Телефон арқылы хабарласқанымызда, шаруашылық төрағасы әуелде әрі-бері сырғытып, бақшалықты көрсетуден басын алып қашты. Журналистер жиі мазалайды екен. Жазамыз деп келеді, телеарнаға түсіреміз деп келеді. Сөйтіп жүргенде, тіл-көз өтті ме, бордақыға байлап отырған дәу бұқасы басын көтере алмай өлермен күйге түскен.
Қасымызда Манкент агрокооперативінің төрағасы Батыр Анарметов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, сыралғы дос Шухрат Құрбанәлиев бар. Әзіл-шынды тізеге басқандай болып рұқсат алдық-ау. «Көз адамды – молаға, түйені қазанға түсіреді» деген қанатты сөз бар. «Досмат» шаруа қожалығының төрағасы осы жағынан қауіптенетін болу керек.
Бұл өзі бір қызық жағдай. Бұрындары кәсіпорындар, шаруашылықтар өзі өндіріп жатқан өнімдерін БАҚ арқылы жарнамалауға құмартып жататын еді, соңғы жылдары қалам ұстаған ағайындар қайта-қайта айналып соға бергеннен кейін ерқашты болған ба, баяғыдай жарқылдап құшағын жая бермейді.
«Досмат» шаруа қожалығының иелігінде 3 гектар суармалы, 6 гектар жайылымдық жер бар екен. Үш гектар жердегі бау-бақша өнімдерімен таныса бастағаннан-ақ баяғыда айтыла беретін «Иранбаққа» кіріп кеткендей болдық.
Шаруашылық жетекшісі Шамхат атаның қос ұлы қандай жұмыстар атқарып жатқандығын таныстырып келеді. Алма ағаштарының төрт-бес түрі, оның ішінде жаздығы, күздігі, қыстығы бар. Алхоры, өрік. Алды теріліп алғанымен биыл алма мол біткен. Ағаш бұтақтары сыңсыған өнімдерді көтере алмай басы жерге тигенше иіліп тұр.
Біз бұған дейін көрген алма бақтарының арасында бос жер болар еді, ол мұнда жоқ. Жігіттер жер көлемі аз болғандықтан мейілінше игеріпті. Аралықтағы алаңқайға жоңышқа еккен. Тізеліктен асады. Үшінші орымға дайын. Әріректе картоп, қызанақ, қияр, болгар бұрышы. Енді бір иінде құлпынайдың екі түрі егілген. Сыртқы қоршауға таяу сыпырғы жасайтын көктесін жүгері сабағы сияқты жайқалып тұр.
Шамхат атаның жұмыскер қос ұлы Ұлықбек пен Назымбек «біз өзімізге керекті көкөністердің негізгісін осы бақта өсіріп, артығын базарға шығарамыз», дейді. Бұған қоса «Досмат» шаруа қожалығының төрт түлік малы бар. Алты гектар жайылымдықта бидай, жоңышқа егеді. Бүгінге дейін 150 тонна пішен дайындап алған.
Бақшалықты жағалап мал қораға өттік. 18 сауын сиыр бар. 14 сиыр сауылады. 12 бұзау, бордақыда байлаулы 14 бас бұқа күтімде. Сауын сиырлардың қартайғандары етке сойылады да орнына жас сиырлар қосылады. Сауу аппарттары алынған. Осы үйдің келіндері таңертеңгілік қақтап сауып, сүт жинайтындарға өткізеді.
«Сиырдың сүті – тілінде» деген сөз бар. Ағайындылар бұл мәселені түпкілікті шешкен. Бақшаның бір шетінен терең ор қазып, жаңадан орылған, сөлі бойындағы жоңышқаны әбден таптап, үстіне тұз себеді. Әр қабатты қалың шөппен жауып, жаңасын төсейді. Қысқы уақытта ашсаң сөлі құрғай қоймаған тұзды жоңышқа мал біткеннің жеңсік асы саналар екен.
Алдына төре табақ тартылғандай сүйсіне жейді. Сүт те мол.
Қазір жаңа технологияның дамыған заманы. Ұлықбек пен Назымбек ғаламторды ақтарып отырып, беларусь ғалымдары будандастырып ірілендірген ләмлеменің сипатын оқиды. Бір түбінің өзі 25 келіге дейін тартатын бұл өнім сиырлардың қоңдылығын арттырып, сүтін көбейтетіндіктен Белоруссиядан көшетін алдырған.
Ұлықбек біреуін қоянның қос құлағынан ұстағандай сопаң еткізіп жұлып алды.
Расы керек, Шымкентте талай шаруашылықты аралап жүріп мұндай ләмлемені көрген емеспіз. Ғалымдардың көз майымен келген бұл тұқымның тағы бір ерекшелігі, малға керегінше беріп, қалған бөлігін қоймада сақтасаң түсін бермейді. Кескен жері қарайғанымен, арғы жағы сөлді күйінде. Шаруашылық басшысының тіл-көз тиеді деп қорқатыны осы болса керек.
Бірақ, бізде ерігіп келген жоқпыз. Осындай жақсы тәжірибелерді басқалар да естіп-көріп, тәуекелдің қайығына мінсін дейміз. Адамнан адамның артығы жоқ. Ерінбей еңбек етсең жер жарықтық жомарт. Ауыл-ауылда пайдаланылмай жатқан үйіргелік жер жетеді. Осы қос жігіттің жасағанының жартысын іске асырған жағдайда отбасы тоқ, ауылда молшылық болар еді.
Елбасы да осы мәселені Үкімет алдына үнемі нықтап келеді. Ауылшаруашылық өнімдерінің әр гектарына Үкіметтен бөлінген субсидияның есебі жоқ. Жеңілдікті пайдаланып, отбасыңды асыра. Тоқшылық иісі бұрқыраған мынау отбасының берекелі шаруашылығының басында тұрып та осыны ойладық.
Ұлықбек пен Назымбектен үйренер көп екен. Шарбақ қасындағы бос жерге бақа теректер егіпті. Сатып алсаң қып-қызыл ақша. Сол мыңдаған ақша осы аулада тігулі тұр.
– Тағы бір қора салып жатырмыз, – дейді Назымбек. – Құрылыс материалдары негізінен өзімізден. Пақсадан көтереміз. Жазда салқын, қыста жылы.
Қос жігітке рахмет айтып қоштастық. Бұл жігіттер күн көре алмай жатырмын деп ешкімнің алдына алақан жайып бармайды. Берекесі – еңбекте. Бау-бақшаның артық өнімін балалар үйіне, интернатқа, мектеп асханасына, аз қамтамасыз етілген отбасыларға береді екен. Бергенін бұлдамайды. Азаматтық борышымыз деп біледі.
«Шіркін, Қазақстанның әр ауылында осындай ас та төк молшылық болса екен», деген тілеумен аттандық.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы