24 Сәуір, 2017

Жанқадамов туралы жаңа дерек

451 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» жоюға байланысты сонау бетбұрыс заманынан бермен қарай Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды алаш көсемдері, Күншығыс және Күнбатыс Алашорданың басқа да арыстары туралы зерттеулер, енді міне, өзі тұтас бір кітапхана құрағандай.

Жанқадамов туралы жаңа дерек

Кезінде Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі, Жымпиты земствосының төр­ағасы Бижан Әбілқасұлы Жанқада­мов хақында «Жұлдыз» журналында (1993, №1) «Алаш азаматы» атты бір баспатабақ көлемінде эссе жазған едім. Материалы – ҰҚК мұрағаты және Бижекеңнің ол кезде көздері тірі ұлы – Мақсот, қыздары Айша, Шәрипа, Жаңылдық (осы жолдар авторының зайыбы) естеліктеріне негізделген-ді.

Жалғыз мен емес, Бижанғали Жан­қадамовтың өмірі және оның Алаш қозғалысына сіңірген зор еңбегі хақын­да басқа да авторлар қалам тер­беді. Орал қаласында журналист Қайыржан Ха­сановтың «Бижан Жан­қадамов» атты кітапшасы (2008 ж.) жарық көрді. Кітап­шада пайдаланылған әдебиет­тердің қатарында Д.Сүлей­мено­ваның «Алаш­орданың батыс бөлімінің тарихы», Р.Мұқанованың «Қа­ратөбе съезі – тәу­ел­сіздікке қадам» деген ең­бектері аталған.

Осы іспетті зерттеулер Алаштың 100 жылдығына орай жаңа жігермен жалғастырылуда. Бұған дейін беймәлім материалдар, фактілер іздестіріліп табылуда. Соның өзінде де бұл салада ашылмаған «ақтаңдақ» жетіп артылады. Біреулер алаштанушыларға: «Айналдырған оншақты фамилияны төңіректеп шиырлай бересіздер. Жаңа есімдерді неге ашпайсыздар?» деген наз да айтады. Шынтуайтында сол Алаш көсемдерінің өздері жөнінде де әлі күнге шешуін таппаған жұмбақ жетерлік. Мысалы, «Мағжан» атты монографиям екі рет басылып шықты. Сол кітапта Бижан Жанқадамов НКВД жендеттеріне жауабының бірінде Мағ­жан Жұмабаевтың «Матай би» поэмасын сүйсініп оқығаны, бірақ Бижекеңнің сол поэманы қай газет, журналдан тауы­п оқығаны әлі қараңғы екені жазылды. Мұндай олқылықтың орын алу себебі, Мағжан Бекенұлы Жұмабаевқа, басқа да алаш арыстарына қатысты архив материалдарының әлі де толық табылмай жатқандығының салдары...

«Алаш азаматы» атты эсседе Бижан­ғали Жанқадамовтың Қазан мал­дә­рігерлік институтын бітіргенін жаз­ғанымда менің басшылыққа алғаным, кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған, революцияға дейін жоғары білім алған қазақ зиялыларының тізімі болатын. Ұзын саны 77 адам. Сол тізімде Жаңылдың әкесінің фамилиясы да аталды. Ал, «Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясында» мұның керісінше Бижан Жанқадамов қаражат жоқтығына байланысты институттағы оқуын бітіре алмаған деп көрсетілген. Қайсысы дұрыс? Бұл сауалға түпкілікті жауапты тек архив қоймаларынан іздеу­ге керек.

