Жиында қант диабетінің әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алынып тасталуы, тегін берілетін дәрі-дәрмектерді уақытында алу мүмкіндігінің аздығы сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ болашақта дертке шалдыққан жандарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Кездесуге Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова және «NoDia» диабеттік қауымдастығы» қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Сыздықова, сондай-ақ қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.
Жақында қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналары әлеуметтік желі арқылы партия атына хат жолдаған. Жиынды ашқан Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясы бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, оны тиімді шешудің жолдарын қарастыру үшін осындай басқосуды арнайы өткізіп отырғанын айтып өтті. «Денсаулық сақтау мәселелері, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру партияның үнемі бақылауында», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ партия төрағасының бірінші орынбасары бұл мәселені оңтайлы шешу үшін барлық тиісті органдарға белсене атсалысу керектігін айтты.
Өз кезегінде, сөз алған «NoDia» диабеттік қауымдастығы» қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Сыздықова қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алып тастау дұрыс емес екендігіне баса назар аударды. Оның айтуынша, бүгін елімізде қант диабетіне шалдыққан 300 мыңнан астам адам бар.
«Бұған дейін олар ерекше бақылауда болып келсе, енді Денсаулық сақтау министрлігі мұндай науқастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті тоқтатуды ұсынып отыр. Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тастауға ұсынылғандардың қатарында балалардың сал ауруы да бар. Егер министрліктің бұл бастамасы жүзеге асатын болса, науқастарға көрсетілетін тегін көмек түрлері шектеледі. Сондықтан ата-аналар бұған өз наразылықтарын білдіруде», – деді Б.Сыздықова.
Бүгінде елімізде қант диабетімен ауыратын 309 783 адам тіркелген. Оның 3032-сі жасөспірім болса, инсулинді дәріні тұрақты тұтынатындар саны – 1426 адам.
Сондай-ақ жиында ата-аналар мен басқа да қоғам белсенділері бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын ұсынып, өз пікірлерін ортаға салды. Мысалы, Гүлжаһан Тажитдинова осы аурумен ауыратын балалардың дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз етілмейтінін айтып, осы мәселені қадағалауды күшейтуді сұрады.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (ТМККК) тізімі 2009 жылдан бері дұрыс қаралмай келгенін, содан бері диагностика мен емдеудің стандарттары өзгергенін, жаңа технологиялардың енгізілгенін атап өтті.
Барлық айтылғандарды қорытындылаған М.Әшімбаев осы саладағы нақты тетіктерді атап өтті. Ал бұл бағыттағы жұмысты үйлестіру «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсеноваға жүктелді.
Миражан МАХАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті