Туризм • 15 Желтоқсан, 2020

Бозжыра базынасы: Экотуризм мен табиғат тепе-теңдігін сақтаудың жолы қандай?

646 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Табиғи архитектуралық ландшафтарымен ерекшеленетін Бозжыра шат­қалын сақтаудың амалы – экологиялық туризмді дамыту. Мұндай пікірді Ақтауда еліміздің экологтары, шетелдік сарапшылар мен жергілікті қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен алқалы отырыста отандық ғалымдар айтты.

Бозжыра базынасы: Экотуризм мен табиғат тепе-теңдігін сақтаудың жолы қандай?

Ш.Есенов атындағы Каспий мемле­кет­тік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, тех­ника ғылымдарының кандидаты Ақ­марал Серік­баева Бозжыра мәселесін екі жақтан қарас­тыруға болады деген пікір­де.

«Біріншіден, Маңғыстау жері «Ашық аспан астындағы мұражай» деп неге айтылады? Себебі оның жері, әр тасы және топырағы тарихқа толы. Сарап­шылардың айтуынша, мұнда Қазақстанның бірегей тарихи және мәдени ескерткіштерінің 50%-ға жуығы шоғырланған. Сонымен қатар сәулет және тарихи ескерткіштер, адамдар мен жануарлардың тас мүсіндері, бекіністерді қазу бойынша ерекше олжалар, сондай-ақ түрлі тарихи кезеңдерде бұл өңірді мекен еткен халықтардың мәдени және этникалық мұрасы әлемдегі жетекші тарихшыларды, археологтарды және антропологтарды қызықтырады», деді А.Серікбаева.

Ғалымның пікіріне сүйенсек, Маң­ғыстау өңірінің экологиялық туризмді да­мытуда әлеуеті жоғары.

«Маңғыстаудың келешегі неде» деген сұраққа туризмді дамытуда дер едім, оның ішінде экологиялық ту­ризмді, яғни экологиялық сананы қа­лып­­тастыратындай, табиғи ресурс­тар­ды, биоалуандықты және мәдени ерек­шеліктерді сақтап, аумақтардың ластануын болдырмайтындай етіп ұйымдастыра білу», деді маман.

Сарапшының айтуынша, Маңғыс­таудың табиғи ерекшелігі, атап айт­қанда шөлді жерлердің бірегей сұ­лулығы, табиғи-географиялық ор­на­­ласқан аумағы, сол секілді қайта­ланбас шатқалдар мен жыралар, құмды жағажайлар экотуризмді өркендетуде үлкен әлеуетке ие.

«Маңғыстау облысында туризм даму­дың бастапқы сатысында тұр. Эко­логиялық туризмді дамыту өңірдің эко­номикалық, әлеуметтік және мә­дени ахуалын жақсартуда ықпалы зор. Бұл үшін озық технологияларды пайдалану, жергілікті халықты жұ­мыспен қамту, Маңғыстаудың жер­гілікті дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ерек­шелік­терін сақтап, пайдалану қажет», деді А.Серікбаева.

Десе де ғалым заңға сәйкес, қоғам­дық тыңдау мен экологиялық сарап­таманың қорытындылары және қор­шаған ортаға әсерді бағалауды да (ҚОӘБ) есептен шығаруға болмайтынын ескертті.

Бұл пікірді қуаттаған жергілікті эко­лог Орынбасар Тоғжановтың айтуын­ша, Бозжырадағы жабайы туризм жөнге салынбаса, таяу болашақта біре­гей орыннан айырылып қалуымыз ғажап емес. Қоғам белсендісі 18 жылдан бері осы өңірдің экологиялық жағ­дайын зерттеумен бірге экотуризмді ұйымдастыру мәселесімен тұрақты айналысып келеді. Оның пікірі бойынша Бозжыра аңғарында біраз уақыттан бері жабайы туризм белең алып, көлік ағыны жануарлардың қозғалысына айтарлықтай нұқсан келтіруде.

