Пікір • 29 Қаңтар, 2025

Ұлттық мүдденің ұтымды шешімі

176 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына бүкіл елдің назары ауды. Онда мемлекетіміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, алдымызға жаңа ауқымды міндеттер қойылды.

Ұлттық мүдденің ұтымды шешімі

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Президенттің Үкіметке берген тапсырмаларының бәрінде инвестиция тартуға, озық технологияларды енгізуге және барлық деңгейдегі лауазымды тұлға­лар­дың экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуі үшін батыл әрі ұтымды шешімдер қабылдауына ерекше басымдық беріледі. Мұның бәрі елдің ұзақмерзімді ұлттық мүдделерін айшық­тайды. Негізгі мін­де­тіміз – азаматтардың әл-ауқатын арт­тыруды қамтамасыз етуді шешуге тиіс.

Күрделі геосаяси ахуал мен елдегі қиындықтарға қарамастан, Үкімет 2024 жылы экономикада 4,8 пайыз өсімді қамтамасыз еткенін атап өткен жөн. Ауыл шаруа­шылығы, құрылыс және сау­да – оң қарқын көрсеткен ең үздік үш сала.

Агроөнеркәсіптік кешеннің жетістігі айқын көрініп тұр. Был­тыр мемлекет тарапынан бұл салаға ерекше көңіл бөлінген еді. Ол өз нәтижесін көрсетіп отыр. 2025 жылы Мемлекет басшысы осы қарқынды күшейтіп, егіс жұ­мыстарына 700 млрд теңге бағыт­тау міндетін қойды. Бұл – рекорд­тық көрсеткіш. Шаруалар осы сенімді ақтап, Қазақстанның агро­өнеркәсіп кешені дамудың жаңа дең­гейіне шығады деп біле­мін.

Депутаттар Президент берген тапсырмалардың бәрін мұқият зерделеді. Экономиканы әрі қарай жаңғырту аясында Парламенттің алдына бірқатар ауқымды әрі нақ­ты міндет қойылып отыр.

Бірінші. Президент экономиканы дамытуға бағытталған алдағы жұмыс барысында айқын және тұрақты заңнамамен қам­та­масыз етуге тағы да назар аудар­ды. Салық және Бюджет кодекстері осы істің басты діңгегі деуге болады.

Қоғамда осы заңдар реттейтін мәселелер ең қызу талқыланып жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Мұнда оңай шешімдер жоқ, популизмге жол берілмейді, барлық фактор нақты есептеліп, ескерілуге тиіс. Қаржы тапшылығы жүйелі түрде түбегейлі шешілуі қажет. Ал елдің тұрақты алға басуы үшін әлемдегі көшбасшы елдер сияқты жыл сайын дамуға бағытталған бюд­жеттің көлемін 20 пайыз дең­гейінде қамтамасыз етуіміз керек.

Парламентте жаңа кодекстер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Салық кодексі жөніндегі жұмыс тобына 300-ден аса адам кірді. Олар – сарапшылар, бизнес қауымдастықтар мен кәсіпкерлік ортаның, мүдделі министрліктердің өкілдері. Әрқайсысының өз көзқарасы бар. Әр отырыс қызу өтіп жатыр. Пікірталас ашық әрі жария түрде жүргізіледі. Президенттің бүгінгі берген тапсырмаларын ескере отырып, депутаттар осы жұмысты күшейте түседі.

Екінші. Депутаттар жуық арада жер қойнауын пайдаланушылар үшін түсінікті және ашық заңнамалық негіз қалыптастыру бойынша шаралар қабылдайды. Былтыр Президенттің тапсырмасы бойынша бұл бағытта ауқымды жұмыс басталып кетті. Елге ірі шетелдік компаниялар келе бастады. Осы жұмысты жалғастыруымыз керек. Ол де­ге­німіз – миллиондаған доллар ивестиция және қосымша жұмыс орындары. Бұл салада мем­лекетіміздің әлеуеті мол. Бүгінде оған әлемдік алпауыт­тар­дың қы­зы­ғушылығы зор.

Үшінші. Цифрландыру бо­йынша да заң шығару жұмысын күшейтуіміз қажет. Еліміз бұл бағытта көш басында келеді. Бірақ босаңсуға болмайды. Қазіргі таңда осы салада күнделікті өзгерістер болып жатыр. Сондықтан цифрлық әлеуетімізді үздіксіз жетілдіріп отыруға тиіспіз.

