Аймақтар • 25 Сәуір, 2017

Оңтүстік қақпа еліміз туралы оң пікір қалыптастыра ала ма?

419 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік пен шекара – егіз ұғым десек, қазақ елі дербес мемлекет атанған тұста ең алдымен күш-жігерін мемлекеттік шекараны шегендеуге жұмсады.

Оңтүстік қақпа еліміз туралы оң пікір қалыптастыра ала ма?

Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын шегендеу үшін мен 8 жыл әр жерде, әр адамдармен, әр басшылармен келіссөздер жүргіздім, қиын-қиын жерлерден өттік. Келістік. Тұңғыш рет Қазақстанның өз территориясы бар. Шекараны шегендедік. Не үшін? Жердің тұтастығы үшін жасап отырмыз оны», деген сөздері еске түседі.

Өлшеусіз еңбек жұмсалған сол 14 мың шақырым шекараның 206,7 ша­қы­рымы Сарыағаш ауданының бойында. Яғни, Сарыағаш ауданы Өзбекстан Рес­пуб­ли­ка­сының Қыбырай, Ташкент, Занги-ата, Жа­ңа жол және Шыназ секілді 5 ауданымен шекаралас.

Шекара бойындағы аумақта аудан халқының 80 пайызы шоғырланған. Екі ел арасында жұмыс істеп жатқан 4 кеден бекетінің екеуі тәулік бойы қызмет көр­сетеді. Жалпы аудан бойынша төрт ке­ден бекетінен күніне 36500 адам және 350-ге жуық көлік өтеді екен. Бекет­терді жа­ңарту, жаңғырту, елді мекендерді абаттан­дыру, көр­кейту бағытында атқарылған жұ­мыстар аз емес. Дегенмен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өткен жылдың соңында Сарыағаш ауда-

нында болған кезінде бір­қатар сын айтқан еді. «Ең ұят нәрсе, ше­ка­раның арғы жағы тап-тұйнақтай да, бе­ргі жағы лас. Шарбақтар қирап қалған. Өз­деріңіз тұратын жерге құрметпен қа­ра­майсыздар ма? Бізге шетелдіктер көп келеді. Екі ел арасындағы тазалық, кө­гал­дандыру жұмыстарын көріп олар «неге бұлай?» деп сұрайды...», деген бола­тын әкім тұрғындармен кездесуінде. Сын­нан қандай қорытынды шығарылды? Жал­пы еліміз туралы алғашқы пікірді қа­лыптастыратын шекара бойындағы елді мекен тұр­ғындарының әлеуметтік мәселелері толық шешімін тапты ма? Жауап іздеп көрелік.

Шекара бойындағы ауылдардың ахуалы нешік?

Тәулік бойы жұмыс істейтін «Жібек жолы» кеден бекетінің бүгінгі келбетінде оң өзгеріс көп. «Бұрындары осы бекеттің көрші ел жағы жарқырап тұрса, бергі жақта қызыл сызыққа шығып кеткен дүңгіршектер, валюта айырбастау пункт­тері, автотұрақтар бекет келбетіне нұқ­сан келтіруші еді. Өткен жылы күз­ден бастап абаттандыру, талапқа сай тәр­тіп­ке келтіру жұмыстары қолға алынды. Осы орайда 6 жер телімі мемлекет мен­шігіне қайтарылды. Қазіргі таңда көше кеңейтіліп, арнайы автотұрақтар салынды. Кіреберісте бекеттің мән-маңызын айшықтай түсетін керуен мүсіндері мен Ұлы Жібек жолының кар­тасы бейнеленген қабырға орнатылды. Оң өзгерістерден кейін бекет арғы бет­тегі көршілермен салыстырғанда жақ­сара түсті», дейді Сарыағаш ауда­ны­ның әкімі Қайрат Абдуалиев. Сондай-ақ, «Қабланбек», «Қонысбаев» кеден бе­кет­терінде көгалдандыру жұмыстары аяқ­тал­ған, көшелерді кеңейту мақсатында 6 жер телімі мемлекет мұқтажына са­тып алынбақ. Ал жұмыс істемей тұр­ған «Дархан», «Навои», «Санатория», «Бес­қор­ған», «Ынтымақ» кеден бекеттерін қай­та қалпына келтіру, жерді мемлекет­ке қайтарып алу, абаттандыру, жол жөн­деуге жобалық-сметалық құжатын әзір­леу және құрылыстарын жүргізу үшін 2 260 млн теңге қажет. Дәл осы қаржы мәселесіне келгенде қолбайлау бо­ларлық мәселелер де жоқ емес. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, қаржының бар­лығы дерлік шекара бойындағы елді мекендердің инфрақұрылымдық, әлеу­мет­тік мәселелерін шешуге бағыт­та­ла­ды да басқа ауылдар кейінгі кезекке қал­ды­рылады. Мысалы, екі бекеттің өзіне ау­дан бюджетінен 170 млн теңгеден ас­там қаржы жұмсалған. Жер телімін қай­таруға тағы 80 млн теңге қажет. «Біз елді мекендерді бөле жармаймыз, де­ген­мен жасыратыны жоқ, шекаралық ауыл­дардың мәселесі бірінші кезекте шешіледі. Өйткені, ол еліміздің бет­пер­десі, алыс-жақын шет елдерден ке­ліп-кететін туристердің, транзиттік жо­лаушылардың көзі түсетін, пікірі қа­лып­тасатын ауылдар. Ол ауылдардың кө­шелері кеңдеу, жарықтары биіктеу, жалпы келбеті көз сүйсінерліктей болуы тиіс. Яғни, «Сегіз ұлым бір төбе, Ер­төс­тігім бір төбе» демекші, басқа ауылдар­дан ерекше көзқарасқа ие. Осы орайда, ұсынысымызды да айтып келеміз. Мы­салы, шекаралы аймаққа арнайы штат ашып, мемлекеттік-коммуналдық кә­сіп­о­рын құрылса. Тәртіпті қадағалау, жа­сал­ған жұмыстарды қорғау үшін полиция қыз­меткерлерінің саны да көбейтілсе дұ­рыс болар еді. Қаржы облыстан, респуб­ли­ка­дан болсын шекараға тікелей келсе, ау­дан әкімдігінен арнайы бөлім ашылса де­ген секілді бірқатар ұсыныстарымызды бер­дік. Атқарылған жұмысты күтімде дұрыс ұс­тап тұрудың өзі де бізге үлкен жұмыс. Ұсы­ныстарымызды облыс әкімдігі қолдап отыр. Жан-жақты қаралып, оң шешімін та­бады деген үміттеміз»,  дейді аудан әкімі.

