Қазақстан • 25 Сәуір, 2017

Мақсатты бағыттар айқындалады

205 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Бейбітшілік және Келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы өтеді. Осыған орай тақырыпқа байланысты материалдар топтамасын ұсынамыз.

Мақсатты бағыттар айқындалады

Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстан – жас, көпұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Алдымызда қандай қиын­дықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің бас­ты күшіміз – бірлікте», деген болатын. Осы орайда, яғни елдің ынтымақ-бірлігін сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясына мол жауапкершілік жүктеліп келеді.

Жасыратыны жоқ, этно­мә­де­ни бір­лес­тіктердің жұмысы үлкен мерекелер мен айтулы күндерде өткізетін мәдени іс-шара­лары арқылы көбірек көрі­неді. Деген­мен, тұрғындар арасындағы тату­лық­ты нығайтуда атқарып отырған, «жарнамаланбайтын» жұмыстары ерен. Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайын өтетін сессиясында негізгі бағыттар айқындалады, жергілікті жерлерде іс-шаралар жоспары белгіленеді. Яғни, қоғамға қажеттілігін, ел дамуына ауқымды үлес қоса алатынын дәлелдеген, әрі дүние жүзінде баламасы жоқ институт жұмысында сессияның алар орны үлкен.

– Біз Ассамблея сес­сиясын шын мәнін­де асыға күтеміз. Себебі, әр сессияда нақ­ты тапсырмалар бері­леді, бағыттар ай­қын­далады. Бағ­дар­ламалар жасалып, жос­пар­лар түзіледі.  Мысалы, былтырғы жылы сессия «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» тақырыбында өтті. Сол бас­қосуда Қазақстан Президенті бүкіл ел бойын­ша 1993 қоғамдық келісім кеңесі және 820 аналар кеңесі құрылғанын, олар халық­тың нақты мәселелерін шешумен, жергілікті деңгейде және ұжымдарда қақ­тығыстардың алдын алумен айналысатынын атап өтті. Осы орайда, өңірімізде арнайы жиындар өткізіліп, қазақстандық біртектілік пен жалпыұлттық бірлікті нығайту мен дамытудың іргетасы ретінде отбасылық құндылықтарды нығайту жұмыстары талқыланды.

Сонымен қатар, жастар тәрбиесі бағытында атқары­лып жатқан жұмыстарды дамы­тудың жайы сараланды. Ана­лар кеңесінің жұмысын ауыл-аймақтарда жандандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Халыққа жақындасу арқылы өзгеруіміз керектігі айтылды. Көп іс-шараларды халықпен бірге шешуіміз керек. Міне, бұл сессиядан кейінгі жұмыстардың бірі ғана. «Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біз­дің бірегей жолымыз – тең құқық­тылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды», деген Елбасы Н.Назарбаевтың сол сессияда айтқан сөзі бәріміздің жадымызда. Бұл жолғы өтетін басқосуда тың бас­тамалар көтерілетініне кәміл сенімдімін. Тұрақтылық, бірлік, келісім – еліміз тәуелсіздік алғалы бері Елбасы алып келе жатқан ең үлкен  идея, идеология және оны біз әрдайым қолдаймыз. Осы бағытта жұмыс істейміз. Яғни, алдағы уақытта да тек қана мәдени іс-шаралармен шектелмей, бүгін­гідей бағдар­ла­малар бойынша жұмысты жал­ғас­тыратын боламыз. Қазақстан хал­қы Ас­сам­блеясы ХХV сессиясына өңірдегі делега­ция құрамында қатысу мен үшін үлкен құрмет пен сенім деп білемін. Алдағы сессия бізге тың күш, жаңа серпін беріп, нақты мақсаттар мен міндеттер қоятыны айқын. Және үлкен жауапкершілік жүктейді. Бізге артылған сенім үдесінен шығу мақсатында жұмыс істейтін боламыз, – дейді «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы Гауһар Төлепова.

Осы арада айта кетелік, Оңтүстік Қазақстан облысында 3 миллиондай халық, оның ішінде 700 мыңға жуығы өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Жалпы саны 20 облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың аудандар мен қалаларда 51 филиалы мен 17 жастар қанаты, 11 жексенбілік мектебі бар. Өңірде жыл са­йын әр этномәдени бірлестік өзінің тілі, мәдениеті және дәстүрі күндерін атап өтуде. Сонымен қатар, әр салада жетістікке жеткен белсенді этнос өкілдері жыл сайын облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығымен марапатталады. Қайырымдылықты үйлестіруде «Қамқор», «Жүректен жүрекке» акциялары ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, өңір тарихында алғаш рет этномәдени бірлестіктер арасында «Достық сыйы» акциясы бастау алып, «Менің елім – Қазақстан!», «Тәуелсіздік тұғыры – Мәңгілік Ел!», «Қазақ дастарқаны», «Играй, гармонь!», «Достық тілегі» сынды бірегей іс-шаралар өткізілуде.

Сондай-ақ, сессия делегаттары еліміз­дегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы екенін, ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айналғанын айтуда. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады», деген дана бабаларымыз. Яғни, еліміздегі ұлт пен ұлыстар бірлесе атқаратын игілікті істер халқымыздың бірлігі мен ынты­ма­ғын берік ете түсетіні айқын.

Ғалымжан Елшібай,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы


Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024