Облыстық әкімдікте өткізілген жүздесу барысында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова ақжарма тілегін білдірді. Аяулы атамекеннің қатпар-қатпар тылсым тарихын індете іздеп, жалпақ жұртқа жарқырата көрсетіп, рухани нәр берумен бірге, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған бағалы бастаманың жер жаннаты Көкше баурайынан бастау алуын жақсы ырымға санады. Өз сөзінде еліміздің рухани жаңғыруына байланысты атқарылып жатқан қыруар шаруаға тоқталды. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс өңірінде ұзын-ырғасы бес мыңға жуық әртүрлі форматтағы іс-шара өткізіліп, 700 мыңнан астам адамды қамтыған. Соның ішінде ел назарын ерекше аударған арнаулы жобаның бірі – «Туған жер».
Алғашқы жарты жылдықта әр белесі, әр төбесі ел тарихын екшейтін, әр адамның көкірегінде туған жерге деген ыстық ықылас пен шынайы құрмет туғызатын жоба аясында 1238 іс-шара өткізіліп, 210 038 адам қамтылған. Көкірегінде туған жерге деген ғажайып құрметі бар 300-ден астам меценат жалпы көлемі 820 млн теңгеге қайырымдылық өткізген. Осы іс-шаралардың барысында 14 нысан салынып, 19 нысанға күрделі жөндеу жасалды.
Кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, жақсы мысал боларлық ізгі қадам екендігі айдан анық. Осындай шарапаты мол маңызды шара «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасымен сабақталып, халықаралық конференция да өткізілді. Алғашқы шара қазақтың бұлшық еті атанған, жаһандағы күш атасы – Қажымұқанның туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Заманында қазақ атын төрткүл дүниеге тегіс әйгілеген алыптың телегей-теңіз күші ғана емес, жан-дүниесінің мөлдірлігі, елі мен жерін құлай сүйген ер көңілі, өнері паш етілді. Ілкідегі батыр мен бағлан, ел бірлігін жарастыруға қызмет еткен билер заманынан бастау алатын ізгілік нұры бүгінгі жас толқынның да көкірегінде күміс сәулесін себезгілеп тұр. Ұрпақ сабақтастығы қазақ тілінде жарық көрген жүзден астам оқулықта орын тапқан.
Облыс әкімінің орынбасары осындай қадау-қадау шаруаға тоқтала келе, «Атамекен» экспедициясының да көненің келісті мұрасын бүгінгінің кемелденуіне қызмет ететіндігіне тоқтала келіп, сапарға сәттілік тіледі.
«Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Владимир Курятов республикалық газеттің бұл бастамасы ел өңіріндегі киелі орындарды зерттеу және туристік әлеуетін таныстыру екендігін атап өтті. Сонымен қатар бүгінде бір акционерлік қоғам болып ұйыса ұйымдасып отырған басылымдардың ұстанымы туралы жан-жақты тарқатып айтып берді. Ең бастысы, егемен еліміздің еңсесін көтеруге септігін тигізетін, жалпақ жұртты жақсылыққа бастар бір арнада тоғыстыратын сарқылмас рухани нәр. Бүгінгі бастама сол ұлан-ғайыр шаруаның бір бөлігі.
«Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы Самат Мұса бас басылымның жүз жылдығы қарсаңында жарық көрген жинақтарды облыс әкімінің орынбасарына сыйлады. Көз майын тауысып жасалған жылдар жылнамасы іспетті бес томдықтың ішінде Алаштың ақиық перзенттері Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев тәрізді авторлардың ең үздік мақалалары жинақталған. Облыс әкімінің орынбасары экспедицияға қатысушыларға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қамтылған көркем суретті фотоальбом ұсынды.
