Алматыда өткен баспасөз мәслихатында “БТА банк” АҚ-тың басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов жиналғандарға банктің өз кредиторлары алдындағы қарыздық берешегінің көлемі азайғандығын хабарлады. Банк жетекшісінің айтуынша, банк өз кредиторлары алдындағы жалпы сомасы 16,65 миллиард долларды құрайтын қаржылық міндеттемелерін қайта құрылымдау үдерісін табысты аяқтаған. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, мұндай шешімді Алматы қалалық арнайы қаржылық соты биылғы жылдың тамыз айының 31-інде де шығарған болатын. Әнуар Сәйденов кредиторларының алдындағы қаржылық міндеттемелерін қайта құрылымдауы аясында банк бұрын шығарылған облигацияларының және өзге де міндеттемелерінің күшін жойып, кредиторларға 945 миллион доллар төленгендігін де атап айтты.
– Сонымен қатар жаңа борыштық бағалы қағаздар мен акцияларды қалпына келтіруге арналған 5,2 млрд. АҚШ долларына облигацияларды қоса алғандағы, 2.3 млрд. АҚШ долларына үлкен облигацияларды, 429 млн. АҚШ долларына дисконтты (OІD) арнайы борыштық құралдарын және 773 млн. АҚШ долларына реттегіш облигацияларын және жаңартылмалы несие желісі бойынша, сауданы қаржыландыруға 698 млн.АҚШ долларына келісім жасалды, – деді ол.
Банк облигацияларын қарапайым акцияларға айырбастаудың нәтижесінде ішкі және сыртқы кредиторлар банк акционерлік капиталының 18,5 пайыздық жиынтығына иелік ететін акционерлерге айналды. Бұрынғысынша БТА банктің негізгі акционері – “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры, қаржы институтының облигацияларын қарапайым акцияларға айырбастауы нәтижесінде оның үлесі банк акционерлік капиталының 81,48 пайызына дейін ұлғайды. Кредиторлардың банк акционерлері құрамына енуі директорлар кеңесі құрамының өзгеруіне алып келді. Акционерлердің биылғы жылдың 19 тамызында өткен кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданған шешімдерге сәйкес өтініштің негізінде тәуелсіз директор Ульф Вокурканың, сондай-ақ, Директорлар кеңесінің мүшелері – Ерлан Тәтішев пен Қайрат Әйтекеновтің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды. БТА Банкі акционерлерінің жиналысында директорлар кеңесінің құрамына жаңа мүшелерді – кредиторлар комитетінің өкілдері Кристоф Шефбек пен Маартен Лео Пронкті және тәуелсіз директор Болат Бабеновті сайлау жөнінде шешім қабылданды.
БТА банк қайта құрылымдауды ойдағыдай аяқтап, өз күшін бизнесті белсенді түрде дамытуға және өзінің дағдарысқа дейінгі ұстанымдарын қалпына келтіруге жұмылдыруды көздеп отыр. Банктің болашақтағы орта мерзімді бизнес-стратегиясы – әмбебаптық және ішкі рынокқа бағдар ұстану. Сөйтіп, 2014 жылға қарай банктің кредиттік портфелінің құрылымында корпоративті бизнестің үлесі 50 пайызды, шағын және орта бизнестің үлесі 30 пайызды, бөлшектік бизнестің үлесі 20 пайызды құрауы жоспарланып отыр. Банкті қорландыру стратегиясы да ішкі рынокқа бағытталған жеке және заңды тұлғалардың салымдарын тарту есебінен депозиттік қорды белсенді түрде өсіруді көздейді. Банктің жоспарында 2014 жылға қарай депозиттік қорды 2008 жылмен салыстырғанда екі есе арттыру қарастырылғандығы көп нәрседен хабар берсе керек.
Бизнестің корпоративтік сегментінде банк несиелік портфелдің сапасын жақсарту, әртарапты тәуекелге бел буу, несиелік портфельдің тиімділігін және табыстылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды атқару жоспарлануда. Сонымен қатар, банк кепілдік қорды қалпына келтіруді және заңсыз түрде шығарылған активтерді мүмкін болғанынша кері қайтарып алуды заңгерлік және қаржылық кеңесшілерімен бірлесе отырып жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Шағын және орта бизнес сегментінде банк “Даму” қоры жүзеге асырып отырған кәсіпкерлерді мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау жұмыстарын жалғастырмақ.
Бөлшектік сегментте банк несиелік портфельді жоспарлы түрде, орта есеппен жыл сайын 14 пайызға ұлғайтуды көздейді. Бұл тұста нарықтық бағдарламалар бойынша кредиттер тек қана банк жалақылық жобалар негізінде қызмет көрсететін компаниялардың қызметкерлеріне, сондай-ақ аккредиттелген қаржылық тұрғыдан тұрақты компаниялардың қызметкерлер құрамына берілетін болады. Басқарма төрағасы Әнуар Сәйденовтің пікірінше, БТА банкті қайта құрылымдаудың сәтті аяқталуы қазақстандық банк секторындағы бұлыңғырлық кезеңіне қойылған, көптен күтілген соңғы нүкте болып табылады және отандық әрі шетелдік инвесторларға берілген оңды белгінің қызметін атқарады.
Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.