады. Жазушы Төлен Әбдік ағамыз айтып еді: «Баяғыда біреу: «Биыл да Парижге барғым келеді» дейді. «Былтыр барғансың ба?» деп сұраса, «Былтыр да барғым келген» деп жауап береді екен». Сол айтқандай, Алатау мен Алтайдың қарлы шыңдарына шығып, демалып қайтуды армандап жүргендер көп арамызда.
Тау туризмін тасқындатар ресурстар жетерлік. Мәселен, еліміздің биік шыңдары – Хан Тәңірі (6995 м), Меридиан жотасы (6276 м), Талғар шыңы (4973 м), Шоқтал тауы (Күнгей Алатау, 4770 м), Бесақан тауы (4622 м), Іле Алатауы (4600 м), Мұзтау шыңы (Алтай тауы, 4506 м), Манас шыңы (Талас (4482 м), Сауыр тауы (3818 м). Оның ішінде туристер мен таушылар көп баратын таулар біз жоғарыда атап өткен Алатау шатқалдары мен Алтай таулары екен. Қазір Алатауда «Өзіңмен күрес» деген атаумен әуесқой таушылардың серуені жүріп жатыр. Олар таза ауамен тынығып, тауға шығып, шынығып жүргендерін айтады. Еліміздегі тау курорттарының ахуалы туралы Туризм индустриясы комитетінен сұрастырған едік, мақтанышпен айтарлықтай жаңалықтар бар екен.
Жақында ғана көршілес Ресейдің «Минеральные воды» курорттық қалашығында өткен халықаралық туристік аймақтар форумы аясында еліміздің Oi-Qaragai мен «Шымбұлақ» тау курорты «Ski Business Awards» нұсқасында ТМД елдерінің 150 тау курорты арасында ең көп марапатқа ие болыпты. Дәлірек айтқанда, «Шымбұлақ» тау курорты «ТМД елдері арасындағы ең үздік тау-шаңғы курорты», «Таулы аймақтағы ең үздік глемпинг/кемпинг» марапатын жеңіп алса, Oi-Qaragai тау курорты «Ең үздік IT шешім», «Ең үздік балалар лагерінің бағдарламасы» марапаттарын иеленді.
«Шымбұлақ – жыл сайын 1,5 миллионнан астам қонақ қарсы алатын, ірі спорттық іс-шаралар өткізу тәжірибесін бөлісе алатын, курорттық аумақтың барлық әлемдік стандарттарына сай, инфрақұрылымы дамыған, еліміздің басты көрікті орындарының бірі. 2023 жылы наурызда Шымбұлақ тау курорты әлемдегі ең биік тау-шаңғы беткейі болып, рекорд орнатты. Беткейдің биіктігі – 3 200 метр. Ал Oi-Qaragai – Тянь-Шань беткейлеріндегі көркем жерде орналасқан ең танымал отандық тау курорттарының бірі. Курорт шаңғышылар мен сноубордшыларға түрлі сырғанау жолдарын, заманауи көтергіштер мен дамыған инфрақұрылымын ұсынады», дейді Oi-Qaragai қызметкері Максим Козлов.
Сарапшылардың айтуынша, Oi-Qaragai отбасы демалысына айрықша көңіл бөледі, балалар мен жасөспірімдерге ерекше қолайлы. Курорт жаңа технологияларды, оның ішінде ІТ шешімдерді көптеп енгізген.
«Отандық тау курорттарының халықаралық деңгейде үздіктердің қатарынан көрініп, марапатқа ие болғаны – еліміздің туристік индустриясының дамуы мен қызмет сапасының жоғары деңгейде екенін көрсетеді. «Шымбұлақ» пен Oi-Qaragai курорттарының жетістіктері отандық туризмнің әлеуетін арттыруға, әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздегі туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі. Біз алда да осындай жетістіктерге жету жолында бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», дейді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Вице-министрдің айтуынша, аталған жүлде 2023-2024 жылғы маусымның қорытындысына сай берілді. Жеңімпаздар тау курорты индустриясындағы беделді мамандардың комиссиясы алдында жоба қорғау, тау-шаңғы демалысын ұнататындар арасында дауыс беру арқылы таңдалған.
«Командамызды осы айтулы жетістігімен құттықтаймын. Үш жыл қатарынан ең мәртебелі номинация еліміздің еншісіне бұйырды. Бұл – жақсы нәтиже әрі біздің жұмысымыздың сапасын көрсетеді. Осы жетістікке жетуге атсалысқандардың бәріне алғыс айтамыз», деді Шымбұлақ тау курортының бас директоры Ринат Әбдрахманов.
Әрине, бұл саланың тез танылып, табыс таба бастағаны қуантарлық жайт. Әйткенмен «әттеген-айлар» да аз емес. Тау туризмі екі негізгі бағытқа жіктеледі – альпинизм, спелеотуризм. Екі бағытқа да қызығушы көп. Таушылардың айтуына қарағанда, тауға бір шығып, «тәттінің» дәмін татқан адамның қайта-қайта тауға деген аңсары ауып тұрады. Бірақ тау туризміндегі негізгі түйткіл – кедергілер мен қауіп-қатер. Бұл қатарда туризмнің ең күрделі түрлерінің бірі – шаңғы туризмі. Таудағы температураның төмендігі мен боран-шашынды қоспағанда, саяхаттаушылардың қауіпсіздігін сақтау немесе оларға жедел көмек көрсету, құтқару секілді сервистік қызметінің сапасы сын көтермейді. Тіпті бұл ретте балалардың да жазым болған оқиғалары ел есінде болуы керек. Дегенмен тау туризмі мұндай кейісті кейстерге қарамастан, қарқынды дамып жатқанын жоғарыда айттық. Енді бұған қоса қызмет көрсету сапасын жақсартып, инфрақұрылымын дамытса – тау туризмі табыс көзіне айналары сөзсіз.