Зерде • Кеше

Тұлғалар тағылымы: Жұмабай Шаяхметов және Нұртас Оңдасынов

610 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Күрделі кеңес кезеңінде ұлт маңдайына біткен қайраткерлердің елге сіңірген еңбегін лайықты бағалау – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Тарихымыздағы ірі тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймай, игі істерін байланыста қарауға тиіспіз. Президент Қ.Тоқаев кейінгі заман тұлғаларын байыптауға қатысты: «Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек. Мұндай тұлғалар тарихты түзеді, жаңа заманды алға жетеледі», деп атап көрсетті.

Тұлғалар тағылымы: Жұмабай Шаяхметов және Нұртас Оңдасынов

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Көне тарихта «Түркі жұрты үшін күн отырмадым, түн ұйықтамадым» деп Күлтегін қаған айтқандай, кеңес дәуірінің де сансыз қиындығы болды. Біз осы жолы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Жұмабай Шаяхметов пен Нұртас Оңдасыновтың өмір жолын салыстыра отырып, замана ақиқаты мен тұлғалар тұғырын айқындай түсуді жөн санадық.

Жұмабай Шаяхметов (1902–1966) 30-жылдардың аяғынан 50-жылдардың ортасына дейін Қазақстан басшылығында болып (1938 жылдан – үшінші хатшы, 1939 жылдан – екінші хатшы, 1946 жылдан – бірінші хатшы), республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен айрықша үлес қосты. Ол 1946–1954 жылдары Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы, 1950–1954 жылдары КСРО Жоғарғы кеңесі Ұлттар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Бұл – сол кездегі салыстырмалы түрде жоғары биліктің биік сатысы.

1938 жылы шілдеде 36 жастағы Ж.Шаяхметовтің партиялық және мем­лекет­тік жұмысы басталады. Қазақстан комму­нистік партиясының II съезінде оны Орталық Комитеттің (ОК) мүшесі, ал бірінші ұйымдастырушылық пленумда Қазақстан К(б)П ОК үшінші хатшысы етіп сайлады. Бірінші хатшылыққа Николай Скворцов, екінші хатшылыққа Сәлкен Дәуленов бекітілді. Хатшылар арасында міндет бөліскенде Ж.Шаяхметовке Халкомның (қазіргі Министрлер кеңесі) тамақ өнеркәсібі, қаржы, денсаулық сақтау, коммуналдық шаруашылық, Жас­тар одағы жұмыстарын басқару, жүйе­леу тиді. Тәлімді жері сол, жұмысқа тез бейім­­де­ліп, партия басшылығының стилі мен әдісін меңгерген жас қайраткер өзін жігерлі әрі қабілетті ұйымдастырушы, талапшыл басшысы ретінде көрсетті. 1939 жылы маусымда ол Қазақстан К(б)П ОК екінші хатшысы болып бекітілді. Бұл кезде ел, бүкіл әлем алдағы соғыс қаупімен өмір сүрді. Сол кездегі ресми құжаттарда «ОК-нің екінші хатшысы ретінде Ж.Шаяхметов жолдас ауыл шаруашылығын басқару мәселелерімен, атап айтқанда мал шаруа­шылығы мәселесімен тікелей айналыс­ты. Соғыстың алдындағы жылдары егіс алқаптары кеңейіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі артты, мал басы өсті, сөйтіп республиканың ауыл шаруа­шылығы саласында белгілі бір жетіс­тіктерге қол жетті» деген дерек босқа жазылмаған.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Ж.Шаяхметовтің ұйымдастырушылық әлеуеті ерекше көрінді. Мысалы, ол 1941 жылы 22 маусымда Алматыдағы М.Горь­кий саябағында 25 мың адамның алдында сөз алып, үрейленген жұртты былайша жігерлендіреді: «Біздің кәсіпорындарымыз, зауыттарымыз, шахталарымыз, фабрикаларымыз, кеніштеріміз, кәсіпшіліктеріміз, теміржол көлігіміз, авиациямыз – барлығы қазір өз жұмыстарын қайта құруға тиіс. Олардың әрқайсысы қорғаныс бекінісіне айналуы тиіс. Біздің әрқайсымызда Отан алдындағы жауапкершілік сезімі, жоғары саналылық, қырағылық, жанқиярлық, батырлық болуы керек...». Қазақстан фашизмге қарсы майданның нақты қуатына айналды. Соғыс жылдары Жұмабай Шаях­метов Мемлекеттік қорғаныс комите­тінің Қазақстандағы уәкілетті өкілі болып тағайындалып, Гурьев-Орск мұнай құбырын салу, металл сынықтарын жинау істерін қадағалады, Қызыл Армия үшін жылы киім-кешек әзірлеу жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы қызметін атқарды, КСРО-ның батыс өңірлерінен эвакуацияланған азаматтарды, өнеркәсіп және қорғаныс кәсіпорындарын, жоғары оқу орындарын, мәдени-ағарту мекемелерін, ғылыми-зерттеу институттарын, жұмысшыларды, қызметкерлерді, олардың отбасы мүшелерін республика аумағына орналастыруға жауапты болды.

