Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Таразда республикалық ретро әндер байқауы өтті

552 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таразда «Жастар дауысы» республикалық ретро әндер байқауы өтті. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдығы қарсаңында алғаш рет ұйымдастырылған өнер бәйгесіне еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Таразда республикалық ретро әндер байқауы өтті

Атап айтқанда, Алматы, Семей, Қарағанды, Шымкент және Тараз қалаларынан келген 17-25 жас аралығындағы  24 өнерпаз сайысқа түсті. Бұл туралы оқу орнының ақпараттық-имидждік қызметі хабарлады.

Өнер додасының мақсаты – жастардың рухани-адамгершілік және көркемдік-эстетикалық дамуын қалыптастыру, ән өнерін насихаттау, жаңа талант иелерін іздеу, жастар арасында әншілік өнерінің кәсіби деңгейде көтерілуіне жол ашу. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақстандық композиторлардың патриоттық тұрғыдағы шығармаларына қолдау көрсету және отандық музыкалық туындылардың бәсекелестік әлеуетін арттыру.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова институт ректоры Дария Қожамжарованың сайысқа қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

– Ұлтымыздың ұлы ақыны, хакім Абай: «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй...» деп музыканың сана-сезімге, көңіл-күйге әсерін әспеттеп жеткізген. Өнер зерттеушілерінің келтірген деректеріне қарағанда, қазақ халқында 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар екен. Бұл – ұлттық музыка өнерінің сан ғасырлық даму тарихының айқын көрінісі, бірден-бір нышаны. Киіз туырлықты қазақтың бай музыкалық мұрасын зерттеген этнограф-ғалым Александр Затаевич: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп бекер айтпаса керек-ті. «Ұстаздар ұстаханасы» деп әспеттелетін педагогикалық оқу ордасының жартығасырлық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған бүгінгі шара сағындырған сонау жылдарды әннің құдіретімен еске түсіретін, көзіқарақты көрерменнің көзайымына айналатын, жаңа таланттарды анықтауға септесетін кеш болатынына сенімдімін, – делінген ректор құттықтауында.

Өнер жарысы екі кезең бойынша жүргізілді. «Замана сазы» атты алғашқы турда қатысушылар ерлік пен елдіктің шежірелі беттері жырланған өткен ғасырдың 70-90 жылдарындағы ретро әндерді орындаса, «Елім менің» кезеңінде Отан, ел, жер, тәуелсіздік туралы патриоттық музыкалық шығармаларды көпшілікке ұсынды.

Сайысқа Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері, белгілі әншілер мен сазгерлер қазылық жасады. Фестиваль барысында қатысушылар әннің байқау тақырыбына сәйкес болуы, вокалдық ерекшеліктері, шығарманың көркемдік деңгейі, орындаушылық машығы, сайыскерлердің жас шамасы мен репертуар күрделілігінің сәйкес болуы, әртістік шеберлігі, музыканың кәсіби деңгейде өңделуі, орындаушының көркемдік-сахналық бейнесі және киім үлгісі сынды талаптар бойынша бағаланды.

– Байқауда бағын сынаушылардың дайындықтары жоғары деңгейде екенін атап өткен абзал. Олар сайыс кезеңдерінде қарым-қабілеттерін барынша көрсетуге тырысты. Осы орайда айта кеткен жөн, бұл жоба жастарға үлкен мүмкіндік сыйлайды. Олар өз бойындағы өнерін ғана көрсетіп қоймайды, сондай-ақ жоғары оқу орнының маман вокалистерімен де жұмыс істеп, дәріс алады. Бұл келешекте кәсіби әнші ретінде шыңдала түсуіне сеп болмақ. Сонымен қатар, мұндай байқау өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырғандығын да айта кеткіміз келеді, – дейді қазылар алқасының мүшелері.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушының қандай ән орындайтындығы маңызды емес. Бастысы – олар өз өнері арқылы музыканың өміріндегі алар орыны мен әсерін шебер паш ете білуі тиіс.

Байқау қорытындысы бойынша фестивальдің бас жүлдесін жекелей орындаушылардың арасында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Айкерім Тәжі, топтық орындаушылар арасында Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ студенттерінен құралған «Арын» тобы жеңіп алды. 1-орынға жекелей орындаушылардың арасында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Қаныбек Ақық,  топтық орындаушылар арасында М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың «ArtMen» тобы лайық деп танылса, 2-орынды жекелей орындаушылардың арасында ТарМПИ-дың студенті Самат Ерболат пен М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенті Гүлман Ғалымбек, топтық орындаушылар арасында ТарМПИ-дың «Қыздар Live» тобы өзара бөлісті. Ал, 3-орын жекелей орындаушылардың арасында ТарМПИ-дың студенті Яна Ванға, ОҚМПИ-дың студенттері Алмасқожа Мұзаппаров пен Дәуіт Баратовқа, топтық орындаушылар арасында «Арлан» тобына бұйырды.

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жиын соңы оқу орнының өнер ұжымдары мен студенттері дайындаған гала-концертке ұласты.



Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024