Қоғам • 15 Қаңтар, 2023

Алаяқтардан абай болыңыз

398 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, алаяқтарға алданған тұрғындардың мұң-зары толып тұр. Зейнеткерлер былай тұрсын, «құқықтық сауатым жақсы» деген тұрғындардың өзі қалай қақпанға оңай түскенін түсіне алмай дал. Цифрландырудың жаңашылдығы өмірімізді жарқын еткенімен, интернет алаяқтықтың қанат жаюы­на да түрткі болып отырғанын мойындауымыз керек.

Алаяқтардан абай болыңыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бере­келі қоғам» атты Жолдауында: «Ин­тер­нет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұ­мысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ аза­маттардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деді. Президенттің өзі бұл мәселеге назар аударса, жағдайдың ушығып тұрғанын па­йымдай беріңіз.

Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаевтың айтуынша, бүгінде азаматтардың ақшасын алдау жолымен заңсыз иемдену – қылмыстардың ең көп тараған түрі.

– Интернет алаяқтықтың өршуіне пан­демия кезіндегі шектеу шаралары ерекше әсер етті. Сол кезде тұтынушы ха­лық онлайн қызмет көрсету түрлеріне жү­гінді, та­уарларды интернет арқылы сатып ала бастады. Сәйкесінше, банктердің қызмет көрсетуі барынша цифрлық фор­­матқа көшті. Онлайн қарыздар мен элек­тронды ақша аударулар көбейді. Қа­зір әрбір азаматтың қолындағы телефонда екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары бар. Цифрлық технологиялардың дамуы оларды пайдалана отырып жасалатын ұрлықтардың өсуіне әкелді.

Бұл – жалғыз біздің елде емес, бүкіл әлемде белең алған өзекті мәселе. Алаяқтар аза­мат­тарды алдау үшін әртүрлі амалдарды қолданады. Сол себепті қылмыстардың саны жылдан жылға көбейіп отыр. Тіркелген істерді талдау көрсеткендей, алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді (бағдарламалық жа­сақ­тама) белсенді пайдаланады. Яғни бағдарламалық жасақтаманың көмегімен шынайы абоненттік нөмірді өзгертіп, жы­мысқы әрекеттерін жүзеге асырып отыр. Әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып, алаяқтар шоттағы кү­дік­ті операциялар немесе несие алуға әрекет туралы хабарлайды. Олар көбіне өздерін банктің қауіпсіздік қызметі, полиция немесе прокуратура қызметкерлері ретінде ұсынады және банктің жосықсыз қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Ақшаның сақталуын қамтамасыз ету үшін азаматтарды шоттағы немесе депозиттегі ақшаны қауіпсіз «сақтандыру» шотына аударуға көндіреді, – дейді Рүстем Дүйсетаев.

Тығырыққа тірелгендерді әңгімеге тарт­саң, көбінің мәселесі шағын қаржы ұйым­дарымен байланысты. Алаяқтар бірнеше несие ресімдеп, қолына ұстап көрмеген ақшаны мойнына іліп берген. Әйтпесе, нарық қыспаққа алған уақытта екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатқан жоқ. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады. Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныс­тырып, «есепшотыңыздағы қаражатты алаяқтар шешіп алайын деп жатыр» деп қара бұлтты төндіріп, қарттарды қапы қал­ды­рып жатады. Жастардың өзі әп-сәтте алданып, сан соғып жүр.

Жұрт арасында алаяқтарды «аяғынан шалу» үшін жазаны күшейту керек деген ұсыныс жиі айтылып жүр. Еліміздің Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пай­даланушыны алдау немесе сенімін те­ріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруға немесе айыппұл (4 мың АЕК) салуды көздейді. Қылмыс топ құрамында немесе аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бүгінде өңірлерде киберқылмысты тергейтін мамандандырылған тергеу-жедел тобы құрылған. Республика бо­йынша жедел-іздестіру шаралары жүр­гізіліп жатыр. Мәселен, былтыр 26-28 маусым аралығында еліміздің бар­лық аумағын қамтыған «Анти-Фрод» жедел-профилактикалық шарасы ұйым­дас­тырылды. Нәтижесінде, 303 құқық бұзу­шы­лық тіркеліп, 457 бұрын жасалған қылмыс ашылды, 254 адам ұсталды. Ақпараттық жүйелерді пайдаланушыларға қатысты 2 және одан да көп алаяқтық жасағаны үшін осындай 39 адам құрыққа түскен.

Әрине, киберқылмыспен күресуде тәртіп сақшыларының да жоғары білік­тілігі – басты назарда. Сала мамандары ха­­лықаралық және салааралық ке­лі­сімдерді іске асыру шеңберінде ше­т­ел­­дерде ақпараттық технологияларды пай­­далана отырып жасалатын құқық бұ­зу­­­­шылықтарды анықтау мен оларды ашу­дың жаңа әдістемелері негізінде білі­мін же­тілдіріп жүргенін атап өткен жөн.

Жасыратыны жоқ, интернетте жарнамасы жарқын тауарларды көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құл­шы­намыз. Мұндай жағдайда, ең бірін­шіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысуы­мыз керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма, соған қараймыз. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлесуіміз қажет. Осы сайтта бұл та­уарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артық етпейді. Осындай жан-жақты ақ­па­раттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақ­шаны төлеуімізге болады.

Тағы айта кететін маңызды мәселе – әрбір интернетке қосылған компью­тер­де, планшетте вирусқа қарсы бағдар­ла­ма­­лар міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйт­­кені ол сізге қажетсіз, күмәнді, сіз­дің бағ­­дарламаларыңызға тікелей зиян кел­ті­ретін бөтен файлдарды тез анықтап, бә­рін өзі-ақ жойып отырады немесе сізден сұрап отырады.

Естеріңізге сала кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып неме­се мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәсе­ле­ні нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүм­кін. Себебі телефон арқылы мұндай мә­селелер шешілмейді.