Қазақстан • 08 Қараша, 2022

Конституциялық реформадан заңға дейін...

380 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Конституциялық сот жұмыс істей бастайды. Бұған дейін болған Конституциялық кеңес пен жаңа соттың айырмашылығы неде? Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің міндеті қандай? Реформаларды толығымен жүзеге асыру үшін қабылданған 6 заң нені көздейді? Осы сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет министрлігінің өкілі түсініктеме берді.

Конституциялық реформадан заңға дейін...

Сот жүйесіне енбейтін қа­зіргі Конституциялық кеңес 1995 жылы құрылған. Алай­да Президенттің биылғы Жол­дауында айтылған құқық қорғау инс­титуттарын күшейту үшін сот жүйесінің әділ төрелігі қажет болды. Осы мақсатта Консти­туциялық сот құру тура­лы шешім қабылданды. Кон­ституциялық сот 2023 жылдың 1 қаңтарында жұмысын бастайды. Мұндай институт бүгінде әлемнің дамыған елдерінің барлығында бар.

– Конституциялық соттың қызметі үшін заңнамалық, құқықтық негізді қамтамасыз ету, оған Конституциямен жүк­телген өкілеттік­терді іске асыру мақсатында «Қазақ­стан Рес­пуб­лика­сының Конс­титуциялық соты тура­лы» Конституциялық заң қабыл­данды. Консти­туциялық заң Конституциялық соттың жә­не оның судьяларының мәрте­бесін, олардың өкілет­тіктерін, кепілдіктері мен қамтамасыз етілуін толық ашады. Сон­дай-ақ конституциялық іс жүргізуді жүзеге асыру тәрті­бі жан-жақты регламенттелген. Конституциялық сот елі­міз­дің барлық аумағында Конс­титуцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болып саналатынын және биліктің сот тармағына жатпайтынын атап өткім келеді. Өйткені бұл мәселе Конституцияда нақты шешілген. Бұл Конституциялық сот сот шешімдерін қайта қарамайды немесе күшін жоймайды дегенді білдіреді, – деді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.

Вице-министрдің айтуынша, Конс­титуциялық соттың Консти­ту­циялық кеңестен айыр­машылығы азаматтар құ­зырлы органға тікелей жүгіне алады. Ал кеңесте мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Енді Конституциялық сот азаматтардың өті­ніш­тері бойынша олардың құқықтары мен бостан­дықтарын тікелей қозғайтын нормативтік-құ­қық­тық актілерді Ата Заңға сәйкестігін қарайды. Ел тұрғын­дарымен қатар, Бас про­­курор мен Адам құқық­та­ры жөніндегі уәкіл Конс­титу­циялық сотқа жүгінуге құқылы.

Жаңа заңда Адам құқықтары жө­ніндегі уәкілдің құзыреті де күшей­тілді.

– Конституцияның 83-1-ба­бының нормаларымен уәкіл қызметінің міндеттері, оның тәуел­сіздігінің кепілдігі бекі­тілген. Бұдан былай уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйым­дастыру Конституциялық заңмен айқындалады. Уәкілдің құзыреті күшейтілді. Атап айтқанда, Конституция нормаларын іске асыру үшін уәкіл­дің Конституцияда бекітілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нор­ма­тивтік құқықтық акті­лердің Конс­титуцияға сәй­кес­тігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жү­­гі­ну құқығы көзделген. Уә­кіл­дің қылмыстық-атқару жүйе­сінің мекемелеріне және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға кедергісіз кіру құқығы бекітілді. Уәкілдің мемлекеттік органдар, жергі­лікті атқарушы органдар, өзге де ұйымдар мен азаматтар арасындағы дауларды реттеу жөніндегі қоғамдық диалогке қатысу мүмкіндігі және оларға тиісті ұсынымдар беру мүмкіндігі бекітілді, – деді А.Мұқанова.

Сонымен қатар сайлау заңнамасына өзгерістер ен­гі­зуге, Конституциялық сот құруға, Есеп коми­тетін Жоғары аудиторлық палатаға айнал­дыруға, Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл мәртебесін нығайтуға байланысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске тиісті өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді.

Сайлау заңнамасында атап айтсақ, сайлау процесін жетіл­діруге бағытталған әлеуметтік желілердегі үгіт-насихатқа рұқсат беру, аумақтық сайлау комиссия­ларын кәсіби негізге ауыстыру, сайлау қорларына ерікті қайырымдылықтардың шекті мөлшерін белгілеу және тағы басқа да өзгерістер енгізілді. Әсіресе саяси партияларды тіркеу үшін бірқатар жеңілдік қарастырылған.

– Саяси партияларды тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін, саяси партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз санына қойылатын талаптар 600-ден 200 адамға дейін, саяси партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең аз санына қатысты талаптар 1 мыңнан 700 адамға дейін төмендетілді. Сондай-ақ мұнда саяси партия құру жөніндегі құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұлғайту бойынша түзетулер көзделген. Бұдан бөлек, жерге, оның қойнауына, суларына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, басқа да табиғи ресурстарға қатысты халық меншігін белгілеу бөлігінде Конституцияның 6-бабына қабылданған түзетулерге ұқ­сас нақтылайтын түзетулер енгізілді, – деді Әділет вице-министрі.

Бұған қоса аралас сайлау жүйесі енгізілді. Енді өңір мәслихаттары мажоритарлық жүйе бойынша 50, партиялық тізімдер бойынша 50 пайыз қағидаты бойынша құры­лады.

– Аудан мәслихаттары тек бір мандатты округтер бойын­ша құрылады. Сайлау проце­сінің өзі уақыт талаптарына сүйене отырып жетілдіріледі. Депутаттық мандатты қайтарып алудың жаңа инс­титуты енгі­зілуде. Императивті мандат дегеніміз – егер бір мандатты округ бойынша сайланған депутат қоғамның сұраныстарын қанағаттандырмаса, мұндай депутатты қайтарып алу мүм­кіндігі. Шын мәнінде бұл сайланатын депутаттардың жауапкершілігін арттыру тетігі және олар мәлімдеген сайлау­алды бағдарламаларды іске асыруға ынталандыру. Бұл ретте мұндай модель кезінде депутаттың өкілеттігін тоқтату да аралас: не кандидатты партиялық тізімнен шығару, саяси партияны тарату не сайлаушылардың депутатты кері қайтарып алуы, – деді вице-министр.

Сондай-ақ аудандар мен облыстық маңызы бар қала­лардың әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен енгізілуде. Әкімдерді сайлау үш кезеңде өтеді, 2023 жылы әкімшілік-аумақтық бірліктердің – 25, 2024 жылы – 25 пайыз, ал 2025 жылы барлық аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өтеді. Бұл ретте пилоттық өңір облыс әкімінің ұсынысы бойынша облыс мәслихатының шешімімен белгіленеді.

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024