«Бозжыраға келушілер жыл са­нап артуда. Алайда қаражат тап­шы­лы­­­ғы­­нан туристік қызмет талапқа сай ұйым­­­дастырылмай, бұл аумаққа Үс­­тірт шыңының үсті және асты ар­қы­лы келетін дала жолдары пайда бол­ды. Осы жолмен бірнеше автокөлік жүйт­­кіген­де ақ тозаң көтеріліп, оны көр­генде жаныңыз түршігеді. Ал осы­­ның салда­рынан қашқан арқар, қара­құйрық, сол секілді басқа аңдарды кө­ріп, еріксіз алаң­дайсың. Жабайы ту­ризм­ді тәртіпке салып, экологиялық ту­ризмге айналдыр­маса, осы жердің тү­­біне жететініміз анық», деді О.Тоғ­жанов.

Маңғыстаулық азамат қоғамда резонанс тудырған Бозжыраның маңы­нан қо­нақүй салуға байланысты пікі­рін де жеткізді.

«Кейбір азаматтар ұсынғандай турис­тік қабылдау орнын 10-50 шақы­рым қашықтан салудың тиімсіздігіне көз жеткіздік. Себебі алыстағы туристік қа­былдау орнынан туристердің қандай көлікпен, қай жақтан келгенін, немен айналысып жатқанын бақылау мүмкін болмайтынын түсіндік. Сон­дықтан шағын қонақүй, сапар ор­талығы бар туристік нысандар аңғар мен шатқалдар түгел көрінетін төбе үстінде орналасуы қажет. Онда мә­дени туризмді ұйымдастыру үшін мін­детті түрде қонақүй, автотұрақ, келу­шілердің түрлі қажеттерін өтей­тін орындар, пайдаланатын ат, түйе, экокөліктер мен әуе шарларын сақтай­тын және қызметшілер мен гидтер паналайтын баспана болуы керек. Егер мұндай орын тым қашықта ор­наласса, Ақтаудан екі-үш сағатта жетіп баратын жолда көпшілік тоқтамай бірден Боз­­жы­раға тартары сөзсіз», деді қоғам белсен­дісі.

Жол мәселесіне тоқталған эколог Бозжыра аумағында көлік қозғалысына шектеу қойылу қажет деп есептейді.

«Бекет атаға 15 шақырым жетпей «Ата жолынан» бұрылып шың үс­тіндегі Бозжыра панорамалық алаң­қайына баратын, ұзақтығы небәрі 10 ша­қырым жолға қатқыл табан тө­сеп, төбедегі басқа автоқозғалысқа мүл­дем тыйым салу керек. Бозжыра алқа­бын толық бақылауда ұстап, оның эко­логиялық және рекреациялық сыйым­­дылығын ескеріп, туристерді ар­­наулы соқпақпен жаяу немесе ат, түйе, велосипед, әуе шарларымен көте­рілуге, биік мұнараларға шығуға ғана рұқсат беруге болады», деді маман.

Бозжырадағы қонақүй табиғи қау­мал аумағынан тыс жерде салына­ды. Бұл пікірді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев өзінің Twitter-дегі парақ­шасында жазды.

«Мемлекет басшысының Бозжыра шат­қалында қонақүй салу жобасын қайта қарау туралы тапсырмасына сәй­кес, Ақтау қаласында ғалымдармен, био­логтармен, шетелдік сарапшылармен, жергілікті экобелсенділермен және қоғам қайраткерлерімен кездесу өткіздік. Барлығы туристік нысан тұр­­ғызу өңір үшін аса маңызды деген ор­тақ ой айтты. Бірақ туризмді дамыту мен Бозжыра секілді айрықша табиғи нысанның экожүйесін сақтаудың ара­сында тепе-теңдік сақталуы тиіс. Жо­баның әлеуетін бағалап, кеңес беру үшін тәжірибелі сарапшылар мен ға­лымдарды Бозжыраға алып бардық. Тұрғындар мен ғалымдардың, сон­дай-ақ қоғам белсенділерінің ұсы­нысымен қонақ үйдің орны Жабай­ұшқан қау­малының сыртына ауыстырылады. Ин­вестициялық компания өз тарапынан жобаны іске асыратын орынды қау­малдан тыс жерден таңдауға дайын екен­дерін жеткізді», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, жергілікті қоғам белсенділері және ғалымдар қонақүй салу өңірдің туризмін дамытып, жаңа жұмыс орын­дарын ашу үшін керек деген қоры­тындыға келгенін алға тартты.

 

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024