Парламент • 11 Ақпан, 2020

Кедергісі көп киім-кешек өндірісі

374 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Парламенттік тыңдауға дайындық барысында былғары және аяқ киім өндіруші кәсіпорындардың басшыларымен кездесу өткізді. Онда еліміздегі былғары, тері және аяқ киім өндірісі саласының түйінді мәселелері қаралды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.

Кедергісі көп киім-кешек өндірісі

Статистика бойынша, бүгінгі күні Қазақ­станда 1071 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде киім-кешек өндіретін 632, текстиль өнімін шығаратын 322, тері және онымен байланысты өнім шығаратын 117 кәсіпорын бар.

«Azala» компаниясы бақы­лау­шылар тобы кеңесінің төрағасы Бауыржан Жамалов өз баяндамасында отандық текстиль өнімдеріне деген жоспарлы сұраныстың жоқтығын алға тартты. 

Ол офф-тейк-келісім жасаудағы қиын­дық­тарға тоқтала келіп, оның тапсырыс шарты­ның өзгеруімен байланысты екенін айтты. «Айтар болсақ, біз 2016 жылы Қорғаныс минис­трлігімен келісімге қол қойдық. Алғашқы келісім 5 жылға дейін ұзарту мерзімімен 3 жылға жасалды. Сондай-ақ бізге қосымша 5,3 млрд теңге инвестиция құю міндеті артылды. Біз құрал-жабдықтарды сатып алып, кеңейе бастадық. Араға 2 жыл салып, ми­нистрлік 100 па­йыз мақта өнімінің орнына қос­палы мата болу керек деген өзгеріс енгізді. Біз тағы 1 млн 200 мың АҚШ долларына қа­жетті құрал-жабдық сатып алып орнаттық. Өткен жылы ол аз деп, енді полиуре­танды жабын жасау керектігін айтты. Желтоқ­сан айында Қорғаныс министрлігіне 60 мың метр мата жеткіздік. Алайда олар 5 жылдық ке­лі­сімшартты бұзумен қатар, полиуретанды жабыннан да бас тартты. Бұл біз үшін қиын, бұлай жұмыс істей алмаймыз. Инвести­ция құямыз, ал министрлік офф-тейк келісімді жоққа шығарып отыр», деді Б.Жамалов.

Сондай-ақ оның айтуынша, Қор­ғаныс министрлігі бір апта бұрын жаңа тендер жариялап, оның қорытындысы 3 күннің ішінде белгілі болған. Сонымен қатар тендерге қатысты ал­дын ала хабарландыру және бай­қаудың шарты жарияланбаған.

Дариға Назарбаева аталған мәселені қолданыстағы заң аясында қайта қарауды ұсынды. «Өндіріс толық көлемде жүріп жатқанда, келі­сімді бұзып: Біз енді жаңа шартпен жұмыс істейміз деп қалай айтуға болады? Осы орайда, құрметті әріптестер, мен сіздермен келісімшарт жасасуға қойылатын қатаңдату талаптарына қатысты заңды қайта қарауды ұсынамын. Әсіресе мемлекет кәсіпорындармен келісімшарт жаса­ған жағдайда», деді Д.Назарбаева.

Қазақстандағы былғары жә­не тері өнімдерін қайта өңдеу қауым­дас­тығының төрағасы Бейбіт Рақым­ғалиев өз сөзінде еліміздегі осы саланың дамуындағы мәселелерді көтерді. Нақты айтқанда, Семей был­ғары және тері комбинатының жұмы­сына тоқталды. «Мемлекеттік қаржы институттарының өз кестесі болды. Ол бойынша институт ғима­рат құрылысын, оның құрал-жаб­дық­тарына қаражат бөледі. Ал одан кейінгі жылыту жүйесі мен желі­лерге қосылуға қаржы бөлмейді. Содан соң ол проблемалы жобаға айналады. Яғни, ол үшін мемлекеттен миллиардтаған қаржы жұмсалады, бірақ аталған кәсіпорын жұмыс істемейді. Қазір тері фабрикасының құрал-жабдықтары далада қалды. Жарты жыл бұрын ондағы барлық жұмысшылар жұмыстан шықты. Сондай-ақ зауыт станоктары қолай­сыз ортада тұрғандықтан уақыт өте келе жарамсыз болып қалды. Құны 300-400 мың еуро тұратын станоктарды тот басуда. Егер зауыт жұмысын күні ертең жандандырмаса, ондағы құрал-жабдықтарды лақтыра беруге болады», дейді Б.Рақымғалиев.

Одан бөлек, «Samhat» аяқ киім жасау компаниясының директоры Самал Тілеубаева аталған саладағы маман тапшылығымен қатар, балаларға арналған аяқ киімдердің сапасын қатаң бақылау проблемасын көтерді.

«Басты проблема, өзіміздің ішкі нарықтың 2 пайызын да жаба алмай отырмыз. Бізде аяқ киім өнді­руде ұлттық стандарт жоқ, сондық­тан на­рыққа сапасыз балалар аяқ киімі түсе­ді. Атап айтқанда, гранитоль секілді зи­ян­ды материал қолданылады», деді ол.

Өз кезегінде Д. Назарбаева контра­бан­далық жүктердің негізгі бөлігі былғары өнімдері, киім-кешек және ойын­шықтарға тиесілі екендігін баса айтып өтті.

«Өнімдердің сапасын еш­кім тексермейді, ал ол біздің экономи­камызға, мемлекет қазынасы мен аза­маттарымыздың денсаулығына үлкен зиянын келтіреді. Себебі шекарадан жүктер бақылаусыз өтеді. Олардың ешқандай сертификаты жоқ, зертханадан өтпеген және өнімнің қандай материалдан жасалғанын ешкім қара­майды», деді ол.

Кездесуді қорытындылай келе, Парламент Сенатының Төрағасы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне жиын­да көтерілген мәселелерді зерттеп, Парламенттік тыңдауға әзірлеуді тап­сырды.