Президент • 25 Сәуір, 2017

Президенттік басқару институтының тиімділігі қандай?

489 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан тура 27 жыл бұрын Қазақстанда президенттік басқару институты енгізілді. Осы жылдарда Елбасы Н.Назарбаевтың бірден-бір дұрыс басқару жолын таңдағанын өмірдің өзі көрсетіп берді. Президенттік басқару институты саяси-экономикалық дамудың қозғаушы күші, қоғамды топтастырудың қуатты діңгегі болды.

Президенттік басқару институтының тиімділігі қандай?

Кеше Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев кітапханасында осы мәселеге арналған «Прези­дент­­тік институт – Қазақ­стан Рес­пуб­ликасындағы мемлекет­тілік­тің негізі» атты дөңгелек үстел болып өтті. Оны кітапхана дирек­­торының орынбасары Бей­сем­бай Жұмабеков ашып, жүр­гізіп отырды. Өзінің кіріс­пе сөзін­де ол еліміздің табыс­ты мем­­лекетке айналуы – прези­дент­тік басқару институтын таңдап алған Елбасымыздың көреген сая­сатының арқасы екенін атады. Пре­зидент елімізде дінаралық және конфессияаралық келі­сім­дерді орната отырып, қазақ­стан­дықтарды бір мақсаттың жолына топтастыра білді, деді ол.

Дөңгелек үстелде негізгі баян­даманың бірін Президент жанын­дағы Мемлекеттік басқару ака­демиясының профессоры Зинаида Федотова жасады. Ол еліміздегі президенттік басқару институтының қалыптасуы мен тиімділігі, тәуелсіз Қазақстанды дамытудың күрделі және жауап­ты кезеңдері туралы айтып берді. «Қазақстан президенттік басқару үлгісінде қалыптасудың және дамудың табысты жолынан өтті. Жас мемлекеттің аяққа нық тұруы және нығаю жылдарында, дағдарысқа қарсы реформалар мен барлық қоғамдық салаларды жаңғырту кезеңдерінде мық­ты президенттік билік айрық­ша қажет еді. Бүгінгі таңда Қазақ­стан жаңғырудың жаңа кезең­дері­­не қадам басқандықтан мем­ле­­кет­­­тілікті нығайту, демо­кра­тия­ны одан әрі дамыту мәсе­лесі өзек­ті. Қазақстандағы прези­дент­тік институт уақыт сынынан өтіп, саяси тұрақтылық пен қа­рыш­­ты экономикалық дамуды қам­­та­­масыз етті», деді ол өзінің сөзінде.

Тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Сыртқы істер министрі бол­ған Төлеутай Сүлейменов өзі­нің сөзін негізінен министр­лік­тің қалыптасуы мен дамуына арна­ды. Қай күнде ізашарларға бәрі де қиын болады ғой, біз де соны бастан кештік. Тек хат­­та­малық қағаздар толтыру­мен ғана айналысқан оншақты маман­нан ғана тұратын министр­лікті тәуелсіз елдің дербес дип­ломатиялық құрылымына айнал­дыру оңай болған жоқ. КСРО Сыртқы істер министрлігінің құры­лым­дарында қызмет істеп жүр­ген 22 қазақ­стандықты шақы­рып, алыс-жақын шет елдермен дипломатиялық жұмыстарды жүргізуде солардың тәжірибесі мен білімдерін пайдаландық.

«Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында мемлекеттік қызметтің маңызды са­ласы – дипломатиялық жұ­мыс­тарды тақыр жерден бастауға тура келгенін атап өткен. Бізге әуелі Қазақстанның эко­номи­калық әлеуетінің, геосаяси ор­на­­ласуының талдауын жасап, еліміздің халықаралық қарым-қатынастардағы рөлін және орнын анықтау талап етілді. Дипломатиялық мүмкіншіліктер арқылы еліміздің ішкі дамуы­на қолайлы жағдайлар қалыптас­тыру мәселесі алға қойылды. Осындай талаптарды орындай отырып, біз жалпы тұрақтылықты және қауіпсіздікті нығайтуға, өзара тиімді ықпалдастықты дамытуға бағытталған сыртқы саясат қалыптастырдық. Біз­дің дипломатияның негізгі қағи­да­лары белсенділік, теңгерімділік, прагматизм, конструктивті үн­қатысу және жан-жақты ықпал­дастық», деді өзінің сөзінде Төлеутай Сүлейменов.

Президент жанындағы Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтының дирек­торы Зарема Шаукенова Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақала­сында­ғы талаптарға тоқталып, олар тәуел­сіз мемлекеттің эволю­ция­­лық өсу жолындағы сананы жаң­ғырту ісінде маңызды рөл ат­қара­тындығын атап өтті. Соның ішінде қазақ тілі жазуының латын әліпбиіне көшуі басқа ха­лық­тардың мүддесіне қол сұқ­пайтындығын жеткізді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің профессоры Наталья Кала­ш­никова өзінің сөзінде қазіргі мем­лекеттердің дамуы – тиімді­лігі мықты, жауапты және креативті ұлттық көшбасшыларға байла­ныс­ты екенін айта келіп, Н.Назарбаевтың нақ сондай тұл­ға екенін айтты. Ал Елбасы кітапханасының жетекші ғылы­ми қызметкері, профессор Ғазиз Телебаев өзінің сөзінде Ел­ба­сының бастамасымен қол­ға алынған «Мәңгілік Ел» идея­сы­ның маңыздылығына тоқ­тал­ды. «Мәңгілік Ел» Патриот­тық актісінің аясындағы жалпы­ұлт­тық бірегейлікті қалыптастыру бірқатар жылдарға созылатын шаруа, оны кезең-кезеңмен атқар­ған жөн. Ең бастысы – біре­гейлікті қалыптастыру қоғам­дық сананың жаңғыруын талап етеді. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында бұл туралы маз­мұнды пікірлер айтқан», деп атап өтті ол.

Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша қарар қа­был­данды және жасалған баян­дамалар жеке жинақ бо­лып жарыққа шығатындығы айтылды.

Дөңгелек үстелдің жұмысына ҒЗИ мен орталықтардың, Мемлекеттік басқару академия­сы мен көптеген ЖОО-лар­дың профессорлық-оқытушылар құра­­мы­ның өкілдері, әлеуметтік-сая­­си дамудың сарапшылары, Конс­­ти­туциялық Кеңес мүшелері мен Парламент депутаттары қатысты.

Дөңгелек үстел өз жұмысын аяқтаған соң жиналғандар үшін осы ғимаратта «Дәуір тоғысында» атты көрме ұсынылды. Онда прези­денттік институттың қалып­тасуы мен даму жол­дары тарихи құжаттармен, фото­сурет­термен, кітаптармен және басқа да жәдігерлермен кеңі­нен таныстырылды. Соның ішін­де Президент Н.Назарбаевқа шетел­дік мемлекет басшылары мен де­легациялардан сыйға тартылған бұйымдар, сыйкәделер, тарихи жәдігерлер және т.б. болды.

Жақсыбай Самрат,

«Егемен Қазақстан»



Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024