Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Ұлы Даланың жаңғыруы

418 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Би­ылғы жыл мемлекетіміздің ырғақты дамуындағы жан-жақты жаңғырулар жылы ретінде тарихта қалмақ. Еліміздің экономикалық, сая­си және рухани жаңғыруының үш тағаны бекітілді. Ендігі кезекте осы үш бағытты бүкіл ел болып жүйелі жүзеге асыру арқылы біз Ұлы Даладағы жаңғыру дәуірінің жасампаздығы мен баяндылығын қамтамасыз етпекпіз.

Ұлы Даланың жаңғыруы

Бағдарламалық құжат деңгейінде жақында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Мемлекет басшысы «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», деген салиқалы байламын білдіреді. Шын мәнінде де, кез келген мемлекеттің жарқын келешегі сол елмен өзінің өмірі мен өскелең ұрпағының ертеңгі тағдырын байланыстырған барша қоғамның төл тарихын, мемлекеттік тілін, дәстүр-салтын, мәуелі мәдениетін бойына сіңіруі мен санасына қалыптастыру деңгейімен өлшенетіні ақиқат. Бұл рухани факторлар халықтың сыртқы идеологияға, жат радикалды ағымдарға қарсы төтеп беруінің иммунитетін күшейтеді және жаһандық аренада бәсекеге қабілетті қоғамды түпкілікті орнықтырады. Үнді халқының рухани көсемі Махатма Гандидің: «Мәңгілік ақиқаттар, олардың атауы мәңгі деп аталып тұрса да, өздерін ұдайы ескеріп тұруға және санаға сіңіруге мұқтаж» деген сөзі бар. Ұлттың мәңгілік рухани құндылықтары да дәл сол сияқты, ол ұрпақ санасында ұда­йы жаң­ғырып отырмаса, замана табымен көмескі тартып, өзіне тән бояуы қа­шып, өзге өр­ке­ниеттердің толқынында шайылып кетуі әб­ден ықтимал екені анық. Бұл тақы­рып­та басы ашық ақиқаттың бірі ретінде Елба­сы­ның қоғамды рухани-мәдени жаңғыр­ту мәсе­лесін ұдайы назарында ұстап, бұл салада сабақ­тастықпен жүргізіп келе жатқан сая­сатының сындарлылы­ғын атап көрсетуіміз керек. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мем­лекеттігімізді ұзақ уақыт­қа меңзеп құрғы­мыз келсе, онда халық руха­ниятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деген парасатты пайымын ортаға салады. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында мәдени кодты сақтау­дың маңыздылығына ерекше тоқталса, «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақ­талмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын» баса айтты.

Тәуелсіздік жылдарында Мемлекет басшысы осы мәдени кодты сақ­таудың, қоғамды рухани жаңғыртудың бағыттарын рет-ретімен ұсынып, нәтижелі жолдарын жалғастырып келеді. Жаңа тұрпатты мемлекет құрудың шежірелі жылнамасын парақтасақ, Президент 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп белгіледі. Тарихи сананы сілкінтуге ұйытқы болған сол атаулы жыл қазақ халқының тарихы мен тағдырына қатысты «ақтаңдақтарды» ашудың алғышарттық кезеңіне айналды. Кеңестік солақай саясаттың салдарынан зерттеп, зерделеуге тыйым салынып, архивтерде шаң басып жатқан құнды жәді­герлеріміз жарыққа шықты. Содан кейін Елбасы 2000 жылды «Мәдениетті қолдау жылы» ретінде айқындап, еңсесі түскен ел мәдениетін сақтап қалуға бағыт сілтеді. Қолдау жылы өтпелі кезең дауылының өтінде жабылып қалған кітапханалардың жер-жерде қайта жандануына, қиратылып қалған мәдениет ошақтарының қайта бой көтеруіне ықпал етті. 2003 жылы Президент Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің мәдени мұрасын, гуманитарлық білім қорын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді, ұлттық әдебиет пен жазудағы көпғасырлық тәжірибені біріктіре зерттеудегі бірыңғай жүйе қалыптастыруға бағытталған бағдарлама жасауды тапсырды. Рухани жаңғырулардың бұл кезеңі Мемлекет басшысының көптен көкейінде жүрген «Мәдени мұра» бағдарламасын іске қосудың әдістемелік дайындығы, айтулы істің байыпты кіріспесі еді.

ХХ ғасырдың басында халқымыздың тарихи тұлғаларының бірі Мұстафа Шоқай айтқан «ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі бол­майды» деген сөзі жаңа ғасырда өзінің өзек­тілігін сан қырынан танытты. Елбасының тарихи шешімнің арқасында уақыт керуені Ұлы Даладағы ұлттық өрлеудің, рухани жаңғырудың жаңа кезеңін бастады. Белесті кезеңде 136 тарих және мәдениет ескерт­кіші қалпына келтірілді, ғылымды жаңа арте­фак­тілермен байытқан 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу  жүргізілді. Олар­дың қатарында Арыстанбап, Есім хан, Айша Бибі, Абат-Байтақ, Қараман Ата, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар. Тізімді осылай жал­ғас­тыра беруге болады. Бұл аз жұмыс емес еді.

