Президент • 05 Сәуір, 2019

Арды ойлайтын кез келді

890 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Арды ойлайтын кез келді

Біз әуелден болашаққа сенім­мен қараған ел едік! Ел тәуел­сіз­дігінің жиырма жеті жылдық тарихының аса күрделі де қиын, тіпті тағдыршешті кезеңдерінде қазақ халқы және де барша қазақ­стандықтар өздері таңдап сайлаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа деген сенімдерін бір жоғалтып көрген емес-ті. Ел Елбасына сенді! Елбасы еліне сеніп, Қазақстан атты Отанымыз тәуелсіздіктің абыройлы жолымен жүре отырып, іргетасын бекемдеп, қабырғасын нығайтып, тұғырлы биікке көтерілдік. Алайда биіктікте тұрып қалудың да өз қиыншылығы бар екендігі әлмисақтан белгілі жайт. Биікке көз қадайтындар да, сол биікке ұмтылатындар да аз болмаған қашанда!

Міне, Қазақ елінің абыройлы биігінде тұруын ойлаған Елбасы өзінің отыз жылғы билігін, билігін емес-ау, сол отыз жылғы күні-түні бел шешпей жасаған еңбегін, әлемдік аренаға салған жолын өз еркімен беріп, ел тәуелсіздігін сақтауды аманаттап тапсырды.

Елбасыдан ел тізгінін қабылдап алған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тұңғыш Президентімізді ХХІ ға­сырдың ұлы перзенті деп бағалап, құрмет көрсетуі әбден орынды болатын. Және де Астана қаласының Нұр-Сұлтан қаласы болып қайта аталуы да елдігіміздің бір белгісі еді.

Ел Президентінің осы сұх­бат­ында: «Елбасы іс жүзінде тәуел­сіз елдегі саяси басқару мен са­бақ­тастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді. Менің де Президент ретіндегі негізгі ұстанымым мен өмірлік көзқарасым осы бағыттан ауытқымайды», – дегенін ел бірлігін одан әрі сақтап, нығайтуға кепіл сөз есебінде ұғынарымыз бар. Өйткені біз – ел бірлігі бәрінен де қуатты, бәріне де төтеп бере ала­тын алынбас қамал екендігіне әб­ден көз жеткізген халықпыз. Ата-бабаларымыз ұрпақтан-ұрпақ­қа ағайынның татулығын, елдің бірлігін тектен-текке аманаттап отырмаса керек-ті. Егер де Қазақ­стан тәуелсіздігінің жиырма жеті жы­лында әлемнің абыройлы мем­лекеттерінің бірі ретінде танылса, ол осы ел бірлігінің жемісі болатын. Соны ұғынсақ етті әрдайым!

«Екінші ұстанымым – әділет­тілік, – дейді Президент. Бәре­келді! – Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастау алатын, ата-бабамыздан дары­ған, ежелден қанымызға сіңген құн­дылық болатын. Оны жоғал­тып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алу­мен бірдей. Әділеттілік салта­нат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан әділет­сіз­дік­пен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын, бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ».

Қасым-Жомарт Кемелұлының әділеттілік жайлы тарқата айтқан бұл ойын ең әуелі мемлекеттік органдар, сол мемлекеттің құзырлы заң орындары өз қаперлеріне алғаны ләзім. Халықтың билікке деген сеніміне қылау түскені рас! Қолында билігі болып келгендердің өздері ғана есіріп өмір сүрмей, аузындағы ана сүті кеппеген олардың балаларының да, туған-туыстарының да астамшылық қылықтары жайлы халық аз айтып жүрген жоқ. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген әлмисақтан бергі сөз бар. Сол халық қолындағы билігі мен байлығының буына пісіп, ар мен адамгершіліктен, кішіпейілділік пен ізеттіліктен жұрдай болып бара жатқандарға наразы.

«Қоғамдық құндылықтар – сан ғасырлар бойы халықтың санасында пісіп-жетілетін ізгілік категориялары, моральдық іргетас. Ізгі құндылықтар – қоғамның иммунитеті. Алайда, әр заманның, әр қоғамның өне бойына батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерттер болады. Жемқорлық – сол қоғамдық санаға сына қағатын қасірет. Бүгінде жемқорлық қоғамдық өмірдің көптеген тұстарын жайлағаны жасырын емес», – деген Президенттің осы бір айтқанын тарата сөйлер болсақ, соңғы жылдары Қазақстанда осы жемқорлық үшін кім жазаланбады дейсіз?!. Кезінде Үкімет басқарған, облыс басқарған, министр сияқты биік лауазым иелерінен бастап, түрлі сипаттағы және түрлі дәрежедегі ұсақ-түйек жемқорларға дейін айыпталып жатса да, осы жемқорлық атау­лы тыйылар емес әлі де. Не жетпейді деп ойлайсың! Адамның ішкі мәдениеті жетпей ме деп ойлай­мын! Ішкі мәдениет деп отыр­ғанымыз – сана түйсігі. Сол сана түйсігіндегі ар мен ұяттың көзі ашылмай қалғандай.

Осы орайда Қасым-Жомарт То­қаевтың: «Ең бастысы, қоғамдық пікірге, әр адамның санасына осы кеселге үзілді-кесілді қарсы тұра­тындай күш пен сенімді сіңірмесек, түпкілікті өзгеріс жасамасақ, барлық әрекетіміз нәтижесіз күреске айналуы мүмкін» – деген пікірін алға тарта отырып, мына бір ойға тоқтар едік. Жемқорлық сияқты кеселге заңмен де күресу керек, әрине! Сонымен бірге сана арқылы да тосқауыл қою керек! Бұл енді адам тәрбиесінің ісі!

«Даңғазалық, ысырапшылдық. Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қа­жет. Осы туралы бұрынырақта, әлеу­меттік желіде пікірімді де жаздым» – деген Президенттің бұл айт­қаны бүгінгі қазақ қоғамында өзекті мәселе болып тұрғаны анық. Сол даңғазалық пен ысырап­шылдық қазақтың бүгінгі «өмір салтына» айналып барады деп те айтуға болар еді. Тағы да сол даңғазалық пен ысырапшылдық қазақтың түрлі тойларында менмұндалап тұрады. Тағы да сол даңғазалық пен ысырапшылдық қазақ тойларының берекесін кетіріп барады. Ессіз есерліктің сырқатына ұшырағандаймыз. Бұл келіп бәсекелестік, мақтаншақтық, тіпті надандық кеселін өршітіп бара жатқандай. Той басқарудан, немесе тойларда екі-үш өлең айтып тапқан «ақыларымен» салған хан сарайындай үй-жайларын теле­дидар немесе әлеуметтік желі арқылы көрсетіп жатыр біздің кейбір «жұлдыздарымыз». Сон­дайда Абай хакімнің «өзіңде бармен көзге ұрма» атты қағидасын біл­мейді-ау осылар деп ойлап қа­латының болады. Бүгінгі надан­дық­тың басы осы емес пе екен?!.

Ел болашағы үшін ойланар жайт та, білек сыбанып тастап атқарар шаруа да аз емес. Осы­лар­дың барлығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында толық әрі жан-жақты айтылады. Ел болудың жаңа бір кезеңіне кіріс­кен осы бір үмітті шағымызда әр­қайсымыз ақыл-парасатқа жүгіне отырып берекелі іс қылайық, есті де жөн сөз сөйлейік!


   Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


   КӨКШЕТАУ



Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024