Сырдың сүлей ақыны
Сыр бойы, оның ішінде, Шиелі жері ежелден-ақ тарихи шежірелерге бай, қордалы, құнарлы аймақ екені белгілі. Ұзын аққан ұлы дарияның екі жағалауын он сан ғасырлар бойы жайлап келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың басынан талай қилы кезеңдер, қырғын оқиғалар, тағдыр-талайлар шұбатылып өтті десек болады. Солардың бәрін хатқа түсіріп, халықтың жадында сақтаған кімдер еді? Әрине, сол қалың жұрттың ортасында өмір кешіп қайнаған тіршілік қазанын қанып ішкен, әрқашан зердесінен өткізіп, таразыға тартып, парқын ажыратып беретін ақындары еді. Ақынның да ақыны бар. Қашанда шындықтың бетіне тура қарайтын,“Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоққа” саятын қағидатқа берік ақын-жырауларымыздың артында ескірмейтін есті сөздері – уақыт шежіресінің ала-құла беттері қалды.
Сыр бойы, оның ішінде, Шиелі жері ежелден-ақ тарихи шежірелерге бай, қордалы, құнарлы аймақ екені белгілі. Ұзын аққан ұлы дарияның екі жағалауын он сан ғасырлар бойы жайлап келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың басынан талай қилы кезеңдер, қырғын оқиғалар, тағдыр-талайлар шұбатылып өтті десек болады. Солардың бәрін хатқа түсіріп, халықтың жадында сақтаған кімдер еді? Әрине, сол қалың жұрттың ортасында өмір кешіп қайнаған тіршілік қазанын қанып ішкен, әрқашан зердесінен өткізіп, таразыға тартып, парқын ажыратып беретін ақындары еді. Ақынның да ақыны бар. Қашанда шындықтың бетіне тура қарайтын,“Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоққа” саятын қағидатқа берік ақын-жырауларымыздың артында ескірмейтін есті сөздері – уақыт шежіресінің ала-құла беттері қалды.
Солардың бірегейі – Сырдың сүлей ақыны Бұдабай Қабылұлы еді. Оның атақты “Әйекенің жоқтауы” атты ұзақ толғау-жыры заманында қазақ даласына кеңінен тарап, ауыздан ауызға жетіп, жатталып, айтылып жатты. Мұның ең басты себебі де – біз жоғарыда айтқанымыздай, Сыр сүлейі Бұдабай ақынның үлкен әлуметтік дүрлігу кезеңінде туғанына тартпай, тура шындықты таңдап алып, бүлінуге бет алған екі ұлыс елдің арасын бітістіріп, мәмілеге келтіргені екен. Бұл өзі шын өмірде болған, тарихи деректері сақталған оқиғадан тарайтын әңгіме. Оның қысқаша мазмұн-желісі мынаған саяды. Өткен он тоғызыншы ғасырдың 1880 жылы сол тұстағы Шиелі болысының волостной управителі, ел ішінде абырой-беделі артық Әйекені болыс сайлауы кезінде Тұрсынбай датқаның бел баласы Әлмембет атып өлтіреді екен. Осы қанды оқиғадан соң Арқа жайлаған Арғын жағы әйгілі Ағыбай батырдың соңына ерген қалың қолмен Сырды жайлаған Қыпшақ жағын шабуға аттанбай ма? Сонда Ағыбай батырдың алдынан шығып, қасқайып тұрып Әйекенің жоқтауын айтқан Бұдабай ақынның жырын тыңдаған әйгілі дала батыры: – Менің інімді бір Қыпшақ өлтірсе, бір Қыпшақ қайта тірілткен екен. Әйекенің құны осымен бітсін! – деп кесімді шешімін айтады.
Бұрынғы замандарда ақындардың уәжді сөзін аузы уәлі батырлары осылай сыйлайды екен.
Бұл тарихи әңгіменің егжей-тегжейімен оқырман қауым менің 1980 жылы жазған “Тамыр” повесім арқылы танысуына болады.
