Қоғам • 20 Наурыз, 2023

«Қиянат пен әділетсіз өмірдің қоқсығы өткен жылдың ұрма селімен ағып кетсін!». Шерхан Мұртазаның тілегі

503 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Оқырман назарына жазушы Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстан» газетінің 1996 жылғы 22 наурыздағы санында жарияланған, Наурыз мейрамына орай айтқан тілегін ұсынамыз.

«Қиянат пен әділетсіз өмірдің қоқсығы өткен жылдың ұрма селімен ағып кетсін!». Шерхан Мұртазаның тілегі

Таңғы аспанға көзім түсіп кетіп еді: жас баланың жанарындай жәудіреп тұр екен. Көмейіме жас тығылып, ішімнен:

«Иә, Көк Тәңірі! Жаратқан Құдірет! Мына келе жатқан Жаңа жылды да осы аспандай таза, пәк қыла гөр!» деп жалбарындым.

Барлық ауыртпалық, қысталаң қиындық, көрген азап өткен жылмен кетсін. Ыс басқан көңілдің кірі, қиянат пен әділетсіз өмірдің қоқсығы өткен жылдың ұрма селімен ағып кетсін. Жаңа Жылда, Жаңа Наурызда, жарықтық Тышқан жылында дүние бәле-жаладан, зіл-заладан, қайғы-қасіреттен тазарсын деп күбірледім.

Менің сыбырлағанымды кім есітеді? Өзіме өзім куат бергенім шығар. Айқайлап айтсам, көшедегілер күдікпен қарап, жынды деп ойлар. Ал, жалпы Шын тілекті айқайлап айту не үшін айып? Түсінбеймін…

Тілек не үшін айтылады? Иә, Патша, иә Құдірет естісе екен, ескерсе екен деп айтылады. Егер олар естімейтін болса, ескермейтін болса, «тілек» деген сөздің өзін кім ойлап тапқан?

Мүмкін емес. Естиді ғой. Бірақ ескере ме, жоқ па - мәселе қайда?!

Құдіреттің көзі үлкен. Көреді, естиді. Көп тілесе, ескереді. Байқайсыз ба, қай жерде жанжал, байбалам көп болса, сол жерді не сел басады, не зілзала соғады, әйтеуір бір апат болады. Бірлігі, тірлігі бар жер тыныш.

Жаратқан Құдіреттен бірінші тілек: мына келіп тұрған Тышқан жылы Жер жүзіне, елімізге, қайран Қазақстанымызға тыныштық, бейбітшілік бере гөр деп тілейік. Құдірет: Сақтансаң - сақтаймын! - деген. Ол үшін адамдардың ниеті түзу болсын. Жанжалға, төбелеске бейім тұрмасын. Адамзат, ниетіңді түзет…

Екінші тілек: Уа, Жаратқан Құдірет! Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін баянды қыла гөр. Еркіндіктен, азаттықтан айырылып, бодан болған жүздеген жыл қазақ деген киіз туырлықты, қыл құйрықты батыр елді бүгежектеу, жалтақтау етіп кетті. Құлдық психология жұлынға түскен құрт сияқты - оңай жазылмайды. Бодандықтан бұрын қазақ қандай еді?

О, оны Қаз дауысты Қазыбек биден сұрап көр:

Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жаткан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды. Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды…

Көрдіңіз бе, қалай?! Міне, қазақ деген қандай болған! Құдай осы мінезімізді бойымызға қайта дарытсын. Біз болмасақ та, біздің ұрпағымыз ие болғай осы қасиетке. Сол үшін де Қазақстан тәуелсіздігі - басты мұрат. Құлдық, күндік әдеттен арылайық.

Үшінші тілек: Уа, Жаратқан Құдірет! Халыққа бірлік, татулық, бауырмалдық бере гөр. Тәуелсіздіктен айырылып калмаудың бірден-бір кепілі - бірлік, бауырмалдық. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос». (Абай). Ала ауыздықтан аузымыз күйген. Сол ащы сабақты ұмытпайық. Ары тарт, бері тарт болып жатқанда олжаны басқа, бөгде біреу қағып алып кетеді. Әкімдікке екі қазақ таласса, біреу қағып алып кетеді. Әкімдікке екі қазақ таласса, таққа кім ие бола кететінін талай көрдік кой. Қалай тез ұмытамыз?! Намыс қайда? Құдайым, сырттағы жау көрініп тұрады. Сақтасаң, қазаққа жау болған қазақтан сақта! Масановтардан сақта!