Әр нәрсенің қайыры бар, соғыс өнер­кәсіпті дамытуға серпін берді. «Қазақстанда 100-ден астам эвакуацияланған кәсіпорын­ды орналастыру индустрияның жаңа салалары – машина жасау, станоктар шығару, оқ-дәрі өндіру, химия өнеркәсібі және қара металлургияның пайда болуына негіз болды. Соғыс жылдары республиканың жеңіл, тоқыма және тамақ өнеркәсібі 50-ден астам эвакуацияланған кәсіпорынмен толықты. Жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жаңа салалары – кондитерлік, ет консервісі, балық консервісі, тоқыма, мақта тоқу, тон тігу, т.б. өндірістері іске қосылды. Жеңіл өнеркәсіптің тігін, тоқыма, тері илеу, аяқкиім шығару салалары едәуір дамыды» (академик М.Қозыбаев дерегі). Жауға атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанның қорғасыны мен мысынан құйылды. Танкілердің, ұшақтардың және кемелердің бронында қазақ жерінің марганеці еді. Соғыс жылдары Өскемен қорғасын-мырыш зауыты, Балқаш түсті прокат зауыты, Жезқазған марганец, Шығыс Қоңырат молибден кеніштері мен комбинаттары, байыту фабрикалары іске қосылды. Әйгілі «Правда» газеті: «Майданда қазақтар жақсы соғысып жатыр, олардың әкелері, анала­ры, әйелдері майдан үшін тылда жақ­сы жұмыс істеуде. Қазақстан өз жерінің бар байлығымен, тауларының бар қазынасымен майданды алып тұлғадай ұстап тұр» деп жазды.

Жұмабай Шаяхметов соғыстың ауыр жылдарында бірінші хатшы Николай Скворцовпен тығыз байланыста жұмыс істеді. Мұрағатта Н.Скворцовтың 1945 жылы 5 тамызда Ж.Шаяхметовке жаз­ған хатын оқиық: «Қымбатты Шаяхме­тов жолдас! Мен өзімнің онша ұзақ емес өмірімнің 1/6 бөлігін Қазақстанда өт­кіздім, ол қандай жылдар еді, шіркін! Оны тек сіздер сияқты достарым мен жол­дастарым ғана түсініп, сезіне алады. Бәріміз бірге Отанымыздың игілігі үшін, туған халқымыз үшін, оның одан арғы әл-ауқаты мен бақыты үшін күресіп, денсаулығымызға қарамай, адал ниетпен, қоян-қолтық жұмыс істедік...».

Қайраткер Ж.Шаяхметов Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болып 1946 жылы сәуірде тағайындалды. Сол жылы КСРО Жоғарғы кеңесі Ұлттар кеңесінің Сыртқы істер жөніндегі комиссиясының мүшесі де болды. 1946 жылы Тушинода өткен авиациялық шеруде И.Сталин жиналған ел басшыларына: «Жолдастар, бұл – Қазақстанның бірінші ұлттық хатшысы Жұмабай Шаяхметов» деп таныстырғаны – тарихи факт. Бұл – кеңес көсемінің республика басшысы қазақ екенін меңзегені еді. Еліміз бұл кезде адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстан кейін біртіндеп қалпына келе бастаған. Қазақстанда адамдар мен өнеркәсіп орындары қайта эвакуацияланып, олардың бір бөлігі республикада қалып, жаңа салалардың іргетасын қалады. Ғылымның дамуына көп көңіл бөлінді. Ж.Шаяхметов ұлттық ғылым мамандарын, әсіресе Қ.Сәтбаевты айрықша бағалады. Оның КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалын ҚазКСР Ғылым Академиясына айналдыру жөніндегі идеясын барынша қолдады. ҚазКСР ҒА 1946 жылы 31 мамырда Жоғарғы кеңес төралқасының, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің және Қазақстан К(б)П ОК-нің қаулысымен құрылды.