Қасиетті Көкшенің топырағында тұнып тұрған тарихпен танысу сапары облыс орталығындағы Қопа көліне жиектей орналасқан көне бейіттен басталды. Бұл жерде Көкше өңіріне асыл дініміздің шуағын шашқан тарихи тұлғаның бірі – Наурызбай Таласұлы мәңгілік тыным тапқан. Сөз арасында Науан хазіреттің рухы биік ағартушы, заманында жалпақ жұртының қамын жеп қызмет еткен адам екендігін ерекше екпін түсіріп айтуға болады. Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1910 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Киргизы» деп аталатын еңбегі бар. Әлекең бұл еңбегінде Ресей патшалығы тарапынан отарлаудың озбыр саясаты жүргізіліп отырғандығын ашық айта келіп, қазақ даласында тіпті Алаш баласын шоқындыру әрекеттері жүргізіліп жатқандығын әшкере етеді. Міне, осындай сұмдыққа батыл тойтарыс берген, өзі жан-тәнімен сүйетін жұртының рухани әлемінің былғанбауын көксеген Наурызбай Таласұлы болатын. Қолда бар деректерге қарағанда, облыс орталығының іргесіндегі Баратай ауылының маңындағы Жылкелді деп аталатын нулы, сулы өңірде Талас Болатұлының шаңырағында дүниеге келген. Шыққан тегі Қарауыл руының Шұңғырша тармағы. Алдымен ауыл молласынан хат таныған, кейін әкесі Қызылжар медресесінде оқытқан. Медреседе айрықша қабілет-қарымымен танылған соң сол замандағы діни жоғары оқу орны болып есептелетін Бұқар медресесіне жолдама алған. Баратайға таяу Бесқарағай деген жерде мешіт салу ісін ұйымдастырып, бірер жыл имам болған. Әйтсе де, асыл арман алға жетелеп, Бұқарға бет түзеген керуенге ілесіп сапарға шыққан. Он бес жыл оқып, Бұқар медресесін үздік бітірген Наурызбайдың ерекше дарын иесі екендігін таныған медресе ғалымдары исі мұсылман дінінің орталығы болған Бағдат шаһарына жөнелтеді. Әйтсе де көкшетаулық мұсылман қауым Бұқарға арнайы адам жіберіп, Наурызбайды еліне қайтаруды өтінеді. 1886 жылы жамағаттың сұрауымен Науан хазіретті Көкшетау мешітіне имам қылып тағайындаған. Медреседе діни дәріспен қатар зайырлы білім беру ісі де ұйымдастырылған екен. Ұлы Абайдың өлеңдерін жаттап, Біржан сал мен Ақан серінің әндері шырқалған. Шығыс әдебиетін оқуға ден қойылған. Сөзімізді тірілту үшін бір дерек келтіре кетелік. Сол замандағы уез бастығының бұйрығымен мектеп-интернатқа тінту жүргізілген кезде Шығыс ғұламалары Фирдауси, Науаи, Низами кітаптары табылған.
Экспедиция мүшелері Алаш үшін басын қатерге тігіп, екі мәрте жер аударылған, әйтсе де елінің жоғын жоқтаудан еш танбаған хазірет зиратының басында мінәжат етіп, құран бағыштады. Сапар Бурабай баурайындағы Ботай-Бурабай қонысында жалғасты. Ашық аспан астындағы этнографиялық мұражай 2018 жылы «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында ашылған болатын. Мұражайда ежелгі Ботай мәдениеті туралы баяндалады. Алты мың жылдық тарихы бар археологиялық жәдігерлер де осында. Асылында Ботай қонысы 1980 жылдардың басында белгілі болған. Қоныстағы алғашқы қазба жұмыстары отандық ғылымға қырық мыңнан астам артефакт берді. Кейіннен Краснояр, Васильковка, Рощинское, Баландино, Сергеевка елді мекендерінің маңынан да осы тектес тарихи жәдігерлер табылды. 1980 жылдың жазында бүкілодақтық далалық археологиялық семинар өткізіліп, Ұлы даланың ұлағатқа тұнып тұрған тылсым сыры паш етілді. 1994 жылы профессор В.Зайберт бірқатар британдық университеттерде Ботай туралы дәрістер өткізді. Сол жылы Кембридж археологиялық мұражайында Ботай мәдениеті туралы көрме және әлемнің 16 елінен 80 ғалым қатысқан «Еуразияның ерте жылқы өсірушілері» Халықаралық симпозиумы ұйымдастырылды. 1996 жылы Ботай материалдарын қазақстандық-германиялық зерттеу басталды.
2009 жылы Халықаралық Science журналында мақала жарияланды. Онда Ботай энеолиттік қонысында жылқыны қолға үйретудің алғашқы жағдайлары және ботайлықтардың қымыз дайындағандығы көрсетілген. 2007-2011 жылдар аралығында археологиялық қазба жұмыстары тоқтатылды. Бұл уақыт кезеңі Ботай мәдениетінің тұжырымдамалық аспектілерін ұғыну үшін пайдаланылды. 2011 жылы В.Зайберттің «Ботай. Дала өркениетінің қайнар көздері» еңбегі жарық көрді.
2017 жылы Ботай археологиялық ескерткіші Қазақстанның киелі жерлерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Ботай «Рухани жаңғыру» жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында археологиялық зерттеу нысаны ретінде енгізілді. 2018 жылғы 21 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың 7 қыры» атты мақаласында Ботай салт-дәстүрлер мәдениетін қалыптастырудың маңызды контекстерінің бірі ретінде қарастырылады.