Төртінші тілек: Уа, Жаратқан Құдірет! Қазақ деген қауымға күш-қайратты мол беріп, Еңбекке ынтық ете гөр. Жайбасар жалқау мінезден арылта гөр. Қай заманда да «Жатқанға жан жуымайды, жүргенге жөргем ілеседі». Әсіресе, мына заманда жалқаулық кедей тұрмақ, бай баласына да жараспайды: «Алма піс, аузыма түс» деп жатыпалса, ол қайдан бай болады? Жұрттың бәрі әкім болуы міндетті емес. Әкім біреу, қалғандарың тіреу болып, тірлік істе. Өзің таба алатын нәрсені Құдайдан сұрама деген сөз бар, Шамаң келетін шаруаны өзің-ақ игере бер. Әйтеуір адал келетін шаруаны өзің-ақ игере бер. Әйтеуір адал еңбекпен күнкөріс тап. «Есек көтін жусаң да мал тауып кел» деген Абай сөзін дұрыс түсін. Үйіңнің іргесіне, егін-жайдың басына, жол жағасына, арық-атыз бойына бір өзің он шыбық шаншуға шамаң келеді ғой. Сауабы шаш-етектен. Ат мінем десен, құлынды күт. Немереңе, жиеніңе бәсіреге құлын сыйла, тай сыйла. Үй бас сайын бір-бір жарам- ды ат байлаулы тұрғаны абзал. Ат ойынын меңгеріп, көкпар тартқан қазақтың қай баласын Отанын қорғай алмайды деуге кімнің аузы барады? Тәуелсіз Қазақстанды қорғайтын нағыз жауынгерлер ат құлағында ойнағандардан шығады.

«Сабыр мен еңбек - бәрін де жеңбек» деген бар. Бірақ Құдай «Еңбек - еш, тұз - сор болғаннан» сақтасын. Аумалы-төкпелі заманда адамдар сондай сорға тап болатыны бар. Мысалы, Мемлекеттік жинақ банк дегенге аманат еткен ақшамыз күйіп кеткен жоқ па? Жалақыны, зейнетақыны ала алмаған қаншама…

Сабыр жақсы, төзім де жақсы. Бірақ Мұхтар Әуезов айтқандай: шексіз төзе беруге өмір шіркін қысқа ғой. Үкімет осы жағын ескергені жөн болар еді.

Бесінші тілек: Жаратқан Құдірет патшамызға ағыл-тегіл ақыл, парасат пен рахым берсін. Әкімдеріміз әкіреңбай емес, адал да әділ болсын. Жаңа заманға ілесіп, бейімделе білген жақсы. Бірақ мыңжылдық тұрмыс, тіршілік заңын бір жылда өзгертіп, мал баққан қазақты малынан айыру - ауыр қайғы. Малдың күрт азайып кетуінен қазір жүз мыңға жуық адам жұмыссыз қалды. Ал, малды кім бағатыны белгілі. Сонда кім сорлады?

Жаңа жылда саулығымыз егізден тауып, қамбамыз астыққа толып, берекеміз кірсе екен. Атқа мінген әкімдер шаруаға мейірімі түсіп, еңсесін бір көтерсе екен…

Қазақстандай бай ел қайда бар? Бірақ сол байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе екен. Апыр-ай, осыдан төрт-бес жыл бұрын: Әттең, Қазақстанның өз байлығы өзіне бұйырса, шіркін-ай, қолымызды алтын мен күміске малып отырар едік-ау, деп армандаушы едік. Енді не болдық? Құдайға қай қылығымыз жақпай қалды? Неге ұқсата алмай келеміз? Әлде бір түпсіз оппа жұтып жатыр ма? Құдай әкімдерге, әкім жағалаған жақындарға нысап, қанағат берсін…

Алтыншы тілек: Дербес, тәуелсіз мемлекет екеніміздің ең басты белгісі - өз ақшамыздың басылып шыққаны ғой. Ой-хой, сонда тақиямызды аспанға лақтырып, қуанғанымыз-ай! Қуаныштың жүзі қуқыл тарта бергені қалай? Ақша құны түсе берген сайын мен өзімнің кедейленгенімнен емес, ұлы әруақтардың рухынан ұяламын. Ақшаның бетінде солардың суреті тұр ғой, Әл-Фарабиден бастап…

Уа, Жараткан Құдірет! Жаңа жылда теңгемізге долларға жақындайтын, теңдесуге жақындай алатын күш бере гөр. Мен армандаймын. Парижге, Лондонға, Нью-Йоркке барғанда ондағылар - Теңгең бар ма, теңге айырбастайсың ба? - деп соңымнан қалмай жүгіріп жүрсе… Уа, айналайын Әл-Фараби бабамның, Абылай ханның, Абай мен Шоқанның… әруағы, сендердің рухтарың Шоқанның… әруағы, сендердің рухтарың доллардағы Вашингтонның, Линкольннің т. б. президенттердің әруағынан ұлы болмаса, кем емес еді ғой, қолдай гөр.