Жалпы, Бұдабай ақын шығарған “Әйекенің жоқтауы” авторының көзі тірісінде, 1883 жылы Ташкент шаһарында “Киргизская хрестоматия” атты жинақта (Я.Лютш құрастырған) жарияланыпты. Бұдан кейін белгілі шығыстанушы ғалым Ә.Диваев бұл жоқтауды 1904 жылы “Сырдария облысының материалдары мен мәліметтері” көптомдығына (XI) кіргізген. Содан бері “Әйекенің жоқтауы” көптеген жинақтарда кейде толық, кейде үзінді ретінде үздіксіз жарияланып келеді. Әдебиеттанушы ғалымдар мен зерттеушілер қазақ әдебиетінде бұрынды-соңды кең өріс алған поэтикалық жоқтау үлгілерінің ішінде Бұдабай ақынның осы жоқтауын классикалық нұсқалардың біріне жатқызады.
Әуелі Алла жаратқан,
Екінші сөзім – Мұхаммед.
Бейнетті басқа бір өлім,
Мұхаммедке болса үмбет.
Жылады деп сөкпеңіз,
Жиналып келген әлеумет.
Ақырын Құдай бермесе,
Орнады бізге бір нәубет.
Қарадан шығып хан болса,
Қиын екен хұкімет.
Хұқіметі құрысын,
Тартқызып кетті-ау қасірет!
Осы арада бір айта кететін жағдай – күні бүгінге шейін Сыр бойында Бұдабайдың осы жоқтауын домбыраға қосып айтушы жыршы-жыраулардың мәтінінде әртүрлі нұсқалар кездесе береді. Бұл сірә, ауызекі фольклор дәстүрінен шығатын өнеге болуы керек.
Бұдабай – кең өрісті, кемел ойлы ақын. Өмір сүрген заманына, өсіп-өнген ортасына қатысты ол жырламаған тақырып кемде-кем. Әлеуметтік тартыстар, теңдік пен теңсіздіктің арақатынастары, өлім мен өмір, мәңгілік пен өткіншіліктің парқы – ақынның бізге жеткен өлеңдерінде қысқа да нұсқа қайырылып отырады.
“Кең дүние” өлеңінде:
Кең дүние тарылады қаза келсе,
Жоқ қылмыс табылады жаза берсе.
Болса да таудай биік құлатады,
Кемештеп айналасын қаза берсе.
Жүйрікке жалғыз томар кезігеді –
Айрықша жеке шауып оза берсе.
Пендеге пешенесі бағынбайды,
Өмір – келте қамшының сабындай-ды.
Алланың бергеніне шүкірлік қыл,
Жоғалтқаның бәрібір табылмайды.
Өткенің өкінгенмен қайтып келмес,
Сырдағы сусып аққан ағындай-ды, –
деп толғайтыны бар. Осындай жолдарда қаншама өсиет, өнеге идеялары жатқаны түсінікті.
Немесе:
Қара бақыр түспейді қалтасына,
Жел сөздің жүреді ақын арқасында.
Бұл күнде байдың малын сұрағанша,
Иттен – сүйек, есектен – арпа сұра!
Бұл қайырымдарда күні бүгінге шейін маңызын жоймаған ащы мысқыл, кермек шындық барын байқау тағы қиын емес.
Бұдабайдың айтыс, ақындық жарыстары бір төбе. Осылардың ішінде халық арасына кеңірек тарағаны – Бұдабай мен Қарлығаштың сөз бәсекесі. Бір өкініштісі – деректерде әлденеше айларға созылған деп айтылатын осы ұзақ айтыстан біздің заманымызға ауызша жеткені қысқалау үзіндісі ғана. Соның өзінде де Қыпшақ айтыскері Бұдабай мен Қаңлы айтыскері Қарлығаш қыздың уәжге, қалжыңға, уытқа толы ақындық қуаттары анық байқалады.
