22 Қазан, 2010

ЕҚЫҰ қызметінің тиімділігі саяси ерік-жігер арқылы айқындалады

744 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ұйымға қатысушы мемлекеттердің саяси ерік-жігері ЕҚЫҰ қызметі табыстылығының шешуші факторы болып табылады. Бұл әсіресе созылмалы жанжалдарды реттеу жөніндегі шаралар кезінде айрықша көрінеді, деп мәлімдеді ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының созылмалы жанжалдарды реттеу жөніндегі арнаулы өкілі елші Болат Нұрғалиев Ұйымның Шолу конференциясында.

Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан.

Венада өтіп жатқан шараға қа­тысушы 56 мемлекет өкілдерінің ал­дын­да сөйлеген Қазақстан дип­ло­ма­ты Астанада 1-2 желтоқсанда болатын ЕҚЫҰ Саммиті туғызып отырған мүмкіндікті барынша пай­да­лану қажет екендігін атап көрсетті. Астанадағы Саммиттің та­быс­ты болуының Ұйым болаша­ғы­на қатысты да өмірлік маңызы бар. Бұл дегеніңіз Ұйымның ха­лық­аралық, сондай-ақ Еуро­ат­лан­ти­калық және Еуразиялық арена­лар­да жалпыға ортақ қауіпсіздікке елеулі үлес қосу қажеттігін біл­діреді. Кімге болса да ЕҚЫҰ жауап­кершілігіндегі аймақтардың кейбір бөлігінде ішкі және халықаралық қауіпсіздік шетін болып отырғаны жасырын емес. Созылмалы жанжалдар мәсе­ле­сін талқылай келіп, Б.Нұрғалиев ЕҚЫҰ-ға Қазақстан төрағалығы мынандай жәйтті айрықша атап өтетінін жеткізді: “Араағайын­дар­дың дәлелдері қаншалықты на­ным­ды естілгенімен, жанжалға түсуші тараптардың баршаға ортақ берік реттеу үшін саяси ерік-жігері жетіспей жатса,  онда аз нәрсе ғана мүмкін болады”. Он жеті күнге созылатын ЕҚЫҰ Шолу конференциясының екінші бөлімінде қатысушы мем­ле­кеттердің өкілдері өз мем­ле­кеттері мойындарына алған мін­деттемелердің орындалу барысын қарастыруда. Кездесу сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның алдағы Саммитіне әзірлікке арналып отыр. ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Ұйым қызметінің баршаға ортақ шолуын құптай келіп, былай деді: “Біз мұндай Шолуды соңғы рет өткіз­генімізге 11 жыл болды. Бүгінде біз қауіпсіздік саласындағы сынақ­тардың жаңа түрлерімен бетпе-бет келіп отырмыз, оларды мемлекет­тік шекаралармен және қауіпсіздік өлшемдерімен анықтап алу қиынға түседі. Егер ЕҚЫҰ тетіктерінің әсер­лі арсеналы тұрғысынан келсек, оларды пайдаланушы­лар­дың саяси ерік-жігері болса, жанжалдарға жол бермеуде олар тиімділік көрсете алар еді”. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мем­лекеттер ұйымдасқан қылмыс пен кибер­кеңістіктегі қатерлерден бастап лаңкестікке дейінгі транс­ұлттық қауіптерге қарсы күрестің жаңа бағыттарын белгілеу мүм­кін­дігіне ие болатын бірегей форум болып табылады. Ұйым сондай-ақ Ауған­станға байланысты қатер­лерге қарсы тұру жөніндегі күш-жігерге өз үлесін қосуда. 26 қазанға дейін созылатын Шолу конференциясының вена­лық бөлігінде қауіпсіздіктің әске­ри-саяси және экономикалық-экологиялық өлшемдеріне салмақ түсірілуде. Үшінші бөлімі Астанада өтетін Шолу конференциясы Ұйымға мүше елдердің өз міндет­темелерін қалай атқарып отырға­нын көрсетіп, ЕҚЫҰ-ның бола­шақ­та қандай болатынын нақты­лай түсетіні анық.