![Тұрар және Түркістан үшін күрес](/media/2024/12/25/skrinshot-25-12-2024-081048.jpg)
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Бұл хатты 1936 жылы 4 қыркүйекте ашқан «Әкімшілік өкілі» Решид Иса (осы кісі аударған болуы мүмкін) «Башқұртстан өкілдерінің қолы оқылмады» деп жазған екен. Біз Башқұртстан өкілдері Ахмет-3әки Уәлидов мен Xарис Юмагулов болуға тиіс деп есептейміз. Бұл хат былтыр ғана құпиясыздандырылған екен. Қазіргі уақытта осы хаттың түпнұсқасын алу мәселесімен шұғылданып жатырмыз. Хаттың түпнұсқасы қолымызға тиген жағдайда бұл сұраққа толық жауап береміз.
Хат 1920 жылы маусымда Мәскеуде болып, кеңестік Ресей басшылары Л.Б.Каменевпен, Л.М.Караханмен және Г.В.Чичеринмен келіссөздер жүргізген түрік коммунистері Халил паша, Баха Али Саидбек және Фуат бей Сабиттер арқылы Анкараға жеткен болуға тиіс деп топшылап отырмыз. Себебі Баха Али Саидбек пен Фуат бей Сабит маусымның ортасында Мәскеуде Тұрар Рысқұлов басқарып келген Түркістан делегациясының ұйымдастыруымен өткен түркі-мұсылман ұлт қайраткерлерінің жиынына қатысқан еді.
Қазақшаға тәржімаланған хаттың толық мәтінін назарға ұсынамыз:
«Ұлы ұлттық мәжіліс басқармасына.
І бап: Түркістан, Қазақстан және Башқұртстан өкілдері жазған хаттың көшірмесі төмендегідей.
Анкарадағы Ұлы Османлы ұлттық мәжілісіне.
Елдігіңізге қуанып, дұға оқыдық. Істеріңізге сәттілік берсін!
«1-бап. Дүниедегі төңкерісшілермен араны бұзып/алшақтатып тұрған ескішіл, діншіл тұлғалар әкімшілік-саяси істерден шет қалып, түрік халқында еш пайдасы жоқ теократия лозунгтары (үндеу) бітіп, азаттық пен әлеуметтік төңкеріс лозунгтары (үндеу) ұлықтануда.
2-бап. Қытай мен Арабстанды, Сібір мен Үндістанды заманында бірлестірген Түрік қауымының бұл күнде бір болу, берік төңкерістік әскери күш болып, осы төңкеріс ғасырында Шығысты азат етуі шарт. Бірақ не Шығыс, не Батыстың ешбірі біздің мақсатымызға жол қоймай, теріс мақсаттарына қарай тартатыны анық.
3-бап. (Шығыстың азаттығы – Шығыстың өз ісі). Егерде біз де сенімді болып, надандыққа жол бермей, қайтадан өз құдіретімізге, өз күшімізге сенім артып, тура жол тауып, әр жерде бір мақсатта әрекет етіп, ол әрекетте қаһарман Османлы һәм Ресейдегі түрік әскерлері мен еріктілері ерлік жасап, бүтін Орта Шығысты азат етейік. Содан кейін бүтін Шығыс пен бүтін [......] төңкерісіне қосылуды тілейміз әрі сол жолда құрбан болуға әзірміз. [1] 920 жылы 13 маусым».
Қол қойған: Түркістан өкілдері Рысқұлов, Низамеддин Ходжа, Қазақстан өкілі Байтұрсынов, Башқұртстан өкілдерінің қолы оқылмады.
ІІ бап. 2 қыркүйек, 1606 нөмір, Ұлы ұлттық мәжіліс басқармасына және Шығыс [......] қолбасшылығына жазылған.
Аштым. 4/9/36
Әкімшілік өкілі Решид Иса.
Мұхтар мырзаға».
Бұл хаттың мазмұнынан 1920 жылдың қаңтарынан бастап Түрік Кеңес Республикасы мен Түрік халықтарының коммунистік партиясын құру туралы шешімдерін Түріккомиссияға мойындатып, егемен және тұтас Түркістан үшін күрес жүргізіп жатқан Т.Рысқұловтың В.Лениннің өз идеясын қабылдамай тастағанына қарамай, әлі де өз мақсатынан бас тартпағанын, Түркістанның бостандығы үшін соңғы мүмкіндікке дейін күресуге бел байлағанын анық байқауға болады.
