Қазақстан • 16 Шілде, 2018

Құрылыстан неге мән кетті?

674 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму өлшемдерінің бірі – тікелей құрылыс са­­ласына да байланысты. Бірақ бой көтерген құрылыс нысандарының, тұрғын үй­лер­дің сапасыздығы, бөлінген қаржының талан-таражға түсетіні жайлы жиі айтылады. Жаңадан пайдалануға берілген нысандардың жыл өтпей жа­тып қайта жөнделуі, дау-дамайлардың туындауы қазір аз емес. Үйлер құ­ла­ды, үйлер қисайды, қыруар қаражат мақсатсыз жұмсалды, құрылысты пай­­д­алануға уақытында тапсыра алмады деген әртүрлі ақпараттарды естіп те, көріп жүрміз.

Құрылыстан неге мән кетті?

Мысалы, Павлодар облысының ор­та­лығындағы «Сарыарқа» шағын ауда­нында № 12, № 15, № 27, Ақсу қаласында Молодежная көшесі №28, №32 тұрғын үйлер­дің құрылысы пайдалануға бері­ле­тін мерзімнен кешігуде. Нәтижесінде бюджет қаржысының да игерілмей қалуы әбден мүмкін. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, облыстық әкімдікпен арадағы келісімдер бойынша құрылыс бастаған кәсіпорындардың арасында да тұрғын үй салу тапсырмасын кешеуілдеткендер бар. Облыс әкімі Болат Бақауовтың өзі облыстық әкімдік оты­рысында «Бізбен салыстырғанда қаражаттың аздығына қарамастан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан об­лыс­тары тұрғын үйлерді қолданысқа бе­ру бойынша алдыңғы қатарда келеді. Қызылорда облысы 600 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырған. Тұрғындар саны бойынша біз сияқты-ақ қала», деп салыстырмалы түрде мысал келтірді. Биыл өңірде 300 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жоспарланып отыр. Б.Бақауов құрылыс басқармасына бар мүмкіндікті пайдаланып осы межені орындап шығу қажеттігін міндеттеді. Өткен жылы 38 тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.

Мақала жазу барысында біз де құ­ры­лысы тұралап қалған осы тұрғын үйлерді ара­лап көріп қайттық. Келген бетте-ақ, тексеруші болмасақ та шағын және ор­та бизнесті тексеруге рұқсат жоқ деген­дей көз­қарас байқалады. Әкімдіктің құ­ры­лыс басқармасы мамандарының жұ­мыс сапасын күнделікті бақылауға алу­ға мүмкіндіктері бар. Құрылыстың уақы­тында аяқталып, пайдалануға сапалы берілуіне тапсырыс беруші, мердігер, жобалаушы және арнайы құрылған сараптамашылардың бірлескен тобының жауапкершіліктері қажет екені белгілі. Жау­апкершілік, талап пен тәртіп бол­маған жағдайда айыппұл төлеу қатаң қадағалануға тиіс.

Облыстық құрылыс басқармасы тара­пынан және өңірде құрылыс нысан­да­рының, тұрғын үй құрылысы қалай жүр­гізіліп жатқанына бақылау жасайтын басқа да тиісті орындар аз емес. Тендер де, құрылыстың сметалық-жо­балау құжатын жасау да өңірдегі құ­ры­лыс басқармаларында өткізіледі. Құ­ры­лыс­ты жүргізу кім көрінгенге беріле қоймайтыны белгілі.

Ал облыс әкімшілігінің мә­лі­­­метінше, қаланың бо­ла­шақ­тағы сәулеті керемет болмақ. Бұл үшін қазір нысандарды салуды ай­мақ­тарға бөлуді, көлік және инже­нерлік коммуникациялар, көгал­дан­­дыру және көріктендіру жүйесін бел­­гі­­лейтін кешенді бас жоспар жа­­­сал­­мақ. Бұл облыс орталығының тұрақ­ты да­муы­ның 2032 жылға дейінгі ұзақ мер­­зім­ді стратегиясын көрсетеді. Яғни элек­­тронды бас жоспар құрылады. Мы­са­­лы, кеше ғана Тәуелсіздік даңғылы атан­­ған бұрынғы Кутузов көшесін қай­та жаңарту, 14 мың шаршы метр жеңіл ат­ле­тикалық манеж, 8 мың шаршы метр футбол алаңын, ауданы 6 мың шар­шы метр болатын Олимпиадалық резервті даярлау орталығын, 4,6 мың шаршы метр мұзайдыны бар «Спорт-сити» спорт қалашығын салу жос­парлануда. Ауданы 16 мың шаршы метр музей ке­ше­ні­нің Олимпиадалық стандарттағы ес­кек есу арнасының және триатлон, биатлон трассаларының құрылысы қолға алынбақ. 1500 орынға арналған концерт за­лының ауданы 7,1 мың шаршы ме­тр, 300 орындық бассейннің ауданы 3,1 мың шаршы метр болады. Ертіс өзені жағалауы одан әрі көркейе түседі.

Биыл Елбасы жариялаған «5 әлеу­мет­тік бастаманы» іске асыру үшін өңірде 45 тармақтан тұратын арнайы жол картасы әзірленіпті. Яғни «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы бой­ын­ша қаржыландыру мәселесі нақ­тыла­нып, тұрғын үйлердің жобалық үл­гі­лері анықталды. Пәтерлерді сатып алу­шылар­дың тізімі жасалуда. Біз жо­ға­рыда жазған тұрғын үй құры­лы­сы­ның 300 мың шаршы метр жоспары кө­лемі 356 мың шаршы метрге дейін кө­бейтілуі мүмкін көрінеді. Тағы 19 тұрғын үйдің құрылысы жоба­лануда. Сондай-ақ пәтер санын арттыру мақ­­сатында 16-18 қабатты үйлер салу жос­Өпар­ланған. Аудандарда жаңадан 28 тұр­ғын үй салынып, 25 тұрғын үй сатып алын­бақ. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері үшін 9 жатақхана бой көтермек. Қазіргі кез­де олардың жобалық құжаттары әзір­ленуде.

«Сөз жүзінде бәрі жақсы-ақ, не жет­пей­ді сонда?» Елімізде қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пә­тер алғысы келіп жүрген кез келген қарапайым тұрғын осылай ойлауы мүм­кін. Бұған дейін облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жүздеген пәтер пайдалануға берілді. Облыс орта­лы­ғындағы ескі үйлер сүріліп, оның ор­нына «Сарыарқа» деп аталатын жа­ңа шағын аудан да бой көтерді. Енді «Достық» деп аталатын жаңа шағын аудан салынбақшы. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары және коммерциялық құрылыс салу есебінен 2032 жылға қарай облыста тұрғын үй қорының алаңын 2,5 миллион шаршы метрге көбейту жос­парланған. Бұл мақсат «Сарыарқа», «Достық» аталатын шағын аудандардың есебінен көбейеді.

Өңірде 27 мың 360 адам пәтер кезе­гінде тұрса, 24 мың 390 адам жеке үй са­луға өтініш білдіріпті. Ал «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларының қатарында 43 мыңнан астам тұрғын бар көрінеді. Бұған жас отбасыларды баспанамен қамту, несиелік үй беру, қаржыландыру бойынша көр­сет­кіштерді қосыңыз. Облыстық әкімдік тұр­ғындар жеке үй салу үшін облыс орта­лығындағы Аэропорт қалашығы жа­ғы­нан жер қарастыру қажет деп отыр. Ақсу, Екібастұз қалаларында да же­ке бас­паналар салуға жағдай жасалса, құр­ылыс қарқыны артар еді.

Жоғарыда біз жазған «Достық» деп ата­латын шағын аудандағы тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге оңтүстік­корея­­лық компания қатысқысы ке­ле­ді екен. Облысқа келген сапарында «SEORIN Construction» компаниясының прези­денті Пак Маниль облыс әкімі Болат Бақауовпен кездесуінде осы туралы айтты. Құрылыс алаңына барып, шағын ауданның даму жоспарымен танысты. Тұрғын үйлерді өз қаржыларына салуға әзір көрінеді. Бұған облыстық әкімдік пәтерлердің бір шаршы метрінің құны 150 мың теңгеден аспау керек деп талап қояды.

Тұрғын үй құрылысын салушы ма­мандар қазір ең алдымен үйлердің эко­логиялық тазалығы мен сапасына ­басты назар аудара бастады. Яғни үйренген «жай үйлер» емес, таңғалдырар «ақылды үйлер» салуға көшті. Құрылыс нақ­ты жо­баға сәйкес жүргізіледі, құжат­та көр­сетілген құрылыс материалдары ғана қол­данылады. Барлық жоба­лар ар­найы са­раптамадан өтеді. Мате­ри­ал­дар­дың сапасы, экологиялық тазалығы тексері­леді. Құрылыста қолданылатын әрбір материалдың сертификаты болуы керек.

Инженер, құрылыс маманы Балтабай Жансеновтің айтуынша, «ақылды үйлерді» энергиялық тиімділігі жоғары тех­нологиялар мен материалдарды пай­даланып тұрғызу аса маңызды. Өйт­кені қазір тұрғындардың энергияны тұ­тыну көрсеткіші бірнеше есе өскені бел­гілі. Сондықтан жылумен қамту жүйе­­сін бас­­қа­руды автоматтандыру, жарық­тан­дыру­дың барынша үнемді құралдары қажет.

