Владимир Николаевичтің қазақ халқы үшін орны ерекше. Ерекшелігі сол, ол 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінде КОКП Орталық комитетінің жастарды басып-жаншу туралы әскерге берілген бұйрықты орындаудан бас тартқан. Оны орындауға міндетті бола тұра, орындамағаны үшін партиялық, қызметтік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін біле тұра, өзін тәрбиелеген, оқытқан, ең жоғарғы әскери шен – генералға дейін өсірген режімге халықпен соғыспайтынын мәлімдеп қарсы шықты.
Генерал В.Лобов Башқұртстанда көп балалы отбасында өмірге келген. Оқи жүріп, он жасынан бастап машина-трактор стансасында қара жұмысшы, кейін механик болып жұмыс істеген. Есейген соң әскер қатарына алынып, борышын Тәжікстанда өтеген. Рязань әскери артиллерия училищесін, кейін Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдап, Германияда кеңес әскерлері тобында қызмет еткен. 1968 жылы тамыз айында Чехословакияда болған халық көтерілісін басу операциясына қатысыпты. Батальон командирі ретінде оның басшылығымен Варшава келісімшарты елдерінің біріккен құрамы «Дунай операциясы» барысында Прага түбіндегі әскери аэродром мен басқа да бірнеше әскери маңызы бар нысанды басып алған.
1984 жылдың маусымында Орта Азия әскери округіне қолбасшы болып тағайындалады. Бұл сол кездегі Мәскеу тарапынан қатты көңіл бөлінетін, үнемі бақылауда болатын кеңес еліндегі жиырмаға жуық әскери округтің ең ірі жедел-стратегиялық аумақтық бірлестігі еді. Қарамағында 5 дивизия, 2 арнайы полк, арнайы мақсаттағы гвардиялық бригада, одан бөлек жалпы жауынгерлік 32-армия, 17-корпус, 73-әуе күштері бөлімі, 12, 14-әуе шабуылына қарсы күрес бөлімдері осы аймаққа бекітілген, Қытаймен шекаралас өңір болуына байланысты стратегиялық маңызы бар округ саналатын. Оның үстіне соғыс жүріп жатқан Ауғанстан да жақын еді.
Желтоқсан көтерілісі кезінде Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық комитеті бюро мүшелерінің қатысуымен өткен жиналыста республиканың жаңа басшысы Г.Колбин генерал В.Лобовқа аяқ астынан өктем сөйлеп, қалаға әскер кіргізуді талап етеді. Генерал жұлып алғандай: «Армияны бұл іске араластырмаңыз» деп үзілді-кесілді тойтарыс береді. Тыныштық орнайды, жиынға қатысушылар әскери қолбасшыдан ондай жауап күтпеп еді. Бюро мүшелері генерал жауабын естімеген сияқты бастарын басқа жаққа бұрады. Генералдан бұндай қарсылық күтпеген Г.Колбиннің беті қып-қызыл болып кетеді.
Аздаған үнсіздіктен кейін В.Лобов әскери округке қарасты күштерді алаңға енгізу үшін КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының рұқсаты керек екенін жеткізеді. Осыдан кейін Кремль Алматыдағы жағдай ушыға бастаған соң Уфа, Свердловск, Челябі, Новосібір, Фрунзе, Ташкент, Тбилиси, басқа да қалалардан көтерілісті басуға әбден машықтанған арнайы мақсаттағы ішкі әскерлерді жіберген еді.
Алаңға әскерилерді енгізу туралы бұйрықтың Мәскеу арқылы тікелей берілгені белгілі ғой. Осыдан кейін Г.Колбин мен мәскеуліктер генерал В.Лобовтың артынан шам алып түседі. Дәл сол кездері алаңда қансыраған жаралы жас жігітті теуіп жатқан жауынгерге ескерту жасағаны үшін Қазақ КСР ІІМ саяси басқармасының бастығы, милиция полковнигі (кейін генерал-майор) М.Қалматаев та қудаланып, Ауғанстанға жіберілген-ді. В.Лобовтың бұйрықты орындамауы қазақ жастарын жазалаудан құтқара алған жоқ. Ол кезде мүйізі қарағайдай коммунистік партия басшылары, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, қорғаныс министрліктерінің генералдары, маршалдары бұрын еш жерде қолданылмаған «бұғаулау операциясын» Алматыда іске асыруға жоспар жасап жатқан еді. Басқа өңірлерден әскерилер келгенше орталық алаңда қоғамдық тәртіпті милиция гарнизоны, милиция мектебі, әскери шекарашылар, өрт-техникалық училищесі курсанттары сақтады. Сырттан алдырылған әскерилерге қарағанда үлес салмағы өте аз республикадағы күштік құрылымның жастарды тәртіпке шақыруда белсенділік танытпағаны белгілі.
Сонымен В.Лобов әскери бола тұра неге берген антын бұзды? Неге Коммунистік партияның ең жоғарғы басшыларының бұйрығын орындамады? Меніңше бұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, оның көп балалы отбасынан шығып қиыншылық көріп өсуі, жастайынан жұмыс істеуі. Бұған қоса діні мұсылман башқұрттар арасында ер жетіп, Тәжікстанда әскери борышын өтеуі, Алматыдағы екі жылдан аса уақыт қызметі кезінде қазақтар туралы жақсы пікірінің қалыптасуы. Екіншіден, арты үлкен халықаралық дауға айналған Чехословакияда орын алған қантөгіске қатысып, Мәскеуден берілген бұйрықты орындап, кейін бейбіт тұрғындарға қару жұмсағанына өкінген болар. Үшіншіден, генерал В.Лобов Алматыда қызмет атқарған жылдары республиканы ширек ғасыр басқарған Д.Қонаевпен жақсы қарым-қатынасы себеп болуы мүмкін.
