Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

XXI ғасыр және жасампаз ұлт

791 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлт ілгері баспаса, кейін басады. Алға жүрмеген, кейін – кері кетеді. Өмірде дамыл жоқ, дамуда – кі­діріс. Сондықтан, біз үнемі қоз­ғалыстамыз: бүкіл әлем, барлық ғарыш та тапқан бағыт-бағдарынан адаспай, мәңгілік мұраты – мәңгі­лік қимыл-қозғалыс үстінде, сал­ма­ғына қарай айқындаған жол кестесінен жаңылмай, бір-бірін, сосын – шексіз космос тұманы, шаң-тозаңынан құралған галлактика­лар­ды айналады. Ғаламда бір орын­да қимылсыз тұрған аспан денесі немесе ғарыш нүктесі жоқ. Біздің өзіміз, біз өмір сүріп отырған Әлемнің табиғаты осындай.

XXI ғасыр және жасампаз ұлт

Өмір сүру үшін өзгере білу керек

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Тоқтаған, бір орында тұрған артта қалады. Қоғам да осы заң­ды­лық­қа бағынады. Іс-әрекетсіз, жос­парсыз отырған ел: әуелі – қиын­шылыққа, сосын дағдарысқа ұшырайды. Соңы мемлекетінің құлдырауымен аяқталады.

Елбасы өзінің тұжырымда­ма­лық мақа­ласында өзекті мәселе­лер­ді көтере­ді. Маңыздылығы, те­гін­де, мән-ма­ғынасы нығыздал­ған үздік та­қырыбынан аңдала­ды: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру».

Ұлт – бүкіл халықтық жоспары қолда, келешегін айқындаған даму бағыт-бағдары барда ғана тірі. Жоспарсыз ел – желкенсіз қайық тәрізді. Діттеген жеріне, аттанған сапар мұратына жете алмайды.


1. XXI ҒАСЫР: АДАМЗАТ АҚЫЛ-ОЙЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҢ АШЫҚ САНА-СЕЗІМІ

Дүние өзгерді. Адамзат біртін­деп ғаламзат болды. Жиырма бірінші ғасырда туған үйің, туған жеріңді ғана жақ­сы көрген аздық етеді, себебі, адам­заттың жалғызы – Жер, піл сауырлы Ғаламшар, ұлы планета – біреу ғана. Біздің ендігі туған үйіміз – өз кіндігін өзі айналып жүрген қара топырақты, күн шұғылалы, ай мүсінді Жер. Планеталық сана ортақ үйімізге төнген қауіп-қатер туралы дабыл қағады. 

Бірақ, планеталық сана әр ұлттың өз туған жерін ғана емес, туған елін сүйген шексіз махаббат, терең сезімінен қалыптасады. Туған үй, алтын бесік сіздің туған жері­ңіздің көрінісі болса, мем­леке­тіңіз – туған еліңіздің өзі.

Елбасының, елдің іргесін бекітіп, бейбіт өмір, тыныш қоғам­ды сақтап, территориямызды белгі­леуде, құжаттарын растауда, Аста­намыздың жағрафиялық және сая­си орнын дәл анықтап, жылдам көшіруде, елорданы тұрғызуда сіңірген еңбегі өте зор. Сондықтан, Ұлт жоспары сәтімен жалғасын тауып, бүгінде болашақтың бағыт-бағдарына айналып отыр.

Біз, толған-толысқан мемлекет ретінде, жүйелі ғұмыр кешіп келеміз. Іс-әрекетімізде кездейсоқтық жоқ. 

Рас, кешегі алыптар Хандық дәуірде мекенімізді Отанға айналдырды. Біз Отанымызға шекарасы толық айқындалған мемлекеттік сипат беріп, қастерлі тәуелсіздікке қол жеткіздік.

Астана саяси орталық қана емес, қазіргі таңда бәсекеге қабі­летті саяси-зияткерлік қала болды.

Көрмеген көруге асығатын, көрген кете алмайтын, ал кеткен ұмыта алмайтын шаһар.

Елбасы қазақ қоғамын, Қазақ­стан халқын біртұтастыққа, бейім­ділікке шақырады, бәсекелестікте топ жарып озып шығуға үндейді, уақыт талабына сай, қашанда сер­гек, белсенді өмір сүруді хал­қы­мызға міндеттейді.

Елбасы өсиеті заман ағысы, дәуір тынысы қандай екендігін алға тарта отырып, қоғам мүддесіне, қа­зақ мұратына қызмет етуді насихаттайды.


2. БІЛІМ САЛТАНАТЫ: КӘСІПТІК СИПАТ ЖӘНЕ БЕЙІМДІЛІК

Білімсіз кәсіпті игере алмайсыз, кәсіпсіз бүгінгі нарықта ешкімге керегіңіз жоқ. Тәуелсіздіктің бір көрінісі – дамыған технология. Біреуге тәуелді, екіншіге кіріптар болмайсыз. Технология – ғылым табысы, ғылым – білімнің нәтижесі. Білім – білім культінен шығады.

Қазақ баласын жоғары оқу орын­­дарына бастық болсын деп беретін заман өтті. Енді перзен­ті­ңіз­ді бір немесе бірнеше кәсіпті мең­гер­ген маман болсын деп оқытасыз.

Таяу жылдардағы міндеттердің ішінде ғылым да бар, білім де бар.

Қазір уақыт жылдам. Тез білім алып, тез мамандықты игер­месеңіз, нарық Сіз меңгерген маман­дыққа деген қажеттілікті жойып жібереді.

Прагматикалық көзқарас алға шықты. Өмірдің жылдамдығы артты. Қоғам да, нарық та, көзқарас та жаңарып тұратын мезгіл туды. Бір мамандық иесінен гөрі сан кәсіптің иесі болу күн тәртібінде тұр.

Енді өмір бойы оқитын боласыз, өмір бойы ізденетін боласыз.


ҚОРЫТЫНДЫ

Рухани жаңғырудың негізі – өзгермейтін ішкі өзек – рухани ұлттық код. Математикалық есептей кемел құрылған ой-сана теңдігі. Теңдеудің шешімі де бар.

Қос ұғым, егіз түсініктің диалектикасы бізге өзгеріп тұратын өмір, әрекеттеніп жүрген қоғамды береді.

Ақындардың жырларындай жалынды, әншілердің әніндей әсем, абыздардың сөзіндей анық.


Дидар АМАНТАЙ,

жазушы, философ, кинематографист, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024