Тәуелсіздік мерейтойы – маңызды тарихи белес
Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Президент отырыстың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын баса айтып, Қазақстан үшін бұл меженің аса маңызды екеніне тоқталды.
– Бүгін бәріміз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жиналып отырмыз. Тәуелсіздік мерейтойы – Қазақстан үшін аса маңызды тарихи белес. Біз осы жылдарда тұғыры мығым, қуатты мемлекет құрдық. Экономикамызды өркендеттік, халықтың әл-ауқатын арттырдық. Мұның бәріне берекелі бірлігіміз арқылы қол жеткіздік, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасқанын және оның тиімділігін әлем қоғамдастығы мойындағанын айтты.
– Қазақстандағы тұрақтылық пен татулық қоғамдағы ынтымақ пен теңдіктен, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Қастерлі Отанымызда түрлі мәдениеттің үйлесім тапқаны – соның айқын көрінісі. Бұл – біртұтас ұлт болып ұйысуымыздың басты қағидаты әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгінгі күрделі кезеңде елдік бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтудың маңызды қадам екеніне тоқталды.
– Қазіргі заманда сын-қатерлер аз емес. Мұндай жағдайда біз жалпыұлттық бірлігімізді одан әрі бекемдей түсуге тиіспіз. Сонда ғана мемлекеттілігімізді нығайтып, жаңа белестерді бағындыра аламыз. Ассамблеяның жиырма тоғызыншы сессиясында Елбасы осы бірегей құрылымға басшылық жасау құқығын маған сеніп тапсырғанын білесіздер. Бұл шешімді қолдаған баршаңызға шынайы алғысымды айтамын, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Этносаралық келісім – тұрақтылық кепілі
Президент өз Жолдауында ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән бергенін еске сала отырып, осы маңызды бағытта Ассамблеяның басты рөл атқаратынын айтты.
– Кейінгі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы әртүрлі этностық топты қорғауға және олардың мүдделерін ілгерілетуге бағыттаған деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бұл – еліміздегі маңызы зор ұйымның жұмысына берілген біржақты түсінік. Шын мәнінде, Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналды және барлық азаматты ортақ мемлекеттік идеяның төңірегіне жұмылдыра алды. Ассамблеяны құрудың арқасында өте күр-
делі проблеманың – этностық мәселені саясиландырудың алдын алу тетіктері пайда болды, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Ассамблеяның халық тұтастығын нығайтуға, қазақстандықтарды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыруға, мемлекеттік тіл мен оның Қазақстандағы мәртебесін ілгерілетуге және азаматтық белсенділіктің жаңа формасының қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.
Президент этностық саладағы проблемалар деструктивті мақсатта пайдаланылып кетуі мүмкін екенін айтты.
– Өкінішке қарай, этностық факторлар, ұлтаралық қатынастар, әсіресе дағдарыс кезінде түрлі қақтығыстың ошағы болуы мүмкін екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Оның деструктивті әлеуеті ақпараттық және гибридтік соғыстардың, жиі жасалатын популистік мәлімдемелердің, ашық арандатушылықтың қазіргі дәуірінде айтарлықтай күшейе түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент этносаралық келісім экономикаға және адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді деп есептейді.
– Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін мәдениет пен білімнің, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор. Біз бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың жан-жақты әрі тиімді, яғни инклюзивті болуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қабылдадық. Осы мақсатта арнайы құрылымдар жасақталды. Дегенмен этносаралық келісімді нығайту ісінде әрбір министрлік пен мекеме айрықша рөл атқарады. Әсіресе, әлеуметтік саладағы саясаттың орны бөлек. Шын мәнінде, этносаясатқа құзырлы органдар ғана жауап бермеуі керек. Алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана біз халқымыздың береке-бірлігін сақтап, мемлекетімізді нығайта аламыз. Тұрақты дамудың және өсіп-өркендеудің бірден-бір жолы – осы, – деді Мемлекет басшысы.
Этносаралық қатынас саясатын одан әрі жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау керек екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясына бірқатар басым міндет жүктеді.
