2010 жылы халықаралық ақпарат кеңістігінде «араб көктемі» деген ұғым пайда болды. Біздің түсінігімізде көктем – тіршіліктің жаңғыруы, жасаруы, қайта түлеуі болса, ал «араб көктемі» шиеленіс пен көтеріліс, демократия жолындағы адам өлімі мағынасын беретіндей. Арабтар көксеген «көктеміне» жетті ме? 10 жыл бұрынғы халықтың батыл қадамы үмітті ақтады ма?
2010 жылы желтоқсанда тунистік саудагер ел астанасының ортасында өзін-өзі өртеп, араб елдеріндегі демократия үшін күрес қозғалысына сеп болған-ды. Мұхаммед Буазизи жеміс-жидек саудасын жалғастыру үшін пара талап еткен билік өкіліне ақша бермейтінін айтқан. Ал шенді саудагерді соққыға жыққан. Осылайша, бір инцидент түгел бір жүйеге наразылықты ашық білдіруге ұласты. Тунистіктер сол кездегі президент Зин әл-Абидин Бен Әлидің биліктен кетуін талап етіп, «Тунис революциясын» бастады. Дәл осы революция бірқатар араб елінде жалғасын тауып, жарқын болашақтан үмітті халық толқуларды «араб көктемі» деп атады.
Үмітті көктеммен байланыстыру заңды. Ал ол үміт ақталды ма? Тунистіктер дегеніне жетті. 2011 жылы 14 қаңтарда президент Бен Әли өкілеттігін тоқтатып, елден кетіп тынды. Мысыр, Йемен, Ливия президенттері тунистік әріптесінің ізін суытпай, биліктен өз еркімен кетті. Алжир, Ливия, Йемен, Мысыр, Марокко, Бахрейн, Оман, Судан, Кувейт, Иран тұрғындары да бой көтерді. Ливия, Сирия, Йемендегі әлі күнге дейін жалғасып жатқан қозғалыстар мыңдаған адамның жанын қиып, отанын тәрк етуге мәжбүрледі.
«Көбелек эффекті» дегенді де естіп жүрміз. Бұл оқиғалар әлемдік саясатқа әсер етпей қоймады. Арабтар демократия үшін күресіп жатқанда, еуропалықтар жаппай миграция, босқындар мәселесін күнтізбелеріне қосты.
Үміт тақырыбына қайтып оралсақ. Дегеніне жеткен тунистіктердің бүгінгі халі қалай? Guardian газетінің тапсырысымен өткізілген сауалдамада әрбір екінші тунистік революциядан кейінгі өмірі нашарлағанын алға тартқан. «10 жылда талай министр ауысты, дегенмен жүйеде өзгеріс жоқ», дейді олар. Кейіпкерлер өзгергенімен, сценарий сол қалпы. Ал азаматтық соғыстар жалғасып жатқан Ливия, Сирия, Йеменде жағдай тіпті нашар.
2011 жылы 20 қазанда әскери операция нәтижесінде Ливия көшбасшысы Муаммар Каддафи өлтірілді. Бұл да Араб түбегін әурелеген оқиғалардың бірі болды. Сол кезде бастау алған азаматтық соғыс әлі де жалғасып, бір территорияда екі үкімет пайда болды. Ел астанасы Триполи мен елдің батысын иемденген үкіметті БҰҰ сынды халықаралық ұйымдар қолдаса, оларды қолдамайтын екінші Халифа Хафтар басқаратын Ливия ұлттық армиясы бар. Екі топтың қақтығысының зардабын, әлбетте, қарапайым халық көреді.
Толқулары азаматтық соғысқа ұласқан тағы бір мемлекет – Сирия. Елдегі лаңкестік топ пен Башар Асад үкіметі арасындағы шиеленіске нүкте қойылар күн белгісіз. «Араб көктемі» жағдайды түзейді деген үміт халықаралық ұйымдардың араласуына, «Астана процесі» сынды алаңдардағы талқылаулар мен келіссөздерге жалғасты.
Интернет күшімен Сириядағы террорлық топтың қатарын түрлі мемлекеттің азаматтары толтырды.
Ресми статистика 70 мың бейбіт тұрғынның, оның ішінде 11 493 сәбидің соғыста қайтыс болғанын көрсетеді. Одан бөлек Башар Асад әскерінің 50 мыңға жуық жауынгері мен 40 мыңдай қолдаушысы жан тапсырғаны айтылуда.
