Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Тыныштық пен тұрақтылыққа қауіп төнбесін

315 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атырауда терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытында жұмыс тобы құрылды.

Тыныштық пен тұрақтылыққа қауіп төнбесін

Атырау облысында терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында құрылған арнайы топ өз жұмысын Жылыой ауданынан бастады. Олар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын түсіндіру, әлеуметтік мәселелерді шешу, бизнесті дамыту, діни мәселелер, ақпараттық жұмыс, ықтимал терактілерге қарсы дайындық бағытында үш күн бойы ауданның елді мекендерін аралап, халықпен кездесті.  

Діни сауатсыздық – қоғам дерті

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев пен облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев қатысқан аудан активінің жиналысында Мемлекет басшысының мақаласы экономикалық-инновациялық дамудың идеологиялық жалғасы екені айтылды. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойымызға сіңіру аса маңызды. Ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, қазіргі заманғы озық технологияларды игеруіміз қажет», – деді аудан әкімі Мақсым Ізбасов. Елбасы мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін Жылыой ауданында барлық мүмкіндік бар.

Жиында діни экстремизмнің алдын алу жайы да қаралды. Облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев өз сөзінде «Өткен жылы Елбасы тапсырмасымен, Бас прокуратураның бастамасымен Ақтөбе облысында ведомствоаралық топтар жеті бағыт бойынша жұмыс істеді. Бұл шаралар халықтың әлеуметтік жағдайына, жалпы аймақтағы діни ахуалды шешуге оң әсерін тигізді. Біздің арнайы тобымыз да осы мақсатты көздейді. Ел ішіндегі қордаланған проблемаларды мүдделі органдармен бірлесіп шешеміз», – деп атап өтті.

«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы қызметкерлерімен бол­ған кездесуде  «Экстремизм мен терроризмнің таралуының үш бағыты бар, – деді облыстық про­ку­ратураның бөлім басшысы Аслан Нұр­ғалиев. – Ең біріншісі – діни әде­биеттердің белгіленбеген жерде та­ратылуы. Осындай материалдарды жүйелі түрде анықтап, әрі қарай елі­міздің аумағында таратылмауына жол бермеу мақсатында шаралар қа­былданды. Жасырын орындарда топтасып уағыз айту, идеологиялық насихат жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік желілер арқылы жағымсыз ортаға еріп, оларға еліктеп кету де адамдардың жат ағымдардың құрығына түсуіне апарады. Біз теріс ағымға итермелейтін сайттарға жиі мониторинг жасап отырамыз. Алайда, интернет – әлемдік кеңестік. Бір сайт жабылып жатса, басқа жерден екіншісі, ашылып отырады. Сондықтан, балаларыңызға жиі көңіл бөліп, әлеуметтік желілердегі достарын да бақылап тұру керек».

Ал облыстық дін істері басқармасы «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-нің басшысы Айбек Аташев: «Қазақстан тәуелсіз ел болып танылған соң дін бостандығы жаңа арнаға түсіп, өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Сондықтан, өз азаматтарының заң жүзінде діни сеніміне, таңдауына және ұстану құқығына кепілдік береді. Десек те, бүгінде көптеген қандастарымыз топ-тобымен жат ағымдардың жетегінде жүргені жасырын емес. Ағымдардың шырмауына түсіп жатқан жастардың осал тұсы – діни сауатының дұрыс қалыптаспауы, білімінің төмендігі», – деді. Жыл басынан бері Атырау облысында экстремизм мен терроризмді насихаттағаны үшін үш азаматқа қылмыстық іс қозғалған.

Оқушылар орамалға неге құмар?

«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалындағы кездесуде мектептегі киім кию үлгісінің заңдылықтарын сақтау, Ислам мәдениеті арқылы ұлттық тәрбиенің бірлігі  мен сабақтастығын байланыстыра отырып, жастарды отансүйгіштікке баулу мәселелері тал­қы­ланды. Топ мүшесі, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Байжан Шамұрат тиісті министрлік бекіткен ережелерді таныстырды.

– Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, заңға бағынуымыз керек. Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтарда шыққан бұйрығында мектептердегі міндетті форманың талаптары бекітілген. Мұнда мектеп формасына ешқандай діни атрибутикалар, әртүрлі конфессиялардың киім үлгілерінің элементтерін қосуға тыйым салынатындығы көрсетілген. Сондықтан, білім беру орындарына орамал тартып немесе балақты қысқартып баруға болмайды. Ең алдымен, осы талапты ата-аналар орындауы тиіс, – деді ол.

Дау тудырған тақырып туралы аудан тұрғыны Мұрат Молдағалиев: «Орамалда тұрған ештеңе жоқ, хиджаб кигеннен ешкім зиян көрмейді. Заң қабылданарда қоғаммен, халықпен санасу керек» деген пікірін жасырып қалмады. Ал зейнеткер Наурызбай Төлеуов: «Олар әке-шешесінен бөлек тамақ ішеді, бірге отырмайды, көршімен араласпайды. Неге қоғамнан бөлінеді? Мектеп заңдылығына бағынуы тиіс. Бұл орайда бар міндетті мұғалімдерге итеріп салуға болмайды, қоғам болып атсалысуымыз қажет», деген ойын жеткізді.


Қауіп қайдан демеңіз

Мұнайшылар клубындағы жиында топ мүшелері терроризм актісі жасалған немесе лаңкестік қаупі туындаған жағдайда не істеу керек деген сауал төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүр­гізді. Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Аман Меңдіғалиев  терроризм актісі туралы хабарлама түскен кезде әңгіменің нақты мазмұнын есте сақтау және дыбыстық фонды аңғару қажет екенін айтты. «Мекеменің қауіпсіздік қызметін және құқық қорғау органдарын дереу хабардар етіңіз. Ал қауіп төнген жағдайда халықты дереу эвакуациялауға дайын болыңыз. Жарылғыш құрылғы тапқан кезде оны ұстауға, орнынан қозғауға, ашып қарауға мүлде болмайды. Сізден бар талап етілетіні – құзырлы органдарға уақытында хабардар ету және қызметкерлердің қауіпсіздігін ойлау», – деді ол. 

Жылыой аудандық төтенше жағ­дайлар бөлімінің басшысы Ерлан Өскенбаев теракт жағдайынан кейін орын алуы мүмкін өрт кезінде іс-қимыл шараларын түсіндірді.

Жұмыс тобы мектептер мен колледждерде болып, оқушыларға діни бағытта түсінік берді. Патриотизмге тәрбиелейтін бейнероликтер көрсетті. Те­ңіз кенішіндегі «Сичим», «Сенімді құрылыс», «Құлсары мұнай құбырлары» мекемелері жұмысшыларымен де кездесу өтті.  Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті да­мы­­тудың 2017-2021 жылдарға ар­налған бағдарламасы» туралы да ауыл халқына түсінік берілді.

Елдің тыныштығы мен береке-бірлігінен қымбат ештеңе жоқ. Тәуел­сіздігімізді, ұлттық құндылықтарымызды, Отан-отбасымызды қорғау  басты мақсат болуы тиіс. Жылыойдан жұмысын бастаған арнайы топтың  да  көздегені – осы. Мұндай шаралар барлық аудандарда жалғасады.


Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024