Президент, ең алдымен, мүмкіндіктердің тең болу қағидатына негізделген аймақтық дамуды қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Соның ішінде этностық анклавтардың туындауына, мәдени және тілдік кедергілерге, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстарға әкеліп соғатын әлеуметтік-мәдени оқшаулануға қатысты қатерлерге тоқталды.
Мемлекет басшысы мұндай қатерлердің алдын алу үшін еліміздегі қалалар мен ауылдарда, оқшауланған этностық аудандар мен кварталдардың қалыптасуы сияқты жағымсыз тенденцияны еңсеруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу қажеттігін айтты. Сонымен бірге бірқатар аймақта этностық топтардың қазақстандық шынайы өмірден алыстауына байланысты «ішкі эмиграция» үрдісі байқалып отырғанына назар аударды.
– Бұл үрдіс этностық топтардың Қазақстан қоғамына толық интеграциялануына кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай күрделі әрі проблемалы жағдайлар туралы ашық айтылуы керек деп ойлаймын. Бұл проблемаларға көз жұмуға болмайды. Әйтпесе, бұл келеңсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін және туындаған мәселелерге шынайы баға бере алмаймыз. Мемлекет этностық топтардың әлеуметтік-экономикалық интеграциялану саясатын жүргізіп, осы негізде кез келген шиеленістің жанжалға ұласпауы үшін алдын алатынын ерекше атап өткім келеді. Мұндай жанжалдардың бәрі теріс пиғылды арандатушылардың ісі екенін жақсы білеміз. Ондай арандатушылармен күресеміз және оларға аяушылық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, этносаралық қатынастар саласындағы жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру маңызды міндет. Осыған байланысты бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін азаматтық қоғам институттарын жан-жақты қолдау қажет. Тиісті лауазымды тұлғалар олардың қызметін үйлестіруге тікелей жауапты болады.
– Біз былтыр әр өңірдің ішкі саясат басқармасынан жеке бөлім аштық. Осы бөлімдерге қолдау көрсетіп, жұмысын жандандыра түсу керек. Оларға өз құзыретіне кірмейтін тапсырма берілмеуі қажет. Әркім өзіне жүктелген міндетті атқаруға тиіс. «Қоғамдық келісім» мекемесінің де қызметіне қатысты осы талапты ұстануымыз керек. Аталған ұжымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын көбейткен жөн. Этносаралық қатынас саласындағы өңірлік құрылымдарды мамандармен қамтамасыз етуге баса назар аудару керек. Бұл жұмысты, ең алдымен, ұлттық құрамы әртүрлі және белгілі бір этнос өкілдері тығыз қоныстанған аймақтарда қолға алу қажет. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық қатынас саласына жүйелі сараптама жүргізуде. Бұған қоса, министрлік қандай да бір кикілжің туындаған кезде тиімді әрекет жасаудың әдіс-тәсілдерін айқындады. Барлық деңгейдегі әкімдіктер ұсынымдарды сапалы орындауға тиіс. Бұл жұмыста Ассамблеяның тәжірибесіне арқа сүйеген жөн. Сондай-ақ бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін азаматтық қоғам институттарын барынша қолдау керек. Тиісті лауазымды тұлғалар олардың қызметі үйлесімді болуына тікелей жауап береді. Бұл салада салғырттық пен қателікке жол беруге болмайды. Осыны әркім есте сақтауы қажет, – деді Президент.
Теріс пиғылдылардың жетегіне еріп кетпеу маңызды
Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың тағы бір басым міндеті ретінде әлеуметтік, қылмыстық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуды атады. Президенттің пайымдауынша, этностық астамшылықтың барлық көрінісі, қандай да бір кемсітушілікке, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермей, ішкі тұрақтылықты заңға сәйкес қамтамасыз етуі керек.
– Біздің бірлігімізге зиян келтіруді көздейтін сырттағы және ішкі теріс пиғылды адамдардың, түрлі авантюристердің, жауапсыз әрі қабілетсіз саясаткерлер мен сарапшылардың жетегінде кетпеу маңызды. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар. Біртұтас қоғам ретінде біздің ұстанымымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Алайда бұл әрекет етпей отыр дегенді білдірмейді. Біздің қоғамға және мемлекетімізге қарсы арандатушылықтың барлық түріне құқықтық әрі ақпараттық құралдар арқылы тойтарыс беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ҚХА қызметін одан әрі дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Аналар кеңесін құрудың маңызды екенін атап өтті. Аталған Кеңес еліміздің бірлігі мен татулығының өзегі саналатын құндылықтарды жастардың бойына дарытуға септігін тигізеді.
– Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары ауқымды этносаралық коммуникацияға жол ашуы керек. Республикалық Аналар кеңесінің құрылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл Кеңес еліміздегі бірлік пен татулыққа негіз болып отырған құндылықтарды жастардың санасына сіңіруге атсалысады. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Ұрпаққа отбасында дұрыс тәрбие беру – айрықша маңызды міндет. Сондықтан Республикалық Аналар кеңесіне жан-жақты қолдау көрсету қажет. Ассамблея жастармен жүргізілетін жұмысқа баса назар аударуға тиіс. Әрине, бұл салада тәжірибеміз бар, соны одан әрі дамыта берген жөн, – деді Президент.
Мемлекет басшысы «Жаңғыру жолы» қозғалысын Ассамблея жанындағы республикалық жастар ұйымы ретінде қайта құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып, жастармен жұмыс жүргізудің маңызды екенін айтты.
– «Big 7» деп аталған жоба аясында еліміздегі көптеген жастар ұйымы «Жаңғыру жолы» республикалық қозғалысының айналасына топтасты. Олар өңірлердегі жастар ісі жөніндегі кеңестермен және ресурстық орталықтармен байланысын нығайта түсті. Бұл жұмысқа тың серпін беру керек. Осы орайда, «Жаңғыру жолы» қозғалысын Ассамблеяның республикалық жастар ұйымы ретінде қайта құру мүмкіндігін қарастырған жөн, – деп атап өтті Ассамблея Төрағасы.
Бұл ретте, ҚХА жастарының орман алқаптарында 2 миллиард және елді мекендерде 15 миллион түп тал отырғызуға белсенді қатысатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол әрбір өңірде «Халықтар достығына» арналған саябақтар ашуға болатынын атап өтті.
Президент жастар саясатының өзектілігіне мән бере отырып, Ассамблеяның кезекті сессиясын осы тақырыпқа арнауды ұсынды.
– Бүгінде жастар мәселесі өте өзекті. Ассамблеяның кезекті сессиясын осы тақырыпқа арнауды ұсынамын. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтармен байланыс орнатудың тиімді құралына айналуға тиіс. Сондықтан жергілікті өзін өзі басқару органдарымен бірлесе жұмыс істеу керек, – деді ҚХА Төрағасы.
Президент Ассамблеяның әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау тәсілдерін дамыту мәселесіне көңіл бөлді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері жыл сайын көптеген маңызды жобаны жүзеге асырады. Бұл ретте, олар мемлекеттен ақпараттық қолдау және ұйымдастыру жағынан ғана көмек алады. Мұндай бастамаларды Ассамблеяның «халықтық жобасы» деп атауға болады. Олардың авторлары ресми түрде Ассамблея жобасының жетекшісі ретінде танылуы керек. Ал жауапты министрліктер мен әкімдіктер Ассамблея мен оның құрылымдарының кең аудиторияны қамтитын республикалық жобаларын қолдауы керек, – деді Президент.
Лайықты қызмет көрсетуі қажет
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Достық үйлерін мәжіліс пен салтанатты жиындарды өткізу залдары емес, ҚХА-ның халық бастамаларының ресурстық орталықтары мен жобалық кеңселеріне айналдырған жөн. Ал этномәдени бірлестіктер бұл жұмысқа белсене атсалысуы керек.
Президент халықтық дипломатияның пәрменді құралына айналған Ассамблея мүшелерінің шетелдерде Қазақстан туралы айтып, шетелдік қонақтарды еліміздің мәдениетімен таныстырып жүрген еңбегін ерекше бағалап, алғысын білдірді.
Мемлекет басшысы Ассамблеяны этностық мәселелер жөнінде оң пікір қалыптастыратын сапалы әрі креативті және тиімді ақпараттық жұмыс жүргізуге шақырды.
