Экология • 05 Қаңтар, 2021

Тылсым табиғат тамсандыра түседі

446 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлбетте, жаһандық індет талай азаматтардың мірін жалмап, әлем елдері экономикасының шатқаяқтауына әсер етті. Алайда осы Lockdown, яғни оқшаулану кезеңі адамзаттың тұрмыстық салты мен тұтастай өмірлік кзқарасына түбегейлі згерістер енгізді. Әсіресе, бұл адам мен қоршаған ортаның арасындағы байланысында анық байқалғаны рас. Коронавирус тіршілік иелерінің табиғаттағы мәдениетінің қандай деңгейде екенін, сондай-ақ экологиялық проблемалардың нақты өлшемін көрсетті. 
–––––

Тылсым табиғат тамсандыра түседі

 

Экологиялық туризмге ден қойылды

Былтыр пандемияның салдарынан әлем елдерінің шекаралары жабылып, әуе және құрлықтағы көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылды. Мұның зардабын әлемдік туризм индустриясы тартқанымен, бұл кейбір мемлекеттердің ішкі туриз­мінің өркендеуіне жол ашты. Мәсе­лен, Қазақстан азаматтары еліміздің өңір­леріне сапарлауды әдетке айналдырып, аталған сегменттің кең қанат жаюына ықпал етті. Оның ішінде экологиялық туризм ерекше қарқын алды. Көбейтұз көлі, Іле Алатауы, Алтынемел және Шарын ұлттық табиғи парктері мен Маңғыстау өңіріндегі Бозжыра шатқалы қазақстандықтардың сүйікті орнына айналып, еліміздің інжу-маржанына баланды. Мемлекет басшысы халыққа арнаған былтырғы Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды» дей келе, экологиялық туризм мәдениетін кешенді түрде дамытып, ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Алдыңғы жылы 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарлама қабылданып, соған сәйкес еліміздегі экологиялық туризмді дамытуда өркениетті мемлекеттердің тәжірибесі ескерілмек. Оның аясында туристiк маршруттар мен соқпақ жолдарды дамытуға басымдық беріледі. Атап айтқанда, көрікті орындарда заманауи сапар орталықтарын, кэмпингтер мен этно­ауылдарды салу қарастырылған. Бұл нысандардың құрылысына жеңіл жиналатын материалдар пайдаланылады деп көзделіп отыр.

Таяқтың екі ұшы бар екенін ескерсек, бұл мәселенің өзекті тұстарын елемеуге тағы болмайды. Айталық, ха­лық­тың қоршаған ортада өзін өзі ұстау мәдениеті, табиғи аумақтарда мекен­дейтін жануарларға қатынасы көңіл көншітерліктей емес. Бұған Көбейтұзда орын алған жағдай мен Каспий теңі­зінде итбалықтарға көрсетілген қы­сым айқын дәлел бола алады. Сол себеп­ті сарапшылар заңға сәйкес, қоғам­дық тыңдау мен экологиялық сарап­та­маның қорытындылары және қорша­ған ортаға әсерді бағалауды да (ҚОӘБ) есептен шығаруға болмайтынын ескертеді.

 

Жаңа кодекс зиянды қалдықты азайтуға бағытталған

Ресми деректерге сенсек, елімізде жыл сайын 5 млн тоннадан артық қатты тұрмыстық қалдық жиналады. 2019 жылы соның 15%-ы ғана қайта өңделсе керек. Бұл көрсеткіш мардымсыз болғандықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Waste to energy (Қалдықтан қуат алу) технологиясын енгізуді қолға алып, заңнамалық базаны әзірлеуге кірісті. Өйткені елді мекендердің айналасындағы бейберекет қоқыс орындары әлі күнге дейін азаймай тұр. Ал қоқыс төгуге арналған 3 мыңнан астам полигонның 83%-ы тиісті талапқа сай келмейді. Қазір онда 125 млн тоннадай қатты тұрмыстық қалдық жатыр. Бұл қордаланған проблемаларды шешуге жаңа Экологиялық кодекс септігін тигізуі тиіс. Құжаттағы маңызды бағыттардың бірі – «Ластаушы төлейді» қағидаты. Соған сәйкес, ластану фактілерін болдырмау және бақылауды күшейту шаралары қарастырылады. Бұған қоса қоршаған ортаға тиген залалды қалпына келтіруге қатысты жауапкершілікті қатаңдату көзделуде.

Осылайша, мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеудің орнына қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау жөніндегі барлық шараны қабылдауға тиімдірек болатындай жағдай жасауы тиіс. Бұған қоса экологиялық залал орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қалпына келтіруге міндетті. Заң жобасында өндіріске озық қолжетімді технологияларды енгізу нормасы қарастырылып, осы арқылы еліміздегі экологиялық ах­уал жақсарады деп болжануда. Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларындағы 50 ірі кәсіпорынды озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Осы ретте аталған кәсіпорындарға тұтастай ластанудың 80%-ы тиесілі екенін айта кету керек.

«EcoJer қауымдастығы қоршаған ортаға байланысты шешімдерді қарау мен қабылдау кезінде қоғамдық ұйымдардың рөлін күшейтуді белсенді қолдады. Енді жаңа Экологиялық кодекс аясында мүдделі тараптар, қоғам белсенділері және халық ірі жобаларды іске асыру барысында қоршаған ортаға әсер ететін кәсіпорындарды салуға байланысты қоғамдық тал­қы­лауға қатысуға құқылы», деді EcoJer өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығының атқарушы директоры Қуаныш Балтабаев.

Аталған заңда бірінші санаттағы ірі кәсіпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу туралы талап енгізілді. Олардың тізбесі қайта қаралып, негізінен экологиялық қауіпті нысандарға баса назар аударылады.

«Қазақстанның Париж келісімі аясында БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конвенциясы бойынша міндеттемелері бар. Яғни парник газдар шығарындарын азайту керек. Сонымен қатар БҰҰ-ның климаттық саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстан көміртектің бейтараптық деңгейіне жететінін айтты. Бұл елдегі парник газдарының шығарындылары оларды қысқарту жөніндегі жобалармен өтелуі тиіс дегенді білдіреді. Мысалы, бұл ағаш отырғызу, жаңғырмалы энергия көздерін дамыту, энергияны үнемдейтін жобалар болуы мүмкін. Экологиялық кодексті қабылдағаннан кейін мұндай жобалардың саны арта түседі деген сенімдемін», дейді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының аға техникалық кеңесшісі Сәулет Сәкенов.

 

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024