Қазақстанның мемлекеттік құрылымы мен ұлттық мәселелері И.В. Сталиннің және оның идеологтерінің қатаң бақылауында болды. Соғыстан кейін орталықта (Мәскеу қаласы мен Ленинград қаласы) және одақтас республикаларда ғалымдар, зиялы қауым өкілдері космополитизм мен ұлтшылдыққа қарсы күрестің жалпы ұранымен қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақ КСР-інде Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, т.б. тарихшылар мен әдебиетшілердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Кремль Қазақстан басшылығын, ең әуелі Ж.Шаяхметовтің өзін, айналасын, «қазақ халқының тарихы мен мәдениетіндегі ұлтшылдық үрдістерді құптады» деп айыптады. Осы жағдайда қазақ басшысы не істеді? Әрине, ол ешқашан шолақ белсенділікке салынған жоқ. Реті келгенде, араша да түсті. Оның ұлт тарихы мен тағдырына қатысты көзқарасын екі тезис нақты анықтайды. Біріншісі – Ж.Шаяхметов тұсында шыққан тарихи зерттеулер мен даярланған мұраларда кеңестік ұғымдар болса да, негізгі құндылықтар мансұқталмаған. Екіншісі – перзенті Ноэль Шаяхметовті партия тарихы саласына емес, ұлт тарихы мен антропология саласына баулуы. Бұл факт қайраткердің жеке ұстанымын нақты көрсетеді.

Кеңес одағы басшыларының бірі Н.Хрущевтің мына естелігі де Жұмекеңнің азаматтық көзқарасы мен танымын айқын көрсетеді. Н.Хрущев өзінің естеліктерінде былай деп жазды: «Ж.Шаяхметов аз санды көрсетуді жалғастырды. Ол Қазақстанның барлық мүмкіндігі туралы хабардар, мен мұны оның позициясын талдай отырып түсіндім. Неліктен обком хатшылары басқа ұстанымда болды? Бұл жерде саяси, дәлірек айтқанда, ұлтшылдық себептер орын алды ма деген ой туады. Егер астық алқабын ұлғайтса, оны қазақтардың өздері өңдей алмайтынын Шаяхметов білді. Қазақстанда көптеген басқа ұлт өкілі, негізінен украиндар мен орыстар өмір сүрді. Тың жерлерді игеруге барғысы келетін еріктілерді көмекке шақыруға тура келетінін ол түсінді және мұны ешкім жасырмады. Қажетті адамдардың табылатынына біз сенімді болдық, алайда ол мұны мүлде қаламады, өйткені бұл жағдайда Қазақстанда байырғы халықтың үлес салмағы одан әрі төмендейтін еді. Ал обкомдардың хатшылары коммунис­тер ретінде қазақ халқының мүддесін кеңес адамдарының мүддесінен бөлмей, бұл мәселені неғұрлым дұрыс ұстанымда қарады» (Хрущев Н.С. Воспоминания. Время. Люди. Власть / в 2-х кн. – Кн. 1. – Москва: Вече, 2016. – С. 717).

Біз осы күрделі кездегі тағы бір біртуар қайраткер, халық мақтанышы Нұртас Оңдасынов (1904–1998) тағдыры мен тұлғасын сараптай отырып та халық­шылдықты, азаматтықты байқаймыз. Ол Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің, Министрлер кеңесінің төрағасы (1938–1951), Қазақстан Жоғарғы кеңесі төралқасының төрағасы (1954–1955), Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Халық депутаттары облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы (1955–1962) қызметін жауапты деңгейде атқарды. Кезінде Нұртас Оңдасынұлы басқа қазақ қайраткері секілді Жұмабай Шаяхметовпен қызметтес болды. Көрші тұрды. Ел, ұлт мүддесі үшін бірге адал еңбек етті...

Нұртас Оңдасынов – Екінші дүние­жү­зілік соғыс жылдарында да, одан кейін де ерекше іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткен басшы. Бұл – Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан, Мырзашөл каналдары, Атырау, Теміртау, Жезқазған, Балқаш алып зауыттары, т.б. ірі құрылыстар басталған жауапты кезең еді. Әрине, партия шешім қабылдайды, үкімет орындайды. Бірақ Нұрекең – үкіметтің қай шешімінің болсын халыққа пайдалы жағын бірінші ойлаған азаматтар қатарынан еді. Мысалы, ол Сібір өзендерін Қазақстанға бұру, Ертіс-Қарағанды каналын салу мәселесін 40-жылдардың басында ұсынған. Ол бұл ұсынысын білікті ғалым-инженерлер – Демченко, Монастырев, Давыдов идея­сына сүйене отырып нақтылайды. Өзі Қызылорда су шаруашылығында Давыдовпен біраз уақыт бірге жұмыс істегендіктен, оны қолқалап, Қазақстанға арнайы шақырып, кеңес алады. Алайда соғыс басталып кетеді де, бұл мәселеге ел ес жия бастаған соң қайта оралады. Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы 1968 жылы бітіп, Ертіс суы Сарыарқаны басып өтіп, Қарағанды даласына дейін жетеді.