– Өңір басшылары жергілікті ассамблеяның жетекшісі ретінде ақпараттық кеңістікте белсенді болуы қажет. Ассамблея мүшелері медиа салада, соның ішінде әлеуметтік желіде өз ұстанымын қорғай білуге тиіс. Еліміздегі бірлік пен татулыққа қарсы айтылған бір де бір сөз жауапсыз қалмауы керек, – деді Президент.
Қазақстанда этносаралық диалог дәстүрлерінің тамыры терең екенін айтқан Мемлекет басшысы үйлесімді этносаралық өзара іс-қимылдың жарқын мысалдарын, еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің патриоттық әрекеттері мен жанкешті еңбегін күнделікті өмірде көріп жүргенімізді айтып өтті.
– Алаш қайраткерлері «қадірлі әрі ардақты ақсақал» деп сыйлаған көрнекті зерттеуші Григорий Николаевич Потанинді мысалға алайық. Потанин қазақ тілінде сөйлеп, халқымыздың мәдениеті мен тұрмысын, тарихын зерттегені белгілі. Қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлихановпен дос болған. Биыл ЮНЕСКО шеңберінде Шоқан Уәлихановтың тағы бір досы – әлемдік әдебиет классигі Федор Михайлович Достоевскийдің 200 жылдығы атап өтіледі. Еліміздің тарихи орталықтарының бірі – Семейде осы күнге арнап іс-шаралар ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Достоевский осы қалада бес жыл бойы жемісті жұмыс істеді. Мұнда жазушының әдеби-мемориалдық үй-мұражайы орналасқан, ол әлемнің түкпір-түкпірінен туристер үшін тартымды мәдени-танымдық орынға айнала алады. Мәдениеттер арасында шекара жоқ, ол арқылы халықтар рухани кемелдене түседі. Менің терең сенімім осы, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы көптеген этнос өкілінің Қазақстан мәдениетінде ғана емес, ғылым, өнеркәсіп секілді басқа да қызмет салаларында елеулі із қалдырғанын атап өтті. Халықтар достығының, белсенді азаматтық патриотизмнің және түрлі этнос өкілдерінің Қазақстанға деген сүйіспеншілігінің осындай үлгілері еліміздің білім беру, мәдени-ағарту, ақпараттық саясатында, сондай-ақ, ең маңыздысы – ономастикада лайықты көрініс табуы тиіс екені айтылды. Президент нағыз патриоттардың өмірін оқу орындарында оқып-үйрену керектігін, ал олардың Отан игілігі үшін атқарған еңбегі ескерткіштер мен скверлер арқылы мәңгі сақталуы тиіс екенін алға тартты.
Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық саладағы ғылыми негізделген тәсіл – мемлекеттік саясаттың бастауы болуы керек екенін айтты. Оның пікірінше, бұл аса күрделі бағытта дилетанттық пен популизмге жол бермеу қажет. Ал елімізде және одан тыс жерлерде туындайтын барлық сұраққа ғылыми дәлелдер мен нақты сандарға сүйене отырып, салмақты жауап берілуі қажет.
– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне интеграция, жалпы ұлттық бірлік, этносаралық қатынастарды үйлестірудің өзекті тақырыбы бойынша пайдалы зерттеулер жүргізуді тапсырамын. Үкімет бұл мәселеге қатысты қажетті қолдау көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, жалпыұлттық бірлік қуатты мемлекеттің кепілі екенін айтты.
– Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ міндеті. Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі. Егемен еліміздің баға жетпес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білуіміз керек. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарасыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қоғам Ассамблеяның қолдауын сезінуде
Сондай-ақ отырыста Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚХА Аналар кеңесінің этносаралық келісімді нығайту жөніндегі қызметінің өзекті мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының үйлесімді этносаралық қатынастарды нығайту жөніндегі қызметі туралы айтып берді. Облыста 50 түрлі этнос өкілдері тұрады, бұл, облыс халқының 25 пайызын құрайды, тұрғындар үшін мәдениет пен дәстүрді дамытуға барлық қажетті жағдайлар мен инфрақұрылым жасалған.