Шекара бойындағы 20 шақты елді мекен ілгеріде жарықты, «көгілдір отын» мен ағын суды көрші елден алып келген болатын. Шекара айқындалғаннан кейін барлық инфрақұрылымдарды реттеу­ге, қайта орнатуға тура келді. Қо­сым­ша жобалар жасалып, ауылдарға газ, электр қуаты тартылған. Кейбірі уақыт­ша жасалынған. Аудан әкімінің ай­ту­ын­­­ша, инфрақұрылымдық жүйенің 60 пай­ызы жаңартуды талап етеді. Халық көп шоғырланған шекаралық аймақтың әлеу­меттік мәселелеріне облыстан, рес­пуб­ликадан көмек көрсетілуде, алайда көп жұмыстарды орындау үшін қар­жы көлемі көбейтілуі тиіс. Сондай-ақ, ағын су мәселесі де шешімін таппай келеді. Шекара бойындағы аудан халқы ағын судың 70-80 пайызын Өзбекстан­нан алады екен. Судың басында отыр­ған көршілеріміз каналдарына күтім жа­са­маған соң, аудан қаржы жұмсап, рұқ­сат алып, диқандар тазалауға мәжбүр. «Өзбекстан жағынан жоспарланған лимит шегінде біздің жаққа жылына 574 млн текше метр көлемінде ағын су қажет болса, вегетация кезінде 40 пайызға кем бо­сатылады. Ерте егілетін көкөністерге ағын су 1 ай кеш жіберіледі және шілде-тамыз айларында су мөлшері ескертусіз азай­тылады. Бұл қиындықтардан шығу жол­дарын қарастырудамыз. Қазір Өгем өзені аймағындағы 27 ауылды ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде Қазығұрт ауданының 13 елді мекені бар, жоба жасалуда. Жекешелендірілген 5 каналды қайтару үшін сотқа жүгінудеміз»,  дейді Қ.Абдуалиев.

