Бүгінгі мақаламызға арқау еткелі отырған кейіпкеріміздің бірі Германияда, бірі Ресейде тұрады. Тұрмыстары жақсы көрінеді. Әйтсе де әңгімелесу барысында туып-өскен жеріне деген ерекше құрмет пен сағыныштың басым екенін байқадық.
Елена Ерёмина Германияға 2005 жылы қоныс аударған. Әуелі ата-анасымен бірге Ресейге көшкен. Тоқырау жылдары Еленаның әкесі жұмысынан айырылып, табыс табу мақсатымен елден кетуге мәжбүр болады. Қазір Елена Ерёмина Германияның Фрайбург қаласында орналасқан университет клиникасында медбике болып қызмет етеді.
– Қазақстандағы, туған қалам Талдықорғандағы соңғы жаңалықтардан хабардармын. Жер жәннаты Жетісудың өз алдына отау тігіп, облыс болғандығы ерекше қуантады. Кейде уақыт айырмашылығымен, жұмыс барысымен интернетке үңілуге мүмкіндігім бола бермейді. Ал уақытым бола қалса, әрине алдымен туған жерімдегі ақпаратты іздеп, қарап отырамын. Оған қоса елдің барлық жаңалығын туыстарым да жеткізеді, жақындарымның көбі Қазақстанда тұрады. Достарым да бар, әлі күнге дейін олармен байланысымыз үзілмей келеді.
– «Қазақстанды сағынасыз ба?», деген сауалыңызға жауап беретін болсам, мен үшін Қазақстан – туған елім, ал Отан – киелі ұғым. Мен мектепті қазақ топырағында бітірдім, оны әркез мақтан тұтамын, өйткені ең жақсы ұстаздардан білім алдым. Адамның кейінгі өміріне азық болатын ең құнды білімді, тәрбиені сол жерде бойыма сіңірдім. Сондықтан да туған жер маған қашан да ыстық, солай болып қала береді де, – дейді Елена.
Еленаның туған жеріне жолы түспегелі оншақты жылдың жүзі болыпты. «Алдағы уақытта елге барып, туыстарыммен, достарыммен көрісіп, сағынышымды басып қайтсам ба деген ойымның орындалатынына сенімдімін», дейді кейіпкеріміз.
Ол елден кеткеніне ондаған жыл өтсе де ұлттық құндылықтардан алыстамапты. Әсіресе дастарқанның көркін қазақтың ұлттық тағамдары келтіреді екен.
– Мен әрқашан ұлттық тағамдарды дайындаймын, мысалы, еттің мен үшін орны бөлек. Сондай-ақ Қазақстанның әр отбасында үнемі дайындалатын манты, палау, лағман пісіремін. Бір қиындығы Германияда жылқы етін, қазы сатып алу мүмкін емес, сондықтан ұлттық тағамның негізгі құрамын қой, сиыр етімен ауыстыруға тура келеді, – дейді Елена.
Шағын әрі еркін әңгімемізді Елена: «Қазақстан халқы жақсы өмір сүріп, мемлекет дамып, өркендеп келеді, мен Отанымның гүлдене беруін, тұрғындарының бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүргенін қалаймын», деп аяқтады.
Ал Анфиса Большикова Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданының Ақкемер ауылында дүниеге келген. Орта мектептің оныншы сыныбын аяқтаған соң оны Ресейдегі әпкесі шақырады. Сөйтіп сол кездегі Куйбышев облысының медицина училищесіне оқуға түседі. «Бұл 1985 жыл болатын. Училищені аяқтап, Қазақстанға ораламын деген жоспарым аяқ астынан өзгеріп кетті. Әпкем Ресейде біржола қалуға көндірді. Осы елде отбасылы болдым, облыстық емхананың хирургиялық бөлімінде медбике болып 32 жыл қызмет еттім. Қазір зейнеттемін», деді Анфиса.
Анфисаның туыстарының барлығы Қазақстаннан көшіп кеткен. Алайда Ақтөбеге жиі келіп тұруға тырысады. «Көбіне сыныптас құрбыма қонаққа келемін, ол Ақтөбе қаласында тұрады. Соңғы үш жыл бойы туған жеріме бара алмай отырған жайым бар. Жолға шығамын деп дайындалып жатқанымда пандемия басталып, шекара жабылды, одан арыла бергенімізде Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталып, тыныштығымызды бұзды. Өткен қазан айында елге барамын деп жоспарлап отыр едім. Сол кезде Ақкемердің 90 жылдығы аудан көлемінде тойланды. Алдын ала жол билетін де алып қойғанмын. Ресейде мобилизация басталып, байтал түгіл бас қайғы болып кеттік», деді күрсіне Анфиса Большикова. Анфиса ұлдарының тағдырына алаңдайтынын да жасырмады. Тепсе темір үзетін қос ұлының болашағына алаңдап отырған ананың уайымы да орынды.
– Ұлтым мен тұрғылықты жерім өзге болғанымен, Қазақстан маған өте жақын. Қазақ жерінде туып-өстім, әкем сонда мәңгілікке қоныс тапты. Ауылдағы үйіміз бұзылып кеткенімен, бір барғанымда орнын тауып алдым. Елді, жерді қатты сағынамын. Сыныптас достарымызбен әлі күнге байланыс үзілген жоқ, үнемі хат-хабар алысып тұрамыз. Қазір интернет жақсы болды ғой, WhatsApp-та ортақ чатымыз бар. Ұлттық мейрам сайын қазақтың тағамдарын дайындаймын, ет асамын, бауырсақ пісіремін. Балаларыма үнемі елді айтып отырамын, – деді А.Большикова.
«Қазақстан дамып, өркендеп жатыр», дейді ол. Соңғы үш жыл бұрын Ақтөбеге келгенін тіпті тамсана әңгімелеп берді.
– Ақтөбе көрікті қалаға айналған. Қазіргі заманға бейімделген, ғимараттары, үйлері барлығы ерекше көз тартады. Әсіресе тазалығына тәнті болдым. Жастары тіпті бөлек. Бос жүрген адамды көрмейсің. Проблемасы да бар шығар, дегенмен сырт көзге халқы қонақжай, жайдары, жайбарақат көрінеді, – деп пікірін білдірді.
Әңгіме соңында «Келесі жылы міндетті түрде Қазақстанға барамын. Туған жеріме барғым келіп тұрады, елге барсам демалып, барлық сырқатымды ұмытамын», деді отандасымыз.
Туған ел – әр адамның түпқазығы. Адамның Отанына деген сезімі балалық шақтан бастап оянатын сияқты. Екі кейіпкеріміздің балалық кездері елде өткеннен болар, туған жерге деген ықыластары мен естеліктері жылы. Туған жердің қадірін ұмытпай, сағынышын сақтап жүрген жайлары бары шындық.