Өнер • 28 Ақпан, 2022

Сахна сәні – шүберек

708 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театрдың» әсемдігі мен салтанаты қатар жарасқан келбетіне көркемдік үстер атрибуттың бірі – сахналық костюм десек, қате айтпағанымыз. Өйткені әртістердің шеберлік биігінде мінез мүсіндеуінен бөлек, драмадағы дәуір шындығы мен кейіпкер характерін беруде рөл мінезіне сай сахналық костюмінің дөп табылуы да сәтті қойылымның басты алғышарттарының бірі.

Сахна сәні – шүберек

Сондықтан да «Адам көркі – шүберек» деген тәмсілдің өңін сәл ғана өзгертіп, «сахна көркі – шүберек» десек, қойылымды көркем киіммен қамтамасыз ететін мамандар еңбегінің маңызы мен мәнін дәл ашатындай.

Сұлулық сызбадан басталады

Театрлық костюм – қарапайым киім емес, ол – сан алуан мамандардың күш салуымен дүниеге келетін нағыз өнер туындысы. Автор мүсіндеген кейіпкерлердің мінез мозаикасын байыта отырып, сахнада салмақты сараптама жасайтын режиссер мақсатын ортақ мәмлеге түйістіріп, содан нағыз өнер туындысын түзетін хас шеберлердің әсемдік шеруі десе де болғандай. Алайда театр заңдылығы солай, бар еңбек те, қошемет те сахнада өнер көрсеткен әртістер мен режиссердің шеберлігіне телініп, өнер саласының кәнігі мамандары болмаса, қарапайым көрермен үшін әсем атмосфераны түзуші тігінші мамандардың еңбегі көп жағдайда елеусіз қалып қояды. Ал сахна сыртында сіз бен біз біле бермейтін талай сыр бар. Соның бірі һәм негізгісі – костюм суретшілерінің жұмысы.а

Театр үшін маңызды мамандардың бірі – сахна суретшілерінің жұмысы­мен танысу мақсатында елордамыздағы ­басты өнер ошақтарының бірі – «Астана Опера» театрының шығармашылық жұмыс процесіне өз ішінен үңіліп көрдік. Оның үстіне театрдың мерейтойлық маусымының жақындауы – «Астана Операның» «қазанында не қайнап жат­қанын» білуге жақсы себеп деп ойлаймыз.

Спектакльге дайындық кезінде тігін цехына маңызды әрі жауапты міндет жүктеледі, мұнда нағыз таңғажайып – театрлық костюмдер жасап шығарылады. Автор мен режиссер ойын сахнада барынша бейнелі жеткізу жолында костюмдер бойынша суретші өз қиялына сүйене отырып, тігін цехы іске асыруы тиіс сызба түзеді.

Спектакльдің эскизін сызу барысында костюм суретшісі оқиғамен байланысты тарихи кезең мен өңірді, костюмі тігілетін кейіпкердің тұлғалық мінездемесі мен әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ басқа да маңызды жайттарды есепке алады. Себебі сахнадағы адам жайлы көрерменнің көз­қарасын қалыптастыратын – ол ең әуелі сырт келбет. «Адам көркі шүберек...» де­ген мәтелдің мәні осы жағдайда тіпті жар­қын ашыла түсетіндей.

 «Оскар» лауреаты

костюм тіккенде...

Театр шымылдығын түргеннен бергі тоғыз жыл ішінде цех қызметкерлері атақты шетелдік және қазақстандық костюмдер бойынша үздік суретшілер­мен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Олардың қатарында опера отаны – Италиядан арнайы шақырылған маман, «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино да бар. «Астана Операда» қойылған бірқатар спектакль киімдерінің авторлық құқығы негізінен сол кісіге тиесілі. Атап айт­сақ, Италия ибалысы кейіпкерлерін киіндірген қойылымдар қатарында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй», «Богема», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз, Дж.Бизенің «Кармен» опералары мен П.Чайковскийдің «Аққу көлі», «Ұйқыдағы ару», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», Л.Минкустың «Баядерка» және «Дон Кихот», А.Адан­ның «Корсар» және «Жизель», Л.Делибтің «Коппелия» балеттері бар.

