Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

«Шипажай-2017»: оңалтудың орны бөлек

553 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде енді шипажай ұйымдарының бірыңғай тізілімі жасалып, олар қызмет көрсету деңгейлеріне сәйкес сараланбақ. Бұл туралы кеше Бурабайдағы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру орталығында өткен «Шипажай-2017» халықаралық ғылыми-практикалық форумында айтылды.

«Шипажай-2017»: оңалтудың орны бөлек

Аталған форумда курорт ісінің менеджменті, Қазақстан шипажайларын аккредитациялау, шипажай-курорттық ұйымдарды дамыту және көбейту, курорт ісі мамандарының кәсіби білімін арттыру сияқты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген ірі ғылыми-зерттеу институттарының, ме­ди­циналық оңалту орталық­тарының, шипажай-курорттық мекемелерінің өкілдері сөз сөй­леді. Сондай-ақ, оған меди­циналық оңалту, кардиология, урология, онкология, гинекология, курортология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру және массаж саласындағы Германиядан, Чехиядан, Италиядан, Ресейден келген жетекші мамандар қатыс­ты. Шараны Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің Іс бас­қармасы Медициналық орта­лығы Ұлттық шипажайлар қауым­дастығымен бірлесе отырып ұйым­­дастырды. 

Президенттің Іс басқарма­сының Медициналық орталығы – еліміз­дегі курорттық саланы дамытуды қолға алған алғаш­қылардың бірі әрі осы саладағы көптеген істерге бастамашы болып келе жатқан мекеме. Осы орталықтың басшысы, «Ши­пажай-2017» халықаралық ғы­лыми-практикалық форумын ұйымдастыру комитетінің төр­ағасы Валерий Бенбериннің айтуынша, азаматтардың ден­сау­лығын нығайтып, созылмалы сырқатпен ауырған жан­дардың жаны мен тәнін қал­пын келтіруде курорттық кешен­дердің көмегі көп. Бүгінде бұл сала сауықтырудың ең тиімді әдісі ретінде  әлемдік практика­да кеңінен қолданылып келеді. Қазақстан медицинасы да оңалту шараларына айрықша маңыз беріп отыр. Осы саланы өркендету ісіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан аталмыш медициналық орталықта қазіргі таңда 4 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Медициналық орталықтың шипажай-курорттық ұйымдарында жыл сайын 25 мыңнан астам адам демалып, тиісті ем-домын алып шығады екен.

Президенттің Іс басқар­ма­сының Медициналық орталығы денсаулықты нығайтуға бағыт­талған шараларды одан әрі дамытып, жұртшылыққа жоғары сапалы қызмет көрсетуді көз­дейді. Осы мақсатта былтырдан бері «Шипажай-2017» ғы­лыми-практикалық конферен­циясын өткізуді қолға алған. Өткен жылы медициналық ор­талықтың «Алматы» шипажайында өткен алғашқы жиында еліміздегі оңалту ұйымдары мен шипажайлық-курорттық қызметті бір орталыққа біріктіру жөнінде бастама көтеріліп, соның нәтижесінде Қазақстанның Ұлт­тық курорттық ассоциациясы құрылған болатын. Енді алдағы уақытта курорттық істерді зерттеумен айналысатын ғылыми инс­титут ашу жоспарлануда.

Мәліметке сүйенсек, бү­гінде Қа­зақстан аумағында 200-ден астам шипажай мен ку­рорт бар. Ал олар­дың жұ­мы­­сын бір­ыңғай бас­қару жүйе­сіне көшіру, шипа­жайлық ке­шендерді да­мытудың мемле­кеттік стратегия­сын әзірлеу, осы салаға инвестиция тарту қа­зіргі медицина саласының өзек­ті мәселелерінің бірі болып отыр.

Қазақстанның Ұлттық шипажайлар қауымдастығының президенті Саягүл Қайыр­гел­динаның айтуынша, Қазақ­стан Республикасының шипажайлар қорының ұлттық тізілімін жасау­ды аяқтап, оны қазақстандық шипажайлар базасында сауығу мүмкіншілігі туралы қолжетімді ақпараттармен қамтамасыз ету үшін шынайы жұмыс тетігіне айналдыру қа­жет. Сонымен қатар, шипажай нысандарының міндетті жік­темесін бекітіп, медициналық қыз­мет деңгейі мен орналасу жай­лылығы бойынша санаттарға бө­лу керек.

Жиынға қатысып, сөз сөйле­гендер денсаулықты қорғау мем­лекеттік саясаттың басты ба­ғыттарының бірі екенін, соңғы жылдары денсаулықты қалпына келтіру саласына елімізде ба­сымдық беріліп отырғанын айтты. Қазақтың ұлан-ғайыр жері пайдалы табиғи ресурстарға бай екендігін алға тартып, осындай ен байлығымызды емдеу-сауықтыру ісіне тиімді пайдаланып, бұл саланы тиісті деңгейге жеткізуге ұм­тылуымыз керектігін тілге тиек етті.

Конференция қатысушылары соңғы жылдары Қазақстанның медицинасы қарқынды дамы­ғанын айтады. Әсіресе, елімізде буын, жүрек, бауыр, бүйрек ал­мастыру секілді операциялар табысты жасалып жатыр. Мұн­дай ауыр оталарды басынан өткерген азаматтардың кө­беюіне байланысты оңалту, қал­пына келтіру шараларына жаңаша көзқарас пен тың серпін қажет. Осындай мәселелерді алға тартқан маман­дар ғылыми прак­тикалық-конференцияның қарарын қабылдады.

Басқосу аясында сондай-ақ, шипажай-курорттық ұйымдардың және фармацевтикалық өнім өндірушілерінің көрмесі ұйым­дастырылды. «Қазақстан Рес­пуб­­ликасындағы курортология мәселелері» атты ғылыми-прак­­тикалық және ақпараттық жур­налдың алғашқы нөмірі таратылды.

Жалпы, екінші рет өткізіліп отырған халықаралық ғылыми-практикалық форум биыл Пре­зи­денттің Іс басқармасы Меди­ци­налық орталығының демалыс орындарының бірі – «Оқжетпес» шипажайының 50 жылдығына орай өткізілді.

Динара БІТІКОВА, 

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы


Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024