Енді кішкене шегініс жасап, Т.Рысқұлов бастаған Мұсбюроның тұтас Түркістан үшін күресінің мазмұнына тоқтала кетейік.
* * *
1920 жылы 21 қаңтарда Т.Рысқұлов ТАКСР ОАК төрағасы болып сайланды. Т.Рысқұлов Түрікатком тарихында төраға болған жергілікті халықтың тұңғыш өкілі еді. Т.Рысқұлов аз ғана уақыт ішінде Түрікаткомды Түркістанның тарихи-объективті жағдайын басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналдырды. Комиссариаттардың қызметі Түркістанның жергілікті халықтарының тұрмыс ерекшеліктері мен салт-дәстүріне сәйкестендіріліп қайта құрылды.
Т.Рысқұловтың Түрікатком төрағасы лауазымында атқарған қызметінің ең бастысы және маңыздысы Түркістан Республикасының саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы табанды күресі болды. Түркістанды түрік тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуға тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл саясатты іске асыру үшін Т.Рысқұловқа Түріккомиссиямен, Түркістан майданы Революциялық-әскери кеңесімен және РК(б)П ОК-мен күресуге тура келді. Сондықтан да тұтас Түркістан идеясы үшін күрескен Т.Рысқұловтың есімі Түркістан ұғымының баламасына айналды.
Түркістанның егемендігін тікелей В.Лениннің алдында талқылау үшін 1920 жылы мамырда Т.Рысқұлов басқарған Түркістан делегациясы тағайындалды. Т.Рысқұлов В.Ленин үшін арнайы баяндама даярлайды. Баяндамада Түркістанның жағдайы, саяси, әлеуметтік, экономикалық, ұлтаралық және мәдени дағдарыстардың себептері, одан шығудың жолдары ашып көрсетілді. Құжатта мұсылман коммунистерінің ұлт мәселесі және ұлттық мемлекеттік туралы идеялары толық қамтылған. Мұсылман коммунистерінің Түркістанда Ресейдегі сияқты халықты әлеуметтік жікке бөлу, тап күресін өршітіп, пролетариат диктатурасын орнату жолымен емес, өлкенің тарихи ерекшеліктерімен санаса отырып, большевиктік партия жариялаған ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын өмірге демократиялық жолмен енгізу арқылы жергілікті ұлттардың мемлекеттігін қалпына келтіру, елді сайланбалы кеңестер арқылы басқару, өкімет билігін жергілікті халық өкілдеріне беру, республиканың ішкі өзін-өзі қорғау күштері мен сыртқы жаудан қорғанатын қуатты Мұсылман қызыл армиясын құру, сырттан келетін эмиссарлық органдарды жою жолымен ғана дамытуға болатынын атап көрсетті.
1920 жылы 25 мамырда РК(б)П ОК Саяси бюросы Түркістан мәселелерін талқылайды. Бұған дейін Түркістан делегациясы В.Ленинмен тікелей келіссөздер жүргізген еді. Саяси бюро мәжілісіне делегация төрағасы Т.Рысқұлов, Түріккомиссияның Мәскеуге ілесе келген мүшелері Ш.Элиава мен Я.Рудзутак шақырылды. Ресей мен Түркістан арасындағы қатынас туралы ережені даярлау үшін құрамына Г.Чичерин, Н.Крестинский және Ш.Элиава кіргізілген комиссия тағайындалды. Комиссия құрамына Түркістан делегациясының бірде-бір мүшесі енгізілмеді. Аталған комиссия РК(б)П-ның Түркістандағы міндеттері туралы ОК шешімінің жобасын жасап, оны 1920 жылы 13 маусымда талқылауға ұсынады.
