Мамандар есебі көрсетіп отырғандай, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы адамзат денсаулығының басты кепілі – гендік өзгерістерге ұшырамаған, гербицидсіз, антибиотиксіз азық-түлік екенін алдыңғы қатарлы елдердің түсіне бастаған сәтіне дәл келіп отырғанын ерекше атап айтуға болады. Бүгінгі таңда әлемде органикалық өнім өндіруге табиғи-климаттық мүмкіндігі бар елдер көп емес. Бұл орайда қазақ жерінің аграрлық әлеуетін уақытында пайдалану көрегендік болар еді.
Әрине табиғи таза ақуыз көзі – кең байтақ жайылымдарда етті бағыттағы мал. Яғни, төрт түлік санын көбейтіп, мал шаруашылығын жаңа жолға қойып, саланы өркендету керек. Саланы өркендету үшін толыққанды жаңаша тәсілдерді қолдану кезек күттірмейді. Осы орайдағы кейбір ойларымызды бір ғана мысал төңірегінде өрбітіп көрейік.
Жайылымдық жері бар фермердің басты мақсаты – өрісін малға толтыру, бірақ оны мемлекет тиімді түрде қолдамаса, ол мақсатына өз бетінше жетуі мүмкін емес деуге болады. Осыған дейінгі шетелден мал сатып алуға арналған бағдарламалардың қиындығы, шаруаларға ыңғайсыз тұстары көп болды. Мәселен, жаңадан ашылған фермер Ауыл шаруашылығын қолдау қорының көмегімен «Сыбаға» бағдарламасы арқылы іс бастағысы келді делік. Берілетін ақшаның шегі кепілге қоятын мүлкінің көлеміне қарай 70 млн теңгеге дейін жетеді. Ал осынша мүлік шаруамен шұғылданғысы келген адамдардың басым бөлігінде жоқ. Кепілге қоятын мүлік – ірі қалалардағы үй-жай болмаса, ауылдық жердегі жылжымайтын мүліктердің құны тым төмен. Кепілге шаруаға тиесілі мүлік құнының 50 пайызына дейін ғана қабылданады. Қысқасы, 70 млн теңге несие алу мүмкін емес.
Жарайды, 70 млн-ды алды делік. Оның 60-65 млн теңгесі шет елдерден 100 бас тұқымды аналық мал алуға кетеді, қалған 5-10 млн шөп шабатын техника алуға да жетпейді. Ал қора, үй, басқа да инфрақұрылым салуға, шөп шабуға, алғашқы жылы еңбекақы төлеуге қаржысы қалмайды. Сонда малды кім, қалай бағады? Адамдар қайда тұрады? Бұған дейінгі ауылшаруашылық саласындағы бағдарламалардың орындалмай қалуының негізгі себебі осы. Ал сатып алынатын мал басы және сол мал басына шақ келетін жер телімі ғана өз құнымен кепілге алынып, тиісінше қаржы берілсе – бұл несие беруші үшін де, шаруа үшін де тиімді болар еді. Мұнан басқа да несиелердің түрлері – тауарлы лизинг, «Қазагро» кепілдігімен бөліп төлеу сынды жолдары қарастырылса құба-құп. Тәуекел етпей табысқа жету мүмкін емес. Жер телімінің артылып қалған бөлігі қора-қопсы, үй-жай салуға, жем-шөпке, адамдарға бастапқы еңбекақы төлеу мақсаттарына несие қаражатымен қамтамасыз ету үшін кепілдікке алынуы керек.
Егер фермер әрі қарай даму мақсатында жеріне қосымша құрылыс жүргізіп, жаңа нысан салмақ болса, басқа мүліктері есебінен несие беру жолдарын ойластыру қажет. Бұл жерде фермер төлемей қояды деп қорқудың да қажеті жоқ, себебі фермада салынған нысан ешқайда кетіп қалмайды. Артылған жер телімі салынатын, салынған нысандар фермерлердің әлдеқандай тәуекелдер жағдайына резерві ретінде болуы керек. Олай дейтініміз, қолда барын түк қалдырмастан кепілге қою психологиялық және материалдық жағынан адамның көңіл күйіне кері әсер етеді. Ал жақсы көңіл күй болмаса, шаруаны қызығушылықпен жүргізбесе, жұмыс жүрмейтіні айқын. Қосымша қоры жоқ бизнес қауіп-қатерге бейім келеді және мұндай көріністер инвесторлар үшін де жағымды бола қоймайды.
Мал шаруашылығына арналған несиелердің жеңілдетілген кезеңі 3 жылдан кем болмағаны және мерізімі келгенде оның қайтарымын натуралды жолмен өтеу жолдары ойластырылса, бұл екі жаққа да жеңіл болып, берілген несие қаражатының қайтарымы жеңілдер еді.
Әрбір іс бастайтын шаруаның жағдайына тиісті мекемелер жіті назар аударып отырғаны жөн. Өйткені ауыл шаруашылығында, әсіресе мал шаруашылығына қатып қалған қағидалар жарамайтын, жалпыға бірдей стандаттар келмейтін жағдайлар жиі кездеседі. Әр фермердің жер көлемі, шаруашылығының мүмкіндігі әрқилы болады. Фермерлерге ыңғайлы жағдай туғызу сала үшін жетістік кепілі болары сөзсіз.
Ғалымдардың пайымдауынша, алдағы уақытта мал басының өсу қарқынына жем-шөп өндірісі ілесе алмай қалуы ғажап емес. Сондықтан жерінде шөп қоры мол шаруаларға жеңілдіктер қарастырылып, аналық малды көбірек сатып алуларына қолдау көрсету үдеріс қарқынын күшейтеді.
Ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болуы керектігі Мемлекет басшысының тарапынан межеленіп, Үкіметке тиісті тапсырмалар жүктелді. Бұл саланың өркендеуінің экономикалық қана емес, халықтың әлеуметтік және моральдық-психологиялық астары бар. Жас ұрпақ ата-бабаның тарихи мекенін, ауылдық жерді көріп-біліп, ауылдың өркендегеніне куә болып өсуі керек. Сонда ол қай қиырда, қандай биікте жүрсе де ауылын сағынышпен, мақтанышпен еске алып жүрер еді. Бұл жас азаматтардың бойына патриоттық дәнін себудің бір көрінісі.
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы туралы ақынның:
Қайран, Қарашаңырақ ,
Кетіпсің аласарып-ақ,
Тұрысыңды қарашы,
Менен араша сұрап, – деген өлеңі түрлі ойларға жетелейді. Ауыл қазір заманның қыспағында қалып, азаматтарынан араша сұрап тұр. Ал оған араша болудың бірден-бір жолы – атакәсіпті өркендету болмақ.
Шүкірбай ТОКЕЕВ,
ветеринария ғылымдарының кандидаты