Экспорт • 29 Наурыз, 2023

Тауарлар экспорты артты

512 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтырғы жыл Қазақстанның сыртқы саудасы үшін соңғы он жылдықтағы ең табысты жылдардың бірі болды. 2012 жылдан бері алғаш рет экспорт құндық мәнде 40%-ға өскен. Деректерге қарағанда өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстаннан сыртқа 84,4 млрд АҚШ долларының тауары сатылған. Бұл 2012-2013 жылдардағы көрсеткіштермен тең.

Тауарлар экспорты артты

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Былтыр елдің шикізаттық емес экспортының көлемі артып, 2012 жылғы тарихи максимумнан асып, 26,5 млрд АҚШ долларына (31,4%) жеткен. Оның 8 млрд АҚШ долларын қо­сылған құны жоғары тауарлар экспорты құрады.

Бұл санаттағы бірегей экспорт­тар қатарында АЭС-тердің ядролық реак­торларға арналған отын элемент­тері (уран таяқшалары) бар. Оларды Өс­кеменде Қазақстан-Қытай бір­лескен кәсіпорны «Үлбі-ТВС» ЖШС шығарған. 2022 жылдың жел­тоқ­са­нында қытайлық CGNPC-URC ядро­лық корпорациясына осындай құрылымдар алғаш рет жеткізілді. Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мәліметінше, қазақстандық тарап бұл тапсырысқа 51,1 млн АҚШ долларын алған. Қытай мен Ресей 2022 жылы Қазақстанның жетекші сауда серіктестері болып, елі­міздің сыртқы сауда айналы­мын­да­ғы жалпы үлесі 37%-дан асқан. Сауда серіктестерінің бестігіне қазақ­стан­дық шикізаттың жетекші импорттаушылары Италия (мұнайдың негізгі сатып алушысы), Түркия және Оңтүстік Корея да кірді. 2022 жылы бұл елдермен ақшалай түрде сауда айтарлықтай өсіп, мұнай бағасының жоғарлауына байланысты Италиямен сауда 54%, Оңтүстік Кореямен 2,3 есе өсті. QazTrade сарапшыларының пікірінше, геосаяси жағдайға байланысты әлемдік саудадағы өзгерістер, жалпы Қазақстан экспортына қо­лайлы әсер еткендігін айтады. Экс­порт­тық себетті әртараптандыру деңгейінің артуы байқалып, еліміз тауар түрін көбірек сата бастады (2,9 мыңнан 3,4 мыңға дейін), ал экспорттық нарықтар саны 122-ден 129-ға дейін ұлғайған. Батыстың Ресей мен Беларуське қарсы санкциялары еуропалық негізгі жеткізушілерді өздері үшін жаңа нарықтар іздеуге мәж­бүрлеп, Ресей де сауда саясатын түзетті. Бұл қайта құрулар елдің экс­порт­тық ағындарына да әсер етпей қоймады. Мәселен, Қазақстаннан Беларуське тас көмірді жеткізу соңғы бір жылда 93,6% – 1,8 млн тоннадан 119,7 мың тоннаға дейін қысқарды. Дегенмен Қазақстан Еуропадағы энергетикалық дағдарысты ескере отырып, бұл стратегиялық маңызды өнімнің жаңа сатып алушыларын жедел тауып, Еуропа Қазақстан отын өнімін импорттай бастады. Польша 1,5 млн тонна импорттады (2021 жылмен салыстырғанда 10 еседей көп), Латвия 752,8 мың тонна сатып алды (бір жыл бұрын сатып алмаған), Түркия мен Кипрден де сұраныс артты. Жалпы, әлемдік нарықта көмірге сұраныс жоғары болып, Қазақстан осы шикізатты сатудан түсетін экспорттық кірісі 89,3% артқан. Сондай-ақ өсімдік майын өндіру көлемі де ұлғайған. Бұрындары Қытай мен Өзбекстан Ресей мен Украинадан өнімнің жоғары көлемін сатып алса, 2022 жылы олардың жеткізілімі қысқарған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр қаңтар-желтоқсан айлары аралығында Қытай елімізден тоң май және тоң май импортын төрт есеге жуық, Өзбекстан екі есеге тарта арттырды. Қазақстан үшін тағы бір қолайлы үрдіс еуропалық ком­па­ниялардың орасан зор ресейлік нарықтан көшуі болды. Мысалы, QazTrade мамандарының айтуынша, аустралиялық алюминий тотығын жеткізушілер былтыр сауда санкция­ларына байланысты Ресейден кеткен. Осы кезде оның орнын қазақ­стан­дықтар алмастыра бастады. Оның үстіне алюминий өндіруге ар­налған бұл шикізатты елімізден тасы­малдау Аустралиядан әкелгенге қарағанда жылдамырақ болады. Жаңа келісімшарттардың арқасында Қа­зақстан Ресей Федерациясына алю­миний тотығын жеткізу көлемін екі есе – 378,1 мыңнан 745,4 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Еуропа мен Ресей арасындағы логистикадағы қиындықтар қазақстандық балық жеткізушілеріне де әсер етпей қой­мады. Олар Германияға филе экспортын – 62,9%, Литваға – 56,5%, Ни­дерландқа 48,7% арттырды. Біз­дің бренд – көксерке балығы. Қазақ­стан­нан Ресейге экспортталатын тауар­лар­дың толық тізімін қарасақ, біздің еліміз көптеген позиция бо­йынша Ресей Федерациясына экспортты арттырғаны көрінеді. 2022 жылы ол 6,9 млрд АҚШ долларынан 8,8 млрд АҚШ долларына дейін 26,9% өскен. Дегенмен Қазақстан кейбір жағынан ұтылғаны да бар. Мәселен, санкциялардың кесірінен темір рудасын жеткізу 70% қысқарып, аталған өнімнің негізгі сатып алушысы Ресей болғанын ескерсек (2021 жылы үлесі 66,7%), бұл нарықтың орнын тез арада табу мүмкін болмады. Нәтижесінде, еліміз темір рудасын сатудан түскен экспорттық кіріс екі есе 1,6 млрд АҚШ дол­ларынан 713,3 млн АҚШ долларына дейін қысқарды.