Қарлығаш айтады:
Жүзіме күлімдеген қуанасың,
Балаша жылап қойған жұбанасың.
Саңдалмай сен тезірек жөніңді айтшы,
Қаңғырып қайдан жүрген дуанасың?
Бұдабай айтады:
Бұдабай менің атым, түбім – Шашты,
Өлеңмен ерітемін қара тасты.
Жарымай әріптеске жүргенімде,
Құдайым кез келтірді Қарлығашты.
Айтыс бірте-бірте өрлей береді.
Қарлығаш айтады:
Дегенде өзіңбісің, Бұдабайым?
Басында жаулығы жоқ құдағайым.
Сен өзің еркекпін деп көп есірме,
Бір күні алып кетер “тәжік” байың.
Бұдабай айтады:
Қарлығаш, бір сөз айтсам қасарасың,
Көзіңе долылықпен жас аларсың.
Кісіні жарап жүрген қатын дейсің,
Адамдай ұстап көрген қасабасын.
Бұдабай ақын арнау өлеңдерді де аз шығармаған көрінеді. Бірақ соның ешқайсысы қазіргі кейбір ақындарша арзан мақтау, мадақтау үлгісінде емес, өмірлік шындық аясынан аспайды, адамгершілік, татулық, ауызбіршілік, түсінушілік тақырыптарын қозғайды, бақталастықты, күншілікті, дүниепарастықты, малқұмарлықты, мақтанқұмарлықты айыптайды. Әрі осы сөздерін өзіне көңілі жақын, ағайын адамдарына арнап айтады. Мұндай өлеңдердің біразын ол сол тұстағы ел ішіндегі аузы дуалы, ғаделетшіл боп танылған аға досы Әлмембет Тұрсынбай датқа баласына (1829-1909 ж. ж.) қаратып жазады.
Әкең – бай, ағаң – болыс, атаң – датқа,
Сендер бір жолығып ең қалың баққа.
Шатасып өзді-өзінмен, өзіңді ұстап,
Жүрмеңдер шікәс қылып әруаққа.
Пірназар, Смайыл мен Жүсіпназар,
Тіл алсаң мұндай істі қой, мырзалар.
Топталып өзіңді-өзің байқап қара,
Тоқтанып тозған қудан қарға да озар.
Араздық сақтамаңдар іштеріңе,
Құдайға сендің бе, әлде күштеріңе?
Атаңның өстіп жүріп әруағы
Жүрмесін кірмей кетіп түстеріңе…
Бұдабай Қабылұлы жазған осындай өлең хатты оқыған Тұрсынбай датқа балалары бұдан былай өзара басараздықтан тыйылып, қайтадан татулық тізгінін ұстаған екен деп әңгімелер еді кешегі көнекөз қариялар.
Қалың елдің мүддесін қорғап, әділет, адамшылық туын көтеріп жүрген Бұдабай ақынның атағы кезінде өз айналасына, әсіресе, Сыр бойын жайлаған елдің арасына кеңінен танымал болғаны анық. Бұған сол заманның айтулы жүйрік, ділмәрларының аузымен айтылған жолдар дәлел:
Қарадос, Өске, Бұдабай,
Серәлі, Садыр, Орынбай –
Татауы жоқ сөзінде,
Шұбырған көштің жолындай.
(Базар жырау).
Осы заман ішінде
Аттары мәлім дүрлер бар.
Алшаңдаған әр топта
Бедеудей қойған тағалап.
Шәді менен Ерімбет,
Әзілкеш, Абай, Бұдабай –
Бұлардың айтқан сөздері
Әр жұртты кеткен аралап.
(Кете Жүсіп).
Халық ішінде қадірлі,
Үнемі басқан қадамы –
Тимеген жерге табаны,
Теңселген небір жорғадай.
Шернияз, марқұм Бұдабай,
Кетпеген сөзі ұнамай.
(Шораяқтың Омары).