Мемлекет басшысы Үкімет алдына қойған стратегиялық міндет­терді құқықтық тұрғыда қамта­масыз ету үшін Мәжіліс Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Олардың мақсаты – елімізде үздік цифрлық жобаларды ендіру үшін ең прогрессивті орта қалыптастыру. Бұл – құқықтық қатынастардағы жаңа сала. Сол себепті еліміздің әлемдік рейтингтерден лайықты орнын табуына барлық мүмкіндігі бар.

Бірақ мәселенің екінші жағы да жоқ емес. Тұрмысымызға цифрландырудың дендеп енуі­мен қатар киберқылмыстан төне­тін қауіп-қатерлер де артып ке­леді. Бүгінде бұл түйткілмен барлық ел бетпе-бет келіп отыр. Біз қазірдің өзінде интернет-платформалардың қызметін заңнамалық тұрғыда реттеуде біраз іс атқардық. Алайда әлі де жұмыс көп екенін көріп отырмыз. Мүдделі мемлекеттік органдар әлемдік тәжірибені ескере отырып, киберкеңістікте жалған ақпаратпен, манипуляциямен, алауыздық тудырумен күресу үшін жаңа шаралар ұсынуға тиіс. Депутаттар осы мәселені өз бақылауында ұстайды.

Төртінші. Президент міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесін реформалау бо­йын­ша заңнамалық шаралар әзірлеуге ерекше мән берді. Кеше Мәжілісте осы мәселеге арналған Үкімет сағаты өтті. Жан-жақты талқылау болды. Іс-шара БАҚ-та кеңінен жарияланды. Депутаттар сайлаушылар атынан көптеген сұрақ қойды. Бұл – тарифтер, қызметтердің сапасы, жұмыс регламенттері сияқты бірқатар өзекті мәселе. Сөйтіп, Мәжіліс іргелі ұсыныстар дайындады. Түйткіл аз емес. Олардың бәрі әзірленіп жатқан заң жобасы аясында шешілуі қажет.

Бесінші. Үкіметтің жұмысын жандандыруда өңірлік интеграция жаңа нақты бағытқа айналуы керек. Мемлекет басшысының сындарлы саясаты арқылы Орта­лық Азия аймағындағы бес елдің ұйысуы ең жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бұл барлық салада тың мультипликативті бәсекелестік мүмкіндіктерге жол ашуда. Ендігі кезекте Үкімет осы әріптестікті өнеркәсіп, көлік, логистика, агроөнеркәсіптік кешен, IT-сектор және басқа да салаларда нақты мазмұнмен толық­ты­руы қажет. Біз Президент қалып­тас­тырған дамудың жаңа мүм­­кіндіктерін барынша пайда­ла­нуға тиіспіз. Депутаттар парла­мент­тік дипломатия аясында атал­ған мәселелерді шешуге атсалысады.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда атом саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Жаңа атом стансаларын салу нақты аймақтардың ғана емес, жалпы мемлекет үшін де дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашары анық. Өйткені қолжетімді әрі сенімді қуат көзі бизнес пен өндірістің дамуы үшін берік негіз болмақ. Осы факторларды ескере отырып, депутаттар екінші АЭС-тің салынатын жерін анықтау бо­йынша өз ұсынысын дайындайды.

Сонымен қатар Президент «Amanat» партиясының «Әкімдер мектебі» жобасына оң баға берді. Барлық деңгейдегі әкімдердің сайлануы Мемлекет басшысы қолға алған негізгі реформаның біріне айналды. Сайланған әкім­дердің сайлаушылар сенімін толық ақтауы, атқарушы билік жүйесінде жұмыс істеуге қажетті құзыретінің болуы өте маңызды. Партия осы міндетті Үкіметпен бірлесе шешуге дайын.

Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін қоғамды тол­ғандырып отырған ең түйт­кілді мәселелер бойынша көз­қарасымен бөлісті. Бұл – депутаттар мен Үкіметтің бірлескен іс-әрекеті үшін нақты әрі басым бағыттар. Енді уақыт создырмай, бұл жұмысқа білек сыбана кірісу керек.

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Мәжіліс төрағасы 

Соңғы жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Шебер дәнекерлеуші

Еңбек • Кеше

Мал баққанға бітеді

Еңбек • Кеше