Саясат • 13 Қазан, 2022

Тәуелсіздіктің ізашар құжаты

561 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

1990 жылдың 25 қазанында қабыл­данған Республиканың егемендігі тура­лы декларация туралы айтпастан бұрын, сол кездегі елімізде қалып­тасқан саяси-экономикалық ахуалға тоқталып кеткен дұрыс болар. Сол кезеңде үлкен маңызды оқиғалар орын алды. Соның бірі – 1989 жылы ма­мыр-маусымда өткен КСРО халық депутаттарының алғашқы съезі ашық, жариялылық түрде өтіп, съезд барысы теледидар және радио арқылы толығымен бүкіл одаққа таратылып отырды.

Тәуелсіздіктің ізашар құжаты

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Съезде кеңес өкіметі мен комму­нис­тік партияның елімізді басқарудағы жұмыстарына жан-жақты талдау жа­салып, саясатта, экономикада жіберіл­ген өрескел кемшіліктері ашық та өткір сынға алынды. Елдегі инфляция деңгейінің жоғары болуы, азық-түліктің қымбаттауы, тауар тапшылығы, халықтың тұрмыс деңгейінің нашарлауы, әлеуметтік әділеттіліктің жиі бұзылуы, ұлтаралық қатынастағы шиеленістер экономикалық дағдарысты күшейте түсті. Одақ басшылығы ахуалды реттеу үшін жариялылық, жеделдету, қайта құру сияқты саясатты ұстанғанымен, оң нәтиже бола қойған жоқ. Басшылық тарапынан жіберілген кемшіліктер ашық айтылған сайын халық арасында наразылық арта түсті. Оның арты сая­си дағдарысқа ұласты. Сөйтіп, 1990 жылдың басында Балтық елдері КСРО құрамынан шығып, жеке бөлініп те кетті. Одақты сақтап қалу мақсатында билік 1990 жылы наурызда Бүкілодақтық референдумға «КСРО-ны тең құқықты егемен республикалардың жаңарған федерациясы түрінде жақтайсыз ба?» деген сауалды шығарды. Ел одақты жақтап дауыс берді. Ендігі кезекте одақтас рес­публикалар одақтық шарттың жобасын дайындау барысында өздерінің нақты құқықтары мен өкілеттіктерін барынша кеңейтуге бағытталған жұмысқа кірісті. Одақтас республикаларда өздерінің президенттерін сайлау басталды.

Біздегі ахуал қандай болды? 1990 жылдың наурыз айында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтті. Мен ол уақытта Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Арыс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы едім. Сол ауданнан Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайландым. Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше болды. Республика тарихындағы тұңғыш баламалы сайлау еді. Бұрын Қазақстан компартиясы орталық комитетінен депутат болып шопан, механизатор, құрылысшы, шахтер сайлануы керек деген пәрмен берілетін. Бұл сайлауда да сол үдеріс байқалғанымен, демократия, жариялылық ұғымы қалыптаса бастағандықтан, қатаң сақтала қойған жоқ. Қазақстан Ғылым академиясы, театрлар қоғамы, жазушылар одағы, архитекторлар одағы, композиторлар одағы сияқты шығармашылық ұжымдарға тиісті квота беріліп, олар өздерінің съездерінде Жоғарғы Кеңеске депутаттар сайлады. Сөйтіп, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының XII шақырылған Жоғарғы Кеңесіне жан-жақты іріктеуден өткен депутат­тар сайланды. Депутаттыққа іріктеудің бала­малы әдісін қолдану арқылы сай­лаудың жариялылық түрде өтуі депу­таттық корпустың сапасына, білімді азаматтардың сайлануына оң әсерін тигізді. Сол депутаттардың жұ­мыс істеген кезеңі тарихи кезең десек, артық айтқанымыз емес. Атап айт­сақ, Егемендік туралы декларация­ны, Тәуелсіздікті тура­лы заңды, республиканың бірінші конституциясын қабылдау сияқты маңызды оқиғалар болды.

