Қазақстан Республикасының Президенті осыдан он жылдай бұрын өзінің Қазақстан халқына екі Жолдауын Қазақстанның бәсекеге қабілет ілік тақырыбына арнады.
Елдер арасындағы бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін айқындау рейтингінің есептеле бастағанына да 30 жылдай болды. Бұл бастабында әрі талдамалық, әрі саяси құрал ретінде пайда болған еді. Талдамалық болатыны, бұл көрсеткіш арқылы әрбір елдің жағдайы мен болашақтағы алар орны айқындала түсетіндігі, ал саяси дейтініміз – бәсекеге қабілеттіліктің өсуі бір мезгілде қоғамның демократиялық дамуын және өмірдің жоғары стандарттарын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының Президенті осыдан он жылдай бұрын өзінің Қазақстан халқына екі Жолдауын Қазақстанның бәсекеге қабілет ілік тақырыбына арнады.
Елдер арасындағы бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін айқындау рейтингінің есептеле бастағанына да 30 жылдай болды. Бұл бастабында әрі талдамалық, әрі саяси құрал ретінде пайда болған еді. Талдамалық болатыны, бұл көрсеткіш арқылы әрбір елдің жағдайы мен болашақтағы алар орны айқындала түсетіндігі, ал саяси дейтініміз – бәсекеге қабілеттіліктің өсуі бір мезгілде қоғамның демократиялық дамуын және өмірдің жоғары стандарттарын қамтамасыз етеді.
1985 жылы алдымен АҚШ-та бәсекелестік мәселелері жөніндегі комиссия құрылып, сәл кейінірек бәсекеге қабілеттілік жөніндегі Кеңес болып қайта құрылған бұл ұйымда басында 60 шақты ел тіркеліп, онда бәсекеге қабілеттілік индексі екі бағытта, яғни экономикалық өсудің бәсекеге қабілеттілігі мен іскерлік ортаның бәсекеге қабілеттілігі бойынша есептелді. Бірте-бірте бұл екі индекстің жеткіліксіз екені байқалды.
Ғасыр басынан бері бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін Давостағы Бүкіләлемдік экономикалық форумы, Лозаннадағы менеджмент университеті мен Гарвард университетіндегі зерттеу орталықтары есептеп келеді. Қазақстан 1997 жылдан бері Давос форумының индексіне қатысушы. Оның көрсеткіштерін 104 елдің 8700 маманы айқындайды.
Еліміз алдымен адам әлеуетінің даму индексіне қатысты, сөйтіп 2000-2005 жылдары 73-80-ші орындарды иеленді.
Давос форумының толық өлшеу көрсеткішіне біз 2005 жылдан бастап кірдік және сол жылы 61-орынды иелендік. Содан 2011 жылға дейін жыл сайын 60-72-орындар арасында болдық.
Бәсекеге қабілеттіліктің ең басты көрсеткіші – ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі. Бұл көрсеткіш жоғарылаған сайын елдің байығандығы, ондағы адам өмірінің сапасы жақсара түскендігі көрінеді. Бұл жөнінде біздің көрсеткішіміз 2012 жылы – 11000, 2013 жылы – 12000 долларды құрады.
Бәсекеге қабілеттіліктің басқа субиндекстеріне келсек, олар – бизнестің бәсекеге қабілеттілігі, бизнес жүргізу еркіндігі, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі, елдердің еркіндігі (экономика мен салық жүйесінің еркіндігіне қоса тұрғындардың жеке еркіндігі). Бұларға қоса халықтың білім деңгейі, адам капиталының дамуы, инновациялық даму, істі орындау сапасы, адамдардың саяси ерік-жігері мен ұлттық келісім факторлары да есепке алынатындығын айта кетпекпіз.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарының өзінде-ақ біздің Президентіміз мемлекеттік құрылымның бүкіл жүйесі реформаланбай, яғни экономиканың нақты секторларында реформа жүргізілмей жекеленген салалық бағдарламалармен алға жылжу қиын екендігіне көз жеткізді де, алдымен әкімшілік жүйесінен бастап түрлі реформаларды жүзеге асыра бастады. Бастапқы мақсат – макроэкономикалық тұрақтылыққа жету болды. Ол экономикада нарықтық тетіктердің іске қосылуына, елге сыртқы инвестицияның көптеп келуіне, қаржы және ақша-несие жүйесінің тұрақтануына жол ашты.
Соның нәтижесінде, 1994 жылы еліміздегі ішкі жалпы өнім көлемі жан басына шаққанда 700 долларды құраса, қазір ол 17 есе өсті.
Тәуелсіздіктің 22 жылы ішінде ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік тікелей инвестиция тартылды. Ішкі инвестиция көлемі бұдан да артып түсті.
Еліміз алдағы уақытта да инвестиция тарту бағытындағы байланыстарын кеңейте түсетін болады. 2010 жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Кедендік одағы іске қосылды. Осы арқылы 170 миллион адамды қамтитын ірі нарыққа жол ашылды. Бұл арқылы еліміз ресейлік және беларусьтік көлік инфрақұрылымын жеңілдікті жағдайда пайдалануға қол жеткізуде. Іс жүзінде батыста – Еуроодақ шекараларына, шығыста – Жапония мен Азия-Тынық мұхит елдерінің рыноктарына шығуға мүмкіндік жасалды. Ал, әріптестеріміз біз арқылы Қытайдың үлкен рыногына шығу мүмкіндігіне ие болды.
Жалпы ішкі өнім өсімі соңғы жылдары жылына 7 пайыздық, өнеркәсіп өндірісіміздің өсімі – 10 пайыздық, өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны 19 пайыздық көрсеткіштерді құрап отыр.
Орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан қазіргі 110 мың теңгеге жетіп, екі еседен астам көбейді. Зейнетақының орташа көлемі 4 есе артты.
Табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2000 жылғы 31,8 пайыздан 2010 жылғы 11,4 пайызға дейін қысқарды.
2007 жылы бізде адамдардың орташа жасы – 66 жас, оның ішінде ерлердің орта жасы – 60, әйелдердікі – 71 жас болса, биыл ерлердікі – 70 жас, әйелдердікі – 74 жас деп белгіленді.
Сауаттылық жөнінде алсақ, бізде жаппай сауаттылыққа білім алу жасындағылардың 99,5 пайызы жеткен.
Тәуелсіздік жылдарында 500-дей жаңа денсаулық сақтау нысандары салынды.
Білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейді.
2010 жылдың қаңтарында жарияланған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша алғашқы табыстарға жеттік. Индустрияландыру бағдарламасының арқасында тек 2010-2011 жылдардың өзінде ғана елімізде 350-ден астам түрлі өндірістер пайдалануға берілді. Осының нәтижесінде адамдар бұрынғыға қарағанда анағұрлым көп ақша табатын 200 мың білікті индустриялық жұмыс орны құрылды. Тәуелсіздік жылдарында барлығы 800-дей жаңа кәсіпорындар іске қосылып, ел экономикасының өрлеуіне қызмет етуде.
Бүгінде шағын және орта бизнес саласында 2 миллионнан астам адам еңбек етуде. Сонымен қатар, еліміз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығаруда. Ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралуда. Соңғы он жылда экономиканың осы секторының өндірген өнім көлемі 20 есе өсіп, шамамен 7 триллион теңгені құрады.
Егер 90-шы жылдардың басында өнеркәсіп өнімінің көлемі бар-жоғы 0,2 миллиард теңгені құраса, 2012 жылы ол 12 триллион теңгеден асып кетті.
1990 жылы Қазақстан басқа елдерге ештеңе экспорттамаған болса, бүгінде Қазақстан экспорты 75 миллиард доллардан асады.
Еуропа мен Азия арасында географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқан еліміз үлкен транзит әлеуетіне ие. Қазір бірегей «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізін жүзеге асыру жүріп жатыр. Трассалар құрылыстарында 50 мың адам еңбектенуде. Үш жыл ішінде 2700 шақырым сапалы автомобиль жолы іске қосылды.
«Нұр Отан» партиясының қазан айындағы отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі «Еліміз жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша Польша, Венгрия, Бразилия, Түркия, Малайзия елдерімен теңесті, биылғы 9 айдың ішінде ішкі жалпы өнімнің өсуі 5,7 пайызға жетті. Еліміздің халықаралық резервтері Ұлттық қордағы 66,6 миллиард доллар қаржыны қоса есептегенде 90,8 миллиард долларды құрады» деп мәлімдеді.
Министрдің мәлімдеуінше, 2013 жылдың 1 қыркүйегіне экономиканы несиелеудің көлемі 14,8 пайызға артып, 10,8 триллион теңгені құраған. Депозиттер 10,2 триллион теңгеге жетіп, 14,4 пайызға артқан. Соңғы 3,5 жыл ішінде экономикамыздың индустриялық-инновациялық дамуы аясында құны 2,1 триллион теңге болатын 563 жаңа жоба іске қосылып, соның есебінен 61,7 мың жаңа жұмыс орындары ашылған және қайта өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 61,8 мың долларға жеткен. Ол ел экономикасының өндіріс саласындағы 15 мың доллармен салыстырғанда 4 есе артық көрсеткіш.
Бәсекеге қабілеттіліктің ең басты көрсеткіші – ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы 12000 долларлық көрсеткішіне біз 2015 жылы жетуді жоспарлаған едік. Сол биікті екі жыл бұрын иелендік.
Осы жетістіктердің нәтижесінде біз 2012 жылы әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер тізімінде – 51-ші, 2013 жылы – 50-ші орынды иелендік. Сөйтіп біз экономиканы тиімді жүргізуді меңгердік.
Ал енді «Қазақстан-2050» Стратегиясының жариялануы еліміз алдындағы шешілуге тиісті міндеттер парадигмасы, сапалық тұрғыдан өзгергенін көрсетеді. Бұл Стратегияның басты мақсаттық өлшемдерінің бірі – 2050 жылға дейін әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу.
Бәсекеге қабілеттілік жолында қойылар талап көп. Алдымен, Қазақстан халқының дені сау, білімді, білікті, кәсібилікке бейім, жаңалықтарды қабылдау қабілеті жоғары болуы қажет.
Әлеуметтік капитал – азаматтық қоғамның қай деңгейде екенінің көрсеткіші. Егер жай ғана тұрмыстық жайттардың өзі Президентке немесе облыс әкіміне арыздану арқылы шешілсе, онда әлеуметтік капиталдың өте төмен болғаны.
Экономикалық капитал – бизнестің дамуымен өлшенеді.
Адами капитал – білім мен білікке, мәдениетке байланысты.
Осы үшеуінің бірдей дәрежеде өсуі ғана мемлекетті, оның азаматтарын бәсекеге қабілетті етіп, жетілдіре алады.
Қазақ елінің тәуелсіздігін 22 жасқа толтырып өтіп бара жатқан 2013 жыл – біздің бәсекеге қабілетті елу елдің құрамына кіруіміздің бастапқы жылы. Бұл жыл алдымен осы жеңісімен қымбат.
Жаңа жыл елімізді, оның әр отбасын әрі қарай жарылқай түскей!
Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымдарының докторы.