Де факто – қазақстандық, де юре – ешкім емес…

Бүгінгі таңда шекаралық аудандағы Бағыс, Хиебан, Достық елді мекендерінде ең өзекті де, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе бар. Соның бірі – Бағыстағы жағдай бүкіл елге жақсы мә­лім. 1285 тұрғыны, 210 отбасы бар Ба­ғыс елді мекеніндегі жер мәселесі 2001 жыл­ғы 16 қарашада жасалған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы шарт күшіне енбеуіне байланысты шешімін таппай отыр. Сондықтан, Өзбекстаннан өткен жерлерге кадастрлық нөмір берілмеуде. Қазақ ауылы әлі күнге Қазақстан картасына енбеген. Салдарынан шекаралы аумақтағы тұрғын үйлерге берілген мемлекеттік актілер заңсыз деп та­ны­лып, жергілікті жұрт әлеуметтік құжаттарды да ала алмай қалған. Елді ме­­кендегі 210 үй­дің 17-сі ғана Қазығұрт ау­данына тір­келген. Осы секілді жағдай Құр­ке­лес ауылдық округінің Хиебан елді меке­нін­де де орын алып отыр. Ондағы 18 үй­дің 116 тұрғыны «ауада ілініп» тұр. Яғ­ни, қолдарында Қазақстанның жеке куә­лі­гі бар болғанымен, мекен-жайы жоқ. Сарыағаш ауданында болғанымызда Хиебанға барып, осы мәселе бойынша тұрғындардың пікірін тыңдадық. «Құжат, жеңілдіктер қажет болғанда «мой адрес не улица, не дом...» деген өлеңді еске аламыз. Түсіністікпен қарайтын әкімдердің, ауылдастардың барына шүкір», дейді тұрғындар. «Мен 1999-2004 жылдары делимитациялау және демаркациялау жө­ніндегі үкіметтік комиссияның жұмыс то­бына мүше болғанмын. Ол кезде аудан әкімі­нің бірінші орынбасары едім. Мынау тұр­ған шекара, көк бағана ортада тұр, – деді бүгінде зейнеткер Исақ Оспанов шекаралық белдеуді нұсқап. – Содан бері қарай 30 метр шекара қоршалған. Бүкіл шекара бойындағы 30 метр қашықтыққа 2007 жылы мемлекеттік акті берілген. Шекарадан бері 32 гектар суармалы жер бар. Қазақстан жағында. Сол 32 гектардан беріректе 18 үй орналасқан, үйіргелік жерлерімен. 2008 жылдан бастап мына 32 гектар жердің барлығына азаматтарға  мемлекеттік акті берілді. Алайда 18 үй оны ала алмайды. Қазір қолдарында Қазақстан Рес­публикасының жеке куәлігі бар. Бас­­қа ешқандай құжаты жоқ. Тіпті, мекенжай анықтамасын ала алмайды. Мысалы, үйінде бес баласы болса, бес жерден анықтама алып келген. Бұрын. 2007 жылы мен қала әкімі болдым. Сол кезде келгендеріне қаланың есебінен анықтама бергенмін. Бұрын кеңес кезінде бұл үйлер орналасқан жерді Ахметов көшесінің кетігі дейтін. Сонда осы 17-18 үй Ахметов көшесі делінетін. Шекара анықталған кезде мына жер алғашында Өзбекстанның жері болып шықты. Кейін келісімдер нәтижесінде қайтып алынды ғой Өзбекстаннан. Қазір тұрғындар анықтама ала алмайды. Ал мекенжай туралы анықтама бақшаға да, мектепке де керек. Одан басқа жеріне, үйіне мемлекеттік актісі болмаған соң, субси­дия немесе жәрдемақы ала алмайды. Өзі­нің тұрған үйіне мемлекеттік акті ала алмай отыр. Ешқандай жеңілдік жоқ. «Көшенің арғы бетіндегі абысыным 4 баласына жәрд­ем­ақы алады. Ал 8 бала туған мен көк ти­ын алмаймын. Көшеге шығамыз ба, әл­де наразылық білдіріп темір жолға барып отырып аламын ба, қайтемін», деген әйел­дерді сабырға шақырдық. 2009 жылы ха­лық санағынан тыс қалды. Бұл мәселе барлық тиісті мекемелерге айтылған. Бәрі біледі. Шешудің қандай жолы бар дейсіз, айтайын. Аудан мәслихатының әкімдікпен бірлесе жасаған 2009 жы­лы шыққан қаулысы бар. Ол күшін жой­ған жоқ. Соны облыстық мәслихат бекіт­пей отыр. Облыстық мәслихат бе­кітіп, қаулы шығарып берсе болды, бар мә­селе шешімін табады». Ал ауыл әкімі Әбдіжаппар Рахымбердиевтің айтуынша, тұрғындардың барлық әлеуметтік мәселелері шешілген. «Бәрі өз еліміздің азаматтары, осында қызмет істеген. Тек адресі жоқ. Бізде тіркеуде жоқ, тіпті ауруханаға емделуге жату үшін порталға тұра алмайды. Екі жақта да есепке кір­мейді», дейді ауыл әкімі. Бағыс пен Хиебандағы жағдай ұқсас. Ал Достық елді мекеніндегі 13 тұрғын үй мен 1 коммерциялық нысан мемлекеттік шекара белдеуінде қалып отыр. Үкіметтің 2014 жылғы №356 қаулысына сәйкес мемлекеттік шекара белдеуі 100 метр қашықтық деп белгіленуіне байланысты.

Жоғарыда айтылған өзекті мәселе­лер­ге байланысты аталмыш елді мекен­дер­де­гі халықтың әлеуметтік мәселелерін толы­ғымен шешу, ауылды дамыту да кеше­уілдеуде. Тұрғындар таяуда ғана сенатор, Халықаралық қатынастар, қор­ғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелерінің аудандағы кеден бекеттерінде болғанын жақсылыққа жорып отыр. Өзекті мәселелерді шешу мәселесінде сең қозғалатынынан үміт­ті. Сондай-ақ, шекара аумағындағы мәсе­ле­лер екі ел қарым-қатынасындағы соңғы өз­ге­ріс­терге байланысты жуық арада ше­ші­мін табады деген сенімде. Елбасы Н. Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ш. Мир­зиеевтің елдің ынтымағын, бірлігін дәріптейтін дәл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін биыл бірге қарсы алып, екіжақты бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылуы осының айғағы.


Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»



Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024