Білім • 21 Сәуір, 2017

Менделеевтің ізбасарларын қабылдайды

8292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық Менделеев олимпиадасының ұйымдастыру комитетін біраз жылдар бойы академиктер А.Бучаченко, Ю.Золотов, П.Саркисов, про­фес­сор Ю.Устынюк сияқты та­нымал ғалымдар кезекпен басқа­рып келді. 1997 жылдан бері ака­демик, М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік универ­сите­тінің деканы В.В.Лу­нин, ал қазылар алқасына химия ғылым­дарының докторы, Мәскеу уни­верситетінің профессоры В.Не­найденко жетекшілік етті.

Менделеевтің ізбасарларын қабылдайды

Менделеев олимпиада­сы­ның бүкіләлемдік олим­пиададан бір­қатар айырмашылықтары бар. Бұл үш турдан тұратын жал­ғыз олимпиада. Бірінші теориялық турда оқушыларға химияны тереңдетіп оқитын мектептердің бағдарламасын толық қамтитын 8 есеп беріледі. Екінші теориялық турда есепті таңдауға сәл мүмкіндік беріледі. Химияның бейорганикалық, аналитикалық, органикалық, физикалық химия және тіршілік туралы ғылым мен полимерлер химиясы сияқты іргелі сала­ларының әрқайсысынан үш есептен беріледі. Әр сала бойынша берілген үш есептің біреуін таңдап шығару міндетті. Егер үшеуін де шығарсаң, ең сәтті шығарылған саналады. Екінші турдың есептері бірінші тур есеп­теріне қарағанда едәуір қи­ын. Олимпиада тапсырмасын орындап шыққан оқушы тео­риялық тур есептерінің шешу­лерін шығаберісте алып, өз ше­шулерінің дұрыс-бұрыстығын бірден бағалай алады.

Химияда баспен қатар қол­дың да рөлі зор. Сондықтан оқушылардың тәжірибелік білік­тіліктері мен дағдыларының қалыптасу дәрежесін анықтау үшін үшінші тур өткізіледі. Олимпиада өткізу шығынының үлкен үлесін осы эксперимент өткізуге қажетті құрал-жаб­дық­тар мен химиялық реактив­тер құрайды. Тәжірибелік тур әдетте химиялық экс­пе­ри­менттің екі жағын қамтиды: бірі анализ, екіншісі – синтез. Сонымен қатар, жасалған экспериментке байланысты аздаған теориялық сұрақтар да берілуі мүмкін.

Халықаралық Менделеев олимпиадасының жеңімпаздары Ресейдің кез келген универ­сите­тінің химиялық мамандық­тарына емтихансыз қабылданады. Соң­ғы жылдары олимпиада өт­кізу шеңберінде бірталай жақ­сы дәс­түрлер қалыптасты. Мы­салы, академик В.Луниннің олим­пиадаға қатысушы елдердің құ­рама командаларының жетек­шілерімен химия саласында білім беру мәселелерін тал­дау­ға арналған дөңгелек үстел ұйым­дастыруы дәстүрге айналды. Онда әр жетекші өз елінің білім беру саласында болып жатқан жаңалықтар, хи­миялық білім беру саласында байқалған жаңа бағыттар туралы айтып, олар­дың артықшылықтары мен кем­шіліктері еркін талқыланады.

Халықаралық Менделеев олимпиадасы Қазақстанда үшін­ші рет өткізілейін деп отыр. Назарбаев университетте өт­кізілетін олимпиадаға әлем­нің 17 елінен 120 оқушы қа­тыспақ.

Құрманғали БЕКІШЕВ,

педагогика ғалымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры


Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024