29 Қаңтар, 2016

«Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк»

961 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Әділдік нақ сотБабалар ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қол жеткізгенімізге биыл ширек ғасыр толады. Кезінде Алаш жұрты дербес ел болып, кейіннен қолындағы билігі уысынан сусып шығып кеткен кездері де аз болған жоқ-ты. Десе де, ертеңгі күннен үмітін үзген емес. Азаттық үшін арпалысты, тәуелсіздік үшін күресті. Күрескенде де ол үздіксіз жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырды. Ұлтының азаттығы үшін күрескен қайраткерлер көңілге түйгенін халқына жеткізуге, ертеңгі күннің қандай боларына болжам жасады. Қайтсек әлеуетті елге айналамыз деп «түн ұйықтамады, күндіз отырмады». Өткен ғасырдың басында азаттық күресінің бастауында тұрған Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың айтқаны қазіргі қазақстандық арманға ұласып жатқандығына көз жеткізесіз. Бұл заңдылық болар. Ұлы Дала төсінде ғұмыр кешкен халықтың ұрпақтары арасында сабақтастықтың болуы, бабалар аманатын ұрпағы әрі қарай жалғастыруы ғана елдіктің өнегесін көрсетеді емес пе! Ұлт жазушысы, тарихшы Тұр­сын Жұртбаев Әлихан Бө­кей­хановтың мемлекетшілдік ұстанымын беске бөліп қарас­тырады. Ең бірінші ұстанымы – Алаш ұлттық демократиялық мемле­кет болуы керек. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы тиіс. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұй­ғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сү­йе­­ніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аудару­шыларға берілмеуі қажет. Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақ­тың өзіне қызмет етуі керек. Үшінші ұстанымы – Бөкей­хановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің аза­маттарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай эко­номикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге тиіс болып шығады. Төртінші ұстанымы – қа­зақ мемлекетінде мемлекет құраушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қара­ғанда үстем болуы керек дегенге саяды. Ал бесінші ұстанымы – ең негізгі ұстанымы бойынша ғы­лымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негіз­делген заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлт­тық демократиялық мемлекет құру. «Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!» деген Әлихан Бөкейхановтың айтқан болжамына жетпіс жылдан астам уақыт өткеннен кейін ға­на қол жеткіздік. Тәуелсіздік ал­ғанымызға ширек ғасырға қадам басты. Осы аралықта бағыт-бағдарымызды айқындап асқаралы міндеттерге иек артып отырмыз. «Қазақстандық арманға бастайтын жол» – соның бір айғағы. «Ел» сөзінде үлкен бірік­тіруші күш бар, өйткені, бар­лық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді» деп жазды Елбасы өзінің «Ұлт Жоспары – қазақстандық ар­манға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында. Осыдан бір ғасыр уақыт бұрын Әлихан Бөкейханов қандастарына төмендегідей сөздермен қайырылып еді: «Қазақтың оқыған азаматтары қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!». Ел­дік мәселесін күн тәртібіне қо­йып, жанайқаймен ұлт үшін қызмет етуге үгіттеген болатын. «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады». «Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк». Қайраткердің айтқандарының мәні әлі жоғары. Биік белестерді бағындыру, әлемдегі озық 30 елдің қатарына ену үшін де жұмылып жұмыс істеп, уақыт талабына қарай әрекет етуде «Алаш азаматына зор жүк» артылып отырғандығы тағы мәлім. Елбасы өз мақаласында «Қа­зақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасыры топтасқан халықтың ғана дамудың таңғажайып шыңдарына жете алатынын жан-жақты көрсетіп берді. «Біздің еліміз өзінің табыс­ты даму моделімен тұрақ­ты­лықтың, бейбітшілік пен келісімнің қаншалықты ма­ңызды екенін көрсетті» деп бір қайырса, кезінде Әлихан Бө­кейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деп шегелей отырып, «Бірліктен айырылған ел қаң­ғып қалады» деп тұжырым жасаған еді. Алаш жұртының мақсат-мұ­раты қай заманда да бірегей болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Елдік мәселесі, басқа жұрт­пен терезесі тең дәрежеде, иық­таса өмір сүру мәселесі Алаш жұртының қай кезде де басты мұраты болған. Бөкейхановтың жазғандарына үңілсеңіз осыны байқайсыз. «Жапонда кі­сі қажетіне жаратылмаған ала­қандай жер жоқ. Онда мұндай