Спорт • 01 Қаңтар, 2022

Армысың, ақ Олимпиада!

326 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл қазақстандық спортшыларды бірнеше халықаралық маңызды жарыстар күтіп тұр. Соның ішінде ең негізгісі – Қытай астанасы – Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпия ойындары. Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 60 жолдамаға иелік етуде. Негізгі квота қаңтар айындағы жарыстарда үлестірілетінін ескерсек, Олимпиадаға дейін бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін.

Армысың, ақ Олимпиада!

Жаңа спорт түрлері қосылды

Биылғы Бейжің Олимпиа­дасында спортшылар 7 спорт түріндегі 15 бағдарлама бойын­ша 109 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлері – биатлон, бобслей (бобслей, скелетон), керлинг, коньки спортының түрлері (коньки жарысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек), шаңғы спортының түрлері (тау-шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, тұғырдан секіру, фристайл, сноуборд), шана спорты, шайбалы хоккей. Сондай-ақ биылғы ақ Олимпиадаға 7 жаңа жарыс түрі қосылды. Олар: әйелдердің жекелей бобслейі, ерлер мен әйелдер арасындағы шаңғы биг-эйрі, шорт-тректегі аралас эстафета, тұғырдан секіру, фристайл және сноуборд-кросс бойынша аралас командалық жарыстары. Болжам бойынша, биылғы ақ қар, көк мұз үстіндегі жарысқа 4 мыңнан аса спортшы қатысады.

Тұңғыш рет қысқы Олим­пия ойындары тарихында ерлер мен әйелдер саны бір­шама теңесті. Бейжіңде әйел­дер қатысатын жарыс алдыңғы Олимпиадалармен салыс­тыр­ғанда әлдеқайда көп болмақ. Яғни қатысушылардың 45 па­йызын әйелдер құрайды. Ха­­лық­аралық Олимпиада ко­митеті былтыр Токиода өткен жазғы Олимпия ойындарында да жол­дамалардың 51 пайызын ерлерге, 49 пайызын әйелдерге үлестірген еді.

Қазақстанның Ұлттық Олим­пиада комитетінің дерегі бойынша, Қытайдағы қысқы ойындар «Таза мұз бен қардағы қуа­­нышты күн» ұранымен өте­ді. Ұйым­дас­тырушылар Бей­жің-2022 додасы миллион­даған қытайлықтың қысқы спорт түрлеріне қызығуға шабыттандырады деп үміттенеді.

Жарыстар үш қалада өтеді

Олимпия ойындары Бейжің мен оның маңайындағы Яньцинь және Чжанцзякоу қаларында ұйымдастырылады. 2008 жылғы жазғы Олимпиадаға арнап са­лынған спорт нысандарында енді қысқы Олимпиаданың керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр секілді жарыстар өткізіледі.

Яньцинь – астананың қала маңындағы ауданы, Бейжіңнен солтүстік-батысқа қарай 80 шақы­рым жерде орналасқан. Онда шаң­ғы, бобслей, скелетон және шана спортының жүлделері сарапқа салынады.

Чжанцзякоу – Бейжіңнің сол­түстік-батысындағы көршілес Хэбэй провинциясына жақын орналасқан қала. Мұнда сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлон жарыстары өт­кізіледі.

Әлемдегі «ондыққа» енетін 10 спортшы

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті (ҰОК) халықаралық қа­тынастар департаментінің директоры Әлімжан Ақаевтың айтуынша, қазақстандық спортшылар Бейжің додасында сәтті өнер көрсетуге дайын.

«Спортшыларымыздың кө­бі вакцина алды және қазіргі да­йындығымыз жоғары деңгейде. Қазір біраз спортшымыз оқу-жат­тығу жиынында жүр, біразы лицензия алу үшін жарыстарға қатысуда. Лицензиялық турнирлер қаңтардың ортасына дейін жалғасады. Содан кейін ғана Олимпиадаға қатысатын спортшылар санын нақты айтамыз» дейді департамент директоры.

