30 Сәуір, 2014

Ата

1140 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
атам 001Эссе Ата дегенде ел бірлігі сөзі тіліме оралады. Ел бірлігі үшін ата мен немере арасындағы сабақтастық жібі үзілмеуі керек. Ата мен немере арасында әке бар. Ел бірлігін қамтамасыз ететін үш тұлға: ата, әке, немере. Үш буын, оған сай үш құндылықтар жүйесі. Сабақтастық жібі үзілмеуі керек, егер үзіле қалса, оның қай жерден үзілгенін тауып жалғау – парасаттылықты қажет етеді. Парасат иесі кім, әрине, ол – ата.

* * *

Есім атам ел ішінде беделді болды. Неге десеңіз, ол кісі алаламады, басы артық сөз айтпады, оғаш мінезбен көзге түспеді. Атам туралы жақсы сөздерді бала кезімнен жиі естіп өстім. Олар санамдағы архетиптер. Бүгінде жұрт аузындағы атам туралы естелік сөздерді саралап отырсам, жа­рықтықтың расында өз ортасында тұл­ғалық, ақсақалдық дәрежеге жеткені анық екен.

 * * *

Ол кісі: «Адамның мінін бетіне баспа», – деп отыратын. Осындай мінез байлығы өзім ұстаз санайтын академик Зейнолла Қабдоловқа да тән еді. Заман желі қойнынан да, қоныштан да соққанда бір ағайындар Зекеңнің үстінен жоғарғы жаққа «домалақ арыздар» жіберіп, оның әбден мазасын алған екен. Кейін осы жағдай сөз болғанда марқұм Зекең: – Қайтесіңдер оны айта беріп, ондайларды аяу керек, – деп келте қайырып таста­ғаны есімде. Ауыл, ел іші болған соң, әңгіме-аян, жел сөздер болмай тұрмайды. Кейде сондайлардың бір «қапшығын» буып-түйіп жинап атамның алдына әкеп, «қап аузын» шешіп, ішінен неше түрлілерді шығарғысы келгенде: – Қарағым, сөз теріп қайтесің. Кімнің болсын жауап берер жері бар емес пе. Адамның адамға сот құрғаны дұрыс болмас, – деп тиып тастағаны есімде. Соншама «еңбегі» босқа кеткен ағайын ызадан алдындағы ыстық шайды ұрттап-ұрттап жіберіп: – Есеке, сіз тым кең қолтықсыз, ал мыналар болса... – деп әлдекімдерге ашуын білдіріп, ақыры ісі өнбеген соң, дастарқан соңына қарамай тұра жүгіретін. Сонда атам күлімсіреп: – Өмірге мұндайлар да керек, – деп әңгімені өзге арнаға ауыстыратын. Атам өмір сүрген заманды қиын, ауыр болды деу әншейін сөздер. Анығында, ол дәуірді қилы заман, – деп бөліп айтқан жөн болар. Ол кісі замандастарымен бірге бірінші жаһандық соғысқа қолдарына күрек, қайла алып қатысты. Минскінің түбінде қара жұмыста болды. Сонда жүріп Әлихан Бөкейхановпен жүздесіп, сұхбаттасты. Осы кездесуді атам ерекше леппен айтатын. Бала кезімізде бізге «төре деген жау» дегенді әбден санамызға шегелеп тастағандықтан, атамның әңгі­месіне тіксініп қалатынмын. Жаны шуақ, мейірімді менің сүйікті атамның аузынан маған түрпідей тиетін «Әлихан төре» деген сөз шығатынына таңғалатынмын. Тарих пәні мұғалімінен осы туралы сұрауға талай оқталдым, сұрамадым, атама деген сүйіспеншілігіме күдік түсе ме деген іштей қаупім болса керек.

