25 Сәуір, 2017

«Құс жолының» қиқулы тарихы (жалғасы)

358 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Түркілердің бастапқы өркениет ошағы хақында

«Құс жолының»  қиқулы тарихы (жалғасы)

Сонымен, Топан тасқыны салдарынан Алдыңғы Азия мен Арабия топырағын жайлаған үндіеуропалықтар және Үнді мұхиты жиегіндегі қиыр оң­түс­тік пен Үнді өзені мен Ауған Гималайды жайлаған орал-ал­­тай тілділер Еуразия жотасына ауып, сол топырақта іргелі суперэтностар қалыптап, Топан тасқынында қарыққа жұтылған өлкелері қайта құрғай бастаған б.з.б. 5-ші мыңжылдықтан ке­йін байырғы отандарына кері лық­сыды. Сол жерлерде адамзат қауымына өнеге болғандай өркениеттер қалыптады. Оның жарқын айғақтары Шумер, Шу­мер-Аккад, Египет, Хет мәде­ниеттері. Осынау атышулы өр­­кениет ошақтарымен бірге қатар, әртүрлі әнәйі-мәнәйі се­беп­термен ауызға алынып айты­ла бермейтін, Үнді өзенінің ба­тыс жазығында дравид түр­кілерінің «Харапа мәдениеті» де қалыптасты. Ол мәдениет б.з.б. 3-ші мыңжылдықта Шумер өркениетімен дәрежелес деңгейде таласа дамыды. Осынау түркілік «Харапа мәдениеті» қалыптасқан аймақты қайсыбір ғалымдардың сөзден жаңылғандай «Азиялық Эфиопия» деп қалатындары бар. Мұнда әргі сырында бізге жетпеген себептер жатса керек.

Эфиопияның Омо аймағынан бұдан 2,1 млн жыл бұрын жасаған адам қаңқаларының табылуы – оны адамзат қауымының тал бесік ежелгі отаны деп тану басым әзірше. Иә, әзірше делік! Одан да ерте кезеңнің дәйектері табылуы мүмкін ғой. «Ат аунаған жерде түк қалады» деп, әлемнің құлағын елең еткізген алғашқы адам қаңқаларынан басқа, аталмыш топырақта көненің көзі дерлік не бар екен деп, Эфиопия күлдігін түртініп көрелік. 2 млн жыл өт­кен жерден кәдеге жарарлық бірдеме табам деу күлкілі көрінуі де мүмкін.Дегенмен, үмітсіз шайтан деген.

Арабтар арасында отыр­ғанмен, арабтар оларды араб са­на­майды, басқа нәсілге жат­қызады. Халқының бір жартысы мұсылман, бір жартысы христиан. Антропологиялық айырымдар жөнінен елдің бір бөлігі аф­рикалықтар да, екінші бөлігі айнымаған түркі типтестер. 5 мың және 10 мың метрге жүгіруден әлемнің алты дүркін чемпионы Кипчоки Торғайдың ысқаяқ, қатпа қара жігітінен айныса кәне? Кипчоки оның аты ма, тегі ме – анығын білмеймін, желаяқтың Кипчоки есімі – қыпшақ атауы­ның жаңғырығындай көрінеді де тұрады. Жаңаша жыл қайы­руымыздың 1-ші ғасыры авторы, еврей халқының әйгілі тарихшысы олар туралы сенімді мәліметтер қалдырған. Эфиоптар Нұх пайғамбардың үшінші баласы Хамның тұңғышы Хусадан тарайды екен. Олар ұзақ жылдар Хуса елі атанып келген (Иосиф Флавий. Иудейские древности.Т. 1. Минск,1994. 29 с.). Ал енді, Ху­са қауымының аты ху-ну тәңір­құты Моденің Орта Азияға ша­буылында да,VI ғасырдың орта тұсында ірге көтерген Көк түркілері империясының 15 тай­палы теле қауымының қата­рында кездеседі. Ғалымдар оның шығу тегін дөп баса алмай, әрсаққа салады. Менде оларды қыпшақ нәсілдестер қатарына жатқызумен шектелгенмін. Сол Хуса руының әргі тегі эфиоптар екені енді анықталып отыр.