Қыпшақтан шыққан Бұдабай –
Хан ұрдырған қоңыраудай,
Оятқан көпті гүмбірі.
(Тұрмағамбет).
Аманжол Қара Кете Шегебайда,
Құрайтын терме, толғау сөз құрағын.
Орта жүз Қыпшақтағы Бұдабайдың
Артық дейді әркімнен дүрлік жағын.
(Қарасақал Ерімбет).
Енді Сыр сүлейі Бұдабай ақынның қысқаша өмірбаянына тоқталып өтсек керек. Архив бумаларында Бұдабайдың немере інісі Ордаұлы Қанжар келтірген нақты деректер бойынша ақын 1842 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы жеріндегі Керделі мекенінде туып, 1912 жылы 70 жасында қайтыс болады. Сол Керделіде жерленеді.
Қазақы шежіре дәстүрімен таратсақ, Бұдабай – Орта жүздің Қыпшақ ұлысына жатады, оның ішінде – Торы, оның ішінде – Шашты, оның ішінде – Малайдың Бектемір әулетінен. Әкесі – Қабыл, момын, қара шаруадан шыққан адам екен. Өзі айрықша қайырымды, тақуа кісі болған көрінеді. Мәселен, осы Қабылдың мал дегенде жалғыз қара нары бар екен. Отағасы сол қара нарын жетектеп, базар күндері ауылдың ортасына шығып: “Ей, кімге қандай көлік керек? Міне, менің мына қара нарымды ақысыз-пұлсыз пайдалана беріңдер. Күші – сендердікі, сауабы – менікі!” – айқайлап тұрады екен.
Осындай қайырымды, қарапайым отбасында туып-өскен Бұдабай жасынан алғырлық пен зеректік танытып, ауыл молдасынан оқып, ертерек хат таниды. Шығыс ақындарының өлең, дастандарын қотарып оқи бастайды. Өзінің де он төрт, он бес жасында өлеңшілік, ақындық әуестігі байқалып, ауыл-үй арасындағы той-томалақтарда қыз-қырқынға әзіл айтып, айтысып, тартысып жүреді. Кейін есейе келе уәлаятқа аты белгілі дүр ақынға айналады.
Бұдабай ескіше сауатты болғандықтан, өлеңді жазып та, айтып та шығарады екен. Өкінішке орай, ақынның өзі дүниеден өткен соң көп ұзамай оның үйіндегі сүйек сандықта сақтаулы жатқан бума-бума қолжазбалары ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Осы оқыс оқиға жөнінде ел аузында әртүрлі жорамал бар. Соның бірі мынаған саяды. Бұдабай ақынның ауылындағы Палымбет деген қария бірде бұған келіп: “Жасың пайғамбар жасынан асып барады. Ал сен әлі күнге шейін даңғарыңды қағып, өлеңдетіп жүрсің. Шайтанның ісінен тыйылсаң қайтеді?!” – деп кейістік білдіреді. Діндар, тақуа Қабылдың баласы осы әңгімеден кейін “түзу жолға” түсіп, өлеңнен қол үзіп кеткен еді деседі. Архив дерегіне түскеніне қарағанда, Палымбет молда мен ақын Бұдабайдың арасында осындай бір әңгіменің болғанына күмән келтіру қисынсыз. Әйтеуір, ақынның сандық толы қолжазбасының ұшты-күйлі жоғалып кеткені өкінішті шындық.
Бұдабайдың жары Балторы ақылды, көркем әйел болған екен, үш қыз, бір ұл көтеріпті. Ұлы Бақберді ер жетіп, жігіттік жасқа аяқ басқанда қаза тауыпты, артында ұрпақ қалмаған. Бұдабайдың бір қызынан Кеңестік кезеңдегі белгілі жазушы, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыров туады. Ақынның өзі төрт ағайынды: інілерінің аты-жөндері Ордалы, Әйтімбет, Назар. Ақынның көзін көрген көнекөз қариялар оның ұзын бойлы, етжеңді, толық бітімді, ақсары кісі болғаны жөнінде деректер қалдырған. Өзі күнделікті шаруа-тұрмысқа икемсіз, мал жинамаған, кедей торылау өмір кешіпті. Мұны оның ауқатты туыстарына қаратып жазған хаттарынан да аңғару қиын емес. Мәселен, “Мәлібекке” деген өлеңінде:
Мәлібек болысымыз, жаздым арыз,
Көбейіп Бұдабайда кетті қарыз.