Қаулы жобасымен танысқан В.Ленин бірқатар сын-ескертпе жазады. Қаулы жобасында Ресей самодержавиесінің Түркістандағы жартығасырлық отарлық саясатының нәтижесінде қалыптасқан қатынастарды жою РК(б)П-ның басты міндеті ретінде атап көрсетілді. Орыс жұмысшыларының отаршылдық дертіне шалдыққан тобы кеңес билігін қолында ұстаған екі жарым жыл ішінде бұл қатынастардың жақсылыққа қарай өзгермегені былай тұрсын, «коммунистік» қимылдардың арқасында бұрынғыдан да шиеленісе түсті, езгіге түскен жергілікті халық бұл қимылды бұрынғы патша өкіметінің агенттері қимылының жалғасы деп қарады. Қаулы жобасында бар кінә патша өкіметінің отарлық саясаты мен революциядан соң кеңес өкіметін басқарған «орыс жұмысшыларының шовинистік тобына» аударылып, Түркістанның нағыз қожасы болып отырған қаруланған орыс мұжықтары мен кулактары назардан тыс қалдырылды. Өйткені Түріккомиссия өз саясатында әлеуметтік база ретінде ең алдымен соларға сүйенетін.
Өз ескертпесінде В.Ленин: «менің ойымша, жолдас Рысқұловтың жобасын қабылдамау қажет. Ал комиссияның жобасын келесі өзгерістермен қабылдау қажет:
(а) Түріккомиссияның TүрХКК және ТүрОАК-пен жүйелі түрде жұмыс істеу міндетін енгізу:
(1) олардың қорытындысын сұрау;
(2) оларды Түріккомиссияның істеріне біртіндеп енгізу;
(3) ТүрХКК мен ТүрОАК [жұмысына] қатысу;
(4) барлық (немесе негізгі) даулы мәселелерді ОК-ке және БОАК-ке енгізе отырып, олармен «келісу».
(Р) құқықтардың біртіндеп кеңеюін қамтамасыз ететін бірқатар практикалық шараны енгізу (істерге қатысу және т.б.)», дей отырып, қаулы жобасында орыс мұжықтары мен кулактарының назардан тыс қалғанын дұрыс атап көрсетті. Жобада Түркістанда Түріккомиссияның болу қажеттігі атап көрсетілді. Сыртқы саясат, сыртқы сауда, әскери іс, қатынас жолдары, пошта-телеграф, қаржы мәселесі тек Мәскеуде шешілетіні, қалған мәселелерде билік Түркістан Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесіне берілетіні айтылды.
Қаулы жобасымен Түркістан делегациясы да танысып шығады. Делегация 16 маусымда В.Ленин мен Н.Крестинскийге қосымша баяндама тапсырады.
1920 жылы 29 маусымда РК(б)П ОК-нің Саяси бюросы В.Лениннің нұсқауларын негізге ала отырып, Түркістан бойынша соңғы шешімдерін жариялайды. РК(б)П ОК-нің қаулысында большевиктер партиясы мен кеңес өкіметінің Түркістандағы негізгі міндеті ретінде мыналарды атап көрсетті:
1) жергілікті халықтар мен еуропалық қоныс аударушылардың ара-қатынасын реттеу;
2) жергілікті халықтардың қоғамдық қатынасында үстем болып отырған патриархалдық-феодалдық сарқыншақтарды жою;
3) келімсек орыс кулактарынан жергілікті халықтың атақоныс жерлерін тартып алып, иелеріне қайтару;
4) көшпелі халықтарды отырықшылыққа көшіруге даярлану;
5) орыс кулактарының экономикалық күш-қуатын әлсірету, оларды қарусыздандыру және Орталық Ресейге жер аудару;
6) патша өкіметінің әкімшілік қызметкерлерін, шенеуніктерін, полиция мүшелерін Түркістаннан кетіру, жергілікті орыс коммунистерінің шовинистік пиғылмен ауырған бөлігін Орталықтан келетін басқа коммунистермен алмастыру және т.б.
Бірақ қаулыда Түркістан делегациясы ұсынған негізгі талаптар: Түріккомиссияны жою, Түркістан майданы Революциялық-әскери кеңесінің билігін шектеу арқылы бүкіл өкімет билігін республикадағы заңды, конституциялы органдар – Түрікатком мен ХКК-ге беру, республиканың егемендігі, армияны жергілікті халықтан жасақтау, қаржы, сыртқы дипломатия, сауда-экономикалық байланыстар, РКФСР құрамындагы ұлт республикаларымен ара-қатынас мәселелері, жергілікті халықтарға қатысты саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени саясаттың жолдары, РКФСР үкіметінің құрамында Түркістан өкілдерінің болуы туралы аса маңызды талаптар қабылданбады.
