Қазақстан • 25 Сәуір, 2017

Аты-жөніміз де ұлттық кодтың бір белгісі

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тақауда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы көптің көкейіндегіні қозғаған, көптен бері ел күткен, намысымызды қайрап, жігерлендіріп, рухтандырған, тіпті терең толғандырған елеулі оқиға болды. Соның маңыздыларының бірі – «ұлттық код», «ұлттық кодты сақтау», «ұлттық бірегейлік» туралы мәселелер десек қателеспейміз. Өйткені, сол мемлекеттің мәң­гі­лігінің мәңгілігі сол мемлекетті құ­рып отырған негізгі ұлт мәселе­сінің ше­шілуінде.

Аты-жөніміз де ұлттық кодтың бір белгісі

«Мың өліп, мың тірі­л­ген», талай нәубетті бастан кешіп, бү­гінге аман-есен жеткен халықтың жоғалтқандары да көп. Тілімізді ұмытуға шақ қалдық. Қазақ бол­ға­нымыз үшін ұялатын халге  түстік. Содан болса керек, ширек ға­­сыр тәуелсіздік жағдайында өмір сүр­­сек те, өз қаракөздеріміздің өзі­н­ің ана тілінде сайрап кете алмай отыр­ғандығы.

Тарихымыз бұрмаланды, тіп­ті, түптамырымызды білмес үшін бір кездерде әліпбиімізді күш­­теп өзгертті. Міне, Елба­сы­мыз­дың ай­тып отырғаны да осы жо­ғал­т­қан­­дарымызды, енді қай­та­райық, жағ­­дай түзелді дегенге саяды. Өй­т­кені, ұлттық код дегеніміз, ең ал­­ды­­мен жаһандану заманында қа­зақ­тың құлпын ашатын – кілт, оның ерекшеліктері – тілі, ділі, дәстүрі, тарихы, мәдениеті, жазуы. Онсыз мемлекеттің дамуы мүмкін емес, мәңгілік ел болуымыз да екіталай.

Әрине, бұл бағытта қыруар іс­тер де тындырылар-ау, осы орайда көкейде жүрген бір ой келеді. Латын әліпбиіне көшкелі отырған уақытта, ұлттық кодымыздың бас­ты бір белгісі – қазақтың аты-жө­нін жазуды созбалақтай бермей біріздендіріп, түзетіп алсақ. До­лидзе десе – грузин, Саркисян десе – армян деп білетініміз сияқты. Ұлы, қызы немесе жалғаусыз жазу ар­қылы те­г­і­міздің өзінен ұлтымыз қа­зақ екені аңғарылып тұруы керек қой. Әлі күнге дейін көбіміз аты-жөнімізді орысшалап қате жазамыз, ең алдымен, туу туралы куәлікте, төлқұжатта, жеке бас куәлігінде қазақтардың аты-жөні алдымен қазақша дұрыс жазыла­тын бір тәртіп ауадай қажет.Ұлы істерді жүзеге асыруда ұсақ-түйек мә­селе болмайды. Осы бір оңтайлы тұс­та, ұлт мәселесіне Елба­сы­мыз­­дың өзі айрықша назар аударып, серпіліс беріп отырғанда осы жо­ғал­тқандарымызды да іздеп тауып, тү­зетіп алып жатсақ несі айып.

Бекәділ СЕМҚҰЛ, 

журналист

ҚАРАҒАНДЫ



Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024