Қыз ұзатып, балаға қалың бермек –
Ата мен анасына екен парыз.
Бір келін алайын деп жүруші едім,
Соған да келмей жатыр халім нағыз.
Әр жерге өлең жаздым басты-басты,
Көбейіп қарыз-қауға, қарным ашты.
Жайымды саған айтпай, кімге айтайын,
Әрі бай, әрі болыс, әрі Шашты? –
деп шағынғандай болады. Осындай ақындарды осылай сөйлетіп қойған сұм заман-ай!
Жалпы, Бұдабай Қабылұлының мол мұрасы бізге толық жетпегенмен, оның творчествосы өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарының өзінде ғалымдардың назарын аударып, ғылыми айналымға кіре бастаған. Сол жылдарда ақынның ел арасынан жиналып, жазылып алынған өлеңдері Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырылыпты. Бұл іске мұрындық болғандардың алғы сапында белгілі түрколог Ә.Қоңыратбаев тұрса, одан кейін О.Шипин, И.Жылқыайдаров, М.Байділдаев, Б.Адамбаев т.б. бар еді. Бірақ Бұдабай ақын шығармаларының толық нұсқасы тұңғыш рет 1994 жылы басылып шыққанын айтуымыз керек. (Бұдабай Қабылұлы. Шығармалары. “Мұраттас”, 1994, Алматы). Бұл жинақты құрастырғандар: Нұрмақан Қасымұлы, Мәдіахмет Аяпұлы, Мұхамедрақым Жармұхамедұлы. Шиелі ауданының тумалары әрі тиянақты зерттеушілер ретінде бұл авторлардың тындырған еңбектерін ерекше бағалауға тура келеді.
Бірақ, Бұдабай ақынның көбінше әуелі ауызша жатталып, кейініректе қағаз бетіне түскен шығармалары бүгінгі күні толық жинақталды деп айтуға әлі ертерек. Кейінгі жылдардың өзінде ел жадында сақталып қалған бірлі-жарым өлеңдері табылып жатыр. Ал уақытында Алаш зиялыларының баспанасына, астанасына айналған анау Ташкент шаһарында шығып тұрған қазақ тілді басылымдардың – газет, журналдардың тігінділерін ақтарып, мұрағаттарын сүзгілеп шыққан көзі жіті, көңілі сергек оқымыстыларымызды талай қымбат олжалар күтіп тұруы әбден мүмкін.
Мына біздер, “алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің түлектері” атанған ұрпақ, аға буын әу баста ауылда туып, ескі қоғамның етегіне оранып, жаңа қоғамның бесігінде тербелсек те, бәрібір сол баяғыдан қалыптасқан байырғы көне тұрмыс, көне таным-түсініктің ортасында жүріп, сөз ұғатын жасқа келгенде ауыз әдебиетімен ауызданып, сол бұрынғы ақын, жыраулардың әуездерін құлаққа сіңіріп, көкірегімізге түйіп өстік. Сондықтан да, біз қазіргі “интернет ақындарға” емес, баяғы өзімізге үйреншікті “қазақи ақындарға” жақынбыз. Өйткені, біздің бүгінгі мың сан ой азаптарымыздың тамыры тым әріде жатыр. Бүгінгі мың сан талқылауларымыз бен сан-сапалақ сұрақтарымыздың біраз жауаптарын да сол жақтан табуға болады деп ойлаймыз.
Оразбек СӘРСЕНБАЙ,
жазушы.