XII шақырылған Жоғарғы Кеңестің алғашқы сессиясы 1990 жылдың 24 сәуірі мен 30 сәуірі аралығында және 10-28 мамыр аралығында өтті. Жоғар­ғы Кеңесте 360 депутат болатын. Бұрын депутаттар күзде бір аптаға, көктем­де бір аптаға келіп, екі сессияға қаты­сып, заңдарды қабылдайтын. Ал бұл депу­таттық корпустың 25-30 пайызы жалақы алып, тұрақты түрде жұмыс істеп, үкі­метпен бірге заң жобаларын алдын ала әзірлеуге қатысты. Ал қалған депутаттар жылына екі рет күзде 2 ай, көктемде 2 ай сессияға келіп жұмыс істейтін болды.

24 сәуірде өткен алғашқы сессияда күн тәртібі бекітілгеннен кейін Жоғарғы Кеңестің төрағасы болып Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланды. Ал түстен кейін Жоғарғы Кеңестің кешкі мәжілісінде ол күн тәртібіне «Республикада прези­денттік басқару жүйесін енгізу» туралы, «Конституцияға толықтырулар мен өзге­рістер енгізу» туралы заң жобаларын ұсынды. Бұл туралы белгілі заңгер, ға­лым Сұлтан Сартаев баяндама жаса­ды. Сол уақытта одақ құрамындағы рес­пуб­ликалар президенттерін сайлап қой­ған еді. Депутаттардың қызу пікір­таласынан кейін, аталған екі заң жобасы қабылданды. Сол күні заң қабыл­дан­ғаннан кейін Жоғарғы Кеңестің депутаттары сессияда жасырын, жабық түрде Рес­публиканың президентін сайлай­тын болып келісті. Үміткер ретінде Нұр­сұл­тан Назарбаев ұсынылып, де­путат­тар­дың 94 пайыз дауысымен Рес­пуб­лика Президенті болып сайланды. Әлі есімде, сағат 22:30 минутта ол Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Пре­зиденті болып сайланды. Ал 22:45 ми­нутта Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­­пуб­­­ликасының Туы астында салтанатты түрде Ант берді. Келесі күні өткен сес­сия­да Тұңғыш Президент Жоғарғы Ке­ңес­тің төрағасы қызметінен босатылып, оның орнына Ерік Асанбаев сайланды.

Одақтағы экономикалық-саяси ахуал ушыға бастаған уақытта әрі прези­дентімізді сайлап алғандықтан күздегі екінші сессияда «өз жерімізде өзіміздің саясатымызды жүргізу керек» деген мәселе көтеріле бастады. Жаңа одақтық шарт жасау үшін, Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде республиканың мәртебесін жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларация қабылдау керек болды. Жобаны әзірлеу үшін арнайы комиссия құрылып, рес­пуб­ликамыздағы мемлекеттік-құқық саласының аса білгір маманы, академик Салық Зиманов комиссия төрағасы болды. Бұл кезең демократияға барынша жол ашылған кезең еді. Содан болар, депутаттардың арасында «Демократиялық Қазақстан» деген топ құрылды. Тіпті «Демократиялық Қазақстан» тобы әзірлеген Егемендік туралы декларацияның балама жобасы да ұсынылды. «Демократиялық Қазақстан» топ жетекшілері көпұлтты қоғамда ұлттық мемлекеттік тұжырымдамаларды жүзеге асыру жағымсыз жағдайларға апаратынын, «сондықтан да азаматтық қоғам құру керек» деген мәселе көтерді.

Декларацияны талқылау барысында комиссия мүшесі, атақты заңгер-ғалым, депутат Сұлтан Сартаев «Демо­кратиялық Қазақстан» тобындағы депу­таттардың «ұлттық республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікіріне қарсы өз ойын ортаға салды. Ол: «Мен әлемдік тәжі­рибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни пра­волық мемлекетке қайшы келмейді. Мәсе­лен, Англия – праволық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испа­ния, Жапония, тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі праволық мемлекет­терді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміз­дің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декла­ра­циядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты – сонау ерте дәуір­ден тілі, ділі қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз тарихы бар халық. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», деді.

