29 Наурыз, 2013

Болашаққа балта ұрған

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Болашаққа балта ұрған

Жұма, 29 наурыз 2013 1:41

құрылыс мекемелері спорт нысандарынан 68 млн. теңге ақшаны қолды еткен

«Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім», деген екен баяғыда бір мысық. Біздің Атыраудың кейбір құрылыс мекемелерін басқарушылар да қазір тап сол мысықтың кейпін кешіп жүр. Жерде жатқаннан жонып жеп үйренген оларға қандай құрылыстың қазынасына қол сұқса да бәрібір, тек теңге тілеп, бүлкілдеген жемсауларын толтырса болды. Солардың бірқатары аймақтың бұрынғы басшысының тұсында спорт нысандары құрылысын салудың өзінен ғана 68 млн. 323 мың 225 теңге қаржыны қолды етіпті.

Жұма, 29 наурыз 2013 1:41

құрылыс мекемелері спорт нысандарынан 68 млн. теңге ақшаны қолды еткен

«Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім», деген екен баяғыда бір мысық. Біздің Атыраудың кейбір құрылыс мекемелерін басқарушылар да қазір тап сол мысықтың кейпін кешіп жүр. Жерде жатқаннан жонып жеп үйренген оларға қандай құрылыстың қазынасына қол сұқса да бәрібір, тек теңге тілеп, бүлкілдеген жемсауларын толтырса болды. Солардың бірқатары аймақтың бұрынғы басшысының тұсында спорт нысандары құрылысын салудың өзінен ғана 68 млн. 323 мың 225 теңге қаржыны қолды етіпті. Сонда олардың бұл мекендер өз балалары мен немерелерінің кемел келешегі үшін салынып жатқанына да пысқырып қарамағандары ғой.

Бірақ қашанда «мың асқанға – бір тосқан» бар. Ақыры оларды да облыстық прокуратура қызметкерлері тұнық судың айдынына тартып шығарып, көн жамылған беттерін жалпақ жұртқа көрсетіп берді. Негізінде адамдық пен арды аяққа басқан бұл әрекеттер облыстық құрылыс басқармасы тарапынан ұдайы қолдау тауып отырған. Соның нәтижесінде жұмыстарды толық орындамау немесе сапасыз атқару фактілері жиі орын алған. Ал басқарманың 2008-2012 жылдар аралығындағы жұмыстарына тексеру жүргізген прокуратура қызметкерлері көптеген құқық бұзушылықтардың үстінен түскен.

Бұл жылдары «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдардың аяқасты етілген тұстары шаш етектен. Соның бірі – жобалық-сметалық құжаттарының болмағанына қарамастан, құрылыс жұмыстары жүргізіле берген. Мердігерлер тарапынан алғашқы бөлінген қаржының жеткіліксіздігі туралы ұсыныстар енгізілмесе де, барлық құрылыс нысандарының сметалық құны үнемі себепсіз ұлғайтылып отырған. Және бір қызығы, соның бәрінде белгілі бір құрылыс мекемелері конкурстың жеңімпазы болып танылып отырған.

Ал мердігер атанған мекеме құрылыстың көлемін сапасыз орындағанына немесе мүлдем орындамағанына қарамастан, бюджет қаржысын ешбір кедергісіз алып тұрыпты. «Ұялмаған бұйырмағаннан алады», деген осы. Алайда, алған нәрсені еселеп қайтаратын да кез туады екен.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.