Осыған қарамай, Түркістан делегациясының Кремльдегі кездесулерінің тарихи маңызы зор болды. Кремль Түркістаннан бұрынғы патша шенеуніктерін, полиция мүшелерін, казак атамандарын, ірі саудагерлер мен кулактарды, еуропалық коммунистердің шовинистік тобын қуып, жергілікті халықтар мен қоныс аударушылардың қатынасын реттеу, көшпелілердің атақоныс жерлерін иелеріне қайтару, орыс мұжықтарын қарусыздандыру туралы тапсырмалар берді. Түркістанда жер-су реформасын іске асырудың қажеттігін мойындады. Бұл Түркістан делегациясының саяси жеңісі еді.
1920 жылы 16 маусымда Түркістан делегациясы Мәскеуде жүрген Башқұртстан, Татарстан мен Қазақстан қайраткерлерімен келісе отырып, В.Лениннің Коммунистік Интернационалдың ІІ конгресіне арнап жазған тезистеріне түзетулері мен ұсыныстарын енгізеді. В.Лениннің атына жіберілген құжаттың түпнұсқасына Түркістаннан Т.Рысқұлов пен Н.Қожаев, Қазақстаннан А.Байтұрсынұлы, Башқұртстаннан 3.Уәлиди мен X.Юмагулов қол қойды.
Түрік қайраткерлері В.Лениннің тезистеріндегі орыс пролетариаты кеңес өкіметі кезеңінде қатты өзгерді. Оның патша заманындағы пролетариаттан түбірлі айырмашылығы бар. Сондықтан да орыс пролетариатының отар елдердің еңбекшілерін азат етудегі рөлінің зор екені туралы қағидаларына наразылық білдіреді. Нақты мысалдармен керісінше құбылысты дәлелдейді, панисламизмге қарсы күрестің қажеттігі туралы ұсыныстарын сынға алады. Олар В.Ленинге бодан халықтарды отаршылардың қолымен немесе отаршыларға арқа сүйейтін жергілікті биліктің қолымен азат етуге болмайтынын ескертеді. Орыс шовинистерінің мұсылмандарды еркіне жіберуге болмайды, олар мемлекет те, қуатты экономика да құра алмайды, барды қиратып бітіреді дейтін уағызына соққы береді.
Түркістан делегациясы 1920 жылы маусым айының ортасында Мәскеуде түркі-мұсылман аймақтарынан келген ұлт қайраткерлерімен кездесіп, жиын ұйымдастырады. Жиынға Шығыс халықтары коммунистік ұйымдарының Орталық бюросынан Мірсейіт Сұлтанғалиев, Сахибкерей Саидғалиев, Шаймардан Ибрагимов, Татарстаннан Миқдат Брундуков, Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынұлы мен Ғабдулхәкім Бөкейханов, Башқұртстаннан Ахмет-Зәки Уәлидов пен Харис Юмагулов, Түркістаннан Тұрар Рысқұлов пен Низамеддин Қожаев, Түркиядан Баха Али Саидбек пен Фуат бей Сабит қатысады. Жиында түркі қайраткерлері РК(б)П-ның ұлт саясаты, оған қарсы тұрудың жолдары мен амалдары туралы кең тұрғыда ойласады.
Түркістан өкілі Н.Қожаев РК(б)П бағдарламасының Шығыс өлкелеріне сай еместігін, сондықтан да ол бағдарламаға өзгерістер енгізбей, қолдану мүмкін еместігін баяндайды. Басқару аппаратында әлі күнге дейін бұрынғы патша әкімдерінің отырғанын, олардың отарлық саясатты жалғастырып, мұсылмандарды билікке жолатқысы келмейтінін мәлімдейді. Сондықтан да Н.Қожаев РК(б)П бағдарламасын қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізу үшін мұсылман коммунистерінің Бүкілресейлік съезін шақыру қажет дейді.