 * * *

Атамның адамдарды алаламайтынының талай куәсі болдым. Ол шежірешіл еді. Бірақ, оның шежіресі адамдарды бір-бірінен алыстатпай, керісінше, туыс­тырып, түптің түбінде «қарға тамырлы қазақ» дегенге бас­тап әкелетін. Бұл шежіре мәдениеті. Сірә, менің «бар қазақ бір қазақ» деп жүргенім, осы отбасындағы қалыптасқан шежіре мәдениетінен өсіп-өнсе керек. Дулаттың балалары: Ботбай, Шымыр, Жаныс деген бабаларды мен тұңғыш рет атамның аузынан естігем. Сонда ешқандай бөтенсіп айту жоқ, керісінше, өзіміздің ағайындар деп жайраңдап отыратын. Исі қазақ атамның туысы еді. Ол кісіден тағы бір қалған сөз: «Қарақ­тарым, неге қазақша сөйлемейсіңдер?» –дейтін. Мен таңғалатынмын, бәрі қазақша, бірақ ол: – Бұл қазақ тілі емес,  – деп тіл тазалығын, әрі сөз мәнісін бұра сөйлегендерге көңілі толмайтын. Ол кісі сөздің ұлағаты, мәйегі болады деп отыратын. Бала болып көбіне мән бермедім, тіптен ұғына алмадым. Бірақ «сөз ұлағаты» дегені есімде қалыпты. Біріншіден, бұл ғылыми лексикадағы, сірә, сөз семантикасына қатысты мәселе, екіншіден, сөздің образдылығына, үшін­шіден, «дөң астынан» тұспалдап сөйлеу тәсіліне қатысты болса керек. Сөздің реті дегенді талай естідім. Бұл да ойланатын жай. Ол кісі дауласуды дұрыс деп есепте­мейтін. Сөз түсінбеген адаммен сөз жарыс­тырма, үндемей қоя қой дейтін. Өзі ондай адамдармен сұхбат жасауды аса жаратпайтын. Бірақ айтқан сөзім далаға, желге кетті деп өкінбейтін. Атам өткен іске өкінуді бос әуре деп, өзегіне өкініш толған туысқа: – Қарағым, өткен іс өтті, бәрі Алла әмірі, – деп басу айтып отыратын. Атам әйел затының «тіліне» жетік еді. Әлденеге қиналып келген келіндерінің қарияның кеңесінен кейін риза болып тарқасқандарын талай көрдім. Не айтты, толық біле бермеймін, әйтеуір отбасын сақтауды үлгілі іс дегеніне күдігім жоқ. Ол келіндерді мадақтап, қолпаштап отырғанды ұнататын. Үйге тіптен бір келген адам болса да: – Қарағым, үйдегі келін тәуір бала екен, – дейтін. Ол: – Ақсақал, келініңізді көрген жоқсыз ғой, – десе: – Көріп қажеті жоқ, мен өзіңді көріп тұрмын ғой. Киген кимің таза, өңің әрлі, көңілің тоқ. Келіннің жақсылығын міне, осыдан-ақ аңғарудамын, – деуші еді биязы мінезіне түсіп. Келген қонақ дән разы болатын. Былай қарағанда сәл нәрсе секілді, істің астарына үңілсек, ұйысқан отбасының көрінісі шынында да түзде жүрген ер адамның тұла бойынан аңғарылмай ма? Тағы бірде ол кісінің әйел жақсыны да, жаманды да көбінесе күйеуінен алады. Содан оны балаларына үлестіріп береді. Сонда кей балаға жақсылықтар, қайсы­бірі­не келеңсіздіктер «егіліп» кетпек. Содан кейін бір ата, бір анадан қалайша бұлай болды деп жатамыз дегені есімде қалыпты. Мен әр адамды да от демекпін. Отсыз жан жоқ. От азайса адам қартаяды, от сөнсе кісі тірліктен қалады. Тәрбие деген адам бойындағы отты өшіріп алмау немесе шамадан тыс өршітіп алмау. Екеуі де қауіпті. Оттың от қалпында жануын мен адамшылық өрісі деймін. От лапылдап кеткенде экстремистер, террористер, революционерлер, соғысқұмарлар өсіп шықпақ. Грек мифологиясындағы құдайлардың отты адамдарға бермегендігінің мәнісі де осы болса керек. Жаратқан бермеген отты ұрлап алған Прометей бейнесі революционерлердің символы болғаны да көп мәселені аңғартады. Қазақ дүние­танымында сабыр деген ұғым бар. Сабырлы болу ақылдылықтың, зиялылықтың белгісі. Парасатты адам сабырлы болады. Атамда мінез сабырлығы мол еді.