Шөлді аймақтарға су көздерін жеткізу, каналдар мен бөгеттер, құдықтар салу арқылы мәселені шешу, шаруашылық пен өндірісті қатар дамыту – Н.Оңдасынов­тың басты мақсаты болды. Нәтижесінде, Батыс Қазақстан облысынан Орал-Көшім, Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысынан Талас-Асы, Келес, Бөген-Шаян, Алматы облысында Жаңа Антоновка су қоймалары салынып, шөл даланы суландыратын Киров магистральдық каналы кеңейтіліп, ұзартылды.

Нұртас Оңдасынов республика үкіме­тін басқарған жылдары Қазақстанның өнеркәсіптік өрлеу кезеңіне айналды. Оның тікелей басшылығымен өлкеде қара металлургия өнеркәсібі, мұнай және көмір өндірісі қарқынды дамыды. Ел аумағында көптеген зауыт, фабрика, мал фермалары іске қосылды. Әр аймақ өзінің табиғи-географиялық ерекшелігіне орай дамып, Қызылордада күріш, Шымкентте мақта, Жамбыл мен Талдықорғанда қант өндірісі, Алматыда жеміс-консерві өнеркәсібі қалыптасып, Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы, Батыс Қазақстан мұнай өнеркәсібінің орталықтарына айналды. Республиканың оңтүстігі мен солтүстігін байланыстырып, әрі қарай Ресейге қосатын Мойынты-Шу, сондай-ақ Қандыағаш-Гурьев теміржолдары салынды. Қазақстан КСРО-да үшінші орынға шыққан ірі мал шаруашылығы мен астық базасына айналды.

Қазақ ғылымы мен мәдениетінің шынайы жанашыры Нұртас Оңда­сынов білім-ғылым мен руханият дамуы­на аса көңіл бөлді. Осы мәселені шешу үшін геолог Қаныш Сәтбаевқа қолқа салып, ел тарихында мәңгі қалатын Ғылым академия­сы жобасын жүзеге асырды.

Ол қиын кезде Академия ғалымдары­ның 50 пайызы жергілікті халық өкілде­рінен болуын үйлестіріп, республика үкіметінен қомақты қаржылық қолдау көрсетті. Жаңа ғылым салаларына қажетті ғимарат, ал ғалымдарды лайықты бас­панамен қамтамасыз етті. Әйгілі архитек­тор А.В.Щусев идея беріп, тарихқа енген ғимарат – Ғылым академиясы бас ғимара­тын тұрғызуды бастады.

Билік басына түрлі айламен келген Н.Хрущев И.Сталиннің кадр тазарту сая­сатын басқа қырынан жалғастырып, Қазақстанның халыққа жақын Жұмабай Шаяхметов секілді бірінші басшысын қызметтен босатып, Шымкент қаласына жібереді. Бұдан кейін халықшыл Нұртас Оңдасыновтың да соңынан түсіп, 1955 жылы Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағалық қызметіне баруға мәжбүрледі.

Қазақстан Компартиясы орталық комитеті Кремльдің тапсырмасымен 1954 жылы ақпан пленумында Ж.Шаяхметовті «өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, идеоло­гиялық және ұйымдастыру-партиялық жұмыстарында жіберген кемшіліктері үшін» деген сылтаумен бірінші хатшы лауазымынан босатты. Бұған Ж.Шаяхметов былай жауап беріпті: «Тың жерлерді біртіндеп, ол үшін қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасай отыра игеру керек, әйтпегенде өз жерімізден айырылып қаламыз».

Бір айта кетер дерек: Ж.Шаяхметов 1955–1966 жылдары бірнеше мәрте пышақ­қа (ота) түсіп, ауыр операцияны бас­тан өткізген. Сол уақытта (қызметтен кет­кен кезі) ауруханаға оның көңілін сұрап классик ақын-жазушыларымыз, әйгілі ғалымдарымыз, Д.Қонаев бастаған қайраткерлеріміз барып тұрған.

