Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның мәліметінше, құстардың қырылуы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарында тіркеліп отыр. Дәлірек айтсақ, осы облыстардағы 26 ауданның 47 елді мекенінде келеңсіз жағдай орын алған. Оның ішінде жеке ауладағы қырылған құстардың нақты саны – 12 926.
Жалпы, мұндай жағдай Солтүстік Қазақстан облысының 11 ауданындағы 27 елді мекенде орын алды. Бұл ретте 8 ауданның 23 елді мекенінде құс тұмауы расталды. 17 қыркүйектен бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өңірдің 7 ауданы – Тимирязев, Жамбыл, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов және Мағжан Жұмабаев аудандарынан, сондай-ақ Айыртау ауданының бір ауылдық округінен құс және құс өнімдерін шығаруға уақытша шектеулер қойды.
– Ақмола облысына қарасты бес ауданның 9 елді мекенінде 286 құс өлген. 19 қыркүйектен бастап Жарқайың ауданында шектеулер енгізілді. Сондай-ақ Қостанай облысының 6 ауданында 505 құс өлгені анықталды. Бұдан бөлек Павлодар облысының үш ауданында 1463 құстың қырылу фактісі тіркелді. Сонымен қатар Қарағанды облысы Нұра ауданының бір елді мекенінде 43 құстың өлуіне байланысты зертханалық жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан Гүлмира Исаева.
Осы орайда Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті биыл 4 тамыздан бастап Ресеймен шекаралас өңірлерден тірі құс пен құс өнімдерін әкелуге шектеу қойғанын атап өткен жөн. Себебі көрші елде құс тұмауының таралуы осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Іле-шала шекаралас аймақтардағы эпизоотикалық жағдайды бақылап, қадағалау үшін облыс әкімдіктері жанынан жедел штабтар құрылды.
– Дәл қазір құстар жылы жаққа ауып жатыр. Солтүстіктен оңтүстікке бағыт алған құстар Қазақстан аумағынан да өтеді. Олар жолай суқоймаларға аялдайды. Осылайша құс тұмауын үй құстарына да жұқтырған. Алдымен даладағы жабайы құстар өле бастады. Кейін жеке ауладағы құстар қырылды, – деді вице-министр.
Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, Қазақстанда таралған құс тұмауы (Н5N8) Ресей Федерациясындағы вируспен бірдей. Тұмаудың тек Н5N1 түрі ғана адамға жұғады.
– Бұл адам денсаулығына қауіпті емес. Адамнан адамға жұқпайды, таралмайды. Оны коронавирус инфекциясымен байланыстырудың да қажеті жоқ. Аталған вирустың адамға жұғуы сирек кездеседі. Оның өзі індетті жұқтырған тірі немесе өлі құспен қауіпсіздік шараларын сақтамай, тікелей байланысқа түскенде ғана жұғады. Тиісінше, қазір адамдар арасында құс тұмауын жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. Санитарлық-эпидемиялық бақылау қызметі індет ошағы ретінде тіркелген құс фабрикасында жұмыс істеген 400 адамды анықтады. Медициналық бақылауға алынды. Олардың жағдайы – қанағаттанарлық деңгейде. Қазір елдегі жағдайға байланысты құс өнімдерін бақылау жұмыстары күшейді, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Гүлмира Исаева шектеу шаралары індетті өзге өңірлердегі құстарға жұқтырмау мақсатында қолға алынып отырғанын жеткізді.
– Құс тұмауы анықталғаннан кейін республикалық қордан 1,4 млн доза вакцина бөлінді. Ол 4,7 млн құсты егуге жетеді. Сондай-ақ бүгін тағы қосымша 1 млн доза вакцина жеткізіледі. Бұған 3,5 млн құсты егуге мүмкіндік бар. Жалпы, жыл басынан бері комитет өңірлерге құс тұмауына қарсы 3,4 млн доза вакцина үлестірген. Соның нәтижесінде жеке ауладағы 11,8 млн құс уақтылы егілді. Статистика бойынша Қазақстанда 46,7 млн құс тіркелген. Оның 14,7 млн-ы жеке аулаға тиесілі. Яғни, бөлінген вакцина үй құстарын егуге толық жетіп тұр, – деді Г.Исаева
Уақытша шектеулер қойылып, карантин енгізілген елді мекендерде республикалық эпизоотияға қарсы отряд жұмыс істеуде. Аталған мамандандырылған ұйым аса қауіпті аурулардың ошағын оқшаулаумен және жоюмен шұғылданады. Бүгінде 220 адам осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Арнайы техникалар да жұмылдырылған. Олар өлген құстарды жоюмен, дезинфекция жұмыстарымен айналысуда. Сондай-ақ қырылған құстар бойынша өтемақы төлеу де дәл осы отрядқа жүктелген.
– Әкімдіктерде арнайы құрылған комиссиялар жұмыс істейді. Олар әр өңірдегі құстардың нарықтағы орташа бағасын анықтайды. Ветеринарлық қызметтер жіберген материалдарды республикалық отряд қабылдайды. Өтемақы құс иесінің жеке шотына аударылады. Егер құжаттардың бәрі дұрыс ресімделсе, үш жұмыс күні ішінде төлем жасалады. Қазір республикалық отрядта шамамен 390 млн теңге жинақталған. Оның бәрі өтемақы төлеуге жұмсалады, – деді вице-министр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтің дерегінше, Қазақстанда жылына 5 млрд 400 мыңнан астам жұмыртқа және 223 мың тонна құс еті өндіріледі. Жұмыртқа өндірісі бойынша Қазақстан ішкі нарықты 106 пайызға қамтып отыр. Бұдан бөлек 500 млн жұмыртқа шетелге экспортталады. Ол Солтүстік Қазақстан облысының құс фабрикаларында тіркелген жағдай ішкі нарықтағы өнім бағасына әсер етпейді деп сендірді. Онсыз да жыл басынан бері құс етінің бағасы 5 пайызға төмендеді.
– Қазақстанда жұмыртқа өндіретін 35 құс фабрикасы бар. Оның бесеуі Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Мұндағы «Якорская», «Адель Кус», «Тайынша» құс фабрикалары вакцинаны уақтылы жүргізудің нәтижесінде құс қырғынынан аман қалды. Ал қалған екеуінде келеңсіз жағдай тіркелді. Қалыпты режімде жұмыс істеп тұрған үш фабрика өңірді қажетті өніммен жеткілікті көлемде қамти алады. Өзге өңірлерге саудалауға да мүмкіндік бар, – деді Еркебұлан Ахметов.
Белгілі болғандай, құс тұмауы алғаш болып анықталған Солтүстік Қазақстан облысының фабрикалары жыл сайын 650 млн жұмыртқа өндіреді екен. Оны негізінен жергілікті халық тұтынады. Сондай-ақ басым бөлігі Қостанай, Ақмола облыстарына, Нұр-Сұлтан қаласына да жеткізіледі. Өңірде жұмыртқа өндіретін 5 фабрикадан бөлек, құс етін шығаратын бір фабрика жұмыс істейді. Агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламасына сәйкес, құс фабрикаларына өндірілген өнім үшін субсидия қарастырылған. Жыл сайын бұл мақсатқа бюджеттен 15 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.