 * * *

Маған мінезі көркем адам кім десе, бірден: Ол менің атам, – дер едім. Өсе келе, менің үлкендерге деген құрме­тімнің өлшемі де осы кісінің көркем мінезі болды. Жасы келген жандардан көркем мінез көрмегенде ішім құлазып қалады. Неше жасқа келгендерде ақсақалдық жоқ. Бүгінде өзім де талай жасқа келдім, ішім­нен атаммен салыстырамын, бірақ деймін, кейінгі кезде сол «бірақтың» жауабын тапқандай болдым. Біздің алдымыздағы үлкендердің дені өтірік айтты, бізді алдады, санамызды жал­ған іліммен улады, екіжүзді болды. Ал, Есім атамның аталары ондай іске бармаған сыңайлы, олардың табиғаты бөлек, сенімі, діні таза, ата-баба өсиеттеріне адал болды, олар жастарды жалғандыққа, өтірікке үйретіп, саналарын уламады. Біздің ұрпақ қазақ болғанымызды «кінә» етіп таққан заманда ғұмыр кешті. Бай – надан, би – алдаушы, қазақ болып ғұмыр кешу – артта қалушылық, қазақ мектебінде білім алу – сауатсыздық, алда – «жарқын бола­шақ коммунизм». Мұның бәрі біздің таби­ғатымызды, бойымыздағы отымызды бұзды, рәсуа етті. Сол мибатпақтан енді-енді шығып келеміз. Өтірігі мол қоғамда сабыр деген өз мағынасын жойып алады екен. Мұндағы сабыр деген айтқанға көн, айдауға жүр деген құлдық сана шырмауы. Төзімділік дұрыс шығар, бірақ неге болсын төзу ол тұлғаның еркінен айырылғаны, адамның «менінің» жойылғаны. Кеңес заманы бізді осылай тәрбиелеп, бойымыздағы отымызды «мұз-сенім» коммунизмге апарып өшірді. Хакім Абайдың қайғы шығар ілімнен дейтіні осы. Бұл деген шайтандық, ал шайтанда сабыр бар деп кім айтты? – Балам, сабыр түбі сары алтын, – дейтін менің Есім атам көркем мінезіне салып.

 * * *

 Атам «иісі қазақ» деген сөзді жиі айтушы еді. Сонда ойлайтынмын, қазақтан өзге иіс шығып тұра ма деп. Рас, қазақтың өзіне тән «иісі» барына көп кейін ғылыми ізденістер арқылы жетіп, оны ғылымда «менталитет», «діл» деп айтып, жазып жүр. Тегінде, ол кісі «иісі қазақтарды» ғана емес, күллі өзі көріп, біліп жүрген адам баласын тең санайтын. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары алапат соғыс бас­талды. Қанқұмарлардың әлемдік ойыны өршіді. Фашистермен соғыс майданына атамның төрт ұлы: әкем, інілері Жәлел, Қану, Әдият араласты. Үлкен ұлы ақынжанды, сурет­­ші Сәтжан «халық жауы» болып түрмеде қайтыс болды. Елде қатын-қалаш, бұғаналары бекімеген бала-шаға шуылдап қалды. Күнде майданнан «қара қағаз» келіп, жұрт азан-қазан, сонымен бірге қай майданнан бір кем емес колхоз тірлігі. Тұрмыс деген әйтеуір өлместің күні, аштық, жалаңаштық дегендер өрт болып тұрған кез. Оның үстіне бір артық ауыз сөз болса, сен «халық жауы» болып «итжеккенге» кете барғаның. Бір уыс бидай ұрлағанның күні 15 жылға сотталу. Хал осылай, бірақ өмір сүру, болашақтан күдер үзбеу керек. Барға тәубе еткеннен өзге амал жоқ. Осындай жағдайда Лебяжі ауданының кейбір елді мекендеріне Кавказдан чешендерді және Еділ бойынан немістерді тасып әкеле бас­тады. Ол кезде өмірде жоқпын, естігенімді айтамын. Күндердің бір күні Жалтыркөл жағалауында отырған шағын ауылға колхоз жұмысына салу үшін екі-үш чешен отбасын әкелген, олар жадап-жүдеген, аш. Атам олармен амандасуға барып, халдерін көріп, басқармаға: – Қарағым, мыналарды мен үйіме алып кетіп екі-үш күн тамақтандырайын, мұсыл­мандар екен, – десе, басқарма: – Есеке, бұл жаулар, немістерге сатыл­ған. Мұндайларға аяушылық болмасын деген нұсқау бар, – деп қамшысымен жоғар­ғы жақ­ты көрсетеді. Атам айтқанынан қайтпай: – Қарағым, өзің қамшымен көрсетіп тұрған жоғарғы жағың, бір Алла. Бәріміз Алла тағала алдында теңбіз, бұлар мұсыл­ман­­дар, сөзімді тыңда, – дейді. Үш-төрт күн еркіндікте чешендер тәп-тәуір боп, естерін жиып алса керек. Содан жұмысты жақсы істеп, басқарманың көңілінен шығыпты. Бұл менің естігенім, ал енді көргенімді айтайын. Жалтыркөл жағалауында отырмыз, мектеп жасына ілікпеген кезім. Үйге сау етіп бір топ чешендер түсе қалды, ішін­де жиі қаты­насып жүретін қазақшаға судай біреуі бар. Қал­ғандары қазақшаға түсін­бейді, маған әсер еткені доғарадай сеңсең бөріктері. – Ақсақал, мына кісілер Кавказдан біздің тұрмысымызды көргелі арнайы келгендер, қадірлі адамдар. Олар сіздің ауыр жылдары бізді паналатқаныңызды естіп, рахмет айтуға және Кавказға қонақ болып қайтуға шақыра келіп отыр, – деді. Келгендері рас, рас дегендей бастарын изесті. Атам: – Меймандар қонақ болсын, сенің қона­ғың болса, менің де қонағым. Айт, кісі күту мұсылмандық, мен бар болғаны парызымды орындадым, – деді. Таныс чешен аударып жатыр, аналар өз тілдерінде шуласып кетті. Атам: – Құдай қаласа, барам Кавказға, бірақ кейінірек, – деді. Араға бір-екі жыл өтіп, тағы да Кавказға барып қайтуға шақырып чешендер келді. Қазақ­тың ана-мына жағдайы бітуші ме еді, жол түспеді. Еділ бойынан шұбырып немістер келді. Көргенім жоқ, естуім, ауыр халде жеткенге ұқсайды. Соғыстың нағыз қызған кезі. Ел ішін «қара қағаз» жайлап кеткен. Ненің не екенін айыруға қиын заман. Неміс десе соғыс, неміс десе фашист болып, ыза-ашу бет­ке шығып тұрған мезгіл. Атам келген­дерді аралап жүріп, әбден діңкелері құры­ған екі-үш балалы отбасын үйіне алған. Көрші-қолаңдар: – Есім, мұның не, фашистерді асырап, – деп шу шығарғанда: – Бұлар фашистер емес, адам баласы ғой. Бұл бейбақтардың соғысқа қандай қатысы бар, – деп көнбепті. Сонда атамның кіші баласы Әдияттан «қара қағаз» келген кез екен. Ойлаймын, менің атам ақылды емес, кемеңгер болған адам. Әйтпегенде, чешендер сияқты неміс­тер мұсылман да емес, тілі, діні бөлек, бірақ адам баласы деп, оларды атам туыс көріп қабылдаған. Бұл бейбіт, мамыражай заманда айтарға жеңіл сөз. Тағы да ойлаймын, «адам­заттың бәрін сүй, бауырым деп» деген хакім Абайға бар ғылыми ізденісімді арна­ғаным да осы ата тәрбиесі болар деген ойдамын. Батыс Еуропа гуманисі Альберт Швей­цер адамзат баласының ауыр халіне