Ал Хуса атауынан кейін, ха­лық есімі болып қалыптасқан эфиоп атауы – итиоп немесе итьоп деп, «ит» түбірімен анық таңбаланылады. Олар са­ба, сабафа, сабакафа руларына жіктеледі. Саба – бағзы заман­дарда Ирусалимге келіп, еврейдің әйгілі Сүлеймен патшасымен жолығысатын Савская ханымның төл жұрты екені талассыз. Ал Савская ханымның эфиоптық есімі – Балқыз. Таза түркі атауы. Ал сабафа, сабакафа – үндіеуропа тілінде ит дегенді білдірсе керек. Бұлардан біртұтас ностра тілі үн­діеуропалық және орал-ал­тайлық болып бөлінбеген кез­дер­дің жаңғырығын аңдай­мыз. Эфиоптарда екі тілдің де ұш­қындары сақталғаны бай­қалады. Жоғарыдағы атаулар түркілер ара­сында өте іргелі күшігір, ит­барақ тайпаларының болғанын еске салады.

Амхара (амара), гураге, ар­гобба,,харари, тиграй, тигре және бени-амерлер семит тілінде, галла (оромо), сомали, данакиль (афар), сахо, агау, сидамо,хадья, каффа, беджалар хушит, яки ежел­гі хуса тілінде сөйлейді. Топтастыра жинақтай айтсақ екі тілде сөйлейтін екі тақта ел. Бірінде амхара (амара) тайпа тілі қолданыста болса, екіншісінде оромо тайпасының тілі, яки хушит тілі қолданыста. Бұлардың қай-қайсысы да б.з.б. араб, парсы әлемінде белгілі тайпалар.

Эфиопияның өзен, көл аттары да ойға қалдырады. Ең үлкен өзендері Көгілдір Нілді өздері Аббай деп атайды.Тағы бір өзендерінің аты – Атбара. Ең үлкен көлдері – Абай,Ауаса, Тана деп аталады

Еврей тарихшысы Иосиф Флавийдің баян етуінше: То­пан тасқынынан кейін Бабыл (Вавилон) қаласын қалпына келтірген жоғарыда аты аталған Хуса немересі Немврод екен. Желбас бабылдықтардың аспанға жететін мұнара тұрғызып есір­гендері осы Немврод тұсы. Ол атақты билеушіге айналып, Ал­дыңғы Азияны бағындырып, әлемге әйгілі өркениет ошақтары Ашшур, Нинвеия қалаларын салғызған (Иосиф Флавий.Иудейские древности. Т. . Минск, 1994. 26-27 с.).

«Тарих атасы» Геродот та эфиоптар туралы маңызды деректер қалдырған. Эфиопия мен Египеттің шекара аймақтарында жер бетіндегі ең ежелгі адам­дардың тұқымы – «үңгір эфиоптары» тұрады. Олардың үй-жайлары жердің астында. Әлем­де бұлардай жүрдек адам жоқ, сірә. Көршілері гараманттармен соғысқанда, гараманттар төрт ат жеккен күймелермен шабуылдағанда бұлар жаяу жүгіріп-ақ қалыспайды екен» (Геродот. Тарих. М.,1993. III – 97,IV – 183.). Эфиопияның кіндігі Нубияда тұратын эфиоп­тарды Геродот «ұзақ жасайтын эфиоптар» деп атап, жер бетіндегі ең сұлу және бойшаң адамдар осылар деп жазады. Өздері араларындағы ең ірі әрі күшті адамды патша қояды екен. Египетті жаулап алған парсы патшасы Камбис (б.з.б. 524 -522 ж.ж. шамасы) достық ниетін білдіріп, сый-сыяпатпен эфиоп патшасына елші жібереді. Олардың елші емес, тыңшы екендерін айтпай білген патша Камбис әкелген алтын-күміске бұрылып та қарамай, елшілерді зынданды көруге жібереді. Сөйтсе, бұл елде не темір, не жез жоқ, жер­ден өндіретін байлықтары алтын екен. Зындандағы қыл­мыскерлерді тұтып ұстайтын кісен, бұғауларының бәрі алтын шынжырлар екенін көріп, Камбис елшілері талып қала жаздайды. Ақыры эфиоп патшасы елшілерге дәу садақ беріп, патшаларының осы садақты мен құсап тарта алса, жасанып келе берсін, тарта алмаса, босқа шалабын шайқамасын деп сәлем айтады. Елшілер кері жол шығарларында эфиоптардың не ішіп-жейтіндерін, қалайша ұзақ жасайтындарын сұрайды. Патша: «Біздің басты қорегіміз – қазанға асылған ет пен сүт тағам­дары, соның өзімен-ақ екінің бірі 120 жас жасайды, одан да ұзақ жасайтындар бар» дейді. Елшілері айтып келген эфиоп патшасының сөзіне шамданған Камбис шұ­ғыл жорыққа көтеріледі. Бі­рақ сапарлары сәтсіз болып, әскерінің тең жарымынан айырылып, кері қайтады (Сонда, III – 23-26.). Геродот эфиоптардың үшінші бөлігін «азия эфиоптары» деп атаған. Тарихшының мәлімдеуінше: эфиоптар әр кезеңдерде әр түрлі себептермен өз топырақтарын тастап төрт рет Азия құрлығына ауған. Олар Үнді өзені жазығындағы «Азиялық Эфиопия» деген өлкені мекен етіп, сол жерде өсіп-өнген олар Парсы империясының 17-ші сатрапын құраған. Олардың екі тайпасы Парсы әскерінің құрамында болған. Шығыс эфиоптары мен Ливия эфиоптарының сыртқы түрлерінде айырма жоқ. Айырма шаштары мен тілдерінде, шығыс эфиоптары –тік шашты, ал ливия эфиоптары – бұйра шашты. Шығыс эфиоптары үнділерше қаруланған, тек бас киімдері өз­геше, жылқының жал,кекілімен тұтас сыпырылған бас терісін бас­тарына киеді. Қалқандары тырна терісінен (Сонда, III – 94, 101. VII – 9, 70.). Геродот мәтініне түсінік берушілер «тарих атасының» шығыс эфиоптар деп отырғаны ежелгі дравид түркілерінің сілем­дері екенін атаған.