ыждаһатты жанкештілік болмаса аштан өлесің». Жапондардың жанкештілігін үлгі еткен қай­рат­кер қазақтың өмірдегі өз үлесін алуға жанталасуы керек екенін аңғартады. «Әр заманның өз рә­сі­мі, өз салты бар. Біздің за­ман­дағы салт: әркім құқына таласу, құқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды». Қандастарымыздың Әлиханның айтқандарын әлі күнге толыққанды түсініп үлгер­мегендері анық. Әйтпесе, аталған мәселені ХХІ ғасырда қайта қоздатып не көрініпті?! «Қазіргі заманғы әлемде бар­­­лық дамыған мемлекеттер – біртұтас ұлттар. Олар бірыңғай эконо­ми­калық, саяси және мәдени рет-тәртіппен өмір сүреді, оларды дамудың ортақ мақсаттары, жеке адамның табысы мем­лекеттің қуатымен және табыс­тылығымен ажырағысыз байланысты екендігіне деген бірегей түсінік біріктіреді. Бүгінде әлемнің барлық дамы­ған елдері өздерінің жаң­ғыртушы жобаларын бұрыннан қалыптасқан біртектілік не­гізінде жүзеге асырады. Қа­зақстанға келер болсақ, біз де осы жолға түстік» деді Мемлекет басшысы өзінің Ұлт Жоспарына қатысты мақа­ласында. Дамыған елдердің таңдаған бағытына ілескен жұрттың бағындыратын белесі де осал болмақ емес. Ендеше, Ұлт Жоспарының үкілі үміті де осыған саяды. «Бәрінен бұрын, жаңар­тылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі. Қазақстан соттарын рефор­малаудағы темірқазық мәселе – сапалы судьялар корпусын жасақтау. Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары бі­ліктілік талаптары заң тұр­ғысынан қарастырылған. Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайын­далған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс». Сот төрелігінің тиімділігін арттыруға орай Елбасының айт­қаны бұл. Ал кезінде Әлихан Бөкей­ханов «Заң – адам пайдасына жазылады, адам – заң үшін тумайды ғой», деп құқықтық қағидаттың алдымен халықты қорғауға арналатынын айта келіп, «Жұртқа әділ би пайдалы, көпке сүйенген, көп сөзін тындаған, билігін орнына жұмсайтын, арам жемейтін, іс білетін, ел мүддесін ашық қорғай алатын болыс пайдалы» деп бүгінгіше айтқанда, судьяларға қоятын талаптарды түгендеп береді. Сөйтеді де, олардың тәуелсіз болуына да кеңінен тоқталады: «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдайға қою шарт», дейді. Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында елімізді өрлеуге бастайтын қа­­ғи­далар да жан-жақты сөз болады. «Ұлт Жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың өрлеу дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Әлемде, сөз жоқ, үшінші әлемнен біріншіге қадам басқан елдердің мысалдары бар. Біз олардың жарқын тәжірибелерін зерттейміз және ескереміз. Қазір біз экономиканың, мемлекет пен қоғам дамуының ең табысты жаһандық модель­дерін өлшем ретінде аламыз. Бүгінде әлемде өзінің жалпыұлттық арманын ұмыт қалудың жүзжылдығынан шыға отырып, әлемнің ең ұлы ұлттарымен бір қатарда тұру тұрғысында бейнелейтіндер кем де кем. Біз Қазақстанның осынау тарихи тағдырына сенеміз». Бір ғасыр бұрын Әлихан Бөкейханов «Дүние билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады» деп бекер айтпаса керек-ті. Одан бергі жерде қазақ елі кеңестік кеңістік аумағында өзінің хал-қадерінше алдына мақсат қойып, өркениеттің өрісіне енетіндей мұршасы да болған жоқ. Ал ендігі жерде Ұлт Жоспары аясында «Тор­ғайдың ақ үрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жа­лынып-жалпая бергеннен түк шықпайды, іс өнбейді» дегенді терең түсініп, «Бөтен кісі қазаққа ешқайдан ештеңе жақсылық әкеп бермейтінін» білетін уақыт жетті. «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». Әлихан Бөкейханов осыны бекер айтты дейсіз бе! Халқын қайрау үшін айтты. Ал енді бүгінгі ісіміз кешегі мақсаттың жалғасы. Бүгінгі қазақстандық арман – ертеңгі нақты өмір. Ендеше, кешегісін бүгінге, бүгінін ертеңге ұштастырған халықтың болашағы да жарқын болуы тиіс. Әсірелеп, айшықтап айту емес, алға қойған мақсаттарды нақты жүзеге асырғанда осылай болатындығы белгілі. «Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға, Бола алмаймыз еш­қашан ұлы халық!» – біз­дің Қадағаң да айтады-ау! Ұлттық мінезге тән осындай ірі сөзді Қадағаң ғана, қа­зақ­тың Қадыры ғана айтса керек-ті. Ендеше, елдіктің ертеңі, мемлекеттіліктің мұра­ты тұрғысынан көз салатын болсақ, ұрпақтар рухының жалғастығына баса назар аударатын болсақ, Қадағаң айтқан тұжырымға тоқталатынымыз айқын. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».