Еуропа жұртшылығының кінәсі бар деп Габонда өмірбақи дәрігерлік қызмет атқарды. Сон­дықтан менің санамда Наполеон, Гит­лер, Сталин, тағы басқаларға орын қал­маған. Атам әңгімешіл еді. Сөздері таусылмайтын, түрленіп, нәрленіп, құнарланып отыратын. Өзі келісті, келбетті жан еді. Көп адам көзіне көзін тігіп тура қарай алмайтын. Атжақты, дөңес қыр мұрынды, тыныс арнасы кең, бірақ жұқа болатын. Ерні қалың емес, жұқалау ма, қалай? Екі бетінің жоғарғы түсі қызғылт тартып тұратын, өзі аққұба еді, маңдайы қасқа, құлақтары әдемі, дембелше, ол кісінің отырғаны кейбіреудің түрегеп тұрғанындай әсер қалдырушы еді, өте қарулы болатын. Жамбасының астында қылшылдаған өткір балтасы, бәкісі, ұстарасы және ақшасы болатын. Кей-кейде екеуміз отырып санап қоятынбыз. 1916 жылы қара жұмысқа, майданға барғандағы әңгімесін айтатын. – Күні бойы окоп қазып, кешке қазақтар жиналып домбыра тартып, ән саламыз. Қал­ған уақытта мен әңгіме айтамын, құдай­дың құдіреті, бір айтқан әңгімемді ешқашан қайта­ламадым, – дейтін. Атам дүниеден өткенде он алты жастамын, өкінішті. Бұл әлі де «ойын баласының» жасы, атамды қазына деп бағалайтын кез емес еді. Оның үстіне ол кісі өмірінің соңғы жылдары бізден жырақ Қазантайда тұрды, жиі қатынас болмады. Соңғы жылдары қолында болғанымда біршама әңгімелерді есімде сақтап қалар ма едім деймін. Ата мен немеренің жиі жолығып тұруы сабақтастық үшін аса қажетті шара, ынталы жасқа ата деген телегей-теңіз ақпарат арнасы емес пе? Сонда да жадымда сақталған бірер сөздерге тоқталғанды жөн көріп отырмын. Есім атам бес уақыт намазын қаза қылмаған, бірақ әдеттегідей діндар емес еді. Дін мәселесіне қатысты әңгіме бола қалғанда, өзінен екі жас кіші Әлім атама жөн сілтеп: – Мұндай шариғатты Әлімнен сұраңдар, оның оқуы терең, – деп отырғанын талай естідім. Кіші атамыз (бәріміз Әлім атаны солай атай­тынбыз) шынында да нағыз ғұлама. Үйіне қашан барсам да қолында кітабы, сәлем алып, қысқаша жөн сұрасқаннан кейін қайтадан өз кәсібіне икемделген соң, ақырындап бөгет жасамайық деген сыңаймен шығып кететінбіз. Бірақ ауыз үйде Биғайша апамыз шай жасап күтіп отыратын, жарықтық. Кіші атам шайға кейде ғана келетін, көбінесе апаммен сұхбаттасып, шай ішіп үйден разы болып аттанатынбыз. Себебі, мен де, өзге туыстар да кіші атамның үйін қасиетті деп санайтынбыз, бұл бір. Екіншіден, бұл Сексенбай бабамыздың шаңырағы деп есептелетін. Өткен-кеткенде кіші атамның үйіне арнайы барып сәлем бермеу, мен үшін әдепсіздік. Әкем осылай деп менің санама әбден құйып тастаған. Өз тарапымнан кіші атамды ерекше жақсы көремін, ол араб, парсы тілдерін жетік меңгерген әрі кісі емдейтін қасиеті бар ерекше жан. Мен өз атам Есімнің інісі Әлімнің қатар өмір сүрген кездерін  ғұмырымның сәулелі күндері, жылдары деп анық айта аламын. Себебі, олар заманының кемеңгерлері еді. Бұл жұрт пікірі, менің оған алып-қосарым жоқ. Ағайынды екеуі елдің ырысы да, құты да еді.   Есім атамның айтты деген сөздеріне оралсақ, ол кісі: «Желмен келіп, желмен кетер жел сөзге ермеңдер», – деп отыратын. Рас. Жасым ұлғайған сайын осы сөздің мағынасы ашыла бастағанға ұқсайды. Желмен не келмейді, жел боп не кетпейді, сонда қалатыны не? Ертедегі жыраулардың су түбінде жатқан сөз деген меңзеулері де осы мағынада айтылған емес пе? Тілімізде әмбебап деген түсінікті қолданамыз. Заман­­нан заман өсіп-өнгенмен, су түбінде қала­тын құндылықтар болады, атам әңгімені солар төңірегінде өрбітетін. Ел ішінде адамдар мінез-құлқына, іс-қимылына қарай сан түрлі болатыны белгілі жай. Сондай мінезі алып-ұшып тұратын «көше сөздерін» жинап отырған жерінде оларды «жыр» ететін атамның бір замандасы: – Есеке, сіз Әлеке (кіші атамды айтады) бір ата, бір анадан туғансыздар, бірақ мінездеріңіз мүлдем басқа. Әлекеңе сәлем бере барсам, сәлемімді алып бірер сөзден кейін бұрылып, кітабына үңіліп, мені жан деп есепке алмайды, мұнысы қалай? Атам бірден жауап бермей, әлгі адам тағы не дер екен деп, оған көзін қадап бір сәт отырды, ананың дегбірі қаша бастады. Атамның көзі ашық жасыл, өткір еді. – Қарағым, Әлім молда, дін жолында, ол желмен кетер сөзге мойнын бұрмайды, реніш қылма, оның мінезі тұйық, – дейтін. Жел сөз деп отырғаным, «өсек сөз­дер», кей-кейде осындай сөздерді тере­тін әжеп­тәуір билік басындағыларды кездестіргенде есіме атам түсіп: «Әттең, шіркін, оқуың болғанмен, тәрбиең шамалы болған-ау», –  деймін ішімнен. Қазақ тәрбие деген сөзді «көрген» дегенмен білдірген. Парықсыздау жанды қазақ  оның көргені жоқ екен деп жатады. Осы көргені жоқ дегенге тағы да Есім атама қатысты мысал. Атам сексен бестен асқан шағында бабалар зиратына жақын Қазантай деген ауылға қоныс аударды. Өрімдей сұрып­талған қарағайдан кең үй салдырып, сонда тұрып жатты. Шағын ауыл үшін атамның қоныстануы оқиға. Қазақы дәстүр бойынша тегіс сәлем беріп, құтты қоныс айтып жатыр, ерулік деген одан кейін болатын шаруа, әуелі сәлем. Ата дәстүрі үлкендер болғанда бұзылған емес. Ай өткен шамада бір үйден кейін тұратын көрші азамат сәлем бере келіп: – Ақсақал, шаруадан қол босамай кештетіп келіп отырмын, ғафу етіңіз, – депті аңғалдықпен. Сонда атам көрші азаматтың сөздерін мұқият тыңдап алып, былай депті: – Қарағым, саған қандай өкпе, жұмыс­бастысыңдар, бала-шаға қамы бар. Сәлем беріп ата салтымен келгеніңе дән разымын, айналайын, мен ренжісем, анау Сүлейменге ғана ренжимін ғой, – депті. Сүлеймен сәлем беріп отырған азамат­тың әкесі, атамның құрдасы екен. Жібі түзу болғанымен, кісілігінде міні барын ел айтады. Әкең солай болғанда сен одан асып қайда барасың деген меңзеуді әңгімеге куә болып отырғандар маған талай айтып беріп: «Есекең кемеңгер еді ғой», – деп тамсанатын. Атам тағы айтушы еді: – «Дастарқан басында дастарқанның сөзін сөйлеңдер», – деп. Онысы ас, дәм келгенде дастарқан көркіне