Бұл шындап келгенде тақы­рыбымыздың ажарын кіргізер мәнді мәселе. Алда-жалда Ливия, Нубия эфиоптарын б.з.б. 2,1 млн жыл бұрын жасаған, қаңқалары осы Эфиопияның Омо аймағынан табылған алғашқы адамдардың ұрпағы екендері рас болса, эфиоптардың олай аталуға өзге халықтарға қарағанда көбірек құқылы екені де талассыз, ендеше, олардың бір бөліктері алғашқы адамдар жасаған топырақтан төрт рет ауып, «Азия эфиоптары» атанып, Үнді өзенінің жазы­ғында өсіп-өнген ежелгі дравид түріктерінің негізін қаласа, түр­кінің бастапқы күлдігі Омо да, ауып келгеннен кейінгі күлдігі Үнді өзені аймағы болып шықпай ма? Бұл пікірге кереғар келгендей аргумент жоқ. Асылы, күллі түркі нәсіліне мұрындық болған дравид түркілері эфиоптардың хуса, хушит тілінде сөйлеген оромо тайпасының өкілдері болуы әбден ықтимал. Оромо тайпасының аты түрікше жіктелуге өзі-ақ сұра­нып тұр. Ор – өзен немесе өзен аңғары деген мағына да, омо – түрікше омақ, аймақ деген сөз. Сонда қазіргі эфиоптардың тең жарын құрайтын оромо тайпасы мағынасы – өзен аймағы тұрғындары деген болмақ.

Дравид түркілері өздерінің ежелгі мифтерінде Топан тасқыны туралы аңыздарды естерінде сақтаған. Топан қарығы жұтқан әлде Лимурия, әлде Гондвана деген өлкеден ауып келгендері айтылады. Жаңаша жыл қайыруы­мыздың 1-3 ғасырларына жататын «Сегіз жинақ», «Он жыр» топтамасына енген өлең-жырларда дравидтердің ежелгі мифология үлгілері біршама жақсы сақ­тал­ған. Дравидтер алдымен жер­ді өнім беруге, адамдарды ұр­пақ жалғастыруға итермелейтін «өмір қуатын» қасиеттеп, оларды қамқорлайтын киелерді әз тұтқан. Сонымен бірге, өсімдікке, ағашқа, тау-тас, өзен-көлге де табынған. Олар­да өлген адамдардың басына, қан төгілген соғыс алаңдарына тас қою дәстүрі кең тараған. Әр үйдің шарбағында да отбасы тәу ететін тас болған (Мифы народов мира. М., 1987. Том 1. 393-394 с.). «Шығыс эфиоптар» яки дравид түркілері б.з.б. 3-ші мыңжылдықтың басында Үн­ді өзені бойында қалалық мә­де­ниеттің озық үлгілерін қалыптады. Мохенджо-Доро. Харапа, Чанху-Доро, Калибанган орындарынан табылған көне заман жәдігерліктерін археолог­тар «Харапа мәдениеті» деп атады (История Востока. Том 1.М., 1997.393 с.). Одан қола дәуірде егіншілікпен ай­на­лысқан жұртқа тән дақылдар мен егін шаруашылығы құрал-сай­мандары мол табылды. Әсі­ресе, қала құрылысы айрықша көңіл аударарлық. Мәселен, Мо­хенджоро-Дорода топырағы ар­шылған шаһардың орын аума­ғы екі шаршы шақырым. Тұр­ғын үйлерді күйдірген қызыл кір­піштен екі қабат қып көтерген. Су ағат­ын канализация жүйесі болған.

