• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Оқиға 29 Сәуір, 2021

Жұмыскерлердің құқығы – басты назарда

448 рет
көрсетілді

Мәжілістегі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Мәжілістегі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусиннің төрағалығымен Кәсіподақтар федерациясының жұмыскерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметіне арналған Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Комиссия отырысының жұмысына Қазақстан Республикасы билігінің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары органдарының өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйым­дардың, адвокатураның, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты.

Кәсіподақтар федерациясының төр­ағасы, комиссия мүшесі Сатыбалды Дәулеталин жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарының қор­ғалуы жөнінде баяндама жасады.

Комиссия мүшелері Қазақстан Респуб­ли­касының заңдарымен және халық­аралық міндеттемелерімен кепіл­дік берілген азаматтар мен өзге де адамдардың еңбек, әлеуметтік-эко­номикалық құқықтарын қамтама­сыз ету мемлекеттің басым міндеттері­нің бірі ретінде белгіленгенін, ал азаматтардың әлеуметтік қорғалу дәрежесі – кез келген өркениетті қоғамның, мемлекеттік саясаттың әлеу­меттік бағытының басты индикаторы екенін сөз етті.

Сөз сөйлеушілер халықтың, оның ішінде барлық санаттағы жұмыскер­лердің құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру әлеуметтік жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламаларын табысты іске асырудың қажетті және міндетті шарты деп атап өтті.

Кәсіптік одақтар азаматтық қоғам­ның маңызды бөлігі екені ерекше атап өтіліп, азаматтардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқығын қамтамасыз етуде, еңбек қатынастарын әділ реттеу бойынша елеулі еңбек атқаруға тиіс екендігі еске салынды.

Талқылауға қатысқан сарапшылар бұл саладағы проблемалар мен мін­деттер тек ведомстволық қана емес, сонымен бірге азаматтық қоғам­ның барлық институтының белсен­ді қатысуымен биліктің барлық тар­мақтарының күш-жігері, тығыз өзара іс-қимылы қажет болатын қоғамдық, мемлекеттік сипатта екенін жеткізді.

Қолданыстағы еңбек заңнамасы жұмыс берушілер үшін де, жұмыскерлер үшін де кең қызмет саласын ашты, өйт­кені ұжымдық келісім-шарт процесі ең­бек қатынастарының негізіне айналуда.

Прокуратура органдары мен мем­ле­­кеттік еңбек инспекторларына жұ­мыс берушілердің, ең алдымен эко­но­­ми­­ка­ның тау-кен металлургия және мұнай-газ салаларындағы кәсіп­­орын­дар­дың, құрылыс ұйым­дарының еңбекті қор­ғау жөніндегі стандарттардың, ере­желер мен нормалардың талаптарын сақтауына бақылауды күшейту ұсынылды.

Бұл ретте комиссия мүшелері кәсіп­одақ ұйымдарының Қазақстан Рес­публикасы еңбек заңнамасының сақ­талуын қоғамдық бақылау саласын­дағы қызметін кеңейту туралы мәселені қарауды ұсынды.

Бұдан басқа комиссия отырысында соттал­ғандардың және тергеудегі-қамау­дағы адамдардың қауқарсыз санаттарының конституциялық құ­қық­тарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды.

Комиссияның отырысында әзір­ленген ұсынымдар Мемлекет басшы­сының, Қазақстан Республикасы Парла­ментінің және Үкіметінің назарына жеткізілетін болады.