– Облыс Ассамблеясы 34 этномәдени бірлестікті біріктіреді, оларда этнос өкілдерінің дамуына жағдай жасалған. Облыс деңгейінде Түркістан облыстық Ассамблеясының 5 қоғамдық құрылымы – Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер мен блогерлер клубы, Ғылыми-сарапшылық топ, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы жұмыс істейді. Барлық аудан мен қалаларда Қоғамдық келісім, Аналар, Медиация кеңестері қызмет етеді. Тұрғындардың азаматтық бірлігінің нәтижесінде Арыс, Мақтаарал аудандарында болған төтенше жағдайлардың ауыртпалығын еңсердік. Ассамблеяның қайырымдылық бастамаларының негізінде жүздеген отбасының мәселесі шешілді, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи өз сөзінде осы қоғамдық құрылымның қызметіне тоқталды. Аналар кеңестері ажырасулар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жастар арасындағы суицидтің алдын алу, интернетке тәуелділік, нашақорлық таралуының алдын алу және өзге де өзекті әлеуметтік проблемалармен айналысады, осы бағыттар бойынша жобаларға 44 мыңнан астам адам қамтылған.
– Пандемия кезеңінде біз түсіндірме жұмысын жүргізіп, маска тігу туралы бастама көтеріп, 60 мыңнан астам қорғаныш құралын тегін тараттық. Ауруханада, блокпосттарда үзіліссіз қызмет етіп жатқан қызметкерлерге ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырдық. Биылғы республикалық «Ана әлдиі» байқауы, Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған «Ақ орамал» акциясы секілді іс-шараларды онлайн өткіздік. Аналар кеңесінің жұмыс бағыты одан әрі кеңейіп, жаңа нәтижелерге қол жеткізді. 27 қыркүйек күні республикалық «Әкелер одағымен» меморандумға қол қойылып, ортақ іс-шаралар жоспары бекітілді, – деді Назипа Шанаи.
Қазақстандағы этносаралық толеранттылық туралы айта келе, спикер бүгінде елімізде 800-ден астам отбасы түрлі этностардың балаларын тәрбиелеп отырғанын атап өтті. Мысал ретінде Қостанай облысы Алтынсарин кентінен Төлегеновтер отбасын келтірді. Олардың 12 баласы бар: алтауы – қазақ, үшеуі – орыс, екеуі – татар, біреуі – башқұрт. 2014 жылы облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен «Асар» акциясы аясында бұл отбасы үшін кең үй салынды.
Түркістан облысы Төлеби ауданы ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сейіт Бекмұрзаев Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметі туралы баяндады.
– 10 жыл бұрын құрылған Қоғамдық келісім кеңестері қазір қоғамдық бақылау мен кері байланыстың тиімді тетігі, ақпараттық-түсіндіру, жергілікті өзін өзі басқарудың маңызды бөлігі ретінде жұмыс істеп келеді. Мысалы, осы жылдың өзінде Қоғамдық келісім кеңестеріне азаматтардан 6 300 өтініш келіп түсті. Оның екі жарым мыңы оң шешімін тапты. Қалғандары бақылауда тұр. Әлемдік індет жағдайында Қоғамдық кеңестер бес мыңға жуық іс-шара өткізді. Оларға 120 мың адам қатысты. Ал Түркістан облысында 190 Қоғамдық келісім кеңесіне – 1200 адам мүше. 2015 жылы Мақтааралдағы оқиғалардан кейін, біз ауылдарды аралап, алпыс мыңнан астам аулаға кіріп, халықпен тілдесіп, қордаланған мәселелерін назарға алдық, – деді Сейіт Бекмұрзаев.
Өзбек және тәжік этносының өкілдері оқитын «Жанубий Козогистон» Түркістан облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Алишер Сатвалдиев өзбек этносының қазақстандық қоғамға тереңірек интеграциялануы туралы ойын ортаға салды.
