31 Желтоқсан, 2016

Ізгілік қағидасы

3218 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қабылданған «Рақымшылық жасау туралы» Заң 28 мыңға жуық адамды қамтуы мүмкін. Алайда, түрмеден бостандыққа шығатын сотталғандар саны 1468 адам көрінеді. Аз сан емес. Амнистия грек тілінен аударғанда ұмыту, кешірім деген мағынаны білдіреді екен. Ол, негізінен, қылмыстық әрекеттер жасаған кінәлі адамдар үшін мемлекеттің тарапынан қолданылатын арнайы шара. Бірақ, көпшіліктің рақымшылықты кешірім жасау деп ұғатыны анық. Осыған орай айта кететін бір жайт, бүгінгі қолданыстағы қылмыстық заңнама бойынша қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан босатудың бір негізі ретінде рақымшылықпен қатар, кешірім жасау да көзделген. Демек, рақымшылықпен қатар, кешірім жасаудың да жүзеге асуы мүмкін екендігін жоққа шығара алмаймыз. Ал оған кімдер ілігеді? 14 желтоқсанда күшіне енген «Рақымшылық жасау туралы» Заң – еліміздің 25 жылдық тарихындағы тоғызыншы шара. Енді осы шаралардың мазмұны мен мәні туралы не білеміз? Осы сұрақтарымызға жауап алу үшін біз Бас прокуратураның Ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жазаны өтеуші адамдар құқықтарының сақталуын қадағалау департаментінің бастығы Серікбай ЕРІМБЕТОВКЕ жолыққан едік. – Серікбай Садықұлы, рақым­шы­лық жариялау өмірде ая­ғын шалыс басқан азамат­тарға кешірім жасау мақса­ты­нан туындаған қоғамның, мемлекеттің ізгілікті ниеті ғой. Кейбір жағдай­ларда рақымшылық актісі қоғам­да қалыптасқан нақты проблемалық мәселелерді шешу үшін де қолданылуы мүмкін. Мысалы, түрмеде отырған сотталғандар санын азайту немесе белгілі бір саяси мәселелерді шешу, яғни қарулы қақтығыстарды тоқтату мақсатында дегендей. Енді кәсіби маман ретінде осы сөзімізді толықтыра түссеңіз. – Рақымшылық жариялау тәжірибесі әлемнің көптеген мемлекеттерінде кеңінен орын алған. Айырмашылығы – қолдану аясында. Бір мемлекеттерде ол жиі жарияланып, сотталған адамдардың көптеген санын қамтитын болса, басқа біреулерінде тек ерекше жағдайлар бойынша ғана жарияланады (мысалы, Латын Америкасы елдерінде рақымшылық тек саяси қылмыстар бойынша сотталғандарға ғана жасалады). Ал Ресейде – 18 рет, Беларусьте 14 рет рақымшылық жасалыпты. Тіпті, Украина мен Қырғызстанда мұндай акт жыл сайын жарияланады екен. Бұл дүниежүзілік тәжірибе кезінде Кеңес Одағының қылмыстық құқық жүргізу сая­сатында да жиі қолданылған болатын. Оның негізгі көздеген мақсаты түрмелерде отырғандар санын азайту еді. Ал біздің елімізде бұл ізгілік мазмұндағы заң нормасы Қылмыстық кодекстің 78-бабымен реттеледі. – Бүгінгі қолданыстағы қылмыстық заңнама бойынша қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан босатудың бір негізі ретінде рақымшылықпен қатар, кешірім жасау мүмкіншілігінің де көзделгені белгілі. Осының айырмасы неде? – Сырттай қарағанда, біртектес болып көрінетін осы құқықтық жағдайлардың арасында мазмұны, құқықтық актінің қабылдану формасы бойынша шын мәнінде үлкен айырмашылықтар бар. Рақымшылық жеке-дара адамдарға қатысты жүргізілмейді. Оның қолданылу шеңбері белгілі бір адамдар тобын, не болмаса қылмыстық категорияларды қамтиды. Ол топтар, мысалы, жасөспірімдер, әйел адамдар, мүгедектер, бас бостандығынан айы­рудың төменгі шегі тағайындалған сотталу­шылар, онша ауыр емес қылмыс жасағандар, тағы басқалар болуы мүмкін. Ал кешірім жасау айыптау үкімі бо­йынша жазасын өтеп жатқан жеке, нақты адамға қатысты қолданылады. Бұл туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды. Егер кешірім жасалса, сотталған адам жазаны одан әрі өтеуден босатылуы мүмкін не оған тағайындалған жаза мерзімі қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырылуы ықтимал. Мұндай адам жазаның қосымша түрінен де босатылуы мүмкін. Тіпті, кешірім жасау арқылы сотталғандық та алынып тасталуы ықтимал. Заңның осы талабынан көрініп отырғандай, кешірім жасау тек сотталған адамдарға ғана қолданылады. – Ал енді рақымшылық жасау акті­сінің қолданылу аясы қандай? – Рақымшылық актісінің қолданылу шеңбері кешірім жасауға қарағанда кеңірек. Ол тек сотталған адамдардың жазасын жеңілдетуді ғана емес, сонымен қатар, тергеу ісі жүріп жатқан адамдарға қатысты қылмыстық істерді қысқарту жөніндегі шешімдерді қарастырады. Рақымшылық жөніндегі актіні Парламент қабылдайды. Ол қоғамға қауіптілігі төмен қылмыскерлерге, немесе онша ауыр емес қылмыс жасағандарға ғана қолданылады. – Соңғы рет рақымшылық актісі біздің елімізде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 2011 жылы жасалған екен. Мұндай рақым­шылықтың мәні неде? – Бұл – өмірде аяғын шалыс басқан отандастарымыздың қайтадан дұрыс жолға түсуіне септігін тигізеді деп саналатын ізгілікті қадам. Білесіз бе, бізге түскен арыздардың