Бірнеше бөлме. Бір-бірімен жалғасып жатыр. Ғалымдардың айтуына қарағанда, сол кездің өзінде үш жүзге жуық үй бір жерде шоғырланған. Ғаламат емес пе?! Экспедицияға қатысушыларды есте жоқ ескі кезеңде күн кешкен ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі қайран қалдырды. Пайдаланған құрал-сайман, әртүрлі керек-жарақ, әшекей бұйымдар көз тұндырады. Шошала іспеттес үйлердің салынуы, архитектуралық құрылысы бір-біріне соншалықты ұқсас. Және бір ғажабы, әр үйдің жанында терең ұра іспетті қазып жасалған азық-түлік қоймасы бар. Бір сөзбен түйіндей айтқанда, Ботай өнеркәсібі дамыған, гүлденген қала болған сыңайлы. Ақиқатында Ботай мәдениеті қазақ жерінің әлемге әйгілі Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениеті қатарынан ойып тұрып орын алатындығы шындық. ЮНЕСКО-ның ескерткіштерді қорғау кітабына енгізілген.
Экспедицияға қатысушылар Бурабай баурайындағы ашық аспан астындағы мұражайды тамашалады. Көне тарихтың көмбесі ақтарылып, Алаш жұртының арыдағы тыныс-тіршілігі мөп-мөлдір қалпында көз алдымызға келгендей. Сәтімен сабақталған сапар тау етегіндегі табиғаты көзтартар көркем Абылай хан алаңында жалғасын тапты. Меймандар Абылай алаңынан шығатын жалғыз аяқ жолмен ну орманның ішіне сүңгіп кетті. Хас шебер әдейі құйып, иә болмаса қашап жасағандай биік арқалы тақ тура алдымыздан шыға келді. Кәдімгі алтын тақ. Қатал қыс өтіп, жадырап көктем туғанда Абылай хан Қызылағаштағы қыстауынан көшіп, осы алаңқайда көктеуде отырады екен. Таңғы жұпар ауамен тыныстап, ымырт үйіріле ордасынан шығып, осы таққа келіп дем алып, тылсым табиғаттың тынысын тамашалаған. Табиғаттың өз қолымен жасалған тақ кейін Хан тағы аталған.
Анау көз ұшындағы Тассырғанақ. Алаңнан табан аудармастан биікке көз салсаңыз ғаламат үлкен Тассырғанақ жанарыңызға ілігеді. Табиғаттың адамзат қолынан келмес кереметі іспетті. Көктастың ені шамамен 15-20 қадамдай, табаны 150 қадам төңірегінде. Екі жағы тіп-тік, теп-тегіс. Жалпақ табанында бармақтай кедір-бұдыр жоқ. Аузы дуалы әулие бабаларымыз табиғаттың бұл ғажайыбын Тассырғанақ деп атаған. Шыңға шөккен пілді көргіңіз келсе, Бурабайдың баурайына келіңіз. Абылай алаңынан жүзіңізді Оқжетпеске қарай бұрсаңыз, әлемнің еш жерінде жоқ ғажайып менмұндалайды. Шыңның ұшар басында төрт аяғын бауырына баса шөгіп жатқан піл! Кәдімгідей ұп-ұзын тұмсығы, көзі, құлағы, құйрығы, он екі мүшесі түгел піл. Бағзы замандағы Оқжетпес батыр мініп жауға шапқан піл осы. Бір ғажабы арқасындағы тоқымы да алынбаған. Сол қалпында. Үйдей пілдің жотасына өрмелеп бара жатқан тасбақа ше?! Оқжетпестің тап түбінен күміс көл жаққа көз салсаңыз, пілдің оң құлағы алып тасбақа айналып шыға келеді. Өрмелеп барып пілдің қара құсына отырмақ сыңайлы.