Шаруашылықта қолданған малдары  –  бұқа мен тур тақылеттес қодас. Үй шаруашылығында тауық ұстаған. Мөрлерінде жиі кездесетін тур, бұқалар мен жа­л­ғыз мүйіз дәудің бейнесі – Еуразия топырағында қалып­тасқан «Оғызнама» шежірелік аңыздарын еске түсіреді. Әбіл­ғазы Баһадүрдің меңзеуінше Оғыз қаған Еділ-Жайық, Парсы, Алдыңғы Азияға жорықтарынан кейін б.з.б. 3 мыңыншы жылдарда Сарыарқа төріндегі Ор­тағ, Кертағты жайланып, 24 таң­балы жұртын жинап ұлан-асыр той жасап, ұлдарына енші бөліп беріп жатқанда, мәдени жәдігерліктері жөнінен соларға ұқсас тағы бір түркі нәсілді ха­лық Үнді өзені бойында ғұ­мыр кешіп жатты. Оғыз қаған Ортағ, Кертағтағы ұлдарына ен­ші бөлер тойында оң жақтағы ағаш бұтақтарына алтын әтеш, сол жақтағы ағаш бұтақтарына күміс әтеш ілдірмеуші ме еді? Ол Оғыз қаған жұртында байрақ міндетін атқарған. Әлбетте, дравид түркілері «Оғызнама» ше­жіресіндегі бұқа, тур, жалғыз көз­ді дәуді білгенімен, Оғыз қаған­ның атын білмейді, біле­тіндері – дравид түркі жұртына жетекшілік еткен «әтеш байрақты» Сканда баһадүр (Литература и кудьтура древней и средневековой Индии. М., 1987. 14 б.). Өздері Сканданың ежелгі есімі Құмара еді дегенді де айтады. Сөйтіп, Алдыңғы Азиядағы Хет жұртының бас­ты құдайы Құмарбиді еске алып, өздерін ежелгі хеттермен де байланыстырады. Қазіргі архео­логиялық зерттеулер дравид түр­кілерінің құмға көмілген 100 қаласының орнын тауып отыр.

Хараппа мәдениетін жасау­шылардың тілдік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан сараптауға ерекше мән берілді. Ол іске үн­ді, шетел, орыс ғалымдары бел­сене ат салысты. Бұл орайда Бх.Кришнамурти, Н.Құмарасвам Радж, П.С.Субраманьям, М.С.Ан­дронов, Ф. Саутворт, К.Звеле­бил және М.Б.Эмено, Т.Бар­­роу­дың классикалық зерттеулері тақырыптың көк­жиегін кеңейтті. Ю.В.Кнорозов бастаған ғылыми топ Үнді өзені жазығына қатысты көне мәтіндерді түгелге жуық аударды. Осы істің нәтижесінде «дравид тілдерінің басқа тіл­дермен (элам, орал-алтай) қарым-қатынасы және дравид тілінің Үндістанның басқа тілдері – индоарий, аустроазия тілдерімен байланысын анықтауға септесетін салыстырмалы материалдар қоры молайды» (Истоки формирования современного населения Южной Азии. М., 1990. 13 с.). Атал­мыш зерттеу еңбегінде үнді халықтарының орналасу ареалдары туралы былай делінеді: «К западу и северо-западу от Южной Азии распространены примущественно иранские языки – еще одна ветвь индоиранской семьи. В ряде районов встречаются также носители алтайских (преимущественно тюркских) языков. К северу и северо-востоку от Южной Азии расположена областы сино-тибетских языков, за которой также бытуют алтайские языки. В Юго-Восточной помимо сино-тибетских языков представлены австроазиатские и далее паратайские и австронезийские языки» (Сонда, 45 б.).

Дравид тілдерінің негізін құрайтын тамиль, малаяли, каннада, телегу тілдері. Ол тілдерде бай әдеби мұралар жасалған. Әйгілі шетел ғалымдары Т.Бор­роу, М.Б.Эмено «Дравид тілінің этимо­логиялық сөздігін» жасап, терең зерттеулердің не­гізін қалады. Ол сөздік қазір дра­витанудың бағдаршамы іспетті. Соның өзінде бізге жетіп отырған үндіеуропалық үрдісті тұтынған ғалымдар дра­вид тіліндегі түркі әсерін көле­гейлеп, ашып айтпай, айтса да шеңберін тарылтып, дравид тілінің үндіарий, аус­троазия тілдерімен байланысын көбірек құнттап, дравид тілін үндінің қоспасыз ежелгі төл тілі етіп көрсетуге әуестік анық бай­қалады. Алайда, анығы шаң берген шындықты енді жасыру оңай бола қоймас.

Әнес САРАЙ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты



Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024