Башқұртстан өкілі X.Юмагуловтың айтуынша, РК(б)П бағдарламасы Шығыс үшін емес, Батыс үшін жазылған. Осы бағдарламаны басшылыққа алған жергілікті орыс большевиктері мұсылмандарда қалыптасқан пролетариаттың болмауына байланысты, кеңес өкіметі ол аймақтарда тек орыс тұрғындарына ғана арқа сүйей алады деген саясат ұстанып отыр. Сондықтан да партияның бағдарламасына міндетті түрде өзгерістер енгізу керек.
Башқұртстанның келесі өкілі А.З.Уәлидов «Шығыс халықтары орыс революциясының ізімен жүре алмайды, бірақ Шығыста революциялық қозғалыс қажет. Экономикалық кіріптарлық сақталып отырған жағдайда республикалардың егемендігі туралы сөз болуы мүмкін емес. Ұлт аймақтарында кеңестік билік патша отаршыларының қолында тұр. Сондықтан да Шығыс аймақтарының ұлттық күштері революцияланып, билікті өз қолдарына алуға тиіс», деп тұжырымдайды.
Түркістан өкілі Т.Рысқұлов кеңес өкіметінің ұлт мәселесін шеше алмай отырғанын айыптады. «Батыстың езгісінен құтылу үшін Шығыс аймақтарында ұлттық революция қажет. Түркістанда, Башқұртстанда, Қазақстанда орыс революционерлері билікті тартып алды да, билеп-төстей бастады. Қазір губернаторлардың билігін орыс жұмысшысының билігі алмастырған. Өзгерген еш нәрсе жоқ. Шығысты Қызыл армияның күшімен азат ету мүмкін емес. Орыс отаршылары мен Орыс Қызыл армиясын Ресейге қайтару керек. Құрылып жатқан ұлттық республикалар тек қағаз жүзінде ғана өмір сүріп отыр. Кеңес өкіметі ұлттық қозғалыстарға дем беріп, қолдауға тиіс. Шығысты азат ету үшін тез арада барлық Шығыс республикаларынан орыстың отаршыл шовинистері кері шақырып алынсын, ұлт аймақтарында мұсылман партия ұйымдары құрылсын, Шығыс республикаларында Қызыл армияның құрамы түгелдей мұсылман өкілдерінен жасақталатын болсын, ал мұсылман коммунистерінің Бүкілресейлік съезін Мәскеуде емес, Бакуде немесе Ташкентте шақыру қажет», дейді.
Жиынның соңына таман сөз алған А.Байтұрсынұлы өзіне дейін сөйлеген шешендердің пікірлерін толық қостайтынын, Қазақстанның билігі қазір С.Пестковский сияқты эмиссарлардың қолына көшкенін, жағдайды талқылау үшін мұсылман коммунистерінің съезін шақырудың маңыздылығын атап көрсетеді.
Ұлт аймақтарында қалыптасқан саяси жағдайды жан-жақты талқылаған қайраткерлер жиында 1920 жылы 1 тамызда Бакуде мұсылман коммунистерінің Бүкілресейлік съезін шақыру туралы бірауыздан қаулы қабылдайды. Съезге мұсылман партия ұйымдарынан 500 мүшеден 1 делегат, ал жасырын жағдайда жұмыс істеп жатқан Түркия коммунистерінің ұйымдарынан әр 100 мүшеден 1 делегат жіберу туралы шешім шығарды. Жиын қаулының соңғы нұсқасын даярлау үшін құрамына Мірсейіт Сұлтанғалиев, Сахибкерей Саидғалиев, Ахмет-Зәки Уәлиди, Тұрар Рысқұлов кірген арнайы комиссия құрады. Бірақ РК(б)П ОК түрік қайраткерлерінің бұл ұсынысын да іске асыртпай тастады.
Түркістан делегациясы Мәскеуде жүрген уақытта Ташкенттегі Түріккомиссия мүшелері – М.Фрунзе, В.Куйбышев, Ф.Голощекин қауырт қимылдап, делегация жетекшілеріне қарсы топ ұйымдастырып, оларды қаралауға кірісті. Жергілікті орыс коммунистерінің қолдауына сүйенген Түріккомиссия мұсылмандар ортасына жік түсіру үшін түрліше айла-шарғы қолданды. Нәтижесінде, саяси күресте тәжірибесі жоқ мұсылман қайраткерлері әлеуметтік, ұлттық, тіпті рулық-тайпалық белгілері бойынша бір-бірімен өштескен топтарға жіктелді. Енді ғана ұйымдасып, жұмылып келе жатқан мұсылман коммунистерінің ұлттық мүдде жолында бірігуіне жол берілмеді.