Депутат С.Зиманов бастаған комиссия бір аптадан астам уақыт декларация жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, жобаны сессияның талқылауына енгізді. Декларация жобасы сессияда жан-жақты қызу талқыланды, оның әрбір бабы, керек десеңіз әрбір сөйлемі мен сөзі әртүрлі пікірталас тудырып барып, келісімге келіп, қабылданып отырды. Ол кезде депутаттық корпуста басқа ұлт өкілдерінің саны едәуір болатын. Олардың арасынан декларацияны қабылдау кезінде түрлі қитұрқы сұрақтар беріп, қарсы шығып, сөз сөйлегендер де табылды. «Декларацияның не керегі бар бізге? Біз кеңес одағында өмір сүріп жатырмыз. Әлде оған қарсысыңдар ма?» деген мәндегі пікірлер айтылды. «Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып» деген сөйлемдегі «қазақ» деген сөздерді алып тасталуын талап еткен талқылаудың өзі біраз уақытқа созылды. Тіпті қарсылық танытқандардың қатарында ұлты қазақ депутаттар да болды. Комиссия төрағасы, академик, депутат Салық Зиманов, қазақ тілінде де, орыс тілінде де сауатты баяндама жасап, депутаттардың қойған сұрақтарына толық жауап беріп, жетелеріне жететіндей етіп түсіндіріп отырды. Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Бәйгелдиев, Өзбекәлі Жәнібеков және тағы басқа депуттаттардың белсенділік танытып, қарсылық танытқандарға бұлтартпас дәлелді жауап бергендерін атап өткен жөн. Қазір сол кезде егемендікке қарсы болған депутаттардың бар болғандарына көп адам сенбеуі мүмкін. Бірақ солай болды. Оны біз өз көзімізбен көрдік. Егемендікті қабылдау оңайға түскен жоқ. Сөйтіп, Егемендік туралы декла­ра­ция 25 қазан күні сағат 18:55-те қабылданды. Құжат қабылданған кездегі әсерді ұмыту мүмкін емес. Декларация қабылданғаннан кейін еліміздің әнұраны орындалып тұрғанда сессияға қатысушы барша депутат пен үкімет мүшелерінің көздеріне жас алғаны менің есімнен ешуақытта кетпейді. Бұл кеудемізді кернеген үлкен шаттық, тебіренгеннен шыққан көздің жасы еді.

Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­пуб­ликасының егемендігі туралы дек­ларация – Қазақстанның тәуелсіз, шынайы егемен мемлекет ретінде қалыптасуының алғышарты болған маңызды құжат. Бұл құжат Қазақ КСР-нің егемендігін бүкіл әлемге әйгіледі.

Декларацияның бірінші тармағында Қазақ КСР-і басқа республикалармен бірге Егеменді Республикалар Одағына ерікті түрде кіретіні және олармен қарым-қатынасты шартты негізде құратыны айтылды. Сонымен қатар Қазақ КСР-і егемен мемлекет ретінде тиісті одақтан еркін шығуға құқылы екені көрсетілді. Декларацияда республиканың барлық ұлттық байлығы – жері және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстары, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал Қа­зақ КСР-нің ерекше меншiгiнде бола­тын­дығы және олар мемлекеттің егемен­дiгiнiң негiзiн құрайтындығы бекітілді.

Декларация Қазақстанның халық­аралық қатынастың толыққанды субъектісі ретіндегі конституциялық-құқық­тық мәртебесін анықтады. Қазақ КСР-нің мемлекеттік билігінің респуб­лика ішінде ғана емес, Одақтық шартта бел­гі­ленген шеңберде сыртқы қатынаста да үстем, дербес, толық болатындығын бекітті.

Ерекше айта кететін жағдай, декларацияда өзге де құқықтық міндеттермен қатар қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершіліктің танылуы болды. Бұл норманың енгізілуі жойыла бастаған қазақ тілі мен мәдениетіне деген мемлекеттің қамқорлығын көрсетеді.

Қысқасы, саяси-құқықтық мәні аса зор бұл құжат 17 бөлімнен тұрады. Құ­жатта Қазақ КСР егемендігін қамтамасыз етудің барлық дерлік қажетті шарты қамтылды.

Декларация халықтың рухын көтерді. Кейбіреулер бұл құжаттың маңыз­ды­лығын елемейтіні белгілі. Шын мәнінде, тоталитарлық жүйеде, артық сөз айтқызбайтын кезеңде егемендік алу жөнінде декларация қабылдау – үлкен жеңіс. Тәуелсіздік алуға жасалған алғаш­қы нық қадам еді!

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

ХІІ шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты

Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше