Қазақстан • 25 Сәуір, 2017

Қарулы Күштеріміз қарқынды дамып келеді

177 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божконың жетекшілігімен палатадағы Үкімет сағаты «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметі туралы» деген тақырыппен өтті. Онда депутаттар Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовтың арнайы баяндамасын тыңдап, талқылады.

Қарулы Күштеріміз қарқынды дамып келеді

Шара аясында Мәжіліс­тің жалпы отырыс залы­ның фойесінде көрме ұйымдас­тырылды. Ол жерде әскери саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жалпы әлеуетін паш ететін қызметтік заттар мен қару-жарақ түрлері және тұрмыстық бұйым­дар мен әскери киімдер үлгі­сі қойылған еді. Бұлардың қата­рында, әрине, отандық өнімдер көзге ерекше түсіп тұрды.

Жиынды ашқан В.Божко биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлттық Қарулы Күштердің құрылғанына ширек ғасыр толып отырғандығын атап өтті. «Осы уақыт аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әскери әлеуетін қайта жаңғыртудан өткізуге ерекше көңіл бөліп келді. Сон­дықтан да, шеберлігі шың­далып, тәжірибесі жинақ­талған әлеуеті зор әскерилердің әзірлік деңгейі ұдайы назарда ұсталуда. Әрине, мұндай ауқымды құрылымды құру мен оның жүзеге асы­рылуын қамтамасыз ететін негіз­гі тетік заңдық нормалар бол­ған­дықтан, Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасымен Бас қол­басшылыққа қатысты бірнеше маңызды құжаттар мен 2 Үкімет қаулысы және 7 нормативтік-құқыққа негізделген заңдар жоба­сы қабылданды», – деді В.Божко.

Содан кейін сөз алған Қор­ғаныс министрі 25 жыл ішінде қайта құрылымдау­дан өткен Қазақстан Қарулы Күштерінің кешегісін екшеп, бүгінгі жұмы­сын таразыла­ды. Сондай-ақ, ал­дағы жоспар­ларын халық қалау­лылары­ның назары­н­а ұсы­нды. Министр­дің айтуынша, бүгінде ел мен жерді қорғап, күзету мақ­сатын­дағы жұмыстармен қоса, озық технологияларға негіз­делген соны жаңалықтарға қол жеткізу­ге кірісіппіз. Оның айқын делелі, ғылыми-зерттеу инсти­туттары­ның әскери роботтарды өздері жасай бастауы.

С.Жасұзақовтың айтуын­ша, болашағы зор әскери техно­ло­гиялар Қазақстан Респуб­лика­сының Тұңғыш Президентi – Елбасы атындағы Ұлттық қор­ғаныс университетiнде жасал­ған. Бүгінде бiлiм ордасында әскери өнер мен болашағы зор қару-жарақты меңгеру үшiн екi ғылыми-зерттеу институты бар орталық құрылған. Ұлттық университеттiң оқытушылар құрамында қазiргi таңда 16 ғылым докторы мен 28 кандидат және 47 магистр қызмет ету­де. «Бiздiң әскери-ғылыми орта­лықтың алғашқы жобасы – ұш­қысыз басқарылатын ұшу аппаратының алғашқы тәжi­рибелiк үлгiсi болып табы­лады. Мен оны көрiп, әске­ри сынақтарды өткiзудi тапсыр­дым. Яғни, бұл олардың қол­дарынан көп дүние келетiнiн бiлдi­редi. Қазіргі кезде ғалым­дары­мыз жауынгер робот жобасы бойынша да жұмыс істеуде. Менің ойымша, қаржыландыруды ескере оты­рып, олар осы екі бағыттағы жоба­ны сәтті аяқтайтын бола­ды», – дедi С.Жасұзақов.

Сондай-ақ, жиын барысында баяндамашы саладағы әскери ұшақтар санын арттыруға жіті көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Бүгінде жауынгерлік авиа­ция­дағы ұшақтар санының көбеюі мақсатты түрде жүзеге асы­рылып келеді. «Соңғы жыл­дары әскери әуе қорғанысы күшін жабдықтауға әлемдік қолданыстағы соңғы буын – «4++» жойғыш ұшақтары, СИ-295 әскери-көліктік ұшақтары жеткізілді. Биылдың өзінде біз екі жиынтығын алғаннан кейін, әскери-көліктік авиацияны жасақ­тауды өз межесіне жеткі­зетін боламыз. Сонымен қатар, әске­ри авиацияға тек шабуыл­дау тікұшақтары ғана емес, жауын­герлік Ми-35 тікұшақ­тары да тартыла бастады. Бүгін­ге дейін төртеуін алдық және тағы төртеуі таяу уақытта жеткізіледі. Сөйтіп, 2020 жылға қарай осы бағыттағы процесті аяқтайтын боламыз», – деді С.Жасұзақов.

Жиын барысында биылдан бастап университеттер жанын­дағы әскери кафедра­ларда білім алған түлектер Қарулы Күштер қатарына шақыртылатындығы да мәлім болды. «Әскери білім алған резервке ерекше назар аударылып отыр. Азаматтық жоғары оқу орындарының жа­нын­дағы 29 әскери кафедра­лар­да тіркелген 70 мамандық бо­йын­ша дайындық жүргізілуде. Жыл сайын әскери кафедралардан 3 700-ден астам запастағы офицерлер түлеп шығады. Біз бүгінде қайта бағдарлау шараларын жүргізіп, бірқатар кафедра­ларда қазіргі заманғы маман­дық­тарға мән беріп отыр­мыз. Осы орайда, олар ІТ-техно­ло­гия, ақпараттық қауіпсіздік ма­ман­дықтарына бағыт алды. Менің ойымша, бұл мамандар сұранысқа ие болады. Биылғы жылы әскери кафедралардың түлектерін ерікті негізде келісім­шарт бойынша Қарулы Күш­тер қатарына шақыруды тапсыр­дым», – деді баяндамашы.

Оның сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда ЖОО-лар жанын­дағы әскери кафедралар түлек­тері­нің білімі тексерістен өте­тін болады. Себебі, әскери дәрі­герлер, артиллеристер мен байланыс мамандары бойын­ша біршама тапшылық бар кө­рі­неді. Министрдің сөзіне қарағанда, Қарулы Күштердегі мамандықтардың барлық түрлері Қорғаныс министрлігінің үш әскери оқу орнында даярланады. Сөйтіп, жыл сайын әскери институттар 650 офицерді оқытып шығарады деп жоспарлануда.

Қорғаныс министрінің негізгі баяндамасынан соң, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев қосымша баяндама жасады. Содан кейін депутаттар министрге көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптарын алды.

Мәселен, депутат Сауытбек Абдрахманов «Елбасы отан­шыл­­дық тәрбиенiң әскерге тiке­лей қатысы бар екендiгiн айтқан болатын. Соның iшiнде бiр ғана қырын айтатын болсақ, ол – әскерге шақырылған жастардың арасында өзге радикалды дiни бағыттардың әсерiне iлiккен жастардың болатындығы сөзсіз. Ал олар армияда атымен жоқ деп әрине айта алмайсыз. Сон­дай-ақ, олардың сақалын қы­рып, әскердiң ұзын шалбарын кигiзу­мен iс бiтпейтiнi белгiлi. Әс­кер қатарында, армияда сондай жастармен қандай жұмыс жүргiзiледi?» деп сұрақ қойды.

С.Жасұзақов азаматтардың Қарулы Күштер қатарына ша­қы­рылғаннан бастап ең ал­дымен психологтың тексеруінен өтетіндiгін алға тартты. «Олар маманның сұрақтарына жауап бере­дi. Ал психологтың бiр сұра­ғы дiнге байланысты. Соның бәрiн қарап шыққаннан кейiн ғана әскерге шақырамыз. Әскерде бiздiң әрбiр құрама­дағы психологтарымыз әс­кери борышын өтеуге кел­ген сарбаздар мен сержанттар­ды қарайды. Екiншiден, бригадада идеология және арнайы насихат жағынан жұмыс iстейтiн офицерлер болады. Олар да барлығын тексеруден өткiзiп, командирге баяндап тұрады. Мерзiм бiткеннен кейiн әскерден кеткен сарбаздар­дың барған жерлерiне бiзден мәлiметтер жолданады. Бiз қазiр көп жұмысты IIМ және ҰҚҚ-мен бiрiгiп iстеудемiз. Бар­лығы бақылауда және айтыл­ған мәселелер бойынша тиісті жұ­мыс­тар жүргiзiлуде», – деді С.Жасұзақов.

Нұрлыбек Досыбай,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024