Қарулас әріптестерінің айтуынша, В.Лобов – мінезі жұмсақ болғанмен, керек кезінде қағидатшылдығын көрсете білетін, офицерлік намысты қорғап қана емес, азаматтықты, достықты да бағалай білетін адам. Сондықтан да Д.Қонаевтың басына бұлт үйіріліп, ердің басына күн туғанда оған, сондай-ақ қазақ жастарына ашық қолдау білдірген.
В.Лобовтың партия бұйрығын орындаудан бас тартуы Мәскеу тарапынан жауапсыз қалған жоқ. Оның іс-әрекеті туралы Мәскеуге Қорғаныс министрлігі мен кеңес армиясы Бас саяси басқармасының басшылығына хабарланды да, ол дереу Мәскеуге шақырылды. Министр маршал С.Соколов оған қатысты асығыс шешім қабылдаған жоқ. Өйткені ол кезде Қорғаныс министрлігіндегі маршалдар бір жағынан билік олимпінде аяқ астынан пайда болған Г.Колбинге бола ең үлгілі әскери округ басшысы, көрнекті генералды жазаға тартуды жөн көрмеді. Бірақ партияға қарсы келген коммунисті жазасыз қалдыруға болмайтын еді.
В.Лобовтың Д.Қонаевпен жиі кездесулері туралы хабар алғаннан кейін Г.Колбиннің генерал туралы пікірі тіпті бұрынғыдан бетер қатты өзгеріп, қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. Бірінші хатшы генералдан өздігінше құтыла алмайтынын жақсы түсінді. Себебі В.Лобов оған тікелей бағынышты емес, оның үстіне оны үнемі қолдап жүрген, оған дейін әскери округті басқарған маршал Д.Язов 1987 жылдың қаңтарында Қорғаныс министрінің орынбасары, ал мамырдан бастап министр болып тағайындалған еді. В.Лобов Орта Азия округін басқару кезінде біраз жетістікке жетіп, ең алдыңғы қатардан көрінді. Әскери бөлімдерді азық-түлікпен, киім-кешекпен, автокөлікпен, басқа да жабдықпен, офицерлер отбасын пәтермен қамтамасыз еткені, бірнеше әскери комиссариат ғимараттарын, жиналу орталығын қайта салғаны үшін министр мақтауына ілінген еді. Әскери округ бұл көрсеткіштерге Д.Қонаев бастаған республиканың бұрынғы басшылығының қолдауымен жеткені түсінікті ғой.
Д.Қонаевтың аяқ астынан қызметтен кетуі олардың арасындағы жақсы қарым-қатынасты бұза алған жоқ. Қайта Димекеңнің басына күн туғанда генералдың қасында болуы, кездесіп тұруы осының айғағы болса керек. Г.Колбиннің В.Лобовқа тісін батыра алмауының тағы бір себебі әскерилер мен олардың техникасы әлі де болса республикада егін жинауға, құрылыс нысандарында көптеп пайдаланылуы еді. Ол кезде еліміз Ресей және Украинамен бірге КСРО-ның ең көп бидай өндіретін республика қатарында болды. Егін жинау «социалистік жарыстың» ең басты көрсеткіштерінің бірі еді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа келген партия басшысына армияның қолдауы аса қажет.
Иә, В.Лобов лауазымынан уақытша болса да шеттетілді. Дегенмен 1987 жылдың қаңтарында талапшылдығы, сауаттылығы, іскерлігі, адами қасиеті арқасында КСРО Қарулы күштері Бас штабының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалады. Бұл қызметте М.С.Горбачевтің тапсырмасымен мерзімді әскери қызметті 2 жылдан 18 айға дейін қысқартуды көздеген реформа жоғары жақтан қолдау таппай, лауазымынан босатылды. Бір жылдан кейін бұрынғы лауазымына қайта тағайындалып, Варшава келісімшарты мемлекеттері құрама қарулы күштері штаб бастығы қызметі қосымша жүктелді. Бұдан кейін де әскери қорғаныс саласында көптеген лауазымды қызмет атқарды.
Иә, адамның ерлігі мен еңбегі олардың тірі кезінде бағалануы, аттары құрметтелуі керек. Генерал атақтан, марапаттан кенде емес. Кезінде КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаттығына сайланған, ІІ дәрежелі «Кутузов», «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», Ш дәрежелі «КСРО Қарулы Күштеріне қызметі үшін», Ресей Федерациясының «Батылдығы үшін», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері. Әйтсе де В.Лобовтың атын қазақтың бүгінгі ұрпағы ұмытпай, оның қиын-қыстау күнгі батыл шешімін ерлік ретінде бағалап, Қазақ елі тарапынан құрмет көрсетілуі қажет. Оған «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағы берілуге тиіс деп осыдан бес жыл бұрын ұсыныс жасаған едің. Осы ұсынысты тағы қайталауды жөн көріп отырмын. Қолында бес қаруы болса да, алаңдағы бейбіт халыққа оқ атудан бас тартқан мұндай жандар қандай да құрметке лайық.
Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,
Ақпарат саласының үздігі,
журналист, полковник