Ал, ұлы әруақтарымыздың жүзін төмен етпес үшін ұлттық мемлекеттік ұлы қазанға суық қолдарды сумаңдатпай, сақалы омырауына түскен қарияларымыздан бастап бесіктен белі жаңа шығып, есі кірген балаға дейін отансүйер, отан үшін намыскер, алақаны адал, ары таза болуымыз керек, арамзалар аласталсын.

Жетінші тілек - жетімдердің тілегі. Рухани әлем жетімсіреп қалған заман болды. Рухани әлем кең, рухы биік ел - кайсар ел. Ондай елді ешкім де жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңе салу оп-оңай. Замандар бойына отаршыл озбырлар қазақтың елін, жерін ғана тонамады, рухани әлемін де тонады: тілін, дінін, әдебиетін, өнерін ұмыттырды. Енді мына азат заманда сол жоғалғанды, ұмытылғанды түгендейік, қалыбына келтірейік десең… Неге қазақтың ғана жоғын жоқтайсың; радио, теледидарда қазақшаң көбейіп кетті, неге? - деп зіркілдейді. Ау, айналайындар-ау, қазақ ешкімнен асып кетпейді, тек жоғалтқанын тауып, жұрт қатарлы болғысы келеді, сол да айып па?!

Уа, Жаратқан Кұдірет! Жаңа жылда басшыларға биік өре, парықты парасат бере гөр. Өзің өлме, өзгені де өлтірме. Тату-тәтті болайық. Бірақ ол үшін қазақ өз үйінде ұдайы босаға жақта отыруы міндетті емес қой, Қазақтың тілі - мемлекеттік тіл деп қоқырайтып қойып, ресми түрде ол тілде сөйлемей неге қорлаймыз?! Жаңа Жылда бодандықтың, құлдықтың қарғыс таңбасындай, символындай болған мойынға оралған бұғалықтай, бағыныштылықтың айнасындай болған «ов», «ев», «ин»-дерден құтылайық. Азат Қазақстанның Үкіметі оған кедергі жасамасын.

Сегізінші тілек: Қазақ енді аштан қырыла қоймас. Ашынған қарын тойынар, ашылған етек жабылар. Ал, енді қазақ бір қырылса - арақтан қырылады.

«Е, орыстар да, басқалар да ішіп жатыр ғой. Арақ қазақтың жауы ма?» дейтіндер бар.

Біріншіден, арақ ішуде біз орыстарды орта жолда қалдырып кеттік. Екіншіден, орыстар арақты Йисус Христос тумай тұрған кезден бастап ішеді. Организм, тұқым бейімделіп кеткен. Ал, қазақ байғұс араққа бойын тез алдырады. Өйткені атасының асы емес. Сондықтан, әуелі ақыл-сананы, онан соң бауырды, жігерді, қанды алдырады. Жүрек сорлы қайда барады? Жарылады. Қаза болған қазақтардың көбінің диагнозы осындай…

Арақ ішкен ата-анадан ауру бала туады. Ол өмір – бақи кем болып қорланады. Обалы кімге? Ондай балалары көп қоғамның болашағы нешік?…

Солтүстіктегі майда халықтардың барлығы дерлік осы «отты су» қырғынына ұшырап, ұлттық бет бейнесінен айырылып, рухы сынып, азып-тозып кетті…

Уа, Көк Тәңірі! Жаратқан Құдірет! Жаңа жылда қазақ деген халыққа нысап беріп, сақ сана беріп, арақ деген ажал құрығынан ажырата гөр, алыстата гөр!…

Айта берсе, тілек көп. Нысап керек. Әйтпесе, ананы бер, мынаны бер деп, Жаратқан Құдіретті де, Жаңа жылды да жалықтырып алармыз.

Жарылқай гөр, Жаңа жыл!