ҰОК өкілі атап өткендей, дәл қазір Қазақстан қоржынында 60 лицензия бар. Қазақстандықтар лицензия алған спорт түрлері қатарында – шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл (могул, акробатика), тау шаңғысы, шорт-трек және конькимен жүгіру бәсекесі бар. Сондай-ақ биатлон спорты бойынша да 4-5 өкіліміз Олим­пиадаға баруы мүмкін. Жан­күйерлер шорт-трекші жігіттер­ден де зор үміт күтеді. Конь­ки жарысына шығатын қыз-жігіт­тер де  тәжірибелі спорт­шылар. Олардың нағыз өз мүмкін­діктерін көрсететін сәті келді. Ұлт­тық Олимпиада комитеті ли­цензия тұрғысынан Пхенч­ха­ндағы жетістікті қайта­лауға мүмкіндігіміз жетеді деп есептейді.

«Пхенчхан Олимпиадасына 91 лицензия жеңіп алған 46 спортшы қатысты. Қазір «Бейжіңге 48 спортшы барады, олар 95 лицензия ұтып алады» деп жоспарлап отырмыз. Бүгінде 60 лицензияға ие болғанымызбен, оны әлі де бекіту қажет. Яғни спортшылар жарыстарға қатысып, лицензияға лайық екенін дәлелдеуі тиіс», дейді ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.

Е.Қанағатовтың айтуынша, 2022 жылдың 16 қаңтарында Олимпиадаға қатысатын спорт­шылардың аты-жөні толық белгілі болады. Биыл қысқы спорт түрлерінің дайындығы үшін 2,9 млрд теңге бөлінген. Бұл – алдыңғы жылдармен салыс­тырғанда әжептәуір көп қаражат. ҰОК өкілінің сөзіне сенсек, дәл қазіргі сәтте әлемдегі үздік ондық қатарына енетін 10 спортшымыз бар. Соның ішінде комитет Юлия Галышеваны атап өтеді. Әрине, медаль алудан үмітті спортшылар тізімі Юлиямен шектелмейді. Конькиші, шорт-трекші қыз-жі­гіттерден де жанкүйерлер жүл­де күтеді.

Жеті Олимпиаданың жетістігі

Қысқы Олимпия ойында­рының тарихына көз жүгіртер болсақ, еліміз тəуелсіз мемле­кет ретінде 1994 жылдан бері ақ Олимпиадаға тұрақты түрде қатысып келеді. Қазақстан ұлт­тық құрамасының мүшелері биыл қысқы Олимпиадаға се­гізінші рет қатыс­пақ. Бұған дейінгі жеті Олимпия ойындарында еліміздің спортшылары сегіз медаль жеңіп алған. Тар­қа­тып айтар болсақ, 1994 жылы Нор­вегияның Лиллехамер қала­сында өткен төртжылдықтың бас­ты бəсекесінде шаңғышы – Вла­димир Смирновтың жалғыз өзі бір алтын жəне екі күміс медаль иеленіп, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Жапонияның Нагано қала­сында жалауы желбіреген келесі төртжылдықтың басты додасында отандастарымыз екі қола медальды қанағат тұтты. Бірін Владимир Смирнов олжаласа, екінші қола медальды конькимен жүгіру спортының өкілі Людмила Прокашева иеленді. Мұнан кейінгі екі Олимпиадада (2002 жыл, Солт-Лейк-Сити (АҚШ), 2006 жыл, Турин (Ита­лия) спортшыларымыз елге жүл­десіз оралды. Ал 2010 жылы Ванкуверде (Канада) өткен кезекті Олимпиадада күллі Қазақстан Елена Хрусталеваның (биатлон) күмі­сін қанағат тұтса, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Денис Тен (мəнерлеп сырғанау) мен 2018 жылғы Пхенчханда Юлия Галышеваның (могул) жалғыз қоласы Қазақстан құрамасын жүлдесіз қайтудан құтқарып қалды.

Алдағы Бейжің Олимпиа­дасынан да жерлестерімізден айрықша үміт күтеміз. 2008 жылы Қытайда өткен жазғы Олимпиада жер­лестеріміз үшін сәтті болып, 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған еді. Бұл жол­ғы Бейжің Олимпиадасы да спорт­шыларымызға сәтті болып, араға 28 жыл салып ел қоржынына алтын жүлде салады деген сенімдеміз.