«Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қоры 2011 жылдан бастап сал ауруына шалдыққан балаларға оңалту қызметін көрсетіп келеді. Алғашында қор балалар үйіндегі ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдерді шетелге емге жіберіп отырған. 2014 жылдан бастап оңалту орталықтарын ашып, бүгінге дейін 4974 балаға тегін оңалту қызметін ұсынған. Елордадағы №2 қалалық балалар ауруханасында орналасқан «Қасиетті жол» оңалту орталығында 50 бала ем алуда.
«Қасиетті жол» оңалту орталығының директоры Айнұр Нұрқожаеваның айтуынша, елімізде 3 айдан 15 жас аралығында сал ауруына шалдыққан 26 мыңнан астам бала бар. Бұл тек тіркелгендері. «Республика бойынша үш оңалту орталығы бар. 2 жастан 15 жасқа дейінгі балаларды емдейтін «Қасиетті жол» оңалту орталығы мен 3 айдан 2 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын «Балапан» ерте араласу орталығы астанада орналасқан. Елімізде сал ауруына ең көп шалдыққан балалар оңтүстік аймақта тіркелгендіктен, Шымкент қаласында «Kzhol Shymkent» оңалту орталығы жұмыс істейді. Онда 3 айдан 15 жасқа дейінгі балалар ем қабылдайды. Оңалту уақыты 21 күнге созылады. Жылына үш орталықта 1560 бала оңалтудан өтеді», дейді ол.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеушілік ететін қайырымдылық қоры бұдан бөлек «Қазақстан жақсылық жасайды» деген жобаны жүзеге асырып келеді. Онда әрбір белсенді тұрғын 365 теңгені қайырымдылыққа жұмсау арқылы балаларды оңалтуға мүмкіндік береді. «Біз негізінен аз қамтылған отбасы, көп балалы отбасы және отбасында екі мүгедек бала болған жағдайда құжаттарын қабылдаймыз. Бұдан бөлек Балалар үйінен 10 шақты бала келеді. Сал ауруына шалдыққан балалар да қоғамның бір мүшесі, біз істей алатын нәрселер олардың да қолынан келеді. Сондықтан оларды кемсітпеуіміз керек. Бүгін біздің кішкентай емделушілеріміздің біреуі логопед, біреуі психолог, біреуі дефектолог, логопед болып қонақтарды қабылдап жатыр», дейді Айнұр Нұрқожаева.
Іс-шара соңында оңалту орталығында емделіп жатқан балалар өздерінің өнерін көрсетті.