Йеменде хуситтер (шиіт) мен сүнниттер жамағаты ортақ келісімге келер емес. Йемендегі жағдайға басқа да араб мемлекеттері араласып, «Ансар Аллах» деп аталатын қозғалысқа қарсы күрес жүргізді. БҰҰ мәліметі бойынша, операциялар нәтижесінде 6 400 бейбіт тұрғын көз жұмған. Тағы 35 000 азамат жарақаттанған. Оқиғаның ең басында Йеменнің бұрынғы президенті, елді 1978 жылдан бері басқарып келген Али Абдалла Салех биліктен сайлаудан ұтылған жағдайда ғана кететінін хабарлаған еді. Жаппай қарсылықтан кейін ол көп ұзамай «өзіне тиіспеу» шартымен билікті жаңа басшыға табыстап кетті.
Мысырдың президенті өз еркімен биліктен кеткенін жоғарыда айттық. Мүбәрактың орнына келген Мұхаммед Мүрси де биліктен кетірілді. Ел басына келген бұрынғы қорғаныс министрі Абдель Фаттах ас-Сиси елді Мүбәрактың жүйесіне қайтып алып келді.
Көршілеріндегі оқиғалардан сабақ алған Кувейт, Иордания, Алжир үкіметі реформаларды қолға алды. Бүгінде Алжирдегі жұмыссыздық көрсеткіші 11,4 пайыз көрінеді. Ал Иордания экономикалық дағдарыспен күресуде.
2020 жылы қазанда Араб саясат зерттеу орталығы да аталған тақырыпта зерттеу жүргізді. 900 әлеуметтанушы 820 мың шақырымды жүріп өтіп, 13 елден 30 мыңға жуық азаматпен тілдесті. Қатар еліне тиесілі ұйым халықтың 76 пайызы демократияны қолдайтынын хабарлады. Сұралғандардың 58 пайызы «Араб көктеміне» оң көзқараста болса, 48 пайызы бұл оқиғаны бекерге санады. Алайда үміт жоқ емес. Олар әлі де бейбіт өмірден үміт үзбейтінін жеткізді. Тіпті билікті тайдырып, демократиялық реформаға қол жеткізген Тунис жастары да революция соңына дейін жетпегенін айтыпты. Мұндағы халықтың 27 пайызы жағдай түзелді десе, басқа елдердегі көрсеткіш бұдан бірнеше есе төмен.
Жыл соңында өткен IndustriALL Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің жаһандық кеңесі отырысында ұйым бас хатшысының орынбасары Кемал Озкан «араб көктемінің» бостандық пен демократияға үміт сыйлағанын жасырмады. «Бұл оқиға халыққа үміт сыйлағаны белгілі. Халық сол ниетпен көшеге шықты. Алайда бүгін үлкен шиеленіс, тұрақсыздықпен бетпе-бет келіп отырмыз. Қазір сол елдердегі жағдай революцияға дейінгі жағдаймен салыстыруға келмейді. 10 жыл бұрынғы халіміз жақсы болатын, расымен. Бір қуантатын жайт, аймақтағы кәсіподақтардың қозғалысы өрістеп келеді», дейді ол.
Қалай десек те, Таяу Шығыс пен Араб түбегі жаһандағы тұрақсыздықтың мекеніне айналғандай. «Араб көктемі» де ақталмаған үміттің белгісі болып қалды. Жоғарыда айтқан зерттеулер мен сауалдама бұл ойды нықтап тұр. Тіпті билікке радикалды топтар келіп, лаңкестердің күші басым бола түскенін айтатындар көп. Тұрақсыздық бар жерде дағдарыс та жүретіні анық. Халықаралық валюта қоры шиеленістерге қатысқан елдер 55 млн АҚШ доллары көлемінде ақша жоғалтқанын мәлімдеді. Жиырмаға жуық мемлекетті қамтыған қозғалыс ресми, ортақ нәтижеге алып келмеді. Биліктегілердің де тағдыры әрқилы. Ливиялық Муаммар Каддафи өлтірілсе, сириялық Башар Асадтың қолдауы арта түсті. Мысыр президенті Хосни Мүбәрак өлім жазасына кесілгенімен соңынан ақталып шықты. Өзгеріссіз қалған халық қана. Әрбір күнін үмітпен батырып, келер таңнан күдер үзбеген азаматтардың «көктемге» қашан жетері әзірге белгісіз.