РК(б)П ОК-мен күрес барысында Түркістан делегациясы теория мен саясаттың, көтерілген ұран мен қайнаған өмірдің үйлеспейтіні, жүргізіліп жатқан саясаттың екіжүзділігі мен жалғандығын айқын түсінді. Ұзаққа созылған күрестің нәтижесіз аяқталуы мұсылман қайраткерлерінің сенімін жоғалтты. Ташкентке оралғаннан кейін, 1920 жылы 18 шілдеде Түркістан делегациясының барлық мүшесі қызметтерінен бас тартып, отставкаға кетеді. 1920 жылы 22 шілдеде Т.Рысқұловтың саяси қызметтен кетіп, шығармашылықпен айналысу туралы өтініші «қабыл алынды».
1920 жылы 29 шілдеде РК(б)П ОК Түркістанды жеке-дара билеп-төстеуге көшкен Түріккомиссияға қосымша тағы бір эмиссарлық орган – Түрікбюроны тағайындайды. Түрікбюро құрамына Я.Петерс, Л.Каганович сияқты сыннан өткен большевиктер кіргізілді. Тамыз айында Түркістанға Ресейден түрліше жұмыстар үшін тағы да 150 адам жіберілді. Түркістанның саяси тізгіні Мәскеудің қолына біржола көшті, жергілікті жерде оның саясатына қарсы тұратын саяси күш қалмады. 1920 жылы 19 шілдеде Түріккомиссия Түркістан Өлкелік партия комитетін таратып, Уақытша Орталық Комитет ұйымдастырады. Түріккомиссия тарапынан жасалынған қысымның нәтижесінде жергілікті коммунистердің жаңа тобы билікке баруға мәжбүр болды.
1920 жылы шілденің соңында Петерс Е.Преображенскийге Т.Рысқұлов бастаған мұсылмандардың ұлттық қозғалысы құртылды деп қуана хабарлайды. Петерс Түркістан мұсылмандарының ұлттық қозғалысын құрту үшін Түріккомиссияның қандай тактика қолданғанына тоқталады. «Біздің ұстанған тәсіліміз өзіміз көлеңкеде тұрып, мұсылмандардың жаңа тобын билікке жылжыту болды. Олар ХКК мен Түрікатком басына барғылары келмеді, бірақ біз оларды зорлап көндірдік», дейді Петерс.
Осылайша, 1920 жылы жазда Түріккомиссияның мақсаты орындалып, Түркістанның саяси егемендігі, мұсылман халықтарының теңдігі жолында күрескен, өз мақсаттарын орындау жолында табандылығымен көзге түскен мұсылман қайраткерлері Т.Рысқұловпен бірге жаппай саяси қуғынға ұшыратылды. РК(б)П ОК Т.Рысқұловты 1920 жылы жазда Түркістаннан кетуге мәжбүр етті.
Тұрар Рысқұлов тобының тұтас әрі егемен Түркістан үшін күресі РК(б)П ОК-нің үрейін ұшырды. В.Ленин осы 1920 жылдың маусым айында-ақ Түркістанды таратуды ойластырып, Саяси бюроның Түркістан мәселесімен айналысқан ерекше комиссиясына Түркістанның Өзбекстан, Қазақстан және Түрікменстан өлкелеріне бөлінген этнографиялық және басқа да карталарын жасап, осы үш бөліктің қосылу немесе бөліну шарттарын егжей-тегжейлі анықтауды тапсырды.
Бірақ Түркістандағы ұлттық-аумақтық межелеуді іске асыру үшін қолайлы саяси жағдай және үлкен дайындық жұмыстары қажет еді. Түркістанды бөлшектеу арада төрт жыл өткен соң ғана мүмкін болды. Биыл межелеудің жүзеге асырылғанына 100 жыл толды.
Ордалы ҚОҢЫРАТБАЕВ,
Сәбит ШІЛДЕБАЙ