көбінде сотталушылар, өз әрекеттеріне шынайы өкініп, мүмкіншілік болса, өмірді қайта бастасам деген ниеттерін білдіреді. Себебі, қазір адамдардың қылмысқа, сотталуға деген көзқарастары түбегейлі өзгерген. Өткен ғасырдың 60-90-жылдарында жастарға кері әсер еткен түрме мәдениетінің қазір ондай ықпалы жоқ. Сотталудың қандай орны толмас өкініштерге әкелетіндігі жалпы жұртқа белгілі. Сол себепті осы рақымшылық актісінің негізгі, яғни ізгілік қағидаты түрмедегі адамдардың санын азайту емес, ондай қажеттілік те жоқ. Ең бастысы – адамдарға мемлекет тарапынан сенім білдіру, олардың қайтадан толыққанды қоғам мүшесіне оралуына жағдай туғызу. – Заңның ізгілік қағидаларының бірі – ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған сотталғандарға рақымшылықтың қолданылуы дедік. Бұрынғы осы тектес заңдар онша ауыр емес, не ауырлығы орташа қылмыстарға ғана қолданылған екен. – Иә, бірден айту керек, мұндай баппен сотталғандар түрмеден бостандыққа шықпайды. Өйткені, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасап сотталған әлеуметтік осал санаттағы адамдарға жазаның өтелмеген бөлігінің тек белгілі бір бөлігі ғана қысқартылады. Ауыр қылмыс үшін өтелмеген залалы бар сотталғандарға рақымшылық тек залалды орнына келтірген кезде ғана қолданылатын болады. Бүгінгі күні колония­ларда осындай 3 мыңға жуық адам отыр, олардың мойнында 70 млрд теңге көлемінде өтелмеген залал бар. Залалды төлеген адамға рақымшылық қолданылады, төлемесе, қолданылмайды. Ал террористер, экстремистік қыл­мыстар жасағандар, есірткі дилерлері, пе­дофилдер, әйел зорлағандар, азап­тау көрсеткендер, рецидивис­тер, бас бостан­дығынан өмір бойына айы­рыл­ғандар, қыл­мыстық топ құрамында қыл­мыс жаса­ған­дар үшін және одан басқа тағы да 113 қылмыстық бап бойынша рақым­шылық жүргізілмейді. – Рақымшылықтың ізгілік қағи­дасының бірі – сотталғандардың жазаларын жеңілдету ғана емес, олардың қайталап қылмыс жасауын болдырмау. Ол үшін оларды жұмысқа тұрғызу, медициналық көмек көрсету, тағы басқа да әлеуметтік-құқықтық қолдаулар қалай көрсетіледі? – Мұндай міндетті аталған заң Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға жүктеп отыр. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап жергілікті атқарушы органдардың бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды қайта оңалту, қоғамға бейімдеу мәселелері саласындағы құзыреті кеңейтілген. Қылмыстық-атқару кодексі бо­йынша әкімдер аталған мекемелерден босап келген адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, жұмысқа орналасуға жәр­демдесу және оларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі барлық уәкі­летті органдардың қызметін үйлестіруге мін­детті. Егер де адам егде жаста болса, мүгедек және жалғызбасты болса, ол босатылғаннан кейін қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгiдегi интернат үйіне жіберіледі. Рақымшылықпен босатылған адамның өмір сүруге қаражаты және тұрғылықты жері болмаса, ол босатылғаннан кейін белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына жіберіледі. Бүгінде елімізде осындай 25 орталық бар. – Ендігі жерде сотталған адам жаза­сының тиісті бөлігін өтесе, қылмыспен кел­тірілген залалды толық төлесе және жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұз­баған жағдайда шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға жатады екен. Бұған қандай қосып-аларыңыз бар? – Дұрыс айтасыз. Және осы жағдайларды жүйелі түрде түсіндіру сотталғандардың бостандыққа қол жеткізу жолдарына деген көзқарастарын да өзгертті. Яғни, бүгінгі күні түрмеде отырған сотталғандардың түсінгені: бостандыққа шығудың негізгі жолы – заңды сақтау, тәртіпті болу. Міне, нақты осы тиімді шаралар нәтижесі Қазақстанның түрмедегі адамдар саны бойынша әлемнің алдыңғы 50 елінің қатарынан көрінуіне мүмкіндік берді. Сөйтіп, Қылмыстық саясатты зерттеу халықаралық институты (IICPR, Лондон, Ұлыбритания) дайындайтын әлем елдерінің түрме рейтингісі бойынша Қазақстан 4 жыл ішінде 35-ші орыннан 62-ге көтеріліп, өзінің орнын 27 позицияға жақсартты. Сондықтан, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай қабылданған «Рақымшылық жасау туралы» Заң жоғарыда да атап көрсеткенімдей, түрме контингентін азайтып, колонияларды босатуды мақсат тұтпайды. Оның негізгі және басты мақсаты мемлекет тарапынан жасалған ізгілік актісі болып табылады. Рақымшылық бойынша босаған адамдар қоғамға қауіпті емес пе деген пікір бұрынғы өткізілген 8 рақымшылық кезінде де болған. Тәжірибе көрсеткендей, рақымшылық актілерінің еліміздегі қылмыстық ахуалға, қоғамдық қауіпсіздік деңгейінің нашарлауына кері әсері болған емес, олардың қайталап қылмыс жасауы сирек кездеседі. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»