– Дизайншы үшін, оның үстіне сахна эстетикасына қызмет ететін суреткер үшін матаның сапасы өте маңызды һәм сән әлеміндегі өткір мәселелердің бірі. Театр қойылымына лайықты көп мөлшердегі матаны табу әрекеті мені қай қиырларға сапар шеккізбеді дейсіз. Ал сырттан әкелінетін маталардың де­ні театрға емес, сән әлеміне көбірек ла­­йықты. Өздеріңіз білетіндей, сах­на­ның та­лабы басқа. Италияда бұл мә­се­ленің оп-оңай шешілетін себебі – ол жақ­та әлі күн­ге дейін балетке ла­йық­ты жібек тоқи­тын фабрикалар жұ­мыс істейді. Керегіңізді тез тауып ала қоюы­ңызға, тіпті өзімізге қажетті ма­та­­ға алдын ала тапсырыс беруімізге де өте ыңғайлы. Ал бұл театрдағы қо­йы­лым­дарға біз не­гізінен табиғи мата­лар­ды пайдаландық: балериналарға жі­бек­тің сан алуан түрін таңдасақ, миманс орындайтын көпші­лік үшін мақ­таны місе тұттық, деп әңгіме­сін шығармашылық шеберханасының қыр-сырымен таныстырудан бастаған әйгілі маман одан әрі сөзін театр ұжымына деген ризашылық сезіммен түйіндеп, ал­ғысын айтты: – «Астана Опера» театрымен шығармашылық байланысымыз біраз жылдан бері табысты жалғасып келеді. Ұжымның маған осылай шексіз сенім артқанына қуанамын. Мұндай түсіністіктің түбі – әрдайым жетістік. Мен өзім өнер адамдарының бір-бірін демеп, қолдап жүргендерін қалаймын. Олай болмаса, біз ортақ табысқа қол жеткізе алмаймыз. Жастармен тіл та­бысқан, сырласқан қандай әсерлі! Қыс­қасы, «Астана Операда» жұмыс істей жүріп өмірдегі көп нәрсеге көз жет­кіз­дім. Сол үшін ұжымды үйімдей ұна­тамын», дейді Франка Скуарчапино.в

Жан әлемін қарапайымдылығы­мен көркемдендірген суретші Скуарча­пиноның шығармашылығы әрдайым сыншылардың жіті назарында. Ол ту­дырған образдар жоғары талғамның үздік үлгісі десе де болғандай. Өнердегі жолын Миландағы әйгілі Ла Скала театры­нан бастаған суреткер күні бүгінге дейін театр әлемі мен кино саласын қыздың қос бұрымындай егіз өріп, қатар алып келеді. Осы еңбегі еленіп 1990 жылы режиссер Жан-Поль Рапноның «Сирано де Бержерак» фильміндегі үздік жұмы­сы үшін Америка киноакадемиясының «Оскар» сыйлығымен марапатталды.

«Астана Опера» театрында Франка Скуарчапино сынды әлемдік деңгейдегі үздік маманмен қанаттаса жүріп еңбек ететін Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың сахналық жұ­мыс­тары да көрерменін бейжай қал­дырып көр­ген емес. Мұндай білікті де ше­бер су­рет­шілермен байланыста жұ­мыс істеу, әл­бетте, тігін цехының шебер­леріне кәсі­би дең­гейді арттыруға, шығар­ма­шылық үшін жаңа көкжиектерді ашуға құн­ды әрі же­місті тәжірибе екендігі дау­сыз.

 Театр табысы – үндестікте

«Астана Операның» репертуарында­ғы қойылымдар әртүрлі дәуірлер тынысынан сыр шертеді. Демек костюмдер де соған сай тігіледі. Мәселен, «Аида» операсында ежелгі мысырлық сарын басым болса, «Алпамыста» – түркі дәстүрлі киім-кешектің араласуы байқалады. «Жібек сатыда» – XVIII ғасырдың сән-салтанаты мен жарқылы бейнеленген. Ал балеттік қойылымдар бөлшектерге бұдан да зор көңіл бөлуді талап етеді, себебі сыртқы сипаттамадан бөлек, мұн­да ыңғайлықты, қимылға арналған ер­кіндікті, маталардың ауа өткізгіштік қасиетін ескеру аса маңызды.