Жуықта маған Бижекеңнің немересі – заңгер, зейнетке шығарынан бұрын аудандық прокурор, адвокат болып істеген Ғалымжан Мақсотұлы Жанқа­дамов пошта арқылы атасы жайлы Қазан қаласының архивінен табылған бірқыдыру материал жіберді. Бұрын қолымызда Бижекеңнің курстас жолдастарымен түскен, форма киген фотосуреті болса, енді жеке өзінің, Қазан Малдәрігерлік институтының сту­денті деген билеттің сол жақ бетіне орналастырылған фотосуреті табылыпты (Алаш азаматының жас кезіндегі көруге көз керек осы бейнесі қазір қы­зы Жаңылдың КазГу-де оқып жүрген студент кезінде түскен фотосының қасында тұр). Ғалымжанның жіберген архив материалдары жоғарыда ай­тыл­ғанға айқын айғақ. Татарстан Рес­публикасы бас архивінің қорында Бижанғали Әбліқасұлы Жанқадамовқа қатысты атап айтқанда мынадай құнды құжаттар сақталыпты:

– Б.Ә. Жанқадамовтың Қазан Мал­дә­рігерлік институтына түсуге рұқсат сұраған өтініші;

– Орал әскери реалды училищені бітір­гені туралы 1911 жылғы 8 маусым­дағы №346 аттестат көшірмесі;

– Орал реалды училищенің 7-інші қосымша сыныбын бітірген 1912 жыл­ғы №346 куәлігінің көшірмесі;

– Саратов гимназиясының латын тілін 7-інші қосымша сынып курсы көле­мінде бітіргені туралы 1912 жылғы 6-мау­сым­дағы №1066 куәлік көшірмесі;

– Туу туралы куәлік көшірмесі;

– Төлқұжаты;

– Қазан ветеринар институтының Қазан шаһарында ерікті тұру үшін №206 куәлігі;

– Қазан ветеринар институтының студенті Жанқадамов Бижанғалиға соғыс аяқталған соң институтқа қайта тү­суге құ­қық берілетіні туралы Халық ағар­­ту ми­нистрінің Қазан ветеринар институтының рек­торына арнаған 1916 жылғы 25 тамыз­дағы №9092 мәмілесі;

– Студенттік билеті фотографиясымен;

– Қазан ветеринар студентінің емти­хандық парақшасы.

Бірқатар зерттеулерде Қазан Малдә­рігерлік оқу орны университет делініп жүр. Расында оны институт деуге керек екен. Сонсоң Бижан Жанқадамов институтты қаржы жетпегендігінен бітіре алмады делінген тұжырым да шындыққа сәйкес болмай шықты. Іс жүзінде Би­жекең институттан уақытша қол үз­ген. Қазақ оқығандары тобында Батыс майданға аттанып, сондағы жігіттерді елге жеткізу ісімен шұғылданған, соғыс аяқ­талған соң институтқа қайта түсуге ресми рұқсат алған. Ал енді Бижанғали Әбіл­қасұлы Жанқадамовтың майдан­нан қайтқан соң институтта оқуын жал­­ғастырып ақыр соңында бітір­гені туралы дипломын іздестіру – алда­­ғы күндер еншісінде. Ғалымжан жібер­ген архив материалдарынан және бір аң­ғаратынымыз, Бижанғали Жан­қада­мовтың, басқа да алаш арыстары сияқты орыс мәдениетіне, тіліне жетіктігі. Осы мақалада оқушы наза­рына Би­же­кеңнің студенттік билетке түскен суре­тімен қабат, Қазан Малдәрігерлік инсти­тутының директорына өз қолымен жаз­ған өтінішінің ілкі бетінің суретін ұсы­нып отырмыз.

Жаңадан табылған архив материалдары балаларымның көрмеген нағашы атасының туған елінің, қазағы­ның қамы үшін жан алып жан беріп жұмыс жасаған ұлттық қайраткер, адамгершілігі мол, зор парасат иесі ретінде көңілімде қалыптасқан бей­несін бұрынғыдан да биіктете түсті. Алаш арыстары отар­шыл­дық бас­қыншылық салдарынан жойылған мем­ле­кеттілігімізді жаңғыртуға бар ақыл-ой, күш-жігерін жұмсаған күрескерлер – ұлттық мақтанышымыз. Алаш қозға­лысы қайраткерлерінің өмірі мен ісін тереңдей және жанжақты тану – ұлттық ұрпақ үшін баға жетпес рухани ризық.


Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024