Асылында Абылай хан билеген заманды қазақ хандығының алтын ғасыры деп атау тегін емес. Үш жүздің басын қосып, біртұтас мемлекет қылуды армандаған Абылай ханның сүйікті орындарының бірі осы жер. Қырдың қырмызы гүліндей құлпырған биші қыздар Бурабайдың биші қайыңдары іспетті мың бұрала би билеп, әуелете ән шырқап қарсы алды. Дәмі тіл үйіретін қымыз ұсынылып, бауырсақтан ауыз тиді. Міне, тылсым тарих осы жерде. Көгілдір таулар мен күміс кесеге құйылған кәусар көлдер өлкесін саналуан аң мен құс мекендейді. Аңыз айтады. Жаратылысы ерекше ақ бура болыпты. Тұлғасы зор әрі айрықша сұлу екен. Шудасы бұйралана бұрқырап, аппақ қардай түсі көз қарықтырып, жалғыз өзі жүреді екен. Ежелгі мекені Көкшетаудың қапталындағы ит тұмсығы өтпейтін қалың орман. Ақбура бір-ақ көлден су ішеді. Ол түстік іргесінде шалқыған күміс көл. Бураның ерекше қасиеті ел шетіне жасанған жау келерін, иә болмаса, ақсүйек жұт боларын күні бұрын сезеді екен. Күндей күркіреп шабынып, төңірегіндегі елге маза бермеген. Маңайдағы елді аралап, жүйтки жортып шығады. Ақ бураның хабарын естіген ел етек-жеңін ерте жиып, сақтық шарасын жасаған. Сондықтан да туған жердің киесі, елдің қыдыры деп есептеген, қадір тұтқан. Ақ бура мекендеген аймақты Бурабай деп, шөліркегенде шөлін басқан күміс көлді Бурабай көлі деп атау сол кезеңнен қалған. Күндердің бір күнінде қандыбалақ қарақшы пайда болады. Аң мен құсты қынадай қырады. Ал Ақ бура болса барлығын сақтандырып, боздап жүреді. Жолын кескен жалғыз Бураны қарақшы өлтірмекке бекінеді. Бірде Ақ бура ит тұмсығы өтпейтін қалың орманды қақ жарып қарсы алдынан шығады. Қарақшы сауыт бұзар сұр жебемен атты дейді. Ажал аңсап зулаған сұр жебе Ақ бураның кеуде тұсын көктей өтіп, өркешінен шыға тоқтайды. Сол сәтте Ақ бура қандықол қарақшыға ұмтылады. Кегін қайтарған соң өзі бауыр басқан ну орманға сіңіп кетеді. Киелі жануар сол кезде биіктігі 700 метрге жуық тасқа айналып, мәңгілікке қатып қалады. Қазір қараған жұрт өркешіне жетіп, бір қарыстай шығып тұрған жебені көрер еді.
Есте жоқ ескі кезеңде Көкшетау топырағын мекендеген айтулы батыр болыпты. Батырдың тағдыры туралы есті естелікті көз ұшындағы Жекебатыр тауы самал желмен бар қазақтың даласына таратып тұр. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, жарықтықтың тұлғасы таудай болған екен. Жанына серік ертпепті. Сондықтан ел оны Жекебатыр атап кеткен. Жекебатырдың көзі тірісінде ешбір басқыншы жаудың бұл жерге табаны тимеген. Орасан үлкен садақ жасап алған. Адырнасын қырық батыр жабылып әрең тартады-мыс. Жебесінің өзі қайыңның діңіндей. Бірде қапысыз қамданған жау қара құрттай қаптамай ма. Жекебатыр ежелгі әдеті бойынша қасқайып қарсы шығады. Жалғыз өзі. Қырғын соғыс. Өне бойын жара басады, қалжырайды. Жау елдің ішіне өтіп кетсе, қорғансыз қалған ел-жұртты қынадай қырмақ. Ақтық күшін жинайды. Күндей күркіреп айғай салады: «Өткізбеймін еліме! Тау боп жатамын жолыңа!». Екі таудың аңғарына көлденең жатып, сұлап түседі. Сөйтіп, қара құрттай қаптаған жауды өткізбейді. Тауға айналған. Мәңгілікке. Әне анау дулығасы. Етекте тұрып қараған адамға түксиген қалың қасы, қыр мұрыны, еріні, қаба сақал жапқан алапат төсі алақандағыдай айқын көрінеді. Ұшар биігі 836 метрге тең Жекебатыр аңызы ел қорғаудың ерен үлгісі.