– Суретші бізге костюмдердің то­лық жинағы салынған өз сызбала­­рын әкелген кезде, сәйкес келетін мата­лар­ды таңдау ­басталады, – деді тігін цехы­ның меңгерушісі Фатима Саты­бал­дина. – Театрдың маталар, фурнитура, жиек­теме мен басқа да көптеген ұсақ-түйекті таңдауға болатын жеке қой­ма­сы бар. Қажетті материал қолда бол­ма­ған жағдайда, олар сатып алынады. Ерекше маталарды кейде алыс елдерден тапсырыспен алдыртуға тура келеді. Мәселен,«Алпамыс» ұлттық операсы­ның костюмдері үшін үнділік зерлі жібек ­матаны шетелден алдырдық.

Костюмдер дайындаудың келесі ке­зеңі әр бұйымға үлгі құрастыру жұмыс­тарымен байланысты. Онымен киім пішуші айналысады. Ал бұйымдар­дың сапасына технологтар жауап береді. Олар әр тігістің, әр бөлшектің сызбаға сәй­­кес келуін тексереді.

– Барлық әртіске, хор қатысушыла­ры­на және көпшілік көрініске костюмдер дене бітімінің ерекшеліктері есеп­ке алына отыра жеке дайындалады. Әрбі­ре­уі­нің өлшемі алынады. Егер кос­тюм күрделі болса, міндетті түрде үлгісін жасаймыз. Біздің жұмыста конвейер қағидаты қолданылмайды, қойылым­ның әр қатысушысымен жеке жұмыс істей­міз. Мәселен, «Алпамыс» спектаклінде Тайшық ханның он бір жауынгеріне арнап біз безендіруі мен ұсақ-түйегіне дейін ұқсас етіп, бір матадан бірдей костюмдер тіктік, бірақ миманстың әр қатысушысы өз киімі дайын болғанға дейін оны кемінде екі рет өлшеп көрді, деп бөлім басшысы цех жұмысының қыр-сырын жан-жақты баян етті.

Тігін маманы атап өткендей, ұлт­тық операның ауқымды жобасы – театр­дағы соңғы премьералардың бірі – «Ал­памыс» операсы тігін цехынан ерекше үйлесімділік пен өнімділікті талап етіпті. Қысқа мерзімде 300-ден астам киім жи­нағын немесе 900 бұйым дайындауға тура келген. Себебі жинақ орта есеппен үш бөліктен (көйлек, шалбар, берен немесе шапан) тұрады. Күн сайын тынымсыз жұмыс қызып жататын театрдың тігін цехында барлығы 24 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 12 тігінші, екі киім пішуші, екі технолог және бас киім бойынша екі маман жалпы жұмысқа жұмылдырылған.

– Біздің цехтағылардың бәрі өз ісі­нің мамандары, – дейді Фатима Саты­балдина. – Тәжірибелері мен еңбек өтіл­дері жоға­ры. Театрлық костюмдердің көркемдеу­ші-суретшісі Саида Бағдат, ерлер костю­мі бойынша пішуші Пятимат Оздоева, костюмдерді тігу бойынша шеберлер – Мәдина Ахметова мен Дина Жакиенова, сондай-ақ бас киімдерді тігу бойынша шебер Қарлығаш Ахметовамен бірге К.Байсейітова атындағы бұрынғы опера және балет театрында да бірге жұмыс істеген болатынбыз. «Астана Опе­ра» құрылғаннан кейін осында ауыс­тық. Біздің ұжым бір-біріне үйренісіп қалған, сағат секілді үйлесімді әрекет етеді. Цех табысы жайлы бұдан артық түсініктеменің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біз бір-бірімізді «ә» дегеннен-ақ түсінеміз, деп цех жетекшісі сөзін түйіндеді.

Иә, театрлық костюм – бұл жауһар, оған талас жоқ. «Астана Опера» қойы­лымдарына арналып дайындалған киім­дерді көрермен қауым сахнадан бөлек, сондай-ақ театр фойэсінде ұйымдас­ты­рылған арнайы көрмеден музей жәдігері ретінде жақыннан танысып, тігін цехы қызметкерлерінің шеберлігіне талғам биігіндегі өз бағасын бере алады. Бұл – театр ұжымының саф өнердің сахна сыртындағы сырларымен көпшілікті жа­қынырақ таныстыру мақсатында жүзеге асырған жақсы бастамаларының бірі екен­дігі сөзсіз.