Аймақтар • 04 Қазан, 2019

Халықаралық экспедиция мүшелері ортағасырлық Сарай Бату, Сарай Берке шаһарларының орнында болды

618 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жошы Ұлысы астаналары «Сарайшық – Сарай-Бату – Сарай Берке қалалары ізімен» атты халықаралық экспедициясы Ресейдің Астрахань облысы Харабали ауданы Селитренный селосы маңындағы ортағасырлық Сарай Бату қаласы орнындағы археологиялық зерттеу жұмыстарымен танысты.

Халықаралық экспедиция мүшелері ортағасырлық Сарай Бату, Сарай Берке шаһарларының орнында болды

Алтын Орданың астанасы болған алып шаһардың орны бүгінде ұзыны 15, ені 3-8 километрге созылып жатыр екен. Йошкар-Оладағы Мари Эл мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Евгений Пигорев экспедиция мүшелеріне көне қаланың тарихынан көптеген қызықты деректерді айтып берді. Осы мекенді отыз жылдан бері зерттеп жүрген танымал ғалымның айтуынша, бұл шаһар өз заманында Сарай әл-жәдид аталған. Өз сөзінде Алтын Орда қалаларын бір-бірімен сабақтастыра зерттеудің маңызы зор екеніне тоқталған Е.Пигорев қазақстандық зерттеушілердің келуін оң бағалады. Экспедиция жетекшісі «Сарайшық республикалық тарихи мәдени музей кешенінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұхтар да Алтын Орда мемлекетінің тарихында әр шаһардың өз орны болғанын, оны толық білу үшін екі ел зерттеушілері өзара ақпарат алмасып қызмет етуі қажеттігін ортаға салды.                

Экспедицияның 3-нші күні Волгоград облысы Ленин ауданы Царев селосы маңындағы Сарай Берке қаласының орнына келген экспедиция мүшелері тарихи мекеннің жер бедерін көзімен көріп, құпиясын қойнына жасырған төбелерді аралады.

Соңғы қазба жұмыстары 1970 жылдары болған шаһар орны күтімсіз, қоқыс орнына айналыпты. Көне кірпіш сынықтары мен қазіргі тұрмыстық қалдықтар араласып кеткен. «Федералдық деңгейіндегі ескерткіш, мемлекет қорғауында» деген ескерту тақта болмаса, заманында әлемнің кіндігі, шулы шаһар болды деуге адам сенбейтіндей...     экспед                      

Ғалымдар соңғы жылдары «Сарай Берке атап жүрген шаһардың атауы Гүлстан болса керек» деген болжамға ден қойып келеді екен. Бұған дәлел - қазба орнынан табылған тиындар, өзге де жәдігерлер.      

Осы сапарда ерекше есте қалған көрініс - Ресей кинематографтарының «Орда» фильмін түсіру үшін салынған көне қала макетін тамашалау болды. Ортағасырлық көшпелі түркі мәдениеті, шығыстық ислам мәдениеті тоғысқан көне қала ғимараттары өте нанымды салынған. Бүгінде мұнда алыс-жақыннан арнайы келіп, тамашалаушы туристер өте көп екен. Әбілсейіт Қапизұлы Сарайшық қаласы орнында да осындай кешен салынар болса, турист тартуға оң әсер етеді деп санайды.                  

Бұдан кейін экспедиция Волгоград облыстық өлкетану музейде болды. Музей директоры Анатолий Мельченко  экспедиция мүшелерін өте жылы қарсы алды. Қонақтар музейдің археология және Алтын Орда тарихы залдарын аралап көрді. Өте бай экспозиция, ол жәдігерлерді көрермен назарына ұсыну жолдары үйренуге, тәжірибе алмасуға тұрарлық.               

                 экспед

Кездесу соңында Сарайшық және Волгоград өлкетану музейлері басшылары өзара байланыс, іскерлік қарым-қатынас турасында уағдаласты.                                  

Бұдан кейін халықаралық экспедиция мүшелері Волгоградтағы Мамай қорғаны - Отан-Ана әскери-патриоттық кешенін аралады. Бұл биік төбенің атауы Алтын Орда ханы Мамайдың есіміне байланысты.        

Айта кетейік, халықаралық экспедицияны қаржылай қолдаған - Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.