Елбасы мақалада рухани жаңғырудың бағыттарын белгілегенде «ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамай­тын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», деген тұжырымымен бөліседі. Ақи­қаты сол, өзге елдер мен халықтар бізді тек экономикалық, саяси табыстарымызбен ғана емес, руханияттағы дәреже-деңгейімізбен де тануға тиіс. Кезең-кезеңмен атқарылып жатқан ауқымды істің нәтижесінде біздің ұлттық, кәсіби, классикалық өнерімізді бүгінде әлем тани бастады. Біз бұл тұрғыда ұлттық портретімізді қалыптастыруда­мыз. Қазақ мәдениетінің құндылықтарын жалпыадамзаттық рухани жауһарлардың қатарына қосуда «Наурыз», «Домбырамен дәстүрлі күй тарту», «Айтыс», «Киіз үй», «Саят құстармен аң аулау», «Жұқа нанды да­йындау дәстүрі», «Қазақ күресі» ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енгізілді. Биылғы жылы «Асық» ойынын осы мәртебелі тізімге қосу бойынша да іргелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы ұлы Абай Құнанбайұлы­ның ескерткіші Мысырда, жыр сүлейі – Сүйінбай Аронұлының тастұғыры Түркияда, дала дауылпазы Жамбыл Жабаевтың ескерт­кіші Сербияда бой көтеруі мемлекетті мәдени қазыналар арқылы танытудың тағылымды шараларының қатарына енеді. Тағы бір ауқымды халықаралық жобалардың қатарына Түркістан қаласының 2017 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы болып белгіленуі дер едік. Әдеби шығармаларымыз өз шекарамызда шектеліп қалмай, ТМД елдері, күллі әлем мойындайтын кезеңге қадам басуда.

ХХ ғасырдың басында қазақ даласында ұлттық ән өнерінің бай қорын тыңғылық­ты зерттеп, нотаға алғаш түсірген поляк ғалы­мы Александр Затаевичтің «маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген сөзі әлі күнге өзінің рухани мәні мен мазмұнын жой­ған жоқ. Өнеріміз, әсіре­се ұлттық өнеріміз қазақты әлемге таны­татын брендке айналып, болмыс-бітіміміз­ді сомдауда. Бәрін бірдей сана­малап жатпай-ақ, күні кеше Қытайдың «Singer-2017» байқауында жүлде алып, жаһан жұрт­шылығын мойындатқан жас дарын Димаш Құдайбергеннің жеңісі сөзімізге дәлел болмақ.

Тарихи мақалада Қазақстан басшысының «жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Кейінгі жылдары «Болашақ» бағдарламасы аясында 165 стипендиат мәдениет саласы бойынша әлемнің ең озық оқу ордаларында білім алды. Мәдениет және өнер саласы бойынша жастар актерлік шеберлік, опералық ән салу, арт-менеджмент, балет, дирижер, кинематограф, режиссура және басқа да уақыт сұранысындағы маман­дықтары бо­йынша дүниежүзінің жетек­ші уни­верситеттерін тәмамдады. Бұл салада алдағы күндер табысы бұдан да зор болатындығына күмән жоқ.  

Елбасы рухани жаңғырулар туралы жазбасында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын әзірлеуді ұсынып, идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Тараздың ежелгі ескерткіш­терін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорым­дар мен Жеті­судың киелі мекен­дерін және басқа да жерлер­ді өзара сабақтас­тыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды міндеттейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлт­тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрай­ты­нын алға тартады. Бұл орайда, бүгінгі таңда Ұлт жоспарын іске асыру аясында Ту­ристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжы­рымдамасы әзірленіп жатқанын айта кетуіміз керек. Тұжырымдама бойынша елі­міздің тарихи-мәдени мұраларын, бірегей табиғи аймақтарын әлем жұртшылығының назарына ұсыну үшін туристік маршруттардың сызбалары бекітілмек. Осы жұмыстың барысында Түркістан, Тараз қалаларындағы тарихи жәдігерлер, Шығыс Қазақстан облысы­ның аумағындағы «Берел» қорығы, Алматы облысындағы «Есік» тарихи-мәдени музей қорығының шеңберінде Талғар қаласы және өзге де маңызды тарихи нысандар маршрутқа енгізілуде.  

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын тұшына оқи отырып, «ұлт­тық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс, Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», деген Президент пікірінің шынайылығы мен тереңдігін ұғынасың. Бүгінгі жаһан­дану дәуірінде ұлттық рухани құндылықтар­ды сақтауда кітапхана қорын электрондық форматқа көшірудің маңызы аса зор. Қазіргі уақытта Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың аясында құрылған қазақстандық электрондық кітапхана қорында рухани дүниелердің 30 мыңнан астам электрондық көшірмелері қалыптасқаны көңілге демеу болады.

Түптеп келгенде, бұл бағдарламалық құжат ХХІ ғасырдағы Қазақстан азаматының сыртқы идеяларға мойынсұнбайтын, ұлт­тық ой-сана қайнарымен суарылған, дербес рухани келбетін қалыптастырып қана қой­май, халқымыздың рухани кеңістігін, ұлт­тық бірегейлігі мен тарихи санасын, заманауи прагматизмін тұтастай қамтып, рухани өрлеудің жаңа дәуіріне даңғыл жол салады.


Қуат БОРАШ,

журналист-публицист


Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024