Өзбек халқы Түркістан облысындағы елді мекендерде қоныстанған. Халықтың тығыз орналасуынан еңбек нарығында бәсекелестік тым жоғары болып, жер ресурстары жетіспеуде. Халықтың осылайша шоғырлануының бір себебі – этностың өзіндік дәстүрлері мен менталитетіне байланысты. Дегенмен, заман мен уақыт талабына сәйкес біз де өз өмірімізге тың өзгерістер енгізіп келеміз. Өзбек жастарының тек оңтүстікте тұрақтамай, өзге өңірлерде білім алып, түрлі мамандық иесі атанып, өз орнын табуына жағдай жасалған. Әсіресе бұл мемлекеттік «Серпін» және «Еңбек» бағдарламалары аясында жүзеге асады. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты табандылықпен жалғастыруымыз қажет, – деді Алишер Сатвалдиев. Ол осы сәтті пайдаланып, аға буыннан жастарды қол астында ұстамай, ақ батасын беріп, өзге өңірлерге жіберуін сұрап, ал облыс жастарын еш нәрседен іркілмей, өзге аймақтарға батыл қадаммен баруға шақырды.
Отырыста сөз алған Balapan телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Кенжебаева Ассамблеяның Аналар кеңесімен бірлесіп әлеуметтік танымдық роликтер түсіріп, халқымыздың тарихын, мәдениетін танытатын анимациялық жобалар жасауды жоспарлап отырғанын мәлімдеп, отандық өнімді қолдауға шақырды.
– Бүгінде біздің арна эфирінің 80 пайызын анимациялық өнім толтырып отыр. Оның 30 пайызы ғана төл өнім, қалған 50 пайызын шетелдік мультхикаялармен толтыруға мәжбүрміз. Осы орайда, Balapan-ның анимациялық жобалар өндірісін арттыруға ықпал етуіңізді сұраймыз. Екіншіден, Қазақстанда 9-дан 18 жасқа дейінгі балалар көретін арна жоқ. Яғни жасөспірімдердің танымын қалыптастыратын сенімді платформа жоқ деуге болады. Сондықтан мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін телеарналардан балаларға арналған контентке кем дегенде екі сағат эфир уақытын бөлуді сұраймыз, – деп атап өтті С.Кенжебаева.
Ал «Файз» тәжік қауымдастығының төрағасы Шокир Бабаев Тәуелсіз 30 жылда ел болып қол жеткізген елеулі табысымыз бен жетістігіміз мол екенін жеткізіп, қасиетті Тәуелсіздік құндылығын бағалап, оны сақтау – баршамыздың азаматтық борышымыз екенін баса айтты. Шокир Бабаев еліміздегі сындарлы этносаясаттың негізінде Қазақстандағы этностардың тарихын, тілін, дінін, салт-дәстүрлерін сақтау, дамыту ешқашан ұмыт қалмағанын айтып, осы үшін тәжік ұлтының алғысын білдірді. Ұстаздар әулетінен шыққан ол осы ұлағатты қызметті жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар спикерлердің баяндамаларында азаматтарды бірыңғай қазақстандық қоғамға неғұрлым тығыз интеграциялау, оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде мемлекеттік тілді оқыту мәселелері, интернет және балаларды тәрбиелеу проблемалары, кибербуллиң, көпбалалы аналарды әлеуметтендіру секілді өзекті тақырыптар көтерілді.
Оқиғаға орайлас ой
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты:
– XXIX сессияда Елбасы өз өкілеттілігін Мемлекет басшысына тапсырған болатын. Сондықтан алғашқы жиын ел өміріндегі ынтымақ, бірлік, ұлттық бірегейлік мәселелеріне арналды.
Сондай-ақ өңірлерді дамыту мәселесі, ондағы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының жұмысын жандандыру мәселелері толық қамтылды. Мемлекет басшысы біртұтас ұлт ұғымы, тұрмыстық кикілжіңдерді ұлтаралық жанжалдарға ұлыстырмау секілді өзекті мәселелерге екпін берді.
Сол секілді Қасым-Жомарт Кемелұлы рухани-мәдени тұрғыда дами түсу керектігін айта келе, еліміздің ағарту және мәдениет саласын дамытуда Потанин, Достоевскийдің еңбектеріне ерекше тоқталып өтті. Жалпы, аталған жиын мазмұнды өтті деуге болады. Еліміздің тұтастығы – бірлік пен ынтымақтастықты сақтай білуде.
Кеңейтілген отырыста бір қатысушы жақсы бастама көтерді. Бүгінде елімізде балаларға арналған бір ғана «Балапан» телеарнасы бар. Бірақ арна 9 жасқа дейінгі балаларға арналған. Ал 9 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналған телевизиялық дүниенің, телеарнаның жоқтығы сөз болды. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы уақтылы назар аударып, арнайы жиын өткізу керектігі айтылды.