Сол заман ба екен, әлде одан бұрын ба, Бурабай баурайын мекендейтін елде таңғажайып ер бала дүниеге келген. Он жасқа толғанда жалпақ жұртқа танылыпты. Ел оны Оқжетпес деп атап, аңыз етеді. Ат көтере алмаған соң пілге мініп жүріпті. Қазақтың басынан қашан қасірет арылған? Жаулар да көп болса керек. Оқжетпес күнде ел қорғаған қырғын ұрысқа қатысып, туған жерінің төсін қорғайды. Күміс көлдің суына шомылып, Көкшенің етегіндегі ну қарағайдың ортасында дамылдап жатады. Манағы қауіп-қатер естен шыққан. Дәл осы уақытта зұлым жау айласын асырған. Әбден ұйқыға кетті-ау деген кезде бас салады. Байлап алып қорламақшы. Қапыда қалған батыр қос қапталындағы қарағай мен қайыңды түбірімен қопара жұлып, ұрыс салады. Сөйтіп, орман ішінде кәдімгі бір ауылдың қотанындай жер оталады. Аумағы атшаптырым алаңға айналады. Кейін хан осы алаңды жақсы көріп, мекендеген соң Абылай алаңы атаныпты. Ал Оқжетпес болса мәңгілік бейне шың кейпіне енген. Ол пілін де зұлым жаудың жолында қалдырмау үшін тасқа айналдырған. Оқжетпес шыңының пайда болуы туралы осындай бір аңыз бар.
Экспедицияға қатысушылар Абылай алаңының іргесіндегі ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылған мультимедиялық-интерактивті паркке ат басын бұрды. Бұл арада парктің жеті бөлімі бар екендігін, ал жеті санының өзі Алаш жұрты үшін киелі сан екендігін айта кетелік. Заманауи технологияның алапат қуатын осы жерден аңғарасыз. Аттрак-
ционға мініп, экранда бейнеленген қазақ елінің айрықша көркем жерлерін Самұрық құстың қанатына ілесіп, виртуалды саяхат жасауға болады. Қос мұражай жаңа ақпараттық жабдықтармен қапысыз қамтамасыз етілген.
Жер жәннаты Бурабай баурайында жағымды жаңалық та аз емес. Үлкен Шабақты мен Теке көлдерінің жағасында Aqbura Resort деп аталатын жаңа туристік қалашық бой көтеруде. Кешеннің аумағы 233 гектар. Толық қуатына көшкен кезде үш мың жұмыс орны ашылмақ. Әзірге 4 млрд-қа жуық инвестиция құйылған. Жоба төрт кезеңнен тұрады. 2019 жылы жұмысын бастаған құрылыстың алғашқы кезеңі сәтті аяқталған.
Қолдың саласындай қарағайлы орманды қақ жарып, бір көлік қана сыятын жол өтеді. Бұл жол Бурабай баурайындағы қасиетті мекен – Кенесары үңгіріне апарады. Күміс көлдің батыс иығында кәдімгі қазақтың қара қосындай төбесі сәл шошайған Кенесары үңгірі тап қасына келгенше көзіңе ілікпейді. Кірер аузының алды әдейі жасалғандай жалпақ кенере. Тас үңгірдің ауқымы сегіз қанат ордадан кем түсе қоймас. Тас төбеде түтін шығатын тоқымдай ғана шаңырақ. Дәл астында тұрып қарасаң, әрідегі аспан күмбезі биіктеп кеткендей болып әсер етеді екен.
Үңгірге жеткенімізде күн ұясына қонып бара жатты. Дәл осы кездегі суретті сипаттауға тіл жетпейтін еді.
– Көз алдыңа киіздің үстіне қалың кілем төсеп, шынтақтап жатқан Кенесары бабам елестейді екен, – деді бас басылымның жауапты хатшысы Самат Мұса, – киелі жердің өзге пұшпағы былай тұрсын, ауасының өзі көкірегіңді толтырып, өне бойың әлдебір ғажайып сезімге бөлейді.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Екінші дүниежүзілік соғыс басталардың алдында үңгірдің алдында «Қазақ халқының ұлттық батыры Кенесары ханның үңгірі» деген сөз қашалып жазылса керек. Соғыстан кейін әлгі жәдігер жазу ұшты-күйлі жоғалыпты. Алаштан асып туған Кенекемнің аруағына қарсы жарияланған жойқын күрестің салдары-ау. Бірақ тастағы жазуды өшіруге құдіреті жеткенімен, ел жүрегінде жазылған деректі ешқашан өшіре алмас еді. Жалғыз бұл жер ғана емес, Бурабай баурайындағы бар бедерлі жазу, ел тарихын тылсым табиғаттың кереметімен ұқтыратын еңселі елдің мәңгілік мұратқа жетелер темірқазығы іспетті рухани қазына өшпек емес.
«Атамекен» экспедициясы алдағы уақытта Алаш даласының қазыналы, құйқалы өңірін тегіс араламақ. Атамекен деген бір ауыз сөздің өзінен көкірегіңде күміс сәуле жарқылдап, тұла бойың рахат бір сезімге бөленіп, ішің уылжып кетері бар. Өйткені бұл біздің қасиетті ата-бабамыздың ұрпағына қалдырған ұлы мұрасы!
Ақмола облысы