Ал Нұртас Оңдасыновқа келсек, кеңес­тік жүйе 1962 жылы Атыраудағы белсен­ді қызметі тұсында 58 жасында зей­неткерлікке шығуға мәжбүрледі. Бұған сол кездегі КСРО басшысы Н.С.Хру­щевпен арадағы келіспеушілік басты себеп. Ұлт қайраткері конъюнктурашыл Н.Хрущевпен тың игеру, Оңтүстік Қазақстан аудандарын Өзбекстанға беру, Маңыстау мұнайын игеру идеясына ашық қарсы болды. Мұны Кремль қожайыны ұмыта қоймады. Тарих Н.Оңдасынов ұсыныстарының орынды екенін дәлелдеп берді: Маңғыстаудың түрлі-түсті тас­тары көптеген қаланың құрылысына қолданылды, теміржол байланысы да орнады, ал Батыс Қазақстанның мұнайлы өлкесі мұнайдың ірі қорына айналды.

Тағы бір елеулі факт, осы қайраткер 1945 жылы Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойын өткізуге қатысты Үкімет қаулысын шығарып, шараның басынан аяғына дейін өзі қадағалады.

Өкінішке қарай соңғы уақытта ғылыми ортада, қоғамда ХХ ғасырдың 50-жылдары республиканың экономикалық және мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлттың қайраткер перзенттері Жұмабай Шаяхметов пен Нұртас Оңдасынов еңбектерін біржақты бағалап, сан-саққа жүгіртіп жүргендер кездеседі. Ащы да болса «Тарих қазіргі заман адамының көзқарасымен зерделенеді» деген философиялық тұжырым бар. Бұл біздің әділетті болуымызды талап етеді. Қайсыбір зерттеушілердің пендешілігі ел тарихында орны бар осы қос тұлғаны тарихи орнын тануға кедергі келтіріп жатса, кәсіби мамандар бұған дұрыс түсінік беруіміз қажет.

Шынтуайтында, 40-50 жылдардағы елімізде іске асқан өзгерістерде Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновтың да, Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметовтің де лайықты орны бар. Ол шақта шеткері аймақ санал­ған Қазақстандағы кез келген бастама қылышынан қаны тамып тұрған Орталық­тың келісімінсіз шешімін таппайтын. Қос қайраткердің ерлігі сонда – өздері көтерген мәселелер мен ұсыныстарды Шаяхметов-Оңдасынов саяси тандемі арқылы Орталыққа жеткізіп қана қоймай, соны бірлесіп іске асыруға барын салды. Екеуі де «партия атын» жамылып жүріп, арғы жағында халықты, ұлтты ойлады. Бұл – олардың ата-баба рухы алдындағы адалдығы, имандылығы еді.

Сөзімізге дәлел ретінде ақын әрі қайрат­кер Кәкімбек Салықовтың Мәс­кеуде зейнеттегі Нұртас Оңдасыновпен ұшырасқандағы әңгімесін келтірейік: «Нұрекең Жұмекеңе үлкен құрметпен қарайтынын айта келіп: «Ол халықты жүзге бөлмейтін, бұған дәлел көп-ақ. Сталин өзін теоретик санағанымен, марксизм-ленинизм жөнінде Сталинмен тіл табыса алатын республика басшысы Жұмекең еді. Ол (Жұмекең) проблемалар мен қиыншылыққа толы өмірді көріп, түсіне білді. Қонаевтың Брежневпен достығы қазаққа тиімді болды дейсіз бе, бұл жағдайда Сталиннің Шаяхметовті құрметтегені де, бәлкім қазаққа пайдалы болған шығар», деді».

Осы қос қайраткердің азаматтық идея бірлігі мен сыйластығының дәлелі –Кенесары ханды ұлықтау мәселесі бойын­ша Е.Бекмахановты ашық қорғағаны туралы қайраткер Ілияс Омаровтың 1952 жылы 19 маусымдағы хаты дер едік.

Иә, қашан да санаулы тұлғаларымыз туралы салиқалы көзқарас ұстануымыз қажет. Жалаң коммунист болу мен сол жүйеде халықшыл қайраткер болып қалу бір өлшем емес. Жұмабай Шаяхметов те, Нұртас Ондасынов та қиын-қыстау заманда ұлттың болашағы жолында халыққа, ұлтқа қызмет етті. Сол үшін Орталықтың қырына ілігіп, ауыр жағдайды бастан өткерді.

Ел бастаған ұлы тұлғалардың есімін ұлықтау – әлемдік өркениетте ежелден келе жатқан дәстүр. Біз осы дәстүрді жалғастырып, ізгілікті іс жолында болуға міндеттіміз.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және эт­нология институты аталған екі қайрат­кердің мұрасын жинау, жариялау, лайық­ты насихаттау шараларын осыған дейін де атқарды, алдағы кезде де жалғастыра береді.

 

Зиябек Қабылдинов,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының

директоры, ҰҒА академигі