Рахима АХМЕТОВА,
Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы:
– Меніңше, бұл отырыс еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше оқиға болды. Алқалы жиында салмақты, өзекті мәселелер мемлекет деңгейінде талқыланды. Ертеңгі күнімізге жаңа серпін берілді деп айтуға болады!
Бірінші кезекте, Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі бірлік пен келісімді нығайтудағы беделі мен рөлін арттыру басты назарда екені айтылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдарының – этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің, Қоғамдық келісім кеңестерінің, Аналар кеңестерінің, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмыстарын алдағы уақытта жандандыру қолға алынады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңестерінің атқарылған жұмыстары туралы есеп мазмұнды, ал алға қойған мақсаттары нақты болды.
Ана – ұрпақ тәрбиешісі, ұлттың ұяты, қоғамның қозғаушы күші. Осы ретте біз, Сыр елінің аналары, Мемлекет басшысының отырыста берген тапсырмаларын іске асыруға күш-жігерімізді аямай атсалысамыз. Отан бәріміз үшін ортақ! Берекелі бірлікті сақтау әрбір қазақстандықтың парызы екенін ұмытпайық!
Ирина САЛАГИНА,
Қарағанды облысы «Рідне слово» украин тілі серіктестігінің төрайымы:
– Президент, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысын тікелей эфирден көріп, мұқият тыңдадым.
Спикерлердің біртұтас мемлекетіміздің келісімі мен бірлігін сақтау маңыздылығы, оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде мемлекеттік тілді оқыту мәселелері, интернет және жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселелері, балаларға арналған медиа контент қалыптастыру, кибербуллин, көпбалалы аналарды қолдау сияқты тақырыптары өте мазмұнды болды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың қоғамдағы бірлік пен келісімді қамтамасыз ету саласындағы қызметі мен міндеттерінің басымдықтарын атап өтті және ұлтаралық кемсітушілік пен жанжалдарға жол бермеу, арандатулар мен этностар арасындағы бейбітшілік пен келісімді бұзғысы келетін әлдекімдердің әрекеттерін болдырмау қажеттігіне назар аударды. Әлбетте, оны мемлекеттік саясатты дұрыс насихаттап, іріткі салушылардың соңынан ермей, саналы түрде бір мүддеге жұмылу арқылы жүзеге асырамыз.
Жалпы, бұл – нақты тапсырмалар мен өзекті ұсыныстар ортаға салынған алқалы кеңес болды.
Динара ХАТАМҚЫЗЫ,
Жамбыл облыстық «Вынхуа»
дүнгендер қауымдастығының мүшесі:
– Жыл сайын екі оқиғаны асыға күтемін – Президенттің Жолдауы мен ҚХА-ның кеңейтілген отырысы. ҚХА-ның кеше өткен алқалы жиынында өзекті мәселелер бұрынғыдан өзгеше қарастырылды. Президент Қ.Тоқаев халқымыз өмірінің барлық аспектілерін қозғады.
Қасым-Жомарт Тоқаев біздің болашағымыз жастарда екенін, олардың бәсекеге қабілетті болуын баса айтты. Жиында сапалы білімге назар аударылып, жас ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығы кеңінен сөз болды.
Жастарымызға дұрыс тәрбие бере отырып, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету арқылы біз оларға қауіпті үрдістерден аулақ болуға көмектесе аламыз.
Қоғамдағы проблемалардың бірі – этностық топтасу. Бұл түрлі қақтығыстарға әкеледі. Қазақстанның ауылдық жерлері мен қалаларында жабық этностық аймақтар мен кварталдардың қалыптасуының теріс тенденциясын жеңу үшін жүйелік шаралар әзірлеу қажет.
Отанымыздың болашағы баршамызға байланысты. Әр азамат еліміздің жарқын болашағы үшін үлес қосуға міндетті. Әрқайсымыз балаларды дұрыс тәрбиелеп, сапалы білім беріп, халықтың игілігі үшін жұмыс істеуіміз керек.