енеді, олай болса, сөз де көркем болуы керек. Дастарқан басында ол кісі ғайбаттау, көше сөздерін айтуға тыйым салып отыратын. Сондағы дастарқанға қарасаңыз, бауырсақ, май, құрт, шашырап жатқан өлшеулі шақпақ қант, соңынан келер табақ ет, кейде қуырдақ қана. Осы көрікті дастарқан деп, тәубе деп бата жасап, тілек тілейтін. Ол кісі «дәм», «тағам», «ырыздық», «несібе», «шүкіршілік» деп отыратын. Барға қанағат ету атамның басты философиясы болатын, басқа амал бар ма, елде тегіс жоқшылық, жетіспеушілік, қисынсыз істер, көпірме-өтірік сөздер. Осындай жағдайда атам бас­тап дәм ішіп отырған дастарқан шынында айтып таусылмайтын керемет болатын. Жоғарыда атамды кемеңгер дедім. Бұл әншейін айтылған сөз емес. Есімде анық қалған оқиға. Никита Хрущевтің өрлеп, бет қаратпай тұрған кезі. Әдеттегідей, үлкен астан кейінгі әңгіме саясатқа ауысты. Сталинді жерден алып, жерге салып жатқан идеологиялық науқан. Сол кезді бүгін ойласам, ком­мунистер деген принципсіз, жалған сенімге уланған жандар екен. Кезінде олар Сталинге құдайдай сеніп, ол өлгенде солқылдап тұрып жылады. Енді, міне, Хрущевтің айтқанымен оның «моласын тепкілеп» жатыр. Әңгіме қыза келе, түйінді сөздің мезгілі жетті-ау дегенде, Есім атам бір сілкініп, тамағын кенеп: «Естеріңде болсын, бұл өкіметтің ғұмыры ұзаққа бармайды. Оны мен көрмеймін, сен (әкемді нұсқап) шет жағасын көресің, ал мынау (мені нұсқап) сол заманда ғұмыр кешеді», – деді. Балаға бұл ауыр түсінік, мен он жастар шамасындамын. Маған атамның сөзі оғаш көрінді, осы оғаштығымен менің жадымда сақталды. Егер түсінікті болғанда ұмыт болар еді. Отырғандардың бірі сәл үнсіздіктен кейін: – Есеке, неге олай дейсіз, – деді. Атам бәрің мұқият тыңдаңдар деген сыңаймен: – Олай дейтінім, бұлар бірін-бірі жамандап жатыр. Басшылары бірін-бірі ғайбаттаған өкіметтің ғұмыры қысқа. Он­дай ғибрат өткен замандарда болған. Бала­сы әкесіне, інісі ағасына қарсы шыққан патшалардың елдері өзгелерге жем болып отырған. Бұл да соның кебі, – деді. Бүгін ойлаймын, неткен көрегендік. Кемеңгерліктің өзегі – көрегендікте. Атам айтқандай болды. Сталинге қарсы шық­қан Хрущев көп тұрақтамады. Билікке Ми­хаил Горбачев келді, ол кезде әкем бар, тәуелсіздікті көріп, ол кісі 1993 жылы дү­ниеден өтті. Мен болсам, Есім атам айтып кеткендей, мүлдем өзге заманда ғұмыр кешу­демін. Таңғаламын. Саясаткерлер, кеңес заманында басшылық қызметте болғандар: – Біз СССР-дің ыдырауын білмей қалдық, – деседі. Ал, ауылдың оқымаған ақса­қалы ХХ ғасырдың елуінші жылда­рының соңында әлемді түпкілікті өзгер­тетін геосаяси оқиғаны сезіп-біліп, болжап айтып кеткен. Сонда оқыған кім, кемеңгер кім, сауаттылық деген не? Қадірлі оқырман, санаңызға салып ойлай беріңіз, жалпы иісі қазақ ауылының ақсақалдары тегіс көреген, кемеңгер бол­ған. Мен солардың бірін ғана, атамнан есті­гендерімді баяндап отырмын! Ғарифолла Есім,  академик. АСТАНА.