Құрылыс компанияларының жау­ап­кершілігін арттырып, мердігер ком­па­нияларды таңдауда қырағылық та­нытып, талаптарды күшейтпесе, жұ­мыс басталмай жатып-ақ бірін-бірі сот­тан-сотқа тартқан жайлар да жиі кез­деседі. Мысалы, былтыр өңірдегі Лебяжі ауданында тұрғын үй салуы тиіс «Алмас+» компаниясы өз міндетін орындай алмаған. Аудандық әкімдік сотқа дер кезінде шағым түсірмеген. Облыс орталығында бассейн құрылысын жүргізбекші болған «Керемет» компаниясына қатысты сот ісі жүруде. Құрылыстың екпінді қарқын алып кетуіне мердігер компаниялардың жа­уап­сыздығы кері әсерін тигізеді. Әлгі әп-сәтте панельді үйді тұрғызып береміз дейтін облыс орталығындағы «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС-ға жергілікті билік тарапынан кезінде жақсы қолдау көрсетілді. Бірақ комбинат жылына 100 мың шаршы метрге дейін үй салу межесіне жете алмауда.

Облыстық құрылыс басқармасының бас­­шысы Рүстем Райысовтың мәлі­м­деу­інше, биыл пайдалануға берілетін тұрғын үйлер көлемінің 300 мың шаршы метрінің 200 мыңы облыс орталығында салынады. Қалғаны Ақсу, Екібастұзда, аудандарда бой көтереді. Әр үйдің қол­данысқа берілу кестесі жасалуда. Облыс­тық экономика және бюджетті жос­парлау басқармасының мәліметінше, осы жылдың алғашқы 5 айында өңірде құрылыс қарқыны азайған. Тіпті биыл 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмеуі де мүмкін.

 Өңірдегі «Нұр Отан» партиясының өкілдері облыс орталығындағы, Ақсу, Екібастұздағы құрылыс алаңдарын жиі ара­лайды. Ұлттық қордан бөлінетін қа­ра­­жаттың мақсатты пайдаланылуын ба­қылау жөніндегі комиссия мүше­ле­рі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойын­ша салынып жатқан нысандардың құ­ры­лысымен танысады. Мысалы, «Б-АДК» ЖШС құрылысын жүргізіп жат­қан Ақсудағы Молодежная көшесі №30 тұрғын үй құрылысы қазір пар­тия­лықтардың қатаң бақылауында. Осы кө­шедегі №28 үйдің құрылысын ком­па­­ния тамыз айында беруді жоспарлап­ты. Бұдан былай әрбір салынатын құрылыс алаңдарын қырағы көздер жиі-жиі аралап тұрмаса, бақылаусыз құрылыстың алға баспасы анық. Ақсуға барған облыс әкімі Болат Бақауов қалада жүргізіліп жат­қан тұрғын үйлер құрылысында жұмыс сылбыр, жеделдік байқалмайды деп қайт­ты. Қала әкімі Николай Дычко тамыз айына дейін үйлердің құрылысын аяқтап, тапсырамыз деп уәде берді. Тіпті Молодежная көшесіндегі бір үйдің құры­лысын жүргізетін мердігер компания­ны ауыстыру мәселесі де туындауы мүм­кін.

Біз мақаланың басында облыстық әкімдікпен арадағы келісімдер бойынша құрылыс бастаған кәсіпорындардың арасында тұрғын үй салу тапсырмасы серпіліссіз қалғандары бар деп жаздық. Ақсуда Еуразиялық топтың (ERG) тұрғын үй бағдарламасы аясында 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүр­гі­зі­луде. Сәтімен аяқталса, шілде айында 70 металлург пәтер алмақшы. Қа­ла­дағы Строитель көшесі, 42 үй­дің құ­рылысын «Еуро­азиаттық энер­ге­ти­калық корпора­циясы» АҚ жүргізуде. Егер су, жылу тар­туға қатысты туындаған мәселелер уақытында шешімін тапса, тұрғын үй ке­шікпей беріледі. Ақсу ферроқорытпа зауы­ты құрылысын бастаған Строитель көше­сіндегі 39, 40 және 41 үйлерді мер­дігер «Таза-Стар» ЖШС салуда. Құрылыс мерзімінен кешігуде.

Ақсу демекші, облыс әкімі Болат Ба­қауов былтыр «өңірде аяқтал­май қал­ған қа­ңы­рап бос тұрған құрылыс­тар­дың бә­рін аяқтау керек» деген тапсырма бер­ген-ді.

– Қалқамандағы, Ақсудағы, Екібас­тұз­дағы салынып бітпеген үйлердің мә­селесін шешіп, өңірде бос тұрған бірде-бір баспана қалдырмау керек, – деген еді облыс әкімі. Ақсудағы, Қалқамандағы, Ленин кентіндегі құрылысы аяқталмаған немесе қаңы­рап бос қалған үйлерді бітіру үшін әрқайсысына 243,2 миллион теңге керек көрінеді.

Осы қаладағы Астана көшесінің бойын­дағы №58 үйдің құрылысының да қашан аяқталары әлі белгісіз. Павлодар – Астана бағытындағы жолдың бойындағы 5 қабатты тұрғын үйлер жартылай құлап, қаңырап тұр